Қазір еліміздегі 5194 ауылдық мектептің 2787-сі, яғни жартысынан астамы – шағын жинақты мектептер. Олардың көпшілігі – Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында. Өткен жылы 50 шағын жинақты мектеп жабылыпты. Бұл соншама кішкентай ауылдың балалары бірінші сыныптан бастап, басқа елді мекендердегі мектептерге қатынап немесе интернатта тұрып оқиды деген сөз. Мұның өзі теріскейдің алты айға созылатын, ақырған аязды қысында оқушыларға да, олардың ата-аналарына да оңайға соқпайды.
Осындай тығырықтан шығар жолды Солтүстік Қазақстан облысының басшылығы ойлап тауып, Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен 2019 жылдан бері «Уақытша отбасы» қанатқақты жобасын іске асыру үстінде. Оның елдің шетіндегі, желдің өтіндегі Қызылжар өңірінде қолға алынуының өз қисыны бар. Өйткені осы облыстағы түтіні өшуге айналған 229 ауылдың әрқайсысындағы бала саны 5-ке де жетпегендіктен, олардағы бастауыш мектептер жабылып қалған. Ал өзге ауылдық елді мекендердегі білім беру ұйымдарының 78 пайызы шағын жинақты мектептер болып отыр.
Солтүстік Қазақстан облыстық Білім беру басқармасының мәліметіне қарағанда, Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Мамлют аудандарында енгізілген «Уақытша отбасы» жобасы бойынша алғашқы жылы орта мектептері бар болғанымен, интернаты жоқ ауылдық елді мекендердегі 54 отбасына 61 оқушы бекітілген. Уақытша ата-ана міндетін өз еріктерімен мойындарына алған азаматтарға жергілікті бюджеттен айына 45 мың теңге жалақы төленеді. Оған қоса, әр баланың күтіміне қосымша 7 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2019 жылы – 17675 теңге, биыл – 20419 теңге) қаржы бөлінеді. Осы орайда балаларды қабылдап алуға ниет білдірген отбасылардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын арнайы құрылған комиссия алдын ала тексеретінін айтқан жөн. Сондай-ақ үміткер отбасы мүшелерінің денсаулығы, соттылығының жоқтығы, уақытша қабылданатын оқушы үшін қажетті құрал-жабдықтар орнатылған жеке бөлмесі барлығы жөнінде анықтамалар тапсыру талап етіледі. Тек содан кейін оқушылардың нағыз ата-аналары мен уақытша ата-аналары және жергілікті мектеп арасында бір жылға арналған үшжақты шарт жасалады. Оның орындалу барысын мектеп инспекторлары, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері және нағыз ата-аналардың өздері қадағалайды. Уақытша отбасы иелерінің арасында мектеп директорлары мен мұғалімдер, дәрігерлер, полицияның учаскелік инспекторлары да бар екен. Әлбетте, бір бөлмеде 10-15 оқушы тұратын, олардың арасында кейде әлімжеттікке жол берілетін интернаттарға қарағанда, уақытша отбасы әжептәуір қолайлы.
«Уақытша отбасы» жобасының алғашқы нәтижелері жаман емес. Кішкентай ауылдардан келіп оқып жүрген шәкірттердің әртүрлі себеппен сабақтарға қатыспауы біршама азайған, үлгерімдері едәуір артқан. Мектептер жанындағы интернаттарды ұстауға жұмсалатын шығынмен салыстырғанда, бұл жобаға жергілікті бюджеттен бөлінетін қаржы да әлдеқайда аз. Сондықтан оны келесі жылдан бастап басқа өңірлерге тарату ұйғарылып отыр. Осыған ұқсас жоба біз көз тігіп отырған «озық отыздық» елдері – АҚШ, Канада, Аустралияда да жүзеге асырылып жатқан көрінеді.
Дегенмен мұның өзі де амалсыздықтан туындаған шара екені даусыз. Қай бала өз отбасы, туған әке-шешесі барда «уақытша ата-аналардың» қабағына қарап, қысылып-қымтырылып өмір сүргісі келеді дейсіз. «Өз үйің – өлең төсегіңе» не жетсін?! Сондықтан да Үкімет алдағы уақытта «Уақытша отбасы» әлеуметтік жобасын өзге өңірлерге таратып қана қоймай, саусақпен санарлықтай ғана үй қалған, келешегі жоқ ауылдардың әлеуметтік тұрғыдан әлжуаз отбасыларын «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясындағы тірек және серіктес ауылдық елді мекендерге көшіру мәселесін қарастырғаны жөн болар.