Пікір • 07 Желтоқсан, 2021

Тәуелсіздік – тағылымды ұлттарға тарту

242 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын оқып отырып, ең алдымен қазақ тілінің ұлылығына, сөздік қорының байлығына, қуаты мен қарымына сүйсінесің. Тұңғыш Президентіміз мақаласының өне бойы өнегелі, ұлағатты, қанатты сөздерге толы. «Ынтымағы жарасқан елдің табысы тасып, абыройы асады. Берекесі қашқан елдің қуаты кеміп, құты қашады» дейді Н.Назарбаев.

Тәуелсіздік – тағылымды ұлттарға тарту

«Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды. Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының атақонысын, қара шаңырағын сақтап қалды», деп толғайды Елбасы.

«Мен бойымдағы қуат, қызметімде тә­жі­ри­бе, ойымдағы нәр – бәрі-бәрін хал­қы­ма қызмет етуге жұмсап келемін» дей­­ді ол. «Еңбек ет, отбасыңды асыра, елі­ңе қызмет қыл: өзің де табысты бо­ла­­­сың, Отаныңның да қуаты артады», деп жас­тарға үндеу жасады Н.Назарбаев.

«Тәуелсіздік те бақыт сияқты, баға­ла­ған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды», деп халқына өсиет етеді Елбасы. Естір құлақ, түсінер сана үшін нағыз аталы сөздер.

Осы бір мақалада Қазақ елінің азат­тық жолындағы күресі, Тәуел­сіз­діктің отыз жылындағы жеңістері мен жетістіктері, Мәңгілік ел құру жолындағы болашақ міндет-мұрат­тарымыз көрініс тапқан.

Мемлекеттілігін жаңадан құрған Қазақ елінің бағы барын мойындауымыз керек. Оның Тұңғыш Президенті – хал­қы­мыздың рухани құндылықтарын бойы­на сіңірген, ұлтымыздың ізгі қа­сиет­тері дарыған Ұлы даланың төл ұла­ны. Ол «үлкеннен ақыл тос, кішіден ізет күт, адасқанға – жол, кемтарға – қол, сүрін­генге – сүйеу, деміккенге де­меу бол» дейтін қазақы тәрбиемен өсті, іс-әре­ке­тінде соны басшылыққа ал­ды. Тау­қы­метті соншама көп тартқан тағ­ды­ры аянышты халқына қалқан, жан дү­ни­е­сі дарқан болып қалыптасты. Егер бас­­қаша, біліксіз көшбасшы болғанда, бүгін қазақ еңсесін тіктей алмай, тіпті азат­­ты­ғына қайта зар болып отыруы мүмкін еді.

Мені тағы бір жайт сүйсіндіреді. Әлемдегі түрлі мемлекетте билік­ті басқаға бермеу үшін оған кене­дей жабысып, көршілеріне де, өз хал­қы­на да қисапсыз қысастық жасап, лаң сал­ған билеушілер бар. Ал Нұрсұл­тан Әбішұлы қазаққа тән даналық, көрегендік пен қанағатшылдық танытты.

«Осыдан екі жарым жыл бұрын елімізде президенттік билік ауыс­ты. Маған: «Ата Заңымызда Сізге еш­қан­дай шектеу жоқ. Соңғы сайлауда халықтың 98%-ға жуығының қолдауы­на ие болдыңыз. Қызметіңізді атқара беріңіз» деушілер аз болған жоқ. Бірақ әр нәрсе өз ретімен болуы керек»,  дейді Н.Назарбаев.

Бүгін Елбасымыз кезекті рет елдік­тің басты қағидатын тұжырымдап берді: «Президент ауысады, бірақ Тәуел­сіздік мәңгілік болуы керек!».

Қазақстанның әрбір азаматы алда­ғы уақытта оның тұғырын бекемдеп, мерейін тасытып, абыройын асыру­ға қызмет етуге тиіс. Мәңгілік ел идеясы­ның түпкі мақсаты да осында.

 

Бақытбек СМАҒҰЛ,

Nur Otan фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты