Иә, Тұңғыш Президент айтқандай, Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің жалғасы. Жалпы, «Біз тәуелсіздікке қалай қол жеткіздік?» деген сауалға айтылар жауап сан қырлы. Ел ішінде «Біз тәуелді болатын ел қалмағандықтан тәуелсіздігімізді жарияладық» деген пікірді жақтайтындар жоқ емес. Шынтуайтында, тәуелсіз ел болу тәуелсіздікті жариялаумен шектелмейді. Тәуелсіздігін жарияласа да алпауыт елдердің жемсауында жұтылып кеткен елдердің тарихы – соның дәлелі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезекті мақаласында тәуелсіздікті жариялауға дайындықтың қандай жағдайда жүргізілгені баяндалды. Бұл деректі Елбасы сөзімен сабақтасақ «Саясаттың қызуы көтеріліп, Горбачев пен Ельциннің текетіресі шегіне жетіп, бір кездері темірдей тәртіпке негізделген орталықтағы басшылықтан береке кеткен сол тұста Қазақстан тарапынан жіберілген жалғыз қателіктің өзі орны толмас трагедияға әкеп соқтыруы әбден мүмкін еді. Біз ашуды ақылға, асығыстықты сабырға жеңдіріп, үнемі әліптің артын бағып, аңысын аңдумен болдық».
Адамдар ғана емес, қоғам да тарихтан тірек іздейді. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Одан біз де қалыс қала алмаймыз. Елбасы атап өткендей, дана бабаларымыз өзін ғана емес, адал ғұрпын, дархан көңілін, таза тілін, әсем әні мен қоңыр күйін, мәйекті мәдениеті мен бай әдебиетін қоса сақтап, ұрпағына аманаттап, бүгінге жетті. Енді осы қасиетті борышты келер ұрпаққа жеткізу – бізге сын. Демек, тәуелсіздік аманатына адал болу да бізге сын.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік үшін күрес тәуелсіздікке дейін емес, тәуелсіздіктен кейін басталғанын жиі айтады. Біз мұны күнделікті өмірде өз тәжірибемізден білеміз. Бизнесте технологиялық тізбек деген ұғым бар. Ендігі мақсат сол технологиялық тізбектен өз орнымызды айқындау. Мұның айтуға ғана оңай екені белгілі.
Біздің буын, әсіресе өмірін бизнеспен байланыстырған буын – Тәуелсіздіктің экономикалық қырына басымдық беріп, буыны қатқан буын. Қазір бизнес өкілдеріне айтылар сын да, өкпе де көп. Импорттағы қазақ тауарларының кемшіндігі – бізге қарата айтылатын өкпеге негіз болатынын түсінемін. Менің бизнестегі достарымның әрқайсысы үшін ішкі нарықтағы қазақстандық тауардың үлес салмағын көбейтуден артық мақсат жоқ. Осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Инвестицияның табиғаты саяси тұрақты елдерге басымдық береді. Халықаралық тәжірибеде биліктің бейбіт жағдайда, өзара келісімімен ауысуы – саяси тұрақтылық кепілі. Демек, бизнес интеграциясы үшін саяси тұрақтылықтан артық ештеңе жоқ. Бизнестің табиғаты тыныштықты қалайды.
Елбасы кешегі мақаласында Қазақстан тізгінін ұстаған екінші тұлға – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездейсоқ ұсынылмағанын айтты. «Отыз жылға жуық ел басқарған кезімде мен жаныма қаншама азаматты серік етіп, көптеген шәкірт тәрбиеледім. Солардың ішінде Үкімет басқарған, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары ретінде жаһандық саясатқа жетіктігін танытқан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қасымнан табылған нағыз патриот, жоғары білікті кәсіпқой тұлға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Президенттік қызметке ұсындым. Сайлауда халықтың басым көпшілігі оны қолдады. Осылайша, біз халқымыздың ауызбірлігін, саясаттағы сабақтастығымызды күллі әлем қоғамдастығына тағы бір қырынан таныта білдік», деді Елбасы.
Қазір де Мемлекет басшысының бастамасымен бизнеске үлкен қолдаулар көрсетіліп, нәсібін кәсіптен тауып жүрген азаматтар үшін көптеген бағдарлама қолға алынды. Қазір орташа есеппен 3,5 млн қазақстандық бизнес саласында жүр. Бұл – 19 млн халқы бар Қазақстан үшін үлкен күш.
Махамбет АСАБАЕВ,
кәсіпкер, KazComfort
ЖШС бас директоры