Жуырда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Отар ауылында 180 орындық Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылуына облыс әкімі Б.Сапарбаев қатысты. Әкім ауыл тұрғындарын құттықтап, бұл бағыттағы жұмыстардың жалғаса беретінін жеткізді.
«Бүгін біз үшін көптен күткен қуанышты күн. Қырық-елу жыл бойы ауылымызға газ кірсе деп армандап келген едік. Бұл мәселе бойынша бармаған жеріміз жоқ. Ақыры облыс басшысы мәселемізді өз назарына алып, ауылға көгілдір отын тартып берді. Өзім жиырма жыл ауыл ақсақалдарының төрағасы болдым. Көптен бері ауылға спорт кешені, мәдениет үйі қажет екенін мәселе ретінде көтеріп келдік. Бұл өтініштеріміз де назардан тыс қалмай, орындалып отыр. Осы үшін Мемлекет басшысына, облыс әкіміне және осы іске атсалысқан барлық азаматтарға алғыс айтамыз», дейді Қордай ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Әбдіқасым Иманқұлов.
Бұдан кейін Б.Сапарбаев жаңа ғимаратты аралап көріп, оның жоспарлы жұмысымен танысты. Айта кетсек, ғимараттың құрылысы өткен жылдың қыркүйек айында басталып, қазіргі таңда жұмыстар толығымен аяқталған. Нысанның мердігері – «Байсын-А» ЖШС.
Екі қабатты зәулім ғимаратта вокал, көркемсөз, домбыра, хореография, қолөнер, әжелер және аталар ансамблі секілді үйірмелер жұмыс істейді. Мәдениет үйінде 14 қызметкер еңбек етуде. Оған қоса 12 мың дана кітап қоры бар.
«Біз секілді қарияларға газдың келгені үлкен қамқорлық болды. Ал мәдениет үйі ауылымыздың жалынды, өнерлі жастары үшін керемет тарту. Өтінішімізді тыңдап, еңселі нысанның бой көтеруіне атсалысқан барша азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз», дейді ауыл тұрғыны Әлімбүбі Иманқұлова.
Өз кезегінде Отар ауылының өзге де тұрғындары бұл іске риза екендіктерін жеткізді. Ол үшін Мемлекет басшысына, облыс әкіміне және ауылды дамыту мақсатында жұмыс істеп жүрген барлық азаматтарға алғыс айтты.
Жамбыл облысы