Аймақтар • 08 Желтоқсан, 2021

Кітапханаларды жаңғырту – қоғамдық сананы жаңғырту

774 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында мәдениет саласына терең сараптама жасалып, сапасын дамыту концепциясы жыл басында әзірленген болатын. Оның ішінде түрлі мәдениет мекемелері өнімділігінің негізгі көрсеткішін көтеру жоспары түзіліп, қызықты идеялар ұсынылған. Мысалы, кітапханаларда тек кітап оқып қоймай, тұрғындардың бас қосып, уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік жасау, театрлар, цирк пен зообақтың жұмысын жаңа деңгейге көтеру жоспарланған болатын.

Кітапханаларды жаңғырту –  қоғамдық сананы жаңғырту

Игі бастамалар бүгінде іске асырылып, тұрғындар тарапынан оң бағалануда. Қаланың кітапхана жүйесін жаңғыртудың жаңа стратегиясы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасы бойынша жыл басында басталып, осы жүйедегі жұмысты жетілдіруге бағытталды. Бұл жұмыс 2025 жылға дейін жалғасады. Кітапханаларды жаңғырту аясында қаланың 10 кі­тапханасы жаңартылып, заманауи талаптар мен нормаларға сәйкестендірілді, яғни Community Centre-ге айналды. Күні кеше Шым­кент қаласында жаңғыртудан өткен Абай кітапханасының екі филиалының ашылу салтанаты бол­ды. Балалар кітапханасы­ның фи­лиалы да жаңғыртудан өтті. Жаң­ғыртудан өткен №2 кітап­хана бөлімшесі 1963 жылы соғылған көп­қабатты үйдің бірінші қаба­тын­да орналасқан. Ол үйде компози­тор Шәмші Қалдаяқов тұрған. Үйдің алдындағы оң жақ бұрышына 2005 жылы Ш.Қалдаяқовтың 75 жылдық мерейтойына орай ескерткіші орнатылған. Жаңғыртудан өткен кітапхананың ашылуына қатыс­қан қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қала­лық мәслихат хатшысы Бахадыр На­рым­бетов және мәслихат депу­тат­тары Шәмші Қалдаяқов ескерт­кішіне гүл шоқтарын қойды. Жаңар­тылған кітапханадағы өзгеріс­термен танысты. Айтулы іс-ша­раға Ш.Қалдаяқовтың туған қа­­рын­­да­сы да қатысып, жылы ле­бі­зін біл­діргенін айта кетелік. Жаң­ғырту­дан өткен кітапхана ин­терь­ері музыка тақырыбында жа­салған. Бұл кітапхана енді музыка, би, өнер­тану, мәдениет са­ла­лары бойын­ша кітаптарды оқыр­ман назарына ұсынатын болады. Жал­пы жаңғыртудан өткізілген кітап­ха­­­­налардың ерекшелігі – олар әдет­тегі оқу орындары шеңберінен шығып, үйірме жұмыстарын жүргізу, іс-шаралар өткізу, коворкинг, қауымдастықтар мен клубтарды дамыту мүмкіндігі бар комьюнити орталықтар болып табылады, бірақ бұрынғыша оқу мен жұмыс істеу үшін ыңғайлы орын болып қала береді.

Community Centre сияқты жаңар­тудың бұл түрі, әдетте, тұр­ғын үй массивтерінен жаяу жүр­гіншілерге қолжетімді қала­ның тұрғын үйлер аудандарында ың­ғайлы орналасқан демалу үшін қоғамдық кеңістікті ұйымдастыруды қамтиды. Негіз­гі аймақтарды толтыру ғимарат­тың орналасқан жеріне және мақ­сатты аудиторияға байланысты, кітапханалар мен басқа да мәдени нысандарды дамыту үшін тамаша перспективалы алаң болып саналады. Шымкенттегі Community Centre-дің жаңа тұрғын аудандарда, ғимараттардың төменгі қабаттарында дамуы қала да­муын үйлестіруге, жатын аудандарда қосымша өсу нүктелерін қалып­тастыруға, сондай-ақ әртүрлі жас­тағы және халықтың әлеуметтік топ­тары үшін бос уақытты дамы­туға ықпал етеді.

Қалалық мәдениетті дамытудың маңызды бағыттарының бірі – қоғамда отбасылық құндылықтар мен отбасылық демалысты ілгерілету және дәріптеу. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев демалыс сапасы мен мәдениеттің қолжетімділігін жақсарту керектігіне үнемі назар аударып келеді. Бұл орайда қала әкімдігінің жобалауынша, сапалы отбасылық уақыт өткі­зудің танымал орындарының бірі жаңа форматтағы кітапханалар – «Отбасы кітапханалары» болуы тиіс. Мысалы, көктемде еліміз бойынша алғашқы «Отбасылық кі­тапхана» Шымкентте ашылды. Балалар кітапханаларының ор­­та­­лықтандырылған жүйесінің «За­бадам» филиалы және орталық балалар кітапханасының өзі «Отба­сылық кітапханалар» болып қайта құрылды, онда оқырман абонементі отбасының барлық мүшелеріне беріледі, яғни кітапханаға бір отбасы мүшелері келген кезде олардың жеңілдік билеттерін алу рейтингісі өсетін болады. Кітапхананың ерекшелігі – отбасымен бірге тиімді уақыт өткізуге және балалар демалысы үшін қолайлы жағдай жасалған. Мұнда үйірме жұмыстарын жүргізуге, іс-шаралар өткізуге, коворкинг, қауымдастықтар мен клубтарды дамытуға мүмкіндік бар. Яғни тұрғындар кітап оқумен қатар шахмат, тоғызқұмалақ ойнап, әңгіме-дүкен құра алады. Мотивация жүйесіне ерекше назар аударылды, атап айтсақ жаңа кітапханаларда тұрақты оқырмандарға Шымкент қаласының мәдениет басқармасы өткізетін ойын-сауық іс-шарала­рына, спектакльдерге тегін билеттер ұсынылады. Жаңа ашылған отбасы форматындағы алғашқы кітапхана өзінің орналасқан жері­мен қуантады, себебі қаланы орталықтандыру, дамыту қағидасы ескерілді және жаңа форматтағы кітапхана өз есігін орталықта емес, қала шегінде ашты, бұл ауданда жаңа тартымды нүктеге айналуы тиіс.

Сондай-ақ Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында мәдениет, тіл­дер­ді дамыту және архивтер бас­қар­масының бастамасымен іске асы­рылған «Зағиптарға кітап сыйла» акциясы да оң нәтиже берді. Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітап­хананың дыбыс жазу бөліміне келген театр актерлері мен белгілі өнер иелері акцияға өз үлесін қосты. Оқуға ұсынылған авторлардың арасында елімізге белгілі жер­гілікті ақын-жазушылардың шығар­малары бар. Кітапханадағы кітап қоры 140 мыңнан асады. Оның ішінде 45 611 «сөйлейтін» кітап­ты тыңдауға болады. Дыбыс жазу бөлімінде бүгінде 677 кітап оқыл­ған, көбейтілгені – 5 931 дана.

 Қала күні қарсаңында Шым­кент қалалық орталықтанды­рыл­­­ған көп­­шілік кітапханалар жүйе­сі­­­­нің орталық кітапханасы жаңғыр­ту­дан кейін Abay Community Centre ретінде өз есігін қайта ашты. Бұл кітапхананың негізі 1954 жы­лы қаланған. Кітапханаға қарас­ты 23 фи­лиал кітапхана бөлімше­лері қала тұрғындарына кітапхана­лық қызмет көрсетеді. Кітапхана ау­ма­ғында оқу аймақтары, кітап және оқырмандар залы, Music and Art Community Space залы, кофехана ашылды. Сондай-ақ биыл «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбе­бап кітапханасы болып өзгер­тілді. Жаңғырту жұмыстары жүр­гізіліп, Әбу Насыр әл-Фарабидің астрономия ғылымына арналған «Планетарий залы», оқырманның қазақ және әлем әдебиетінің үздік шығармаларын оқу және тыңдау мүмкіндігін ұсынатын «Аудио зал», Шымкент қаласының тарихынан сыр шертетін «Қайырымды қала» залы, Әл-Фарабидің өмір жолы туралы толық мәлімет алатын «Әл-Фараби» залы ашылды. Аса құнды рухани және маңызы бар кітаптар мен қолжазбаларды сақтайтын сирек кітаптар қо­ры бөлімі Әл-Фарабидің жазба­ларының көшірмелерімен толық­тырылды.

 

ШЫМКЕНТ