(ЖАЛҒАСЫ. БАСЫ)
Бригаданың Великие Луки ұрысында да жолы болмады. Полковник Воронков өз бригадасын жұмған жұдырықтай тегеурінді күш етіп ұстаймын дегенімен, оған ерік берілмеді. Армия басшылығы ұлттық бригаданың бұтын-бұт, қолын-қол етіп, бөлшектеп жіберді. Артдивизион мен миндивизионды өзі теңдес 47-атқыштар бригадасына бөліп берді. Батальондарды бөлшектеп, 257 және 32-дивизияларға жіберді. Олар: “Байдың малын аяма...” дегендей, “бөтен” бригаданың адамдарын ең қауіпті участоктерге салды – қаладағы гарнизонды құтқарып алу үшін жөңкіліп келе жатқан жау танктерінің алдына тосты. 100-бригаданың үшінші батареясы сол шайқаста мерт болды. Ақ қар, көк мұзда шабуылшылардың алдына барып жайғасқан жаяу әскер шегедей болып қатып қалған жерді қазып, өздеріне окоп жасай алмай, қардан соғылған ақ қаланың іргесінде жатты. Жау көктен бомбалап, жерден атқылап шабуылға шыққанда қорғансыз ашық алаңда жатқан жаяу әскер оларға төтеп бере алмады. Қалаға қарай шегінуге мәжбүр болды. Шегінген солдаттарды танктерден сумаңдай атылған қызыл оқтар қуалады. 100-бригаданың артында бұрын окоп қазып, ірге теуіп, бекініп жатқан басқа дивизиялардың жауынгерлері жау танктерін қалаға кіргізбеді.
Мінеки, бригаданың сол сұрапылдан тірі қалғандары ұрыстан шығып, Милолюб, Бельково, Новое Першино деревняларына орналасып жатыр. Бригада штабы Першинода.
Осы жерде бригадаға екі-үш рет толықтыруға келген жаңа жауынгерлер қосылды. Февраль айының аяғында бригаданың қатары толығып, ондағы жауынгерлердің жалпы саны 3579 адамға жетті. Февраль айының аяғында 3-екпінді армияның штабынан бригаданы қысқартылған штатқа көшіру туралы бұйрық келді. Енді бригадада бұрынғыдай төрт батальон емес, үш атқыштар батальоны ғана болатын болды. Автоматшылар батальоны мен пулемет батальоны және бар. Әрине, мұндай үш атқыштар батальонынан тұратын бригадаға соғыс уақыты кезінде 3,5 мыңнан аса адамға ие болу да аз күш емес.
Менің бірінші зеңбірек расчетім 9 қаңтарда тегіс қаза болып, одан жалғыз өзім ғана қатарда қалдым. Одан кейін ие болған екінші расчетімдегі адамдар да жараланып, оққа ұшып, тек затвор ашушы Ризуан Қалиев екеуміз ғана Великие Лукиден аман шықтық. Менің сол жақ қолымның саусағына түскен жеңіл жара қарақотырланып, жазыла бастаған болатын. Бригаданы толықтыруға келген жаңа адамдардан менің расчетіме де жауынгерлер берілді. Олар: Иван Шевырев, Сергей Шестаков, Александр Одиноков, Василий Чижов, Серафим Спиридонов, Кирилл Крашениников, Сейітқали Тасбаев, Петре Царезану болатын. Соңғы үшеуі ат айдаушылар да, өзгелері огневиктер еді. Бұларға менің өзім мен соңғы күндерде зеңбірек көздеушісі мамандығын меңгеріп алған Қалиевті қоссақ: барлығы он адам – жетеуі расчет, үшеуі ат айдаушылар. Бұлар артиллерияға жіберілгенімен, оның не екенін мүлде білмейтін адамдар еді. Мен оларға зеңбіректің барлық бөлшектерін көрсетіп, оны қалай көздеп ату, күту жұмыстарымен таныстыра бастадым.
Бұрын, Алматыда жасақталған расчет адамдары 18-19 жастағы, сауатты, орта білімді қазақ жастары еді. Олар ықыласты, ұғымтал болатын. Ал мына расчет әр ұлттан құралған, көпшілігі қартаң адамдар болып шықты. Бірде-бірі бұрын әскерде болмаған. Шестаков пен Тасбаев түрмеден келген, тентек, ал Шевырев бұрын колхоз председателі болған, өз айтқанынан басқаға көнбейтін адам болып шықты. Мен өзімнің педагогтық, командирлік тәжірибемді жұмсап, олармен аянбай жұмыс істеп, жаңа расчетті де дивизионның алдыңғы қатарына шығардым.
1942 жылдың қақаған қысы мен ақырған аязы өтіп, 1943 жылдың көктемі басталды. Алып дала иығындағы ақ тон сетінеп, тау, дөңестердің күнгейі қарайып, төбелері тесіле бастады. Көктем күнінің қуатымен сіресіп жатқан бұлақтарға жан кіріп, қар астымен жыбырлай ағып, ылдиға қарай ентелей жүгірді.
Наурыз айының ортасынан ауа 76-артдивизионның адам құрамы Ступино биігінің етегінде батарея-батарея болып сапқа тізілді. Бригада командирі полковник Морецкий, командирдің саяси жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Бәйішев, штаб бастығы майор Мостовой, тағы басқа адамдар келді.
Бригада командирі артиллерия дивизионының жауынгерлерімен жүздесіп, танысуға келген екен. Әскери рәсім бойынша дивизион командирі майор Сахоньнің рапортын қабылдап, солдаттармен сәлемдескеннен кейін комбриг Морецкий сөз бастады.
– Жігіттер! Мені сіздерге майдан командованиесі жіберді. 100-бригадаға бар, егер қабылдаса ондағы жігіттерге аға бол. Аға ғана емес, әр солдатқа әке болуға тырыс. Ал, жігіттер қабылдамаса, әр солдатқа әке бола алмасаң, онда құлағыңнан сүйреп кері қайтарып аламыз, – деді.
Осылай деп ұзын бойлы, қызыл шырайлы полковник оң қолын көтеріп, құлағын ұстады да, өзін өзі құлағынан сүйрегендей белгі жасап, қолын иіріліп тұрған дөңгелек саптың қақпа тәріздес ашық жағына қарай нұсқады. Полковниктің бұл қимылына сапта тұрған солдаттар үн шығармай, мырс етіп күлісіп қалды. Содан соң полковник сөзін ілгері қарай жалғап, қысқаша өмірбаянын айтты.
Анатолий Александрович Морецкий 1900 жылы Өзбекстанның Ферғана қаласында туған екен. Ташкенттегі құрылыс техникумында оқыған. 1919 жылдан бастап 1930 жылға дейін Қызыл Армияда қызмет еткен. Азамат соғысына қатысқан: Закаспий, Бұхара, Хиуа және Ферғана майдандарында қатардағы қызыләскер болып, басмашыларға қарсы күрескен. 1930 жылы Алматыға көшіп келіп, Қазақ ССР Жер халық комиссариатында 1943 жылға дейін қызмет еткен. 1933 жылы армияға шақырылып, 1935 жылға дейін Хабаровскідегі 55-дербес батальонда рота командирі болған. Одан Қазақстанға қайтып келіп, Жер халық комиссариатында қайтадан қызмет еткен. 1939 жылдан 1941 жылдың қазан айына дейін Алматыдағы Сталин қалалық-аудандық военкоматында әскери комиссар болған.
Осыларды айтып келді де, полковник жымиып күлді.
– Ал енді, менің сіздерге тағы бір жақыншылығымды айтып, мақтанайын, – деді ол содан соң. – Әйелім Алматының қызы, сіздердің апаларыңыз. Үйім Алматыда. Онда Людмила, Виктория, Нина деген үш қызым бар. Соғыс біткеннен кейін, аманшылық болса, мен де сіздермен бірге Алматыда тұратын боламын. Егер осы жігіттердің бір-екеуінің менің қыздарыма көзі түсетін болса, үлкен қызым он алтыда, кіші қызым әлі жас, онда құдаларын жібере берсін. Мен сіздер сияқты қыран жігіттерге қыздарымды қуана ұзататын боламын.
Жігіттер ықыластана ду күлді. Полковник те күлімдеп, оң қолын жоғары бір көтеріп қойды да, сөзін қайта жалғады.
– Әрине, бұның бәрі соғыс біткеннен кейін болатын шаруа. Мен сіздер күлсін деп айтып тұрмын. Өйткені, фельдмаршал Александр Суворов: “Солдаттарымның бір күлгені мың ділдадан қымбат”, – деген. Біз ең алдымен жеңіске жетуіміз қажет.
Ол үшін алдымен не керек? Бірінші – темірдей тәртіп керек. Екінші – әр солдаттың өз қаруын бес саусағындай білуі қажет. Сонымен бірге, үшінші – жауынгердің жүрегінде оттай ыстық отаншылдық сезім, яғни патриотизм болуы шарт.
Міне, осы үш қуатты қаруға: темірдей тәртіп, әскери білім және жалынды патриотизм – осы үшеуіне ие болған жауынгер жауынан жеңілмейді, жауды жеңбей және қоймайды. Мәселен, мына қаруды білмесең, – полковник беліндегі пистолеттің қабын түртті, – бір қадам аттап баса алмайсың. Ал біздің фашистерден жерімізді тазарту үшін талай мың қадам ілгері басуымыз керек. Темір қаруды тән игереді. Айтайық: қол оны көтереді, көз – нысананы көрсетеді, саусақ – шүріппені басады. Ал тәнге бұйрық беретін мына жүрек, – полковник сұқ саусағымен кеудесін түрткіледі, – жан ғой. Солдаттың жаны мен тәнінің қимылын үйлестіретін не? Ол – тәртіп. – Командир енді малақайының маңдайынан түртті. – Тәртіптілік осы бастан шығады. Түсінікті ме, жолдастар?
– Түсінікті, – деп дауыстады саптағы солдаттар.
– Түсінікті болса сіздердің қолдарыңызға ең күшті соғыс қаруы берілген. Оның аты – артиллерия! Артиллерия – соғыс тәңірісі деген қанатты сөз тағы бар.
Артиллерия тетігі көп, “тілі” бөлек қару. Сондықтан да сіздер сияқты ең сауатты, білімді жігіттер жіберіліп отыр. Кешегі Великие Луки шайқасында сіздердің жауынгер жолдастарыңыз болған Бимұрзин 5 танкты, Ерназаров 3 танкты жойды. Бұл – үлкен ерлік. Оларды нағыз батыр деуге болады. Ал олар бұл жеңіске қалай жетті? Бойларында жоғарыда айтылған үш қасиет болғандықтан жетті. Мен сіздердің бәрлеріңізді солардай білімді, тәртіпті, патриот болуға шақырамын. Дивизионға жаңа келген жолдастар сіздер ерлікті, еңбекшілдікті, патриоттықты бригада ардагерлері – сақа солдаттардан үйреніңіздер. Олар қастарыңда тұр. Олар сіздер үшін үлкен мектеп. Ал талай ұрыстарға қатысқан тарлан солдаттар, сіздер, өз білімдеріңізді жаңадан келген жігіттерге үйретіңіздер. Олар сіздердің шәкірттеріңіз.
Мінеки, менің сіздерге өзімді таныстыру үшін айтар сөздерім, қысқаша өмірбаяным осы. Осы өмірбаянмен мені өздеріңіздің әскери семьяларыңызға қабылдайсыз ба, жолдастар?
– Қабылдаймыз! – деді жауынгерлер көңілдене үн қатып.
– Қабылдасаңыздар: бүгіннен бастап мені бригаданың командирі деп есептеңіздер.
– Есептейміз!
– Онда мен сіздердің үлкендеріңе – аға, кішілеріңе – әке болуға тырысайын. Ал сіздер менің Отан атынан беретін бұйрықтарымды бұлжытпай орындауға тырысыңыздар. Сөйтіп, бәріміз бірлесіп даңқты 8-гвардиялық дивизия секілді 100-бригаданың атағын әлемге танытайық. Осылайша, бұл екі құраманың аты біздің әскери тарихымыздың аспанында Ай мен Шолпандай боп жарқырасын!
Осы кезде полковниктен кейінірек тұрған Бәйішев дауысын сәл көтере сөйлеп, командирдің сөзіне сөз жалғап жіберді.
– Тарихта қазақ халқының Айман мен Шолпан деген атақты екі қызы болған. Екеуі де ақылды, сұлу қыздар екен. Олар туралы атақты жазушымыз Мұхтар Әуезов “Айман-Шолпан” деген пьеса жазған. Біз майданға аттанарда театр сол пъесаны 100-бригадаға әкеліп көрсеткен болатын. 316-атқыштар дивизиясы майданға аттанарда да жауынгерлерге сол пъеса көрсетілген екен. Онда Алматыда қалалық-аудандық военкоматтың бастығы болған Анатолий Александрович генерал Иван Васильевич Панфиловтың қасында отырып, сол пьесаны бірге тамашалаған екен. Полковник 8-гвардиялық дивизия мен 100-бригада әскери тарихымыздың Айманы мен Шолпаны болсын деп, соны мегзеп айтып отыр, жігіттер!
Подполковник Бәйішев осылай деп сөзін бітіргенде сапта тұрған қазақ жігіттері бір ауыздан:
– Ура! – деп айқайлап жіберді.
Полковник артиллерист жігіттерге қазақша ишара жасап, сол қолымен кеудесін басып, басын иді.
– Енді сіздерді өзімнің орынбасарларыммен таныстыруға рұқсат етіңіздер, – подполковник Бәйішев, – комбриг – арт жағына қарай бұрылды. Бәйішев екі аттап, командирдің қасына келіп тұрды. Полковник қайтадан сөзін жалғады. – Бұл кісіні бәріңіз де, білесіздер, әрине.
– Білеміз, – десті әркімдер әр жерден.
– Мінеки, жолдастар, сіздермен біз танысып болдық, – деді полковник Морецкий. – Ал біз сіздермен тек қана танысу үшін келгеніміз жоқ. Одан басқа да шаруамыз бар. Енді соған көшейік.
Осылай деп ол арт жағында тұрған штаб бастығына қарай бұрылды. Майор Мостовой: “Мен әзірмін”, – дегендей басын изеді. Содан кейін полковник планшетін ашып, одан бір жапырақ қағаз алды да, соның бетіне анда-санда қарап қойып, қайтадан сөйлеп кетті.
– Өткен жылы 25 қарашада алғашқы ұрысқа кірген бригада күні кешеге – қаңтардың аяғына дейін бел шешпестен ұрыста болды. Бригаданың бұл ұрыстарын екі мерзімге бөліп, Молодой Туд ұрыстары және Великие Луки шайқастары деп атауымызға болады. Осы шайқаста бригаданың қолы жеткен табыстар қандай? Мен сіздерге қысқаша соны баяндап берейін. 39-армияның қарамағында болған алғашқы ұрыстарға 2 желтоқсанға дейін бригада неміс фашистерінен Калинино, Березка, Толкачево, Тройня, Медвежевка, Большое Приволье, Васильевское сияқты 20 шақты деревняны азат етті. Мұның ішінде аудан орталығы Молодой Туд қалашығы және бар. Ал одан кейінгі 3-екпінді армияның қарамағында болған Великие Луки ұрыстарында біздің 100-атқыштар бригадасы немістердің 32 танкін қиратты, 400-дей адамды тұтқынға алды, жүздеген гитлершілерді жойды. Мінеки, осы екі ұрыста бригаданың талай жауынгерлері өздерінің ерен еңбектерімен көзге түсті. Міне, бүгін сіздерге кімнің қандай Отан наградаларына ие болғандарын айтып, қатарда қалған тірі жауынгерлерге сол наградаларын тапсыруға келдік. Екінші шаруамыз осы. Енді бригаданың жаңа штаб бастығы майор Мостовой жолдас сіздерге армия қолбасшысының осыған байланысты бұйрықтарын оқып береді. Иван Мартынович, ілгері шығыңыз, – деп полковник штаб бастығына иек қақты.
Штаб бастығы алға шығып, дауысын кенеп, планшетінен алған қағаздардың біріне үңіліп, оқи бастады. Онда кіші лейтенанттар Қажым Көшеков пен Әбдірахман Бимұрзиннің І- дәрежелі Отан соғысы орденімен, қызыләскер Мұқан Омарбаев пен сержант Рымбек Байсейітов және лейтенант Мәтін Құсайынов ІІ-дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталғаны айтылыпты.
Бұйрықты оқып болғаннан кейін майор бұрылып, арт жағына қарады. Тақауда тұрған подполковник Бәйішевтің атқосшысы (ординарец) сержант Сағынтай Керімқұловты ымдап ілгері шақырды. Сағынтай асты су боп, үсті еріп жатқан жұмсақ қарды кең қонышты керзі етігімен шалпылдата басып, одыраңдай адымдап, командирдің арт жағына барып тоқтады да, жалма-жан жанындағы жалбаңдаған үлкен сөмкесін ашып, ақтара бастады. Одан кішкентай үш қорапты алып, сыртындағы жазуларын сығалап оқуға кірісті. Осы кезде бригада командирінің ымдауымен майор Сахонь сапқа қарап үн қатты.
– Лейтенант Құсайынов!
– Мен.
– Алға шығыңыз!
– Сержант Байсейітов!
– Мен.
– Алға шығыңыз!
– Қызыләскер Омарбаев!
– Мен.
– Ілгері келіңіз!
Аталған үш адам саптан шығып, командирдің қарсысына келіп тұрды.
Бригада командирі Сағынтайдың қолынан алып, олардың кеудесіне бұйрықта аталған ордендерін тағып берді. Содан соң үшеуінің кезек-кезек қолын қысты.
– Совет Одағына қызмет етеміз! – деп олар саңқ етіп, қосыла үн қатты да, саптағы орындарына барып тұрды.
Бұдан кейін майор Мостовой үшінші бұйрықты оқуға кірісті. Бұл бригада командирінің өз бұйрығы екен. Ол бұйрық бойынша осы дивизионның байланысшысы қызыләскер Байдашев Уалхан “Жауынгерлік еңбегі үшін”, зеңбірек командирі мен “Батырлығы үшін” медалімен наградталдым. Біз екеуміз де сап алдына шақырылдық.
– Сіздің медаліңіздің бетінде танкінің бедері бар екен, – деді полковник медальға бір, менің бетіме бір қарап. – Бұл сіз танктен де таймайтын батыр жігіт деген сөз. Солай ғой?
Мен жымидым да, үн-түнсіз тұра бердім.
– Біздің миссиямыз осымен аяқталды деп есептейік, жолдастар, деді командир. – Қаза болған жауынгерлердің ордендері олардың үйлеріне жіберіледі. Отан соғысы орденінің Ережесінде солай делінген. – Осы кезде майор Мостовой полковниктің қолына тағы бір қағаз ұсынды. Комбриг оны көзімен шолып өтті де, сөзін қайтадан жалғады. – Кеше армия қолбасшысынан тағы бір бұйрық келді. Ол қолындағы қағазды жоғары көтерді. – Бұл бұйрық бойынша біздің 100-дербес атқыштар бригадасы бүгіннен бастап 3-екпінді армия қолбасшысының резерві болады. Қолбасшының резерві ең қиын жағдайда іске қосылады, – белгілі бір бағытта ұрыс жүргізіп жатқан құраманың қуатын арттыру үшін жіберіледі. Сөйтіп, оның алдына қойылған жауынгерлік тапсырманы ойдағыдай орындауына көмектеседі. Армия қолбасшының, сол сияқты дивизия командирінің резервіне ең өжет құрама немесе батальон қабылданады. Ендеше бұл біздің бригада жауынгерлеріне жүктеліп отырған үлкен сенім. Кеше, Москваны фашистерден қорғау кезінде, кейіннен 8-гвардиялық дивизия аталған алматылық 316-атқыштар дивизиясы да генерал-лейтенант Рокоссовскийдің 16-армиясының резерві болған!
– Ура! – деп қалды жігіттер осы тұста тағы бір марқайып.
– Ал жолдастар, енді бізге қандай сұрақтарыңыз бар?
Полковник дөңгелене тізіліп, сапта тұрған солдаттар қатарын ол шеті мен бұл шетіне дейін шолып өтті.
– Жоқ.
– Сұрақ жоқ, – десті саптағылар.
Бұдан кейін мен 1943 жылғы Невель операциясына қатыстым. Калинин майданының оң жақ қанатындағы әскерлер 6-10 қазан аралығында Невель қаласын жаудан азат ету шабуылын жасадық.
Операция кезінде тоғыз жолдың торабы болып, немістердің “Солтүстік” және “Орталық” аталатын группировкаларын бір-бірімен тығыз байланыстырып отырған Невель қаласын азат етіп, Совет Армиясының алдағы Белоруссия және Прибалтика шабуылдарына негіз жасадық.
1943 жылдың мамыр айында, біз қорғаныста тұрған кезде, бригада командирінің жауынгерлік жұмыс жөніндегі орынбасары болып, подполковник Әбілқайыр Баймолдин келді. Баймолдиннің бізге келуі ерекше оқиға болды.
Ол өте ұлтжанды, жігерлі, жалынды азамат еді. Бұл азамат келгеннен кейін бригадада қалған аздаған қазақ жігіттерінің еңсесі көтеріліп қалды. Ол Мәскеудегі В.И.Ленин атындағы саяси академияны бітірген алғашқы қазақ еді. Алғашында атақты Доватордың атты әскер корпусында полк комиссары болыпты.
Мәскеу іргесіндегі шайқастарда бірнеше ерлік көрсетіп, жараланып, жазылғаннан кейін біздің бригадаға келді.
100-бригада Невельді азат етуге қатысып, фашистерді қуғаннан кейін Баймолдин сол қаланың коменданты болып тағайындалды. Сол ұрыстарда опат болған атақты пулеметші Мәншүк Мәметова мен бригаданың атақты мергені Ыбырайым Сүлейменовтің денесін Баймолдин Невель қаласының орталығына әкеп қойғызды. Невель қалалық кеңесінің қаулысын шығартып, Невельдің екі көшесін Мәншүк пен Ыбырайым атына бергізді. Бұл оқиға менің “Невель түбінде” повесімде толық баяндалған.
100-атқыштар бригадасы іріленіп, І-атқыштар дивизиясына айналғанда Баймолдин дивизия командирінің орынбасары болып тағайындалды. Полковник атағын алды. Осы дивизияны басқарып, Калинин облысының селоларын жаудан азат етіп жүргенде, 1944 жылдың 5 қаңтары күні есіл ер оққа ұшты. Мен ол кісіге арнап, “Баймолдин қабірінің басында” деген өлең шығардым.
Бұл ұрыстарда бригаданың көптеген жауынгерлері қаза тапты. Олардың ішінде артиллеристердің сүйікті командирлерінің бірі капитан Шазада Әтеев, бригаданың атақты снайпері Ыбырайым Сүлейменов, жас мерген Заманбек Матаев тағы басқалар бар. Тірі қалған бірсыпыра жауынгерлер ордендермен, медальдармен наградталды. Солардың ішінде зеңбірек командирі мен де “Ерлік еңбегі үшін” медалін алдым.
1943 жылдың аяғында 100-атқыштар бригадасы 31-атқыштар бригадасымен бірігіп, І-атқыштар дивизиясы боп қайта жасақталды. Енді мен осы дивизияның 226-артилерия полкында бұрынғыша зеңбірек командирі болып, соғыстың аяғына дейін қызмет еттім.
І-атқыштар дивизиясы 1944 жылдың басында І-Прибалтика майданының (1943 жылдың 21 октябрінен бастап, бұрынғы Калинин майданы осылай деп аталған болатын) қарамағынан шығарылып, І-Белорусь майданының қарамағына жіберілді. Мұнда ол 70-армияның қоластында болып, Украина мен Белоруссияның ондаған қала, селоларын фашистерден азат етті. 1944 жылдың 28 июлінде 70 және 28-армиялар бірлесе отырып, атақты Брест қаласын фашистерден тартып алды. Осы шайқастарда көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін Жоғарғы Бас қолбасшының арнаулы бұйрығымен 47 әскер бөлімдері мен құрамаларға “Брестік” деген құрметті атақ берілді. Сол құрметті атаққа бұрынғы 100-атқыштар бригадасының негізінде құрылған І-атқыштар дивизиясы да ие болды. Бұл ұрыстарда дивизияны полковник Андрей Иосифович Карпелюк басқарды. Кейіннен оған генерал атағы берілді.
Брест үшін ұрыстарда ерекше ерлік көрсеткен көптеген жауынгерлер мен командирлер Отан наградаларына ие болды. Солардың ішінде маған да ІІІ-дәрежелі Даңқ ордені берілді.
Сөйтіп, зеңбірек командирі аға сержант мен Ұлы Отан соғысының алғы шебінде тура 786 күн болдым. Осы күндерде тынбастан қарумен де, қаламмен де Отанға қызмет еттім. Ұлы Отан соғысын мен осылай аяқтадым. Соғыс біткеннен кейін маған ІІ-дәрежелі Отан соғысы ордені берілді.
Бұл төрт жыл ішінде жаяу марш жасап, зеңбіректі бірде атпен, бірде машинамен сүйретіп, бір майданнан поезбен көшіп, 23 мың шақырым сапар шектім. Сөйтіп, мен кеше майданға аттанған Алматы қаласына қайтадан келіп жеттім. Ару қала – астанаға келгеннен кейін тағы да төрт жыл студент болып соғыста үзіліп қалған оқуымды жалғастырдым. 1949 жылы университеттің филология факультетін бітіріп шықтым.
Дипломым бойынша мен мұғалім немесе ғылыми қызметкер болуым керек еді. Бірақ журналист болып кеттім. 17 жыл республикалық “Социалистік Қазақстан” газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметтерін атқардым. Павлодар облыстық “Қызыл ту” газетінің редакторы, республикалық “Қазақ әдебиеті” газетінің бас редакторы болдым. Артынан жазушылық жұмысқа көштім.
Ұлы Отан соғысының аяқталғанына алпыс жылдан асса да мен өзімнің соғыста мерт болған жауынгер жолдастарым жайында күні бүгінге дейін тынбастан қалам тартумен келемін. Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында “Боздақтар” деген жаңа кітап жаздым. “Ұлы Отан соғысында опат болған ерлер туралы естелік-этюдтер” деген анықтамасы бар бұл кітапты мен тағы да өзімнің жауынгерлік ұям болған 100-дербес атқыштар бригадасының жауынгерлеріне арнадым. Қай батальон, дивизионның қашан, қалай құрылғаны, басшылары, атақты жауынгерлері кімдер болғаны және олардың соғыс кезіндегі тағдыры жайында тарихи деректер бердім. Кітапта жүздеген адамдардың аты-жөндері аталады. Алғашында “Халық кеңесі” газетінің 1995 жылғы сәуір және мамыр айларындағы бес нөмірінде жарияланған бұл еңбегім Жеңістің 60 жылдығына орай 2005 жылы “Санат” баспасынан жеке кітап болып басылып шықты.
Біз Ұлы Отан соғысына Алматыдан, 100-бригаданың құрамында 5000 боздақ аттанған едік. Соғыстан ақсақ-тоқсақ, соқыр, шолақ болып, 500-дейіміз ғана тірі қайттық. Соның 100-ге жуығы Алматыда тұратынбыз. Қазір содан төртеуміз ғана жер басып жүрміз. Ол полковниктер Сұлтан Жиенбаев пен Бекбосын Кереев, Изатов және аға сержант – мен.
Біз төртеуміз өзіміз үшін де, өлген полктастарымыз үшін де тәуелсіз Отанымыз Қазақстанның нығаюына тынбастан қызмет етіп келеміз.
Мен, соғыс кезінде, 100-бригаданың сапында болғанымды мақтаныш етемін. Оның Отан үшін от кешкен бір жауынгерінің өмірбаяны осындай.
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2003 жылы 6 қаңтарда маған жолдаған хатында былай деп жазды: “Сіздің шығармаларыңыз, ойларыңыз – ел қазынасы. Өміріңіз үлгі”.
Мен Елбасының осы жоғары бағасын адал ақтауға тырысудамын.
Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ, Қазақстанның халық жазушысы.
АЛМАТЫ.