Былтыр әлемдік жарыстарда созақтық екі спортшының мерейі үстем болды. Боксшы Біржан Жақыптан кейін жастайынан белбеу күресінің қыр-сырын меңгерген тағы бір созақтық спортшы Дәурен Дәмен жастар арасында әлем чемпионы атанды. Күрес әліппесін аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен бастаған ол бүгінде ел намысын қорғайтын сақа спортшыға айналғаны айдан анық.
Аты бәйгеден озып келсе, төрге оздырып құрмет көрсететін көргенді елдің ұрпағы емеспіз бе?! Созақтың абыройын асырып, күллі қазақтың даңқын аспандатқан осынау спортшыларға, атап айтқанда, боксшы Біржан Жақып, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов, белбеу күресінен әлем чемпионы Дәурен Дәмен, жергілікті жаттықтырушы Самат Сармантаевқа аудан әкімі Аманғали Аймұрзаев құрмет көрсетті. «Өткен жылы екі бірдей жерлесіміз әлем чемпионы атанды. Тоғыз спортшымыз күрестен спорт шебері атағын қорғады. Дәстүрлі түрде өтетін «Дала мен қала» футбол жарысында жүлделі орыннан көріндік. Мұның бәрі әрине, аудан спортының дұрыс бағытта дамып келе жатқанын байқатады» деген аудан әкімі Біржан Жақыпқа су жаңа көліктің кілтін табыс етті. Сондай-ақ, Созақ спортының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген бокс бапкері Самат Сармантаевқа қызметтік үйдің кілтін ұстатса, Дәурен Дәмен мен Мырзағали Айтжановқа қаржылай сияпат көрсетті.
Спорты биік елдің, рухы берік. Өскелең ұрпақ та алдыңғы толқынға қарап бой түзейді. Ендеше, жеңісті жолдар жалғасын таба берсін.
Ерлан РАЙЫМҚҰЛОВ.
Оңтүстік Қазақстан облысы.