Елорда • 08 Желтоқсан, 2021

Нұр-Сұлтанда «Тәуелсіздік. Елорда. Байқоңыр» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

262 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік. Елорда. Байқоңыр» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Нұр-Сұлтанда «Тәуелсіздік. Елорда. Байқоңыр» ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

Алқалы жиынға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов, сол сияқты көрнекті қоғам қайраткерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаттары, «Байқоңыр» ауданының ақсақалдары қатысып, ел Тәуелсіздігі туралы толғамды ойларын ортаға салды.

Қатысушылар Тәуелсіздік кезеңдері мен жаңа мемлекеттің құрылуындағы өзекті мәселелерді, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіз еліміздің қалыптасуындағы стратегиялық бастамаларының рөлін, елдің әлеуметтік-экономикалық және саяси-құқықтық жаңғыруының перспективалары мен бағыттарын өзара саралады.

Конференция отырысын ашқан «Байқоңыр» ауданының әкімі Нұрбол Нұрсағатов биыл ел тарихы үшін ерекше жыл екенін айтып, тәуелсіз Қазақстанның әлемдік саясатта дербес, егеменді ел ретінде танылғанына 30 жыл толуымен жиналғандарды құттықтады.

«Бұл ширек ғасырдан астам уақыт. Қазақстан Республикасының егемендігі, тәуелсіздігі ұғымдарын сөз еткенде Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы туралы, оның саяси және тарихи миссиясын сөз етпеу мүмкін емес. Тәуелсіздік алу – бір, ал оны қорғап қалу, баянды ету, келешек ұрпаққа аманат ету – бір басқа. Бұл мәселе туралы Елбасымыз «Елдіктің жеті тұғыры» мақаласында жан-жақты нақты бағыт-бағдар беріп өтті», деді өз сөзінде Н.Нұрсағатов.

Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов та тәуелсіздік туралы өз ойымен бөлісті.

«Тәуелсіздік – ата-бабамыздан қалған асыл аманат. Ол ұлтымыздың, тіліміздің, дәстүріміздің мызғымас тірегі, алтын діңгегі. Өз алдына егемен ұлт болу біраз жұртқа арман болса, біз үшін баға жетпес құндылық», деп атап өтті А.Оралов.

Ал Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының хатшысы Ерлан Каналимов өз сөзінде тұғырлы Тәуелсіздіктің баянды болуын тілей отырып, елорданың Байқоңыр ауданының дамуына қатысты өз ойын жеткізді.

Жиынға арнайы қатысқан белгілі қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асылы Осман бүгінгі конференцияның маңыздылығы туралы айтты.

«Бүгінгі шараның тақырыбының өзі түсінген адамға мәні зор. Ел тәуелсіздігіне арналған мұндай шаралар көптеп өткізіліп, насихатталу керек. Тәуелсіздігіміз баянды, тіліміз тұғырлы болып, Елбасымыз айтқандай алдыңғы 30 дамыған мемлекеттің біріне айналайық», деді А.Осман.

Конференция соңында қатысушылар елордадағы Қаламгерлер аллеясындағы «Алаш арыстары» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, «Qitap qala» ашық аспан астындағы кітапханаға барды.