Ақүй таратқан ақпаратқа сәйкес АҚШ пен Ресей басшылары күн тәртібіндегі бірқатар мәселені талқылаған көрінеді. Президент Д.Байден Америка Құрама Штаттары мен Еуропалық одақ тарапы Ресейдің Украина шекарасы маңына қарулы күштерін орналастыруға алаңдаушылығын білдіретінін жеткізді. Сондай-ақ Ақүй басшысы әскери қақтығыс бола қалған жағдайда Ресейге қарсы экономикалық санкция салу тәсіліне жүгініп, басқа да шаралар қабылдайтынын айтты. Президент Д.Байден Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтынын қайталап, деэскалация мен дипломатияға қайта оралуға шақырды.
Өкінішке қарай, бейнеконференция Украина шекарасындағы дағдарысты шеше алмады. Оның үстіне Кремль де, Ақүй де келісім мәселесінде айтарлықтай ілгерілеушілік туралы хабарлаған жоқ.
Ақүйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан кездесуден кейін журналистерге берген сұхбатында Д.Байденнің В.Путинге таңдау ұсынғанын жеткізген: ахуалды дипломатиялық жолмен шешу немесе Ресей Украинаға басып кіре қалған жағдайда экономикалық және саяси қысым жасау.
АҚШ президентінің мұндай доқ көрсетуі В.Путиннің пікірін қаншалықты өзгертетіні белгісіз. Өйткені Кремль таратқан ақпаратқа қарағанда, В.Путин мәселені шешуге нақты ұсыныс жасамаған. Керісінше Батыс елдерін айыптап, олардың Украина мен оның айналасында әскери әлеуетін арттырып жатқанына наразылық білдірген.
Сондай-ақ Ресей басшысы НАТО-ның шығысқа, Ресей шекарасына қарай жақындамауына немесе Украинада шабуылдаушы қару-жарақ жүйелерін орналастырмайтынына заңды кепілдік беруді талап еткен.
Бір қызығы, Кремль Д.Байденнің ресейлік әріптесі айтқан талаптарды талқылауға келіскенін хабарлады. Алайда Ақүй әкімшілігі мұны жоққа шығарып отыр. New York Times газетінің хабарлауынша, НАТО-ның геоауқымын кеңейтпеуге мүлдем уәде берілмейді.
Сондай-ақ Д.Байден мен В.Путин АҚШ-Ресей арасындағы стратегиялық тұрақтылық диалогын, төлемдік бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша жеке үнқатысуды, Иран мәселесі секілді аймақтық түйткілдер бойынша бірлескен жұмыс жүргізудің маңызын талқылады.
Дегенмен бір нәрсе анық. Тараптар ахуалды шешуге тырыспақ. Президенттер өз әкімшіліктеріне алдағы уақытта аталған жағдаяттарға қатысты әрекет етуді тапсырған. АҚШ істі одақтастар мен серіктестерін қатыстыра отырып қарастырмақ. Сондықтан шығар, Джо Байден ресейлік әріптесімен сөйлескеннен кейін Франция, Германия, Италия және Ұлыбритания басшыларымен телефон арқылы тілдесті.
«Д.Байден әріптестеріне Путинмен сөйлескенін жеткізді. Сондай-ақ Ресейдің Украинадағы әскери әрекетінің ауыр зардаптарын және деэскалация және дипломатияға оралу қажеттігін талқылады. Көшбасшылар Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын, сонымен қатар Ресейдің шиеленісті бәсеңдету және дипломатиямен айналысу қажеттігін қолдайтындарын атап өтті. Олар тығыз байланыста болуға, соның ішінде НАТО одақтастарымен және Еуропалық одақ серіктестерімен келісілген және жан-жақты көзқарас бойынша консультациялар жүргізетініне келісті», делінген Ақүй таратқан ақпаратта.
Сарапшылардың айтуынша, Ресейдің Украина шекарасы маңында әскерін орналастыру Кремльге кішігірім дипломатиялық жеңіс сыйлап отыр. Экзетер университетінің профессоры Джонатан Маркустың айтуынша, осы әрекеттің нәтижесінде Ресей мәселесі АҚШ-тағы негізгі күн тәртібіне шығып отыр. Осылайша, Кремль державалар үстелінен ойып тұрып орын алмақ.