Мысалы, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың қаңтар айында «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген тақырыппен жарияланған мақаласында егемендігіміз бен елдігіміздің тірегі болатын басты бағыттарға тоқталып, іргеміздің берік болуы үшін қажет шараларды айқындап берді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басқан Қазақстан үшін бұл жыл толымды істерге толы болуға тиіс екені, алғашқы онжылдықта Қазақстан іргетасын қаласа, екіншісінде керегесін кеңейтіп, тарихын түгендеуге, шекарасын шегендеп, инфрақұрылымдық жобаларға баса мән бергені айтылды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күні кеше жарияланған «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында тәуелсіздігіміздің күретамырын өткен тарихтан сабақтайды. Нақтыласақ – арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрғаны, талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалғаны айтылады.
Дана бабаларымыз өзін ғана емес, адал ғұрпын, дархан көңілін, таза тілін, әсем әні мен қоңыр күйін, мәйекті мәдениеті мен бай әдебиетін қоса сақтап, ұрпағына аманаттағаны тарихтан белгілі. Елбасы кешегі мақаласында айтып өткендей, қазақ – тамырын жеті қат жер астына жіберген алып бәйтеректей өзінің күш-қуатын ғасырлар бойы Ұлы дала төсінен алған байырғы халық. Ұлы дала тарихының тамыры кешегі Сақ дәуірінен бергі уақытта қамтып жатқан кезеңдерден қуат алатыны тарихта қатталып қалды:
Мұның жаңғырығы кешегі КСРО жүйесі кезінде де әр жүректі нұрландырып, жарық сәуледей жан-жағына шуақ шашып тұрғанына біз куәміз. 1960 жылдардың орта шенінде құрамында біз болған «Дос-Мұқасан» тобы жанам деген жүрекке от бергенін, шоқ бергенін өз көзімізбен көрдік. Жалпы, 1960 жылдардағы серпіліс қазақ руханиятының мизам шуағына айналғаны туралы пікірлер бүгінге дейін айтылады. Бұл жылдар қазақтың өмірден еншімді алсам деп талпынған, өзін өзі іздеген кезі екені туралы жылы пікірлер бүгінге дейін айтылатыны көңіліме жып-жылы әсер қалдырады.
Халықтың төл тарихына деген ықыласын біз сол кезде көзбен көрдік, жүрекпен түйсіндік. Сол кездегі өрімдей жастарға, бізге ел басында жүрген тұлғалар тарапынан қолдауды барлық жерде сезініп жүрдік. Сонау тар заманда, зар заманда өздері айтып жеткізе алмаған шындықты әдебиет арқылы, өнер арқылы жеткізсем деген ниет ел басында жүрген тұлғалардың әрбір шешімінен байқалып тұрды.
Елбасы мақаласында «Азат еліміздің жастары тәуелсіздікке барар жолдың қандай азапты болғанын, қандай құрбандықтар мен сынақтар – 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, азамат соғысы, ашаршылықтың алапат екі толқыны, қуғын-сүргін мен репрессиялар, Ұлы Отан соғысы, тың игеру жылдарындағы жаппай қоныс аударудың зардабы арқылы жеткенімізді білуі керек. Мұның өзі өткен тарихты қастерлеп, одан сабақ алу үшін қажет. Менің «Тәуелсіздік – бабалар қанымен келген киелі құндылық» дейтінім осыдан» деді.
Адамдардың тарихтан тірек іздейтіні әлемдік құбылыс. Бірақ алмағайып заманда, тіпті идеологияның өзі интеграцияланып бара жатқан заманда тарихтың қалтарысында қалып қойған сәттердің жаңғырылып тұрғаны ләзім.
Елбасы мақаласы тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы соқтықпалы соқпақсыз күй кешкен жылдардың көпке белгісіз тұстарының себебін зерделеп берді. Тәуелсіз елдердің қатарын толықтыру тәуелсіздікті жариялаумен шектеліп қалмайтыны да Елбасымыздың назарынан тыс қалмапты: «Неге?» деген көп сауалдың көпке белгісіз жауабы кешегі мақалада айтылды.
Айтпақшы, даму жолына енді түскен елдердегі билік ауысуы саяси дүбірмен өтетінін көріп жүрміз, оқып жүрміз. Үлкен саясатта билік басында жүрген тұлғалардың мұрагерін дайындаудағы кішкене қателік саяси апаттарға әкеліп соғады. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен сабақтасақ, «Отыз жылға жуық ел басқарған кезімде мен жаныма қаншама азаматты серік етіп, көптеген шәкірт тәрбиеледім. Солардың ішінде Үкімет басқарған, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары ретінде жаһандық саясатқа жетіктігін танытқан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қасымнан табылған нағыз патриот, жоғары білікті кәсіпқой тұлға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Президенттік қызметке ұсындым. Сайлауда халықтың басым көпшілігі оны қолдады. Осылайша, біз халқымыздың ауызбірлігін, саясаттағы сабақтастығымызды күллі әлем қоғамдастығына тағы бір қырынан таныта білдік» деп жазды.
Менің де ғылыми қайраткерлігімнің бір кезеңі тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде шыңдалды. Еліміздегі ең беделді оқу орнын басқарып тұрған кезде Елбасының қабылдауында болып, ақыл-кеңесін алдық. Тәуелсіз елдің оқу орны басшысы ретінде бағыт-бағдарды айқындадық.
Дамыған елдердің тарихына көз жүгіртсек, дамудың, тіпті өркениеттің кілті мемлекетті басқарып жүрген тұлғалар мен халқы арасындағы сенімнен, халқының қолдауынан күш алады екен. Яғни билік басында жүрген тұлғалар халқының қолдауына ие болса, сол мемлекеттің көші озық болады.
Елбасының мақаласын белгілі бір дəрежеде қазаққа, соның ішінде жас буынға айтылған аманат, отыз жылдыққа ой қорытқан өсиет деп қабылдадым. Қазіргідей алмағайып заманда өткеніміз санамызда жаңғырып, баба тарихының озығынан ой түйіп, қателігінен сабақ алсақ көштен қалмаймыз.
Досым СҮЛЕЕВ,
ҰҒА академигі