Қазақстан • 10 Желтоқсан, 2021

Асқар Мамин Қарағанды облысына барды

307 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

 Премьер-Министр Асқар Мамин арнайы жұмыс сапарымен Қарағанды облысында болды,  деп жазады Egemen.kz.

Асқар Мамин Қарағанды облысына барды

 

Үкімет басшысы жаңа өндіріс орындары мен әлеуметтік-мәдени инфрақұрылым нысандарының ашылу салтанатына қатысып, сонымен бірге қарағандылық бір топ азаматқа мемлекеттік наградаларды табыс етті.

Премьер-Министр Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шарада Қарағанды облысының жоғары экономикалық әлеуетке ие екенін және өңірдің еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосып отырғанын атап өтті.

Облыста 1991 жылдан бастап жалпы өңірлік өнім 24 есе өскен. Қарағандылық кәсіпорындар елдегі тас көмірдің 34%-дан астамын, темір кенінің 14,5%-ын, мыс кенін өндірудің 28%-ын, жалпақ прокат пен марганец кендерінің 100%-ын, тазартылған мыстың 82%-ын, тазартылған күмістің 32,7%-ын және тазартылған алтынның 11,1%-ын өндіреді. Облыс Қазақстандағы  барлық өңделген өнімнің бестен бір бөлігін (немесе 21%) шығарады және еліміздің қуатты индустриялық орталығы болып саналады.

л

 

Индустрияландыру бағдарламасы өңірде бұған дейін шығарылмаған, қосылған құны жоғары ондаған жаңа өнім түрін өндіруді ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Облыста шетелдік серіктестермен бірлесіп жолаушылар автобустарын, карьерлік және жол техникасын құрастыру жобалары іске асырылып жатыр. Жыл сайын 1100 автобус пен 400 бірлік арнайы техника және арнайы көлік шығару жоспарланып отыр. Ішкі және экспорттық нарықтарда кейіннен өткізу мақсатында жылына 3,5 млн дана жеңіл, жеңіл жүк және жүк көлігіне арналған автомобиль шиналарын шығаратын ірі жоба іске асырыла бастады. Келешекте кәсіпорынның қуатын жылына 9 млн шинаға дейін кеңейту жоспарда бар.

Көлік инфрақұрылымы белсенді түрде жаңғыртылып келеді, балабақшалар, мектептер, медицина және спорт объектілері салынуда. Тәуелсіздік жылдары 8 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Облыстың әлеуетін одан әрі дамыту аясында 2025 жылға дейін құрылыс, металлургия, химия өнеркәсібі, энергетика, тау-кен металлургия кешені, құрылыс материалдары өндірісі, машина жасау және т. б. перспективалы салаларда жалпы сомасы 3,5 трлн теңге болатын 150-ден астам маңызды инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.

5

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес, Үкімет басшысы Тәуелсіздік күніне орай Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары мен жұмысшыларына, мемлекеттік қызметшілерге, білім және ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының қызметкерлеріне және кәсіпкерлерге мемлекеттік наградаларды табыс етті.

III дәрежелі «Барыс» орденімен «YDD Corporation» ЖШС құрылтайшысы Ерлан Нығматулин, «Құрмет» орденімен Қарағанды қаласының №2 көпсалалы ауруханасының директоры Арыстан Мағзұмов, «Жәйрем тау-кен байыту комбинаты» АҚ басқарма төрағасы Сергей Бартош, еңбек ардагері Ерлан Смайылов, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС бас директоры Сергей Барон және Ә. Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің директоры Ерден Халилин марапатталды.

ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденіне «АрселорМиттал Теміртау» АҚ КД «Тентек» шахтасының тау-кен жұмысшысы Бахтияр Мурзалин, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалы – «Жезқазғантүстімет» ӨБ кран машинисі Ұлмаш Таңқыбаева, «Құрылысмет» ЖШС электр дәнекерлеушісі Ринат Хайруллин ие болды.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен «Мирас» ШҚ басшысы Сәмет Бабақов, Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының әртісі Анна Беспалова, Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұлов, «Сұңқар 2015» ЖШС басшысы Виктор Летута наградталды.

«Шапағат» медалімен Қарағанды қаласының №5 емханасының директоры Марал Баязитова және профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың нейрохирургия орталығының жетекшісі Ғабит Махамбаев марапатталды. ҚР Құрмет грамотасы Үштөбе тірек мектебінің директоры Сәуле Артықбаеваға табыс етілді.

Жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы «Forever Flourishing (Middle Asia) Pty Ltd» ЖШС жобасының II кезеңі – болат прокаты мен швеллерлер шығару желісін іске қосу рәсіміне қатысты. Мұндағы өндіріс қуаты жылына 90 мың тонна өнімді құрайды. Жоба еліміздің құрылыс саласын болат прокатымен қамтамасыз етуге және өңдеу өнеркәсібінің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Премьер-Министр Саран қаласындағы «Saran» индустриялық аймағына барып, онда «Allur» және «Татнефть» тобының жылына 3,5 млн шина шығаратын «KamaTyresKZ» шина зауытын салу жөніндегі бірлескен жобасының іске асырылу барысымен танысты. «Татнефть» ЖАҚ бас директоры Наиль Маганов бүгінгі күні жобалаудың 78%-ға және құрылыс-монтаждау жұмыстарының 20%-ға орындалғанын баяндады. Құрылысты 2022 жылдың IV тоқсанында аяқтау жоспарланған. Кәсіпорын 1100-ден астам жаңа жұмыс орнын ашады.

Үкімет басшысына Ресей Федерациясының ең ірі шина өнеркәсібі кәсіпорнында Нижнекамскіде (Татарстан) оқып жатқан болашақ зауыт мамандары шығарған алғашқы шина көрсетілді.

Сондай-ақ Асқар Мамин Оқушылар сарайында болып, балалардың ғылыми-техникалық, музыкалық-эстетикалық, психолингвистикалық, көркемдік және басқа да бағыттағы үйірмелерге қатысуы үшін жағдайлар жасалған жаңадан бой көтерген мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты.

Қарағанды облысы