06 Наурыз, 2014

Энергетикалық төңкеріс – экономикалық дағдарысты жоюдың жолы

11739 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
  энергетика тонкерисиЖаһандық энергетикалық тоқырау соңғы жылдары жиі-жиі бой көтере бастаған экономикалық дағдарыстардың негізгі себебіне айналды. Дүниежүзілік дағдарыстардың созылмалы сырқаттары қолданыстағы энергетиканың мүмкіндіктерінің сарқылып бара жатқандығын байқатады. Енді ол тауардың өзіндік құнын арзандатып, экономикалық өсімге қол жеткізуге тиімді жағдай жасай алмайды. Энергетикалық қуат көздерін игерудің күннен-күнге қиындауы және оның бағасының қымбаттауы экономикалық дамудың болашағын тығырыққа тіреді. Осыған байланысты бүгінгі таңда адамзаттың алдыңғы қатарлы ақыл-ойы «энергетикалық тоқырау», «энергетикалық қатер», «энергетикалық төңкеріс» атты ұғымдар төңірегінде толғануда.  Тоқырау Жаһандық энергетикалық тоқырау нышандары алғаш рет ХХ ғасырдың 70-жылдарында орын ала бастады. Әлемде мұнай бағасының тұңғыш рет күрт көтерілуі энергетикалық дағдарыс туғызып, бүкіл дүние жүзінің экономикасына әсерін тигізді. Көп ұзамай мұнай бағасы тұрақтап, энергетикалық даму қайтадан қарқын алды. Бірақ осы бір оқиға арзан да мол мұнай дәуірінің аяқталып келе жатқандығын аңғартты. «Жаһандық энергетика дағдарысының болмай қоймайтынын бүгінде барша жұрт толық түсінеді, сондықтан да техника мен ғылым үшін қуат проблемасы алдыңғы қатарға шығып отыр», деп жазды атақты П.Л.Ка­пица 1975 жылы. Иә, көмір адамзат тарихындағы өнеркәсіптік төңкеріс дәуірін бастады. Ал ХІХ ғасырда адам баласы электр қуатын ойлап тауып, өнеркәсіптік төңкеріс жетістіктерін еселей түсті. Қолжетімді әрі сенімді көмір, мұнай және газ сияқты қазба отын көздерінің арқасында адамзат ХХ ғасырда энергетикалық молшылық дәуірін бастан кешірді. Оның молшылығы соншалық, жер шарын мекендейтін жеті миллиард халық электр қуатынсыз «шырпы басын сындыра алмайтын» халге жетті. Тіпті, жаһандық ауқымда жарты күн электр энергиясы болмай қалса, техногендік дәуір перзенттерінің тіршілігі толық тұралап қалар еді. Жұмыр жерді мекендейтін жеті миллиард адамның шексіз энергетикалық сұранысын дәл бүгінгі күні де көмір, мұнай және газ арқылы өндірілетін электр қуаты қамтамасыз етуде. «Судың да сұрауы бар» демекші, қазір адамзат алдында энергетикалық тоқырау атты тығырық тұр. Қазіргі таңда өркениет әлемін энергетикалық шикізат көздерінің жетімсіздігі, олардың бағасының жылдан-жылға көтерілуі ерекше алаңдатып отыр. Бүгінгі энергетикалық тоқырау салқынын сезінген өркениет әлемі ертеңге энергетикалық қатер атты проб­леманы күн тәртібіне ашық шығаруда. Халықаралық энергетикалық агенттіктің болжамы бойынша, алдағы жылдары индустриялық дамыған елдердің электр энергиясын тұтынуы жылына 1,3 пайызға, ал дамушы мемлекеттердің электр энергиясын тұтынуы жылына 4,2 пайызға артады. Жаһандық энергетикалық тоқырау­дың бастау алғандығы туралы осыдан 6 жыл бұрын жазған «Жаһандық энер­гетикалық қауіп: аңыз бен ақиқат» атты мақаламызда «Сонымен қазір өркениет әлемін толғандырып отырған энерге­тикалық қауіпсіздік мәселесінің астарына үңіліп көрейік. Бүгінде әлем бойынша бір күнде 85 миллион баррель мұнай тұтынылады екен. Ал 2020 жылы бұл көрсеткіш 100 миллион баррельге жетпек. Соңғы кезде халқы да, экономикасы да күрт өскен Үндістан мен Қытайдың сұранымын ескергенде, қазір күніне 3,5 миллион баррель мұнайды көп өндіруге тура келеді. Энергетика жөніндегі халық­аралық агенттіктің деректеріне сүйенсек, Азияда мұнай тұтыну жыл сайын 3-4 пайызға, газ тұтыну 4-6 пайызға артып отыр. Көмірсутегіне деген Үндістан мен Қы­тайдың барған сайын артып бара жат­­қан сұранысы осы шикізат көзде­рін шы­­ғарушы елдердің экспорттық қуа­тын әртараптандыруға мәжбүр етуде» деген екен­біз. («Егемен Қазақстан», 12.09.2008). Сарапшылардың айтуынша, таяу болашақтағы отыз жыл ішінде мұнай, газ және көмір энергетикалық баланстағы өзінің көшбасшылық рөлін сақтайтын болады. Бүгінгі таңда жаһандық электр қуатына деген сұраныстың 86,8 пайызы көмір, мұнай, газ және уран шикізаты арқылы қамтамасыз етілсе, 13,2 пайызы ғана балама және жаңғыртылған қуат көздерінің үлесіне тиесілі. Нақты болжамдар бойынша, алдағы ширек ғасырда бұл көрсеткіш 80 пайыздан төмен түспейді. Осы ретте «Мұнай мен көмірдің заманы өтті. Сондықтан жер астындағы мұнай қорларын жылдамырақ игеріп, кәдеге жаратып алуымыз керек», деген пікірдің де асығыс айтылған жаңсақ ойдың жемісі екендігін атап айтқан жөн. Осы орайда, ескерте кететін тағы бір маңызды мәселе, бүгінде әлем маман­дарының назарын АҚШ аймағында жатқан мұнай қоры да ерекше аударып отыр. Дүниежүзілік мұнай конгресінде Америкадағы әлі адам қолы тимеген аймақтардағы шикізат қорын мұнай-газ индустриясы үшін ашу қажет деген пікірлер ашық айтылды. Бұл ретте АҚШ иелігіндегі Атлант және Тынық мұхиты жағалауларындағы, Мексика бұғазының шығыс бөлігіндегі, сол сияқты Арктика аймағындағы мол мұнай қорлары сөз болды. Дүние жүзіндегі бүгінге дейін анықталған барлық мол мұнай қорларына өзінің үстемдігін жүргізгісі келетін Америка өз жеріндегі мұнай қорларына тырнақ батырмай, болашақ ұрпақ игілігіне қалдыруды көздейді. Әлемдік гегемон Американың осы көзқарасы Қазақстанға үлгі болса, қане! «Қазақстан мұнай державасы» деп бөркімізді аспанға атып, «қашпаған құнажынның уызына тойып», жиырма жылда Қазақстанда барлық анықталған мұнай қорының жартысынан астамын сорып алдық. Адамзат Жер-ана қойнауындағы мұнай қорының алғашқы триллион баррелін қазірдің өзінде игеріп болды. Енді екінші триллионға ауыз сала бас­тады. Анықталған екінші триллион мұнай қорының 200 миллиард баррелі ауыр мұнай есебімен толықтырылмақ. Сол сияқты 100 миллиард баррель мұнай қоры Арктика қойнауында деп болжануда. Сөйтіп, қазіргі кезде басы ашық бір мәселе – оңай қол жеткізілетін, яғни өзіндік құны арзан мұнай заманы өтті. Жер қойнауында ендігі қалған мұнай қоры тұтыну рыногынан едәуір қашықтықта, географиялық және геологиялық жағынан игеруге қиын жағдайларда орналасқан. Сондықтан енді мол мұнайға қол жеткіземін деушілер бұрынғыдан әлдеқайда көп мөлшерде миллиардтаған инвестиция салуға дайын болуы керек.  Қатер Энергетикалық қатер сипаты қазіргі күнде көмірсутегі шикізатының сарқылып бара жатқандығымен де сараланып отырған жоқ. Керісінше, күн тәртібінде қазірге дейін қол жеткізілген технология­лар арқылы енді көмірсутегі шикізаты өндірісті дамытып, экономикалық өсімді қамтамасыз ете ала ма? Күні кешегі жаһандық дағдарыстар бүгінгі электр қуаты өндірілетін тауардың өзіндік құнын төмендете алмайтындығын, яғни экономикалық өсімді қамтамасыз етуге қауқарсыз екенін көрсетті. Дүниені тұралатқан 2008 жылғы жаһандық экономикалық дағдарыстың астарында мұнай проблемасының тұрғанын ғалымдар ашық айтып отыр. Шикізат рыногындағы сыбайластық 2007 жылы 55 долларға бағаланған Brent маркалы мұнай бағасын бір жыл ішінде үш есе көтеріп, 2008 жылдың шілде айында 148 долларға жеткізді. Әлемдік экономика қаншама тұрақтануға тырысқанымен жең ұшынан жалғасқан сыбайластықпен көтерілген бұл баға 125 доллардан төмен түспей қойды. Оның ақыры 2011 жылғы биржалық тұрақсыздық Еуроодақта, АҚШ-та орын алған қарыз және бюджеттік қаржы проблемалары сияқты дағдарыстың екінші толқынына ұласты. «Еуропалық дағдарыстың бас­ты себебі, қазіргі энергия көздеріне, соның ішінде мұнай мен газ өнімдеріне деген тапшылыққа тіреліп тұр. Егер мұнайдың бағасы тағы да көтерілетін болса, онда осы өнімге ерекше зәру болып отырған Еуропада тағы да міндетті түрде дағдарысты жағдай қалыптасады. Мұнай мен газ бағасы тұрақтанған кезде, оның экономикасы қайтадан жұмыс істей бастайды. Себебі, Еуропа тұтас күйінде алғанда әлемдегі ең үлкен мұнай мен газ тұтынушы», деп есептейді америкалық экономист Джереми Рифкин. Жалпы, Джереми Рифкиннің айтуынша, еуропалық экономикалық дағдарыс дегеніміз бұл – Батыста іштен жанатын двигательдердің пайда болу нәтижесінде мұнай мен  газ пайдаланудан бастау алған екінші өнеркәсіптік революция жетістіктерінің тұйыққа тірелуі болып отыр. Егер әлемде мұнай мен газ шикізаты жеткілікті болса, онда бұл жетістіктердің дәурені де біразға созылған болар еді. Өкінішке қарай, көмірсутегі шикізатының тапшылығы және оның бағасының барған сайын қымбаттауы әлемдік экономиканың тынысын тарылтып тұр. Қорыта айтқанда, соңғы жаһандық экономикалық дағдарыс капитализмнің неолибералдық моделінің күйреуімен бірге әлемде энергетикалық қатердің де шиеленісіп тұрғанын көрсетті. Жаһанды жаппай жайлап бара жатқан бүгінгі экономикалық дағдарыстардың тағы бір басты себебі, тауарға деген сұраныстың барған сайын азайып бара жатқандығында. Өндірістің дамуы үшін ол өндіретін тауарларды тұтынушылар саны үнемі артып, өнімге деген жоғары сұраныс тұрақты болуы керек. Ал  жоғары сұраныс болуы үшін тауардың бағасы жалпыға бірдей қолжетімді деңгейде болуы қажет. Бағасы барған сайын қымбаттап бара жатқан тұтыну тауарларының өзіндік құнын арзандату үшін не істеу керек? Ол үшін сол тауарды жасауға жұмсалатын жұмыс күшін, электр қуатын және шикізатты арзандату қажет. Өткен ғасырда мұнай мен газды алмастыратын ең тиімді шикізат көзі атом энергиясы деген бастамаға ұзақ жылдар бойы  басымдық беріліп келді. Тіпті, ХХ ғасырдың 80-жылдарында Чернобыль АЭС-та болған жойқын апат та дамыған елдердің атом энергиясына деген жоғары сеніміне бірден тосқауыл қоя алмады. Тек қазірге дейін адам баласы ойлап тапқан ең озық технологиялар кеңінен пайдаланылатын Жапонияда 2011 жылы Фукусима-1 атом электр стансасында болған апат қана өркениет әлемін ойландырып тастады. Өнеркәсібі мейлінше дамыған Германия сияқты қуатты елдер атом энергетикасынан шұғыл бас тарта бастады. Осыған қарап, таяу болашақта адамзат атом энергиясынан бірден қол үзіп кетеді екен деген пікір тумаса керек. Қазір әлемде 400-ден астам АЭС жұмыс істеп тұр. Қуаты 1 миллион киловатт электр энергиясын өндіретін бір АЭС салуға 3 миллиард АҚШ доллары көлемінде  қаржы жұмсалатынын ескерсек, 400 АЭС-қа жұмсалған қаржы көлемін елестете беруге болады. Міне, осындай орасан зор капитал салынған атом энергетикасынан бірден бас тарта салу адамзат үшін оңай шағылатын жаңғақ емес. Атом апатының алдын алудың ең қауіпсіз технологиялары өндіріске енгізілсе, атом энергетикасы адамзатқа әлі де ұзақ қызмет ететін болады. Алайда, бүгінгі күнге дейінгі тәжірибеден анық белгілі болғаны ол – мұнай мен газ энергетикасын толық алмастыра алмады. Атом энергиясының қолданыла бастағанына ондаған жылдар болса да, ол мұнай және газ энергетикасымен қатар дамыды, бірақ экономикадан көмірсутегі шикізатын ығыстырып шығаруға мүмкіндігі жетпеді. Жаһандық экономикалық дағдарыс­тарға себеп болып отырған энергетикалық қатерден құтылудың бірден-бір жолы – дәстүрлі энергетикалық қуат шикізат­тарына тиімді балама табу. АҚШ және Еуропалық одақ балама энергетиканы дамытуға көптен бері тұрақты түрде қыруар қаржы жұмсап келеді. 2010 жылы дүние жүзінде балама энергетика саласына салынған инвестиция 30 пайызға артып, 243 миллиард долларға дейінгі рекордтық көрсеткішке жетті. Алайда, балама энергетиканы дамыту тек мемлекеттік субсидиялар есебінен ғана жүргізіліп келеді. Жекеменшік компания­лар балама қуат көздерін дамытуға шынайы мүдделілік танытпай отыр. Өйткені, балама қуат көздерін ашу мәселесі орасан көп шығынды қажет ететін технологияларды өндіріске енгізумен тікелей байланысты. Сондықтан, қазіргі күнге дейін анықталған балама қуат көздері экономика үшін өте қымбатқа түсіп отыр. ХХІ ғасырдың басында АҚШ пен Еуропалық одақта кеңінен өндіріле бастаған биоотын мұнайдан жасалатын автомобильдер отынын алмастырады деген зор үміт әкелді. Тіпті, кейбір сарапшылар биоотын өндірісі энергетика саласында жаңа төңкеріс жасап, «бензин дәуірін» тоқтатады деген қуанышты болжамдарын да жасап үлгерді. Әсіресе, 2007-2008 жылдардағы экономикалық дағдарыс кезінде мұнай бағасының күрт көтерілуіне байланысты іштен жанатын двигательдердің жанар-жағармайларын биоотынмен айырбастауға көп күш жұмсалды. Биологиялық шикізаттан жасалатын биоотын өндіруге қант тростниктерінің сабақтары, жүгері, рапс және бұршақ дәндері жұмсалады. Стэнфорд университетінің есебі бойынша, дүниежүзілік энергетикалық баланстағы биоотын үлесін 8 пайызға жеткізу үшін 472 миллион гектарға дейінгі ауыл шаруашылығы алқабын қолданыстан шығарып, биоотынға қажетті шикізат өсіру керек екен. Міне, осынша жерге өсірілген биологиялық шикізаттан өндірілетін отын әлемдегі автомобильдердің 10 пайызының қажетін өтеуге ғана жарайды. Ендеше, биоотын арқылы мұнайдан алынатын бензинді алмастырамын деу жұмсарта айтқанда таяз ойлаудан туған ұшқарылық. Осы ретте Солтүстік Қазақстан облысында салынған биоотын шығаратын зауыттың тағдыры ерекше ойлантады. Миллиардтаған қаржы шығындалып салынған зауыт бүгінде қаңырап қалды. Адамзат балама қуат көзі ретінде жел энергетикасына да үлкен үміт артады. Электр энергетикасының осы саласын дамыту нәтижесінде өндірілген электр энергиясы бүгінде әлемде өндірілетін барлық электр энергиясының 2 пайызын ғана құрайды. Жел энергетикасына сарапшылар болашақ энергиясының символы ретінде де басымдық береді. Табиғат құдіретімен қалыптасатын жел энергетикасының қуаты шындығында да зор. Алайда, жердің үстімен соғатын жел қуатынан жерден 7-14 шақырым биіктікте соғатын жел қуаты 10-15 есе күшті. Ал он шақырым  биіктікте соғатын жел қуатын пайдалану үшін қандай қондырғы жасау керек? Соншама биіктікте соғатын жел әлеуетін адамзат игілігіне жарататын электр энергиясына айналдыру үшін қандай технология керек? Өкінішке қарай, адам баласы оны әлі ашқан жоқ. Тағы бір мол энергетика көзі – геотермальді энергетика  көзі болып табылады. Бұл энергетика өндірісі негізінен жер қыртысындағы жылу энергиясын пайдалану арқылы жүзеге асырылады. Геотермальді көздер арқылы электр энергиясын өндірудің қазіргі кездегі көшбасшысы Исландия мемлекеті болып отыр. Бұл елдің электр энергиясының үштен бір бөлігі геотермальді энергетика қуатымен қамтамасыз етіледі. Бұл энергетика көзінің басты проблемасы – геотермальді энергетикалық көздердің баршаға бірдей қолжетімді деңгейде болмауында. Сондықтан, геотермальді энергетика әлемдік энергетика локомотиві бола алмайды. Бүгінгі таңда әлем назарын өзіне аударып отырған тағы бір тиімді энергетика көзі – гелиоэнергетика, яғни күн сәулесінен алынатын электр қуаты болып табылады. Иә, гелиоэнергетика жақсы дамып келеді. Алайда, оның маңызы жоғары емес. 2013 жылғы мәліметтер бойынша күн сәулесінен алынатын қуат әлемдік электр энергиясының 0,1 пайызы мөлшерінде ғана болған екен. Жыл мезгілінің барлық маусымдарында күннің көзі жарқырап тұратын Испанияның өзінде 2013 жылы фотоэлементті күн энергетикасы әлеуетімен алынған электр энергиясының көлемі 2,7 пайызды құрады. Адамзаттың алдыңғы қатарлы ақыл-ойы бүгінгі таңда реттелетін термоядролық синтез арқылы өндірілетін энергияға, сутекті энергетикаға да үлкен үміт артады. Дегенмен, қазіргі күнге дейін анықталған осы балама қуат көздері арқылы өндірілетін электр энергиясы көмір, мұнай және газ арқылы өндірілетін электр энергиясы деңгейіне жете алмай келеді. Бұдан шығатын қорытынды, бұл балама қуат көздері дәстүрлі көмірсутегі шикізатын алмас­тыра алмайды. Төңкеріс Қазіргі жаһандық энергетикалық дағ­дарыс бір жағынан, мұнай-газ энергети­касының экономикалық ресурстарының шектелуімен, екінші жағынан, бүгінге дейін ашылған балама қуат көздерінің  таяу мерзімде энергетикалық төңкеріс жасай алмайтындығымен сипатталады. 2008 жылы бастау алған жаһандық экономикалық дағдарыстың ұзаққа созылуының да сыры тегін емес. Жаһан­дық экономикаға арзан электр энергиясы қажет. Ал оны қамтамасыз етуге көмір, мұнай және газдың да, бүгінге дейін анықталған  балама және жаңғыртылған энергетика көздерінің де мүмкіндіктері шектеулі. Қазіргі кезеңде қалыптасқан жағдай табиғи дәстүрлі отындарды алмастыру тәсілін емес, 1899-1904 жыл­дардағы дағдарыс кезеңіндегі сияқты энергетикалық төңкерісті қажет етіп тұр. Әлемдік энергетикаға түбегейлі инновация қажет. Қазіргі кезеңдегі ғылыми сараптамалар энергетикалық төңкеріс мәсе­лесінде маңызды рөл ойнайтын бірнеше өнертапқыштық жетістіктер мен ғылыми ізденістерге ерекше үміт артуға мүмкіндік береді. Болашақта нақ осы жетістіктер мен ізденістердің энергетикалық төңкеріс жасап, адамзат дамуының жаңа сапалық кезеңін бастауы мүмкін. 2007 жылы Стэндфорд университеті жаңа өнертапқыштық ізденіс нәтижесін жария етті. Олар нано-өткізгішті аккумулятор ойлап тапты. Бұл ғылыми жаңалықтың мәнісі аккумулятордың дәстүрлі графиттік анодтарын кремний нано-өткізгіштерімен жабылған тат баспайтын болат анодтармен алмастыруда болып отыр. Кремнийдің ерекше қасиеттеріне сәйкес бұл анодтар он есе көп энергия ұстайды. Ал керісінше, аккумуляторлардың салмағы төмендейді. 2010 жылы Haier Group компаниясы әлемде алғаш рет LCD теледидар шығарып, дүние жүзін бір таңғалдырды. Бұл өнертапқыштық жетістіктің негізі үйде қолданылатын сымсыз сандық интерфейс (WHDI) арқылы электр энергиясын сымсыз тарату тәсілі болып табылады. 2010 жылы бразилиялық ғалым Фернандо Галембекк атмосферадан электр энергиясын алу мүмкіндігі жөнінде сенсациялық мәлімдеме жасады. Сан-Паулудағы Кампинаш университетінің Ф.Галембекк басқаратын ғалымдар тобы ылғал ауадан электр зарядтарын жинайтын тәсіл ойлап тапқан. Тәжірибе барысында анық­­­талғанындай, белгілі металдар ылғал ауа­дан электр зарядтарын жинауға мүмкін­дік береді екен. Бұл әдіс ауа райы ылғал­ды болып келетін аймақтарда мол электр энергиясын өндіруге мүмкіндік жасайды. Бұл технологияның ең маңыз­ды жағы, адамзат үшін тағы да бір жаң­ғырмалы энергетика көзін ашып берді. Бір топ Мәскеу инженерлері динами­калық ең жоғары өткізгіштік күш арқылы электр энергиясын өндіру тәсілін ашты. Ең жоғары өткізгіштік күш металл дискілерді зор жылдамдықпен айналдырған кезде пайда болады. Қысқаша КОРТЭЖ деп аталатын бұл өнертапқыштық идея электр қуатын алудың тағы бір жаңа тәсілін өмірге әкелді. 2011 жылдың соңында Андреа Росси бастаған италиялық ғалымдар Болонье қаласында өздері ойлап тапқан «тегін жылу» – «энергия катализаторы» (E-Cat) атты ғажайып жеке реактордың тұсауын кесті. Бұл реактордың басты ерекшелігі электр энергиясын өндіру барысында отын ретінде никель мен сутегін пайдаланады. Қуаты 1000 кВт болатын Росси реакторы алты ай үздіксіз жұмыс істеген кезде бар болғаны 10 килограмм никель және 18 килограмм сутегін пайдаланған. Осы реакторды ойлап табушылар жаңа технология арқылы қанша қажет болса, сонша мөлшерде таза электр энергиясын алуға болатындығын айтады. Қысқасы, адамзаттың алдыңғы қатарлы ақыл-ойы әлемдік энергетика саласында жаңа ғылыми ізденістер кезеңін бастады. Әлемдік экономика ұзақ жылдар бойы энергетика саласында түбегейлі инновация салынбаған жағдайда өмір сүрді. 1970-2000 жылдар энергетика саласындағы тоқырау кезеңі болды. Биоотын, жел және күн энергетикасы сияқты балама қуат көздері жаһандық энергетика саласынан көмірсутегі шикі­затын ығыстырып шығара алмады. Кө­мірсутегі шикізатын қолдаушы үкі­меттер мен корпорациялар энергетика саласына инновация келіп, шын мәніндегі энергетикалық озық техно­логия­лардың дамуына кедергі жасады. Росси реакторының өмірге келуі энергетика саласындағы консерваторлардың қорғанысын қақыратты. Қалай болғанда да, соңғы оншақты жыл көлемінде энергетика саласында үлкен ғылыми жетістіктер ашылуда. Электр энергиясының өзіндік құнын арзандату мақсатындағы жаңа қондырғылар мен технологиялар ашыла бастады. Көмірсутегі шикізатынан өндірілетін қымбат электр энергиясын арзан да тиімді энергия көзімен алмастыратын энергетикалық төңкеріс жолындағы ізденісті күрес басталды. Ал арзан электр энергиясы ол – дағдарысты жоюдың жолы, жаһандық экономиканың даму қарқынын арттыратын тың әлеует. Экономикалық жұмақ дәуіріне бас­тайтын энергетикалық төңкеріс қыр астында тұр. Адамзат үшін әрі мол, әрі арзан энергетика көзін ашатын бұл төңкеріс жаңа технологиялар түрін­де ме, әлде басқа шикізат көздері түрін­де жүзеге аса ма?! Ол әлі де толық анық­талып болған жоқ. Ең бастысы, адамзат энергетикалық төңкеріс жасамай, экономикалық дағдарыстан құтыла алмай­тындығына көз жеткізді. Адамзаттың ертеңгі игілігі жолындағы болашақ энергия көзін іздеу қозғалысы басталды. Осы ұлы қозғалыстың алдың­ғы легінде «Болашақтың энергиясы» ұранымен «Астана ЭКСПО-2017» Бүкіл­әлемдік жетістіктер көрмесін өткізетін Қазақстан келеді. Кім не айтса, оны айтсын, «Астана ЭКСПО-2017» жаһандық энергетикалық төңкерістің озық технологиялары сыналатын тарихи алаңға айналады. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20