Білім • 12 Желтоқсан, 2021

Ел білімді болса, Тәуелсіздік тұғырлы болады

740 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Міне,биыл Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жыл басында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» тақырыбындағы мақаласында: «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралып, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін мезет», деген болатын. Шынында да бұл 30 жыл уақыт еліміздің мемлекет болып қалыптасуына, әлемдік қауымдастықтан өз орнын айқындауына, түбегейлі қалыптасуына жол ашқан айтулы кезең болды. Осы мерзімде Қазақстан экономикалық жағынан қарыштап алға басумен қатар әлеуметтік салада да бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетті. Мұның ішінде білім жүйесі де жедел даму кезеңдерін басынан кешірді.

Ел білімді болса, Тәуелсіздік тұғырлы болады

«ХХІ ғасырда білімін дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Біз бола­ша­қтың жоғары технологиялық және ғылыми ауқымды өндірістері үшін кадр­лар қорын жасауымыз қажет. Осы за­ман­ғы білім беру жүйесінсіз әрі алысты барлап, кең ауқымда ойлай білетін заманауи басқарушыларынсыз біз инновациялық экономика құра алмаймыз. Демек, бар­лық деңгейдегі білім беруді дамытуға ба­ғыт­талған тиісті шаралар қолдануымыз шарт». Тұңғыш Президент - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың осы тапсырмасын бас­шы­лыққа алған еліміздің білім саясаты әлемдік аренадан өз орнын нақтылауда. Өйткені білімді ел ғана әлемдік өзгерістер кө­шіне ілесе алатыны мәлім. Тәуелсіздік жыл­дарындағы отандық білім беруде жи­нақталған тәжірибелерді талдап, саралап қарасақ, еліміздегі білім беру жүйесі әлемдік стандартқа жақындап қалғанына нақты деректер көз жеткізеді.

Елбасының инновациялық ой-пікір­ле­рі мен ұстанымдары басшылыққа алы­нып, еліміздің білім беру жүйесін жаңа­ша құ­рып, жаңа бағытта дамытып, жетіл­діруде жасалған алғашқы қадамдар, өзге­ріс­тер мен жаңалықтар, реформалар, жаңа технологияларды енгізудің нәтижелері бүгін өз жемісін беруде. Сөйтіп, осы инновациялар еліміздің тәуелсіз даму кезеңіндегі тарихи шындығына айналуда, сондықтан қазіргі Қа­зақстанның әлемдік қауымдастыққа ену үдерісін зерделеуде білім жүйесіне ен­гі­зіл­ген заманауи өзгерістер мен жаңаша бет­бұрыстардың маңыздылығын ескермеуге болмайды. Олар Қазақстанның жаңа заманға барынша бейімделіп, өз сая­саты мен өз экономикасын түзеп, сөз бостандығы мен ой еркіндігіне негізделген демократияны жетілдіріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуда жасалған маңызды қадам, іргелі іс-шаралардың бірі болып қала беретіні сөзсіз.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылда­рын­да «Білім беру туралы» (1993ж), «Білім туралы» (1999ж), «Ғылым туралы» (1999 ж) жаңа заңдар мен сол заңдарға бай­ланысты үкіметтің қаулы-қарарлары және еліміздегі білім саласын дамытуға бағытталған 6 мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Сол жылдары осы заңдар мен қаулыларды жүзеге асыру үшін бүкіл еліміз бойынша үлкен айтулы іс-шаралар атқарылды: саралау-сараптау жұмыстары жүр­гізілді, республикалық ғылыми-прак­ти­калық конференциялар мен ғылыми іс-шаралар өткізілді. 1993 жылы еліміздің танымал ғалым-ұстаздарының дайындап, ұсынуымен «Білім беруді мемлекеттік қолдаудың ұлттық бағдарламасы» дү­ние­ге келді. 1996 жылы білім беру жүйе­сін реформалаудың мемлекеттік бағ­дар­ла­масының жобасы дайындалды. 2000 жылы 26 тамызда «Мемлекеттік міндетті білім стандарты» қабылданып, содан көп кешіктірілмей, 2000 жылы 30 қыркүйекте Қазақстан Республикасының «Білім беру бағдарламасы» бекітілді.

Қазақстанның білім саясаты мен білім жүйесіне елеулі бетбұрыс 1997 жылы қабылданған «Қазақстан-2030» ұзақ мер­зімді стратегиялық бағдарламасы өмір­ге келген кезден басталды. Осы бағ­дар­ламаны жүзеге асыруға кіріскен Қа­зақстан қоғамы экономика мен әлеу­мет­тік салалардың барлық бағытын жаңаша құру үшін пәрменді іс-әрекеттерге көшіп, қа­зақстандық дамудың жаңа сатысына бет алды. Еліміздің білім саясаты мен оның жүйесі де осы бағдарлама аясында атқарылған ауқымды да маңызды жо­ба­лар­дың бел ортасында болды. Айта бер­сек, Тәуелсіздіктің 30 жылында елі­міз­дің білім жүйесі жан-жақты қанат жай­ға­нын байқар едік.

Мемлекет қамқорлығы арқылы осы жылдары елімізде ондаған жоғары оқу орындары, колледждер, лицейлер, гимназиялар ашылды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ясауи атын­дағы Халықаралық Қазақ-түрік уни­вер­си­те­ті сияқты беделді жоғары оқу орындары өмірге келді. Әлемнің ең таң­дау­лы оқу орындарымен теңесе алатын Назарбаев университеті қазақстандық жоғары оқу орындарының брендіне айналып отыр. Ке­ңестік дәуірде бүкіл еліміз бойынша жо­ғары оқу орындарының саны 50-ге жетер жетпес болса, тәуелсіздік жылдарын­да ол 3 есе артты. Қазақстанның әр аймағында өңірлік университеттердің құ­­рылуы ел жастарын өз өңірлерінде оқы­ту­ға мүм­кін­дік берді. Елбасының тіке­лей бас­та­ма­сымен өмірге келген «Бо­лашақ» бағ­дар­ла­масымен соңғы 20 жылда 15 мыңнан астам жастарымыз шетел­дердің ең үздік университеттерінде білім алып, бүгінде еліміздің халық шаруа­шы­лы­ғы­ның әр алуан
салаларында қызмет істеп жүр.

Мен өзім ұзақ жыл Алматы қалалық білім басқармасын басқарған тұлға ре­тін­де Тәуелсіздік жылдарында жалпыға бір­дей орта білім саласында қол жеткен жетіс­тіктерге тоқталуды жөн көрдім. Ке­ңес өкіметі кезінде қазақ мектептері жап­­пай жабылып, ұлт мектебіне деген зәр­у­лік асқынып тұрған кез еді. Қала халқы жылма-жыл өсіп отырғанына қарамай, мектеп тапшылығы да айқын сезілетін, 3-4 ауысымда оқытатын мектептерде білім сапасы ойдағыдай болмады. Бұл тек қаладағы жағдай ғана емес, бүкіл Қазақстанға ортақ мәселе болатын. Мемлекет басшысы, ең алдымен, жаңа мектептер салу, орта білім беретін ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, 3 ауысымда оқытатын мектептер қатарын азайту, жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру, оқу-тәрбие үдерісіне әлемдік инновацияларды енгізу, білім ұяларын компьютерлермен, ақпараттық техникалармен жеткілікті жасақтау, тәуелсіз елге лайықты жаңа оқу­лықтар енгізу, ұстаздардың біліктілігін арт­тыру, жаңа білім бағдарламаларын әзірлеу мәселелерін бірінші кезекке қой­ға­ны әлі есімізде. Елімізде жаңа мектептер салу, оларды заманауи ақпараттық техникалармен жабдықтау ісі жедел жүзеге асырылды. Өткен 30 жылда елімізде 1800-ден астам мектеп, 2 мыңнан аса мектепке дейінгі балалар мекемелері, балабақшалар салынды. Дарынды балаларға арналған Назарбаев зияткерлік мектептері жүйесі құрылып, елімізде 20-дан аса зияткерлік мектептер салынып, пайдалануға берілді.

Тәуелсіздік жылдарында Алматы қала­сы­ның білім жүйесі де түбегейлі жа­ңарды. Осы жылдар ішінде шаһарда 35 жаңа мектеп, бұрынғы мектептерге қосымша 38 қосалқы ғимараттар, 62 жаңа балабақша салынып, бәрі де жаңа жиhаздармен, компьютерлермен, басқа да ақпараттық техникалармен жабдықталды. Жаңадан 38 636 оқушы орны жасақталды. Қазақ мектептерінің саны 66-ға жетті. Қазір 110 мыңнан астам оқушы қазақ мектептерінде білім алуда. Тәуелсіздік жылдарында білім берудің жаңа моделі құрылды. Орта білім жүйесі жеке мектептермен, лицейлермен, гимназиялармен, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептермен толықты. Барлық сынып 100 пайыз жаңартылған білім мазмұнына көшті. Алматыда екі бағыт бойынша Назар­баев зияткерлік мектептері жұмыс іс­теу­де. Жаңартылған білім беру мазмұны бо­йынша оқытатын бұл мектептердің іс-тәжірибесі бүкіл білім жүйесіне таратылуда.

Тәуелсіздік жылдарынының тағы бір табысы: білім сапасын бағалаудың Ұлт­тық жүйесін қалыптастыруы дер едім. Сонымен бірге ҰБТ, ВОУД, лицен­зиялау сияқты ішкі және сыртқы (халықаралық) бағалау құралдары да кеңінен қолданылуда. Қала мектептерінің оқушылары PISA, TIMSS, PIRLS сияқты халықаралық салыстырмалы зеттеулерге де белсене қатысып, Қазақстан оқушыларының халықаралық деңгейде білім жетістіктерін паш етуде. 2017 жылдан бастап оқушылардың өз ықыластарына қарай информатика, физика, химия және биология сияқты жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту қол­ға алынды. Мектеп бітірушілердің тест­ті ағылшын тілінде тапсыруына мүм­кін­дік беріліп отыр.

2002 жылдан бастап отандық арнайы білім беру жүйесінде оңалту орталықтары, психологиялық-педагогикалық түзету ка­бинеттері сияқты жаңа құрылымдар пайда болды. Алматы қаласында да мұн­дай арнайы жүйелер көптеп ашылды. Мұ­ға­лім­дердің біліктілігін арттыруға айы­рық­ша көңіл бөлінуде. Орта білім жүйе­сінде педагог-магистрлер саны арта түсуі де білім сапасына әсерін тигізуде десек, бұл дәл тәуелсіздік жылдары жетіс­тік­те­рі­нің бірі деуге болады.

Алматы қалалық білім басқармасы жанын­да білім ұйымдары үшін онлайн конференциялар ұйымдастыратын ресурстық орталық ашылды. Мектептердің пән каби­нет­тері арнайы жабдықтармен толық жаб­дық­талды. Бұларда практикалық сабақтар мен зертханалық жұмыстар атқаруға то­лық мүмкіндік бар.

Қалалық білім басқармасы «Алматы қаласының үздік білім беру ұйымы» және «Қаланың үздік мұғалімі» конкурстарын жиі өткізіп тұрады. Оның жеңімпаздары пәтер, автокөлік және ақшалай сыйлық­тар­мен марапатталуда. Бүгінде қала мек­теп­терінің бәрі бейнебақылау құрыл­ғы­­ларымен қамтылған, интернет желісі тұ­рақ­ты жұмыс істейді.

Өткен ғасырдың 90-жылдары мектепке де­йінгі балалар мекемелерінің көпшілігі жа­былып немесе жекешелендіріліп кет­ке­ні белгілі. Ал 2000 жылдарға қарай, ел экономикасының жаңа тынысы ашылуына орай, жаңа балабақшалар салу, ескілерін қалпына келтіру, жекешеленіп кеткендерін қайтару нәтижесінде балалар мекемелері көбейе түсті. Жеке балабақшалар мен шағын орталықтардың көптеп ашылуы мектепке дейінгі балалар ұйымдарына деген қажеттіліктерді қанағаттандыруға көп мүмкіндік берді. Соңғы 20 жылдың көлемінде жеке балабақшаларың саны еселей артты. Сонымен бірге қалада ерекше қажеттілігі бар балаларға инклюзивті білім беру, оларды оңалту және түзету ме­ке­мелерімен қамту мәселесіне айрықша көңіл бөлініп отыр.

Мектепке дейінгі тәрбиеге мемлекеттік тапсырыс беру ісі заңдастырылып, мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау ай­тар­лықтай жеңілдетілді. «Балбөбек» (1996 ж.), «Қайнар» (2007ж.), «Алғашқы қадам», «Зерек бала», «Біз мектепке барамыз» сияқты отандық бағдарламалар жемісті жұ­мыс істеуде. 2016 жылы енгізілген мектепке дейінгі тәрбие және білім беру типтік бағдарламасы бүлдіршіндердің базалық дағдыларын қалыптастыруға қызмет етуде. Жаңартылған мазмұн шең­бе­рінде 2017 жылдан бері балалардың қа­білеті мен дағдысын бағалаудың ин­ди­ка­торлық жүйесі енгізілді. Ал 2018 жылы мектепке дейін білім мен тәрбие берудің мем­лекеттік стандарты қабылданып, 2019 жылы балаларды ерте дамыту бағ­дар­ла­ма­сы енгізілді. Мұның өзі ерте жастағы (0-3 жас) балдырғандардың әлеу­меттік дағдысын қалыптастыруға, өзді­гін­ше білім алуын қамтамасыз етуге, педа­гог­тер мен ата-аналардың құзыреттілігін арт­тыруға бағытталған мемлекеттік қам­қор­лық деп білуіміз керек.

Сонымен бірге мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруді дамытудың толыққанды моделі жасалып, балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту аясы кеңейе түсті. Мектепке дейінгі ұйымдарда балаларға орын бөлудің ашықтығы мен ұтқырлығын қамтамасыз ету үшін қалада және басқа да аймақтарда балабақшаларға жолдама білім басқармалары мен бө­лім­дерінің қатысуынсыз автоматты түр­де берілетін болды. Балабақшаны ата-ана­лар­дың өз беттерінше таңдау еркіндігі бе­рілуі бұл мекемелердің жауапкершілігін арттыра түсуде.

Әрқашан халқымыз балаларын оқы­та­тын ұстазға үлкен құрметпен қара­ған. Шәкірттің ұстаздан алған тәлім-тәрбиесі оның болашағына жол сілтеп отырған. Сон­дықтан болар «Ұстазы мықтының – ұс­танымы мықты» дейді қазақ даналығы.

Осы орайда, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы еліміздің мұға­лімдер қауымына жаңаша жұмыс іс­теу­ге кең жол ашатыны сөзсіз. Атал­ған Заңда «Жалпы ережелер», «Педа­гогтің мәртебесі және оның педа­го­ги­ка­лық қызметі», «Педагогтің құқық­та­ры», «Педагогтің міндеттері мен жауап­кер­шілігі» сияқты негізгі бөлімдер бар. Осындағы екінші бөлімде педагогтің статусы, этикасы, педагогтің ар-ожданын қорғау, мұғалімге өз кәсіптік қызметін жүзеге асыруға жағдай жасау туралы арнайы баптар енгізіліп отыр. Мұның ішінде педагогті кәсіптік міндеттермен байланыс­ты емес жұмыс түрлеріне тартуға, одан білім беру саласындағы заңнамада көз­дел­меген есептілікті, не ақпаратты талап етуге, заңдарда көзделмеген тек­серу­лерді жүргізуге, мемлекеттік орта білім беру ұйым­дарының педагогтерін мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларына тартуға тыйым салынды. Енді мұғалімдер өз мін­детіне сәйкес таза педагогикалық жұ­мыс­та­рмен айналысады.

Жалпы, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы білім саласы қызметкерлерінің құқықтарын, әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етумен бірге, елі­міздің бүкіл ұстаздар қауымының мәр­тебесін көтеруге, ұстаз деген ардақты аттың абыройын арттыруға қызмет ететіні даусыз. Өткен жылдары Республикаға бел­гілі мұғалім Аягүл Миразова еліміз­дің дамуына ерекше еңбек сіңірген қайраткерлер арасында алғашқылардың бірі болып Қазақстанның Еңбек Ері ата­ғы­на ие болды. Бұл еліміздегі ұстазға деген ұлы құрмет деп түсінеміз. Біз мұны мың­даған мұғалімдер қауымының тәуел­сіз елдің тыныс беретін тірегіне, ырыс беретін жүрегіне айналғаны деп білеміз.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдау­ла­рында еліміздің білім жүйесін одан әрі дамыту туралы өз ой-тәжірибесімен бөлісіп, Үкіметке тиісті тапсырмалар беріп келеді.

Әрине, мемлекет қамқор­лы­ғын­дағы білім жүйесі бұдан былай да зор табыстарға жете беретіні сөзсіз. Себебі ел білімді болса ғана тәуел­сіздік тұғырлы болары хақ.

 Рахат ШИМАШЕВА

VII сайланған Алматы қаласы мәслихатының депутаты