Тәуелсіздік • 12 Желтоқсан, 2021

Сыртқы саясат сабақтастығы

6522 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Тәу етер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі белесіне еліміздің толайым табыстармен жетуіне сыртқы саясат саласының қосқан үлесі зор екені анық. Мәмілегерлікті есе жібермей, есебін тауып, елдің еңсесін тіктеу десек, Елбасы еліміздің сыртқы саяси келбетін сымбатты қалыптастырды. Шиеленістерді шешіп, шекарамызды шегендеп берді. Көршілермен іргелес созылған құрлықтағы ең алып шекара Отанымыздың мызғымас тағанына айналды. Қазақстан әлемдік қауымдастықта бейбітшіл айшықты саясаты арқылы өрнек салды, көптеген жаһандық бастамаға ұйытқы болды. Сыртқы саясатымызда осы сабақтастықтың жемісті жалғасып келе жатқанын Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың соңғы 100 күндегі іс-шараларынан да аңғаруға болады. 

Сыртқы саясат сабақтастығы

Елбасының сенімді серігі ретінде еліміздің сыртқы саясат стратегия­сын қалыптастырған Қазақстан Пре­зи­денті 2020 жылдың наурызында «Қазақстан Республикасының 2020-2030 жыл­дарға арналған сыртқы сая­си тұ­жырымдамасын» айқындап, Сыртқы істер министрінің лауазымын Премьер-Министрдің орынбасары деңгейіне көтеріп, Арнаулы сырт­қы саясат өкілін тағайындап, сырт­қы саясатқа жауапты көмекшісін Әкім­шілік басшысының орынбасары етіп бекітуімен дипломатияға үлкен мән беретінін байқатқан еді.

Ел Президенті жүргізіп отырған сыртқы саясаттың бір арналы ағыны аймақтық деңгейде Орталық Азия елдеріне және жалпы Түркі әлеміне айрықша көңіл бөлуде жатыр. Осы ретте Президенттің 2021 жылы 6 тамызда Түрікменстанда өткен Орталық Азия елдері басшыларының Консультативтік кездесуіне қатысуы аймақтық инте­грацияға жаңа серпін берді. Кездесуде Қ.К.Тоқаевтың: «Бірлігімізді бекемдеп, бір-бірімізбен болмашы бәсекелестікке жол бермеуіміз қажет. Халықаралық аса маңызды мәселелерде барынша ортақ ұстаным білдірсек, әлемдік қауым­дастыққа келісім тапқан ортақ тәсілі­мізді көрсетер едік. Халықаралық алаң­дар­дағы бәсекелестік ұлттық мүдде­лерімізге қайшы келеді» деген ұлағатты сөздеріне өзге елдердің басшылары ден қойды.

Президент Орталық Азияның Қазақ­стан үшін басымдыққа ие аймақ екенін Сыртқы істер министрлігінің кеңей­тілген алқа отырысында да айтып өтті. Мем­лекет басшысы Қазақстанның Ор­талық Азиядағы көшбасшылық орнын нығайту аса маңызды міндет екенін айта келе, «Орталық Азияның тағдыры үшін Қазақстанға ерекше жауапкершілік жүктеледі», деген болатын. Бұл дегеніміз Қазақстан аймақтың ынтымағы үшін белсенді саясат жүргізеді деген сөз.

Осы ретте Мемлекет басшысының 2021 жылғы 25 қазандағы Түрікменстан сапарының маңызды екенін айту керек. Сапар барысында, саудадан тасымалға, ауыл шаруашылығынан ғылымға әртүрлі салада 20 келісімшартқа қол қойылуы екі елдің арасындағы қатынастардың жаңа деңгейге көтерілгенін айғақтайды. Әсіресе, Каспий теңізіндегі Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын межелеу және балық аулау аймақ­тарының шектес учаскелерін бөлу туралы шарт, сондай-ақ шекара тәртібі туралы үкіметаралық келісім ерекше орын алады. Осылайша, екі ел ара­сын­дағы құрлықтағы және теңіздегі шекараларды заңды түрде рәсімдеу аяқ­талды. Расында, Орта Азияның Таяу Шығысқа ашылған қақпасы болып табылатын Түрікменстанның аймақтық интеграциялық жобаларға қатысуы Қазақстан үшін маңызды. Осы ретте Түрікменстанның Түркі мемлекеттері ұйымына бақылаушы болуы да Нұр-Сұлтан тарапынан ізгі қадам ретінде бағаланды. Сондықтан Тоқаевтың Түрікменстан сапары екі ел арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайтып, аймақтық интеграцияға да үлкен үлес қосты деп қорытынды жасай аламыз.

Аймақтық деңгейде Қазақстан түгел Түркі әлеміне де көңіл бөліп келеді. Бұл бағытта ең маңызды оқиғаның 12 қараша күні Ыстанбұл қаласында өткен Түркі кеңесінің 8-Саммиті екені даусыз. Президент ретінде алғаш рет Түркияға барған Тоқаевтың бұл сапары ерекше мәнге ие болды. Президенттің алқалы сам­миттегі ұсыныстары Қазақстанның Түркі әлемі саясатындағы сабақтастықты көрсету тұрғысынан маңызды еді. Тоқаев түркі интеграциясының маңы­зы­­на тоқтала отырып «Ұйымымыз, эко­но­ми­калық, гуманитарлық және эко­ло­гиялық ынтымақтастыққа баса мән бер­гені жөн» деп ұйымның алдағы бағытын нақтылап берді. Саммит барысында Түркі кеңесінің Түркі мемлекеттер ұйымы болып өзгеруі және «Түркі әлемі келешегі 2040» стратегиялық құжатының қабылдануы Елбасының осы үдерістің негізін қалаушы және Құрметті Төрағасы ретіндегі рөлін тағы бір қуаттап, екінші жағынан Қазақ­станның Түркі әлеміндегі маңызды орнын айшықтай түсті.

Сонымен қатар 6 желтоқсан күні Өзбекстан Президенті Шавкат Мир­зиеёвтің Қазақстанға сапары да екі­жақты қатынастар және аймақтың бо­лашағы тұрғысынан маңызды бол­ды. Бұл Мирзиеёвтің Өзбекстан Прези­денті ретінде қайта сайланғаннан кейінгі алғашқы «мемлекеттік сапары» екенін атап өтуіміз керек. Әдетте халықаралық саясатта жаңадан немесе қайтадан сайланған мемлекет бас­шысының алғашқы сапары сол елдің басымдықтарын білдіру тұрғысынан маңызды саналады. Демек, аймақта және халықаралық саясатта Өзбекстан үшін ең маңызды ел – Қазақстан. Бұл – осы уақытқа дейін Нұр-Сұлтанның жүргізіп келген салиқалы саясатының жемісі. Мирзиеёвты Нұр-Сұлтанда Тоқаевтың өзі әуежайдан қарсы алуы – екі ел ара­сындағы қатынастардың жай көрші­лік қатынастар емес, бауырластыққа негіз­делген шынайы туысқандық екенін көрсетті. Сапар барысында 22 құжатқа қол қойылды. Солардың ішінде ең маңыздысы – Одақтастық қатынастар туралы Декларация. Президент Тоқаевтың «Елдеріміз арасындағы одақтастық, стратегиялық қарым-қатынастар – Орталық Азия аймағындағы тұрақты­лық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторы» деген мәлімдемесі Қазақстанның стратегиялық сыртқы саясат көзқарасының көрінісі. Мирзиеёвтің одақтастық декларациясының тек екі ел үшін ғана емес, тұтастай алғанда бүкіл аймақ үшін тұрақты дамуды, тұрақтылық пен өркендеуді қамтамасыз ету үшін үлкен маңызға ие екенін атап өтуі екі көшбасшының көзқарастары­ның үндестігін көрсетеді. Мирзиеёвтің Қазақ­стан сапары екі ел қатынастарын жаңа белеске шығарып, аймақтық ын­тымақтастыққа серпін берді. Сапар­дан бұрын Мирзиеёвтің «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская Правда» газеттеріне арнайы сұхбат беріп, өзбек және қазақ халықтарының қа­шан­­­да бір-біріне тірек болып, сынақ­тарды жұмыла еңсергенін, бүгінде ортақ жарқын болашағын бірге құрып жат­қанын атап өткенін еске сала кетейік.

Сол сияқты Қазақстанның Қырғыз­станмен қарым-қатынасында да маңызды шаралардың өткенін айта кетуіміз керек. Мемлекет басшысы 2 желтоқсан күні «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Рес­публикасының заңына қол қойды. Қазақ­стан бұрын да Қырғыз еліне астық және вакцина түрінде гуманитарлық көмек жолдағаны белгілі. Ал 6 желтоқсан күні Қырғыз елінің Президенті Садыр Жапаровты туған күнімен құттықтаған Қасым-Жомарт Кемелұлы 8 желтоқсанда Қырғыз Республикасының Президенті Әкімшілігінің Басшысы – Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров­ты қабылдады. Қазақстан-Қырғызстан қатынастарын бекемдеуде қос елдің мемлекеттік хатшылары қатысқан 3 жел­тоқсандағы «Қазақ-қырғыз – Алаштан» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның да маңызы зор.

Қазақстанның прагматикалық сырт­қы саясаты арқылы бауырлас ел­дер­­­мен ғана емес, көршілес елдер­мен де ын­ты­мақтастықты терең­детіп келе­ді. Бұл ретте Тоқаев 16-17 қыр­күйек күн­дері Тәжікстанның астанасы Душан­беде өткен ҰҚШҰ Ұжым­дық қауіп­сіз­дік кеңесінің сессиясы және Шан­хай ынтымақтастық ұйымы сам­миті­не қатыс­ты. Екі басқосудың да күн тәр­тібін­де Ауғанстан мәселесі бар еді.

Қазан айында да Мемлекет басшысы онлайн форматта ұйымдастырылған өңірлік деңгейдегі екі іргелі жиынға қатысты. Әуелі 14 қазанда өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Президент күрделі мәселелерді атап көрсетіп, пандемияның салдарымен күресуде ынтымақтастықтың маңызды екеніне ерекше екпін берді. Содан кейін Мемлекет басшысы 15 қазанда ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің оты­рысына қатысты. Президент бұған дейін атқарған жұмыстар қорытын­дыланып, ТМД елдерінің көпжақты ынтымақтастығының жаңа кезеңіне жол ашылатынын жеткізді. Отырыс қорытындысы бойынша ТМД-ға мүше мемлекеттердің басшылары Тәуелсіз мем­лекеттер достастығының 30 жылды­ғына байланысты Мәлімдемеге және Ұйымды одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойды.

Қазақстанның еуразиялық инте­грация­дағы белсенді рөлі 10 желтоқ­сан­да онлайн форматта өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында да аңғарылды. Биыл атал­ған кеңеске Қазақстан төрағалық етті. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Одақтың төрағалығына кіріскен кездегі бірлескен жұмыстардың бес бағытына, өнеркәсіптік кооперация­ны күшейту, өзара саудадағы кедер­гілерді жою, көлік-логистикалық ин­фрақұрылымды дамыту, цифрландыру, сондай-ақ үшінші елдермен сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту мәселелеріне тоқталып, Қазақстанның төрағалығы барысында атқарылған бірлескен жұмыстардың нәтижелерін егжей-тегжейлі айтып берді. Жиын қорытындысы бойынша Одаққа мүше мемлекеттердің басшылары Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі инте­грациялық үдерістерді одан әрі нығайтуға бағытталған 20 құжат қабылдады.

Мемлекет басшысының сыртқы сая­сат жөніндегі ұстанымында Ресейдің алар орны ерекше екені белгілі. Ресей­мен байланыстың маңызын мынадан-ақ аңғаруға болады. Кейінгі үш айда Ресей Президенті Владимир Путинмен Мем­лекет басшысы екі рет телефон арқылы сөйлесіпті. Бұдан бөлек, Путин­ге Ресейдегі апаттарға байланысты екі рет көңіл айту жеделхатын жолдады және Ресей Федерациясының Сырт­қы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады. Бұдан бөлек, үш ай ішінде Қазақстан мен Ресейдің XVII Өңірара­лық ынтымақтастық форумы өтті.

Еліміздің сыртқы саясатындағы ма­ңыз­ды тетіктің бірі Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес. Аталған ұйымның Елбасы Нұрсұл­­тан Назарбаевтың бастамасымен құрыл­ғаны белгілі. Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан қаласында 12 қазанда өткен Азия кеңесі Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысқан делегация басшыларымен кездесті. Президент алдағы жылдары АӨСШК мән беруге тиісті бірқатар өзекті міндетті атап өтті.

Бұл орайда еліміздің сыртқы саясат­тағы байыпты бағыты оның халық­аралық ұйымдардағы белсенділігінен де анық байқалады. Көптеген бедел­ді халық­аралық ұйымды ел азамат­тарының абырой­мен басқарып отыруы – Қазақстан дипло­матиясының салмағын арттыра түсуде.  

Халықаралық саясатта соңғы кездегі маңызды оқиғаның бірі АҚШ әскерін Ауғанстаннан шығарғаннан кейін «Талибан» ұйымының санаулы күннің ішінде билікті төңкеріп, өз қолына алуы бол­ды. Бұл дағдарыс кезінде Қазақстанның сырт­қы саясаты белсенді болды. Мысалы, осы оқиғ­аға байланысты БҰҰ Ауғанстанға жәр­дем көрсету жөніндегі миссиясын (UNAMA) және онда аккредиттелген БҰҰ-ның басқа да агенттіктерін Алматы қала­сына уақытша орналастырды. Бұған де­йін еліміз Ауғанстанға қатысты ахуал­да өз ұстанымын ашық білдіріп, ауған халқы­ның тағдырына алаңдайтынын іс жүзін­де көрсетіп келді. Мұның бәрі БҰҰ Ауған­станға жәрдем көрсету жөніндегі миссия­сы мен басқа да агенттіктерін Алматыға орналастыруда ескерілгені анық.

Қазақстан Президенті Еуропа және АҚШ бағыты бойынша да белсенді келіссөздер жүргізді. Президент 26-30 қараша аралығында Еуропаның бірқатар еліне сапармен барды. Брюссельге ресми сапары аясында Қ.Тоқаев Бель­гия королі Филиппен кездесті және Бель­гияның Премьер-Министрі Александр Де Кроомен келіссөз жүргізді. Брюссель­дің Еуропалық одақтың басты ғима­рат­тары орналасқан шаһар екені, яғни Еуропаның жүрегі екені белгілі. Осы орайда, Мемлекет басшысы Еуро­па­лық кеңес Президенті Шарль Ми­шель­мен және Еуропалық комис­сия­ның Президенті Урсула фон дер Ляйен­мен кездесті. Еурпопалық лауазым­ды тұлғалар Қазақстан – ЕО қатынас­тарын, Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатын жоғары бағалады. Мысалы, Еуропалық Одақ Президенті Қазақ­станда жүргізіліп жатқан саяси және эконо­ми­калық реформаларға жоғары баға бе­ріп, Еуроодақтың елімізбен сауда-эконо­ми­калық және инвестициялық ықпал­дас­тықты одан әрі нығайтуға бейілді екенін нақтылады. Урсула фон дер Ля­йен Қазақстанның Ауғанстандағы ахуал­ды тұрақтандыру және осы елге гумани­тар­лық көмек көрсету бойынша қабылдап жатқан шараларына қолдау білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Швей­цария Конфедерациясына ресми сапары барысында Швейцарияның Президенті Ги Пармеланмен жолығып, келіссөздер жүргізді. Осы елде орналасқан бірқатар халықаралық ұйым басшыларымен кездесті. Мемлекет басшысы сапарын ДДҰ Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен кездесуден бастады. Сондай-ақ ДДҰ-ның Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ассамблеясының арнау­лы сессиясына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік сауда ұйымының бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен, Халықаралық Қызыл Крест комитетінің президентімен кездесті. 

Қазақстан Президентінің Еуропа сапары бір жағынан Қ.Тоқаевтың халық­аралық аренадағы салмағын көрсетсе, екінші жағынан бұл сапар Қазақстан­ның халық­аралық саясатта маңызды ойын­шыға айналғанын дәлелдеді. Брюссель­дің Еуропаның саяси астанасы, ал Швейцарияның әлемдік қаржы орта­лығы екенін ескерсек, Қазақстанның саяси және экономикалық бағытта белсенді саясат жүргізіп отырғанын аңғарамыз.

Тоқаевтың соңғы 100 күнде АҚШ Пре­зиденті Джо Байденмен де қаты­насының назарда болғанын айтуға болады. 5 желтоқсан күні АҚШ Прези­денті Джо Байден Қазақстанды Тәуелсіз­діктің 30 жылдық мерейтойымен құттық­тады. «Қазақстанның Орталық Азияда бүкіләлемдік бейбітшілік, тұрақтылық пен гүлденуді сақтау жолында көш бас­тап келе жатқанының 30 жылдық мерейтойы қарсаңындағы қуанышыңызға ортақпын»,  деген Байден ықпалдастық екі елдің халықтары үшін жаңа жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысы қатысқан ма­ңызды іс-шараның бірі ретінде 18 қарашада өткен Сыртқы істер министр­лігінің кеңейтілген алқа отырысын айрықша атап өтуге болады. Алты жылдан бері алғаш рет өткізіліп отырған отырыс қордаланған түйткілдерді мұқият талдап, шешуге септігін тигізді. Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысқан Президент әлемде қалыптасып отырған жағдайларға орай, сыртқы саяси жұмыс тәсілдерін қайта саралап, жүйелі шаралар әзірлеу керек екенін атап өтті. Ең алдымен, Тоқаев сыртқы саясаттың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай жүргізілуі керектігіне назар аударды. Ол дегеніміз халықтың қажеттілігіне қызмет ететін және ұлттық мүддеге мән беретін сыртқы саясат деген сөз. Екіншіден, экономикалық дипломатияны «қайта жандандыруға» екпін беріп, инвестиция тартуға күш салуды тапсырды. Үшіншіден, Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын нығайту аса маңызды міндет екенін айтты. Осындайда «Су дипломатиясы» жөніндегі келіссөздерді тезірек аяқтау қажет екенін де атап өтті. Төртіншіден, әлемдегі алпауыт елдермен және өңірдегі ықпалды мемлекеттермен тең дәрежелі әрі тиімді ынтымақтастық орнатуды, Қазақстан дипломатиясының жаңа келбетін қалыптастыру, осы салаға тың серпіліс жасауды тапсырды. Дипло­мат­тардың біліктігіне тоқталған Тоқаев «Дипломатиялық қызметке, ең алдымен, көзі ашық, көкірегі ояу, отаншыл мамандар қажет. Қазақстан атынан шет мемлекеттерде қызмет істеп жүрген дип­ло­маттарымыз шетел тілдерін ғана емес, алдымен, мемлекеттік тілді білуі керек»,  деді. Бұл айтылғандар Қазақстан сыртқы саясатына жаңа келбет беріп, беделі мен белсенділігін арттыратыны айқын.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшы­сының соңғы 100 күні сыртқы саясаттың күн тәртібі тұрғысынан өте белсенді әрі нәтижелі болғаны анық. Бұл белсенді, ба­йыпты және байсалды саясат еліміз­ді Еуразиядағы дипломатиялық эпицентр­дің біріне айналдыруға өз үлесін қосқаны анық. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кәсіби дипломат болмысымен Қазақстанның аймақта және халықаралық саясатта татулық пен тұрақтылықты қолдайтын ел ретіндегі бет-бейнесін күшейте түсті. Тәуелсіздік жылдары тек аймақта ғана емес, Еуро­па мен Азияда да сөзіне құрмет көр­сетілетін, ұсынысының салмағы бар мемлекет болып қалыптасқан елімізге әсіресе, бауырлас Орталық Азия елдері мен тамырлас түркі әлемінің тартылып, ықыласының арта түсуі – Елбасы негізін қалаған сымбатты сыртқы саясаттың сәтті сабақтастығын айғақтайды.