Мақаланың ең бір тартымдылығы – өткенге барлау жасағаны. Ғасырлар қойнауынан бастау алған азаттық жолындағы күрестің соңғы 30 жылы байсалды, дерек-дәйекпен сараланған. Сүйсінесің, себебі көз көріп, жүрек сенді, құлақ естіп, көңіл сенді.
«Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды» дейді Елбасы. Мағынасы зор сөз. Өйткені кейде арамызда тәуелсіздігіміздің байыбына бармай, қисынсыз байбаламға салатын заржақтар табылып қалатыны жасырын емес. Қоғамдағы кез келген қайшылықтардың астарына ши жүгіртіп, бүйректен сирақ шығаруға әуестенетіндер бар. Олар үшін елдің берекесі мен бірлігі тым жеңіл дүние секілді. Қазақ мұндайда «Білгенге – тоғыз, білмегенге – тоқсан тоғыз» немесе «Білімсіздің білмегенін кешірмесең, білгенің қайсы» не болмаса «Қадіріңді білмегенге, қадіріңді кетірме» дейді. Еңсесі биік еліміздің босағасы да мығым. Мығым болатыны – жампозы мен оғыланы көп алаш баласы бар.
Егер байыппен оқыса, Елбасының бұл мақаласы Тәуелсіздіктің шынайы тағылымын ұғындырып береді. Том-том кітаптың сығындысы іспетті, елдің үш он жылдығының сырлы шежіресі болып шыққан. Бұл – бір. Екіншіден, бүгінгі ел жағдайы, азат ұрпақтың болмыс-бітіміне баға берілген. «Тәуелсіз еліміздің басты байлығы – адам» деген Елбасы, сондай-ақ: «Ең бастысы – еліміз аман, ұрпағымыз азат. Біз алақанға салып өсірген сол азат ұрпақ ендігі жерде «Мен Қазақстаныма не беремін?» дегенді ойлауы керек».Тұңғыш Президентіміздің осы сөзі кез-келген ел перзентін ойлантып қана қоймай, меніңше толғанту керек.
Толғантатыны, қазіргідей техногендік заманда отанымыздың экономикалық қуатын арттыру бір міндет болса, алаш жұртының руханиятын жүдетпей, байыту зор міндет. Осы рухани саланың өкілі болғандықтан біз Елбасының туған тіл, діл, салт-дәстүр туралы айтқандарын жүрекпен қабылдаймыз. Әйтсе де, тіліміз кемеліне келіп, өрісін кең жая қойған жоқ. Мұндайда тағы да Елбасымыз осы мақалада: «Кейде ойлаймын: қазақ деген не деген төзімді халық?! Көнбеске көніп, шыдамасқа шыдаған. Болашағы бұлдыр болған күннің өзінде сағын сындырмай, келешектен үмітін үзбеген. Қиындық атаулыға қасқая қарсы тұрып, үздіксіз алға жылжыған». Алға жылжи да береміз. Себебі Тәуелсіздік діңгегін мықтап, тұғырын шегендей түсетін өршіл халықпыз. Мақаланы тұщына оқыған кісіге осындай жігер береді.
Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,
облыстық «Қостанай таңы» газетінің директор –
Бас редакторы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты