Өнер • 13 Желтоқсан, 2021

Алматыда «Тәуелсіздік кемесінде» атты суретшілер көрмесі өтті

645 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Тәуелсіздік кемесінде» атты көрмеде суретші Нұржан Сауытбеков те өзінің жаңа туындысын көрсетті. Ол жас авторларды қолдау мен шабыттандырудың қажеттігін атады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда «Тәуелсіздік кемесінде» атты суретшілер көрмесі өтті

Нұржан Сауытбеков — Нұрсұлтан Назарбаев Қоры сыйлығының лауреаты, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА колледжінде арнайы пәндердің оқытушысы.

Қылқалам шебері 2015 жылы бейнелеу өнері саласындағы жетістігі үшін Қордың сыйлығын иеленді.

«Бұл менің шығармашылығымды дамытуға дем берді, еңбегімнің тың қырын ашуға септігін тигізді. Мұндай қолдау кәсібімнің елге керек екеніне дәлел. Дарынды қазақстандық жастарды жүйелі негізде кешенді қолдағаны үшін Қорға ризамын. Жас суретшілерді елеп-ескеру, қолдау, шабыттандыру қажет. Талантты жандарды көтермелеуде мұның маңызы зор», дейді ол.

«Тәуелсіздік кемесінде» экспозициясында кескіндеме, мүсін, графика, дизайн және сәндік-қолданбалы өнер саласындағы 100-ден астам бірегей туынды қойылған. Авторлар шығармасы арқылы еліміздің ұлттық мәдениетінің ерекшелігін бейнелеп, Қазақстанның әсем табиғатын паш етті, сүйікті қаланың атмосферасын көрсетті. Ол бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнерді насихаттауға, патриотизмге тәрбиелеуге және жас ұрпаққа тәуелсіздіктің құндылығын дәріптеуге бағытталған.

Нұрсұлтан Назарбаев Қорының 2021-2022 оқу жылындағы стипендиаттары – Назым Мейрамбек пен Дана Нұршаева да туындыларын ұсынған болатын.

Назым абстракция, интерьер дизайны және нүктелік кескіндеме тәрізді бірден үш еңбегін ұсынды. Ал Дана Нұршаева Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрына арналған картинасы арқылы Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұлова, Евгений Брусиловский және т.б. ұлттық өнер қайраткерлеріне құрмет көрсетті.

Айта кетейік, Тәуелсіздіктің мерейтойына арналған шығармашылық жобаны Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжі ұйымдастырды.

Экспозицияны ашқан Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жобасының аға үйлестірушісі Гүлнәр Ершиманова: «Нұрсұлтан Назарбаев Қоры талай жыл бойы өзін және елді дамытқысы келетін дарынды, жасампаз балаларды іздеумен, оларға қолдау көрсетумен айналысып келеді. Бұл көрме сияқты алаңдар жай ғана экспозиция емес, жас суретшілердің өздерін танытудың, еңбегін елге көрсетудің бірегей мүмкіндігі», деді.

2021 жылдың 30 желтоқсанына дейін жалғасатын көрме соңында авторлардың еңбектері қамтылған арнайы каталог жарық көреді.