Тәуелсіздік • 13 Желтоқсан, 2021

«Қазақстан жолы: Тәуелсіздік тарихы»

846 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел еркіндікке қол жеткізіп, дербестік діңгегі қағылған тұста маңызды істердің ұйытқысы бола білген Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві мерейлі белестерге бүгінгі күн тұрғысынан баға беру мақсатында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Қазақстан жолы: Тәуелсіздік тарихы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырды.

«Қазақстан жолы: Тәуелсіздік тарихы»

Жаңа замандағы Қазақстан – жүйелі реформаларды сәтті жүзеге асыра білген, қарыштап даму үстіндегі және болашағына сеніммен көз тастап отырған мемлекет. Еліміз қысқа тарихи кезеңде экономика, саясат, әлеуметтік салаларда ауқымды жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдік аренада таныла бастады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың көшбасшылығы еліміздің ХХІ ғасырда дамуының сыртқы саясаттағы көпвекторлылық пен мемлекеттің жасампаз бітімгершілік бастамалары сынды өзекті факторларын анықтады.

Дөңгелек үстелге қатысушылардың назарына Қазақстан Тәуелсіздігінің қалыптасу тарихына қатысты заңдық және нормативті құжаттардың мәтіндері, стратегиялық жоспарлар мен Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының құжаттары келтірілген тарихи-құжаттық көрме ұсынылды.

Шараға Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы бірқатар саяси шешімдердің қабылдануына тікелей атсалысқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми және шығармашылық интеллигенция, ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушылары мен студенттері қатысты.

Іс-шараның ашылу барысында Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры Ж.Әбдіқадырова бүгінде қоғамның рухани құндылығын жандандыру, ұлттық сана-сезімнің, ұлттық мақтаныштың артуының белсенді үрдісі жүріп жатқанын атап өтті. Архив құжаттары – көне заманнан қазірге дейінгі Қазақстанның шынайы тарихын қалпына келтіретін тарихи жады. Архивтік мұраны сақтау мемлекеттік маңызды бастамаларға негіз болатын, олардың ақпараттық маңыздылығын айтпағанда, мемлекеттіліктің нышаны болып табылады. Архивтерге елдің тарихи мұрасын сақтау және көбейту, сонымен қатар, архив құжаттарын – тарих куәліктерін зерделеу негізінде азаматтардың тарихи санасын қалыптастыру және ұлттық сана-сезімді дамыту, патриотизмді дарытуды қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Азаттық таңын өз көзімен көрген алдыңғы буын болмаса, кейінгі жастар өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін жете түсіне бермейді. Тәуелсіздікке тағдырдың бере салған сыйы ретінде қарайды. Шын мәніндегі ахуал олай емес. Елбасы сол кездегі саяси, экономикалық, әлеуметтік, демографиялық және басқа да жағдайларға байланысты жеті рет емес, жетпіс рет өлшеп, бір рет кесуге мәжбүр болды. Біз тығырықтан шығар жолдың саңылауы да көрінбейтін қиын күндерден қақтығыс пен қантөгіске ұрынбай аман шығып, ешкімге есемізді жібермей, жаңа сипаттағы Қазақ мемлекетін құрдық. Бүгінгі және болашақ ұрпақ мұны әрдайым біліп отыруы керек. Сол үшін Қазақстанның жаңа тарихын да жүйелі зерттеген жөн» деп атап өткен.

Дөңгелек үстелдің құрметті қонақтары болған Оразалы Сабден мен Нұрлан Оразалин Қазақстанның Тәуелсіздігі туралы тарихи құжат қабылданған кезде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаттары бола отырып, Тәуелсіздіктің қалыптасу кезеңіндегі бірқатар маңызды заңдардың дайындалуына тікелей атсалысқан. Олар кеңес қоғамы мен мемлекет өмірінің барлық салаларына әсер еткен КСРО-ның ең терең дағдарысы экономикалық салада ерекше өткір сезілгенін атап өтті. Сондықтан экономика саласын алдыңғы жолға қою Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаев пен оның командасы қызметінің басты бағыттарының біріне айналды.