Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Тарих безбенімен өлшесек, 30 жыл көп уақыт емес. Дегенмен, «Отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал алмайсың» дейтін ұлтымыздың таным-түсінігінде 30 жас – маңызды белес. Мұндағы орда бұзу белгілі бір жетістікке қол жеткізу екені айтпаса да түсінікті. Ал Тәуелсіз Қазақ елінің 30 жылда жеткен жетістіктері аз емес.
Осы уақыт аралығында Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеп, мемлекетіміздің іргетасын нықтадық. Жасыратыны жоқ, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «алдымен – экономика, содан кейін – саясат» деген мемлекеттік ұстанымға қарсылық білдіргендер болды. Бірақ бүгінде бұл ұстанымның дұрыс екеніне көзіміз жетіп отыр. Оған бір ғана мысал келтірейік. 1993 жылға дейін еліміздегі банктер күн сайын әуежайға барып, кезекке тұратын. Олар осылайша Мәскеуден келетін рубльді күтетін-ді. Мұндай жағдайда, яғни ақшаны өзгеден алып отырып, қандай Тәуелсіздік туралы айтуға болады? Әл-ауқаты төмен, экономикасы өзгеге тәуелді, ұлттық валютасы жоқ елде 100 пайыз Тәуелсіздік орнады деп сөз қозғаудың өзі артық. Алайда Елбасы осы жағдайдың бәрін көрегендікпен жіті түсініп, егемендікке қол жеткен алғашқы жылдары-ақ төл теңгемізді шығарып, айналымға енгізді.
30 жылда жеткен басты жетістігіміздің бірі ретінде шекарамызды шегендеп, толыққанды дербес ел атануымызды айтар едім. Себебі қазақ үшін ел мен жер қашанда қасиетті. Жер десе кез келген қазақ жан беруге даяр. Бүгінде еліміздің шекарасы шегенделіп, барлық көршілерімізбен құжат жүзінде бекітілген. Тәуелсіз ел болған күннің өзінде егер өзгелермен шешілмеген шекара мәселесі болса, кез келген уақытта жеріңнен айырылып қалуың мүмкін екенін құбылып тұрған геосаясаттан көріп отырмыз.
Кеңес Одағы тарағаннан кейін Қазақстан тарихын өзі қайта жаза бастады. Кем-кетіктің орнын толтыру, тұралап қалған экономиканы жандандыру, ұлттық рухты ояту, жалақы алмай жаны күйзелген жұртты әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету – бәрі, бәрі үлкен жауапкершілікке толы міндет еді. Шүкір, еліміз сол бір қиын кезеңнен аман-есен өте алды.
Жыл басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Тәуелсіздіктің 30 жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастырғанын жақсы білеміз. Мемлекет басшысы азаттықтың алғашқы онжылдығын «Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі» десе, екінші онжылдықты «Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі» деп атады. Ал «Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. «Қазақстан-2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межеледік», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Үш онжылдықта жеткен жетістіктерді тізбелер болсақ, таңды таңға ұрамыз. Десе де ұстаздар қауымына, университет студенттері үшін солардың біразына тоқталып өтелік.
1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонды жабу туралы Жарлық шықса, 1992 жылы ЕҚЫҰ-ға қосылды. 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан БҰҰ-ның мүшесі атанды. Сондай-ақ 1992 жылы 15 мамырда ҰҚШҰ-ға кірді. Ал 1992 жылы Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық ұйымына қосылды. 1994 жылдың 16 ақпанында Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойылды. 1995 жылы 9-12 желтоқсанда Ислам ынтымақтастық ұйымының құрамына енді. 2001 жылы Қазақстанның тікелей араласуымен Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылды. 2014 жылы Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар 2015 жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының толыққанды мүшесі болды. 2016 жылы Қазақстан Орталық Азияның елдері ішінде бірінші болып БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүшесі болып сайланып, 2018 жылы Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етті. Қазақстан 2022-2024 жылдарға БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі болып сайланды.
Қазақ елі ықпалды халықаралық ұйымдарға төрағалық етті. Мәселен, 2002 жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бірінші саммиті ұйымдастырылды. 2010 жылы Қазақстан мұсылман елдерінің ішінде бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету абыройына ие болды. Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Оған 28 мемлекеттің басшысы қатысты. 2017 жылы Ислам ынтымақтастық ұйымының саммиті де қазақ жерінде өтті. Осы шарада Астана декларациясы қабылданды.
Мұның сыртында Тәуелсіздіктің тұғырын күшейткен бастамалар да аз болған жоқ. Мәселен, 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Осы ұйымның негізгі мақсаты – елдегі қоғамдық-саяси келісімді қамтамасыз ету, жалпы қазақстандық этносаралық келісім моделін қалыптастыру. 1992 жылы 28 қыркүйек пен 4 қазан күндері Алматыда Дүниежүзі қазақтарының I құрылтайы өтті. 1993 жылы 5 қарашада «Болашақ» халықаралық стипендиясы құрылды. Содан бері мыңдаған қазақстандық әлемнің үздік университеттерінде білім алып, тәжірибесін шыңдап қайтты. 2000 жылдың 30 маусымында Қазақстан ең ірі жоба – Қашаған мұнай-газ кен орнын іске қосты. Ол соңғы 40 жылда табылған әлемдегі ең ірі кен орны болып саналады. 2003 жылы Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I съезі өтті. Конгреске 23 елден 17 делегация қатысты. 2011 жылы Астана мен Алматы қалаларында VII қысқы Азия ойындары ұйымдастырылды. Қазақстан спортшылары 70 медаль жеңіп алды. Соның ішінде 32 алтын жүлде бар. 2017 жылы елордада ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі өтті. Үш айға созылған іс-шараға 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты. Көрмеге 4 миллион адам келіп кетті. Олардың ішінде жарты миллионы – шетелдік. 2017 жылы Алматыда 2017 жылғы қысқы Универсиада ұйымдастырылды. 2018 жылдың 5 шілдесінде ЭКСПО көрмесінің қалашығында Астана халықаралық қаржы орталығы ашылды. Қазірдің өзінде аталған Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО, Батыс Қытай, Моңғолия, Таяу Шығыс пен Еуропа елдерінің экономикасын байланыстыратын бизнес пен қаржының аймақтық орталығы ретінде шешуші рөл атқарып келеді.
2000 жылға дейін Қазақстан өз Қарулы Күшін құрып, беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі атанды. Отандық бизнес өкілдері де төбе көрсете бастады. Дүниенің әр түкпірінде жүрген қазақтар атамекеніне оралып, талай жылғы арманын орындады. Қазақ жастары шекарадан шығып, шет мемлекеттерде білім ала бастады. Сөз жоқ, онжылдықтардың екінші циклында Қазақстан экономикасы қуатты, сөзі өтімді мемлекет ретінде танылды. «Мәдени мұра» бағдарламасы қолға алынып, талай ғасыр тарих қойнауында үнсіз жатқан руханиятымыз қайта тірілді. Ұрпақ өз өткенімен қауышты. Тұрғын үй құрылысының дамуы, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің салынуы, ірі саммиттердің Қазақ елінде өткізіле бастауы да осы екінші онжылдыққа тұспа-тұс келеді.
Белгілі жазушы, қазақ журналистикасының қара нары Шерхан Мұртазаның: «Шөп екеш шөп те еркіндікті аңсайды. Қалың қара асфальттің өзін тесіп шыққан қияқ шөпті көріп жүрміз ғой. Сол аңсау. Күннің көзін аңсау. Ал сонда қандай халық тәуелсіз болуды аңсамайды? Кім өз еркімен құлдықта, езгіде жүргісі келеді? Әлдебір мәңгүрттер болмаса, ондай халық та, ондай адам да жоқ» деп толғанатыны бар.
Рас, Тәуелсіздікті жылдар емес, ғасырлар бойы аңсадық. Қияқ шөптің қара асфальтті жарып шыққанындай, қазақ халқы да қиын-қыстау кезеңдерден жанын жалдап өтіп, ұрпағын тәрбиелеп, азаттық сәулесі нұрын шашқан бейбіт заманға да жетті.
Ә.Бөкейханов, М.Тынышпаев, Х.Досмұхамедов, М.Әуезов, С.Сәдуақасов, Ә.Ермеков, Б.Сыртанов, С.Асфендияров сияқты тағдырын елдің келешегімен байланыстырған, өздері білім мен ғылымның тереңінен қанып ішіп, сол білгендерін елге бергісі келген, ғылым-білімді түсіндірудің жүйесін негіздеп, қайтсем халықтың сауатын ашамын деп жанталасқан тау тұлғалардың арманы 1991 жылы орындалды. Бүгінде қазіргі қазақ жастары сол азаматтардың үмітін ақтап жатыр. Еліміздің білім жүйесі саннан сапаға көшіп, дамудың сара жолына түсті. Ағылшын тілін меңгерген саналы жастар еңбек нарығын жандандырып жатыр. Біз де тәуелсіз елдің тұғыры берік болуы жолында еңбек етіп келеміз. Тәрбиелеп, оқытқан шәкірттеріміз қазір түрлі салада білікті маманға айналды. Ағылшын тілі аса қажетті тілге айналған заманда сол тілдің үйретушісі, ұстазы болғанымызға, заманға, қазаққа қажетті сапалы мамандарды тәрбиелеп жатқанымызға іштей қуанамыз. Осы қуаныш, осы көңіл бізді алға жетелей түседі.
Тәуелсіздік сақтап тұру – оны алудан да асқан ерлік. Сақтау үшін бізге қуатты экономика, өлмейтін өндіріс көзі керек-ақ. Отыз жыл ішінде біраз шаруаны еңсердік. Өзіндік экономикалық саясатымызды да қалыптастырдық. Әлі де бір қайнауы кем жұмыстар жоқ емес. Ондай кезде тағы да айналып кеп Алаш идеясына жүгінеміз. Мәселен, Әлихан Бөкейхановтың «Бай болуға – кәсіп керек! Күшті болуға – бірлік керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек! деп айтуы әсте тегін емес. Қайраткер өз жазбаларында қазақ топырағында өндірілген бір уыс жүн сол елдің адамдарының үстіне киім болып қонуы керек деп айтады. Яғни сол кезден бастап-ақ олар экономикалық дербестікті көксеген. Қазақ өзі өндіріп, өзі тұтынып отырар мамыражай шақ туса деп арман еткен.
Жыл басында жарияланған Президент мақаласында «Тәуелсіздік мерейтойы аясында біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек» дегені де көпшіліктің көңілінен шығары сөзсіз. «Құрметтеп, көтермесе көрегенді, Қазағым қайдан алады кемеңгерді...» деп аяулы ақынымыз жырлағандай, кемеңгерлеріміздің қайраткерлігін көкке көтеріп, бағалай білсек, елдік, мемлекеттік мүддеге, туған тілді ту етіп ұстауда өзіндік ұстанымдармен ерекшеленген ардақтыларымызды ардақтау арқылы жастарымыздың бойына патриоттық сезімді әбден қалыптастыратынымыз хақ.
Ғалым ретінде Президентіміздің мемлекеттік тіл туралы ойлары ең алдымен тіл жанашырларының көптен күткен үмітінің ақталуына апарар жол іспеттес көрінді маған. Өйткені соңғы кезде бұқаралық ақпарат құралдарында «Қазақ тілін төрге шығаратын уақыт жетті», «Тілімізді тұғырына қондырайық», «Қазақ тілін дамытамыз десек...» сынды ел ағаларының, зиялы қауым өкілдері мен тіл жанашырларының мақалалары көптеп жарияланып, мемлекеттік тілді дамытуға байланысты өздерінің ұсыныстарын айтып, оның іске асуына мүдделі мекемелердің мән беруін өтінген өзекті ойлар қоғамдық ой-пікір туғызған еді. Мемлекет басшысының мақаласы «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасының жалаң сөзге емес, нақты істерге негізделгенінің дәлелі ретінде көптің көңілінен шығып отырғанын астын сызып айтқым келеді. Мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артқанын, мәселе ниетте екенін айтқан ел басшысының пікірі құрметке лайық. Біздің ойымызша, ниетпен бірге, Үкімет мемлекеттік тілді меңгеруге қажеттіліктің де тудыру тетіктерін қарастырғаны дұрыс болар еді.
Ең алдымен, депутаттардан бастап, барлық мемлекеттік қызметкерді өз салалары бойынша мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын, атқаратын қызметіне сай тілді меңгеру құзыреттілігі қанағаттандырады деген тесттен өткізуді қолға алатын кез келді деп есептеймін. Елдің де күтетіні – осы!
Бүгінде жастар өзге тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді... Жастарымыз бірнеше тіл білу өздерінің көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятатынын жете түсінгені абзал», деген Мемлекет басшысының елге Жолдауы – халық қолдауына ие болатынына күмән тудырмайды. Президенттің сөзін толық қолдай отырып, Алаш ардақтысы Халел Досмұхамедұлының: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш. Ана тілін білмей тұрып, орысша жақсы сөйлесең, бұл – күйініш», деген қағидасын жастардың санасына сіңіруге шаршамауымыз керек. Біздің тараптан қосарымыз – тіл білуді ана тілінен бастау қажет деген ұстанымды әрқашанда есте ұстағанымыз абзал.
Антикалық заманда ғылымның жеті түрі болса, соның бірі тарих болып саналған екен. Тарих ғылымы сол заманнан бүгінге дейін өзінің анықтамасын, мақсаты мен міндеттерін еш өзгертпей келеді. Ол атқаратын жеті міндет – білім, ғылым, тәлім, тәрбие, саясат, идеология және болашақ бүгінде қоғам үшін ең басты міндеттерге айналып отыр. Болашақта да тарих деген киелі ұғым өзінің мәнін төмендетпей, жоғарылата беретініне еш күмән жоқ. Оған Президент мақаласындағы ел тарихына қатысты айтылған ойлар мен пікірлер жатады. Тіпті қазіргі XXI ғасырдағы әлемдегі халықаралық қатынастардың, идеологиялық күрестер мен өркениеттер арасындағы қақтығыстардың түбінде, тамыры мен өзегінде тарихқа қатысты мәселелер жатыр десек артық айтқандық емес. Өз тарихына ерекше құрметпен қарайтын елдердің ішкі-сыртқы жағдайына қарап, олардың қалай дамып бара жатқанына қарап, сол ел тарихының қоғамдық өмірде қандай орын алатынын көруге болады. Сол құрметке Қазақ елінің тарихы да әбден лайықты.
Еліміздің бірнеше мыңжылдық тарихы ең алдымен халқымыздың рухани байлығы болып саналады. Ұлттық тарихымыз да ұлтымыздың діні мен тілі, ұлттық дәстүрі мен өнері, халқымыздың жері секілді өзгелердің қорлауы мен таптауына жол бергізбейтін асыл құндылығымыз бен киелі байлығымыз. Сол себепті де менің ойымша, ұлтымыздың ұлттық сипатын анықтайтын құндылықтарымыз ең алдымен, мемлекеттің басты назарында болып, оның дамуы үшін мемлекет бар жағдайды жасауы қерек. Президент мақаласында тарих арқылы елімізде қандай іс-шараларды жүзеге асыруға болатыны жақсы айтылған.
Егемен ел атанған отыз жыл ішінде тарихшыларымыз қаншама іс атқарды. Ең алдымен, тарихымызға өркениеттік тұрғыда, яғни елдік тұрғыда қарауды үстемдік етті. Нәтижесінде, қаншама тарихи тұлғаларымыз елімен қайта қауышып, олардың «екінші өмірі» басталды. Қаншама тарихи даталар аталып өтіліп, халқымыздың санасынан терең орын алды. Тіпті Қазақ хандығының 550 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы секілді тарихи даталар халықаралық деңгейде аталып өтілді. Әлі де болса өз зерттеуін күтіп жатқан тарихи тақырыптар қаншама. Президент мақаласы осыларды зерттеуге шақырып отырғандай әсер береді.
Тәуелсіздік жылдарындағы әр күніміз, әр жылымыз ел тарихы үшін аса маңызды оқиғаларға толы болды. Оның ішінде халықаралық, ұлттық деңгейдегі, аумақтық сипаттағы оқиғалар тарих еншісіне еніп, бәрі де Тәуелсіздік жемісі екенін көрсетті. Болашақта еркін еліміз маңызды оқиғалармен тарихымызға алтын әріппен небір оқиғаларды жазатынына кәміл сенемін. Сөйтіп тарихымыздың сабақтастық жібі үзілмей, үздіксіздік желісі тоқтамай жалғаса берсін дегім келеді.
Бүгінде жас мемлекетіміз көптеген елден әлдеқайда алда тұр. Бұл ауызбіршіліктің, ынтымақтың, жақсы ниетпен өмір сүрудің айғағы. Мәңгілік Тәуелсіздік елімізге оңайлықпен келген жоқ. Оны да естен шығармағанымыз жөн. Осындай еркін теңдесі жоқ, бостандықты алып берген ағаларымыз бен апаларымызға мың да бір алғыс!
Қазір Президентіміз билік сабақтастығын сәтті жалғастырып, егемен елімізді үлкен белестерге бастап келеді. Ендігі меже – Тәуелсіздікті сақтау әрі оның маңызын арттыру, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету. Тәуелсіздік тудырған тағылым да сол.
Тәуелсіздігіміз баянды болып, егемен елдің жарқын жетістіктері жалғаса берсін!
Сәрсенғали ӘБДІМАНАПОВ,
Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің ректоры, Жоғары мектеп халықаралық ғылым академиясының академигі,
математика профессоры