Тәуелсіздіктің ордалы отыз жылы бізге ұлт мәдениетін ұлықтауға, тарихымызды толықтырып, архивімізді түгендеуге, ел мақтанышына айналған ерен спортшыларды дайындауға, отандық туризмді озық елдердің деңгейіне шығаруға мол мүмкіндік беріп келеді. Бұл бағытта біз алдымызға қойып отырған жарқын мақсат, тарихи байлам мен біртұтас жаңғырулар осы салаларды одан әрі ілгерілетуге ықпал ете бермек. Ел-жұрттың есінде болса, сонау 1991 жылы Қазақстанның алдында әрбірі не шырқауға, немесе шыңырауға; не табысқа, немесе хаосқа сүйрелейтін соқпақсыз жүздеген соны сүрлеу жатқан-ды.
Қайырлы дін жолы ма, зайырлы діл ме? Жалқы ұлтты жалаулату ма, әлде жалпыға ортақ консенсус па? Сұрапыл атом ба, болмаса бейбіт сұңғыла ой-арман ба?..
Бұл бүгіннің биігінен айтуға ғана оңай, «өркениет таңдауы» еді!
Егер «тарих нар тәуекелден тұрады» деген тезиспен келісер болсақ, онда тарих толқынында, әсіресе жас мемлекеттің аяққа тік тұруы жағдайында Көшбасшының тұлғалық қасиетінің тікелей қатысы мен әсерін де сөзсіз мойындауға тура келеді.
Бұл жөнінен шын мәнінде жолымыз болды: осыдан 30 жыл бұрын ел тізгінін Қазақстанды реформалау жөніндегі келешекпен астасып жатқан стратегиясы мен оны жүзеге асыру механизмдері хақындағы аса жауапты да көреген көзқарасы уақыт тезіне төтеп берген – Нұрсұлтан Назарбаев қолына алды.
Біз жаңа тұрпатқа ие болдық – ынтымағы жарасқан жоралы жұртымыз да, әр жалғыздан құралған ұлықты ұлтымыз да. Қырандай түледік, құрыштай шынықтық, ертеңімізге сеніммен көз тіктік. Ең бастысы: өзімізді сан қырымыздан сынауға мол мүмкіндік алдық, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін жаңғыртып, таңғы шықтай мөлдір тұма бастауларынан сусындадық, түп-тамырымызға қайтадан қан жүгірді.
Елбасы мемлекет пен қоғамның табысты жаңаруы үшін негізгі алғышарттардың бірі ретінде мәдениет пен өзіндік ұлттық кодын сақтау қажет екендігін әрдайым баса көрсетіп келеді.
Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы ұлттық мәдениетті Nur Otan партиясының таяудағы кеңейтілген отырысында халықтың рухани тірегі ретінде «Елдіктің жеті тұғыры» атты жас ұрпаққа үндеуінде айрықша атап көрсетті. «Қазіргі таңда жаһандық бәсекеге қабілетті болу үшін бірегей ұлттық мінез, асқақ рух керек. Мұндай қасиеттер тарихты білу, мәдени құндылықтарды тану арқылы келеді. Өркениетті отыз елдің қатарына қосылуда материалдық құндылықтармен қатар, рухани байлықтың маңызы зор. Сол үшін мәдениетімізді зерделеп, өзге жұртқа насихаттай білген абзал.
Басқа халықтарды тек өнер құдіретімен, ғылыми ізденіспен ғана мойындата аламыз», деді Елбасы өзінің тарихи үндеуінде.
Айта кету керек, бұл бағытта орасан жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасы ұсынған саяси бастамалардағы сабақтастықты қамтамасыз етумен қатар рухани-мәдени құндылықтарымызды жаңғыртудағы іргелі бастамалары осыған дәлел.
Тәуелсіздік жылдары Елбасымыздың бастамасымен Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларын сақтау мен қалпына келтіруге бағытталған әлемде теңдесі жоқ тың жобалар дүниеге келді.
Соның бірі – отандық ғылымды біздің ата-бабаларымыздың көне тарихынан сыр шертетін сан мыңдаған артефактілермен байытқан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы. Шығыс Қазақстан облысындағы Шілікті мен Берел қорғандарынан табылған сақтардың «аң стиліне» жататын қазба жұмыс нәтижелері секілді біразының күллі әлемге таңдай қақтырғаны күні бүгінгідей көз алдымызда.
Бұдан басқа тарих пен мәдениеттің жүздеген ескілікті ескерткіштері реставрациядан өтті. Ал алыс және жақын шетелдерге ұйымдастырылған ғылыми-зерттеу экспедицияларының арқасында отандық ғалымдарға бұрын-соңды беймәлім болып келген Қазақстанның тарихы, этнографиясы мен өнеріне қатысты 5 мыңнан астам архивтік жәдігер қалың жұртшылықтың қолына тиді. Ағыл-тегіл асыл олжа «Қазақстан тарихы шетел дереккөздерінде», «Қазақстан тарихы антикалық дереккөздерде», «Әлемдік тарихи ой-сана» және басқа да сериялар бойынша көптомдықтар дестесін жариялауға жол ашты.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы өзінің маңыздылығы мен масштабы жағынан бұдан бір мысқал кем түскен жоқ, қайта Қазақстан өңірлеріндегі тарихи-мәдени нысандар инфрақұрылымын дамытуға ерекше серпін берді. Киелі нысандардың толық сипаттамасы және фотогалереяларымен бірге географиялық координаты, оларға тікелей баратын төте жолдар көрсетілген «Жергілікті маңызы бар Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» интерактивті картасы түзілді.
Қазір «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында еліміздің қасиетті жерлерінің бірыңғай белдеуін құру жұмысын жүргізіп жатырмыз. «Қасиетті Қазақстан» төрт томдығы мен «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының бірінші томы оқырманымен қауышып, 500-ден астам нысан туралы құнды мәлімет цифрлы форматқа көшірілді.
Тұңғыш рет Қожа Ахмет Ясауи және Қарахан кесенелерінің 3D үлгісі жасалды. «Отырар», «Таңбалы» және «Ұлытау» мұражай-қорықтарында визит-орталықтар бой көтерді…
Біздің баға жетпес ақпараттық ресурс-қорымыз, мәдени мұрамыздың ажырамас бөлігі, әрине, жазбаша дереккөздері болып табылады. Мемлекет олардың сақталуы мен тұтастығын қамтамасыз ету арқылы мұрағат ісін ұйымдастыруды алдыңғы шепке шығарды.
Кешегі бүкіл кеңестік кеңістікте мұрағатты маңайлайтын заңнама атаулы мүлдем болған жоқ еді, бұл сала заңға тәуелді үкіметтік «төменгі» актілерді ғана місе тұтты. Тек 1998 жылы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңының қабылдануымен ғана архив ісі Қазақстанда биліктің ажырамас атрибуты, түбі теңізге құяр бұлақтай ақпарат қоймасы мәртебесінде ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік басқару құралы деңгейінде түпкілікті бекіп, өз дамуының даңғыл жолында аса қуатты серпінге ие болды.
Бүгінгі таңда елімізде 3 мыңнан астам адам білек біріктіріп, күш қосқан 223 мемлекеттік мұрағат мекемелері мен олардың филиалдарынан тұратын бірыңғай мұрағат желісі дамылсыз жұмыс істеп тұр. Тәуелсіздік жылдарында Ұлттық архив қоры құжаттарының көлемі екі есе, ал жеке құрам бойынша 3,5 есе өсті, бұл жалпы алғанда 25 млн-нан астам сақтау бірлігін құрайды.
Әр құжаттың артында – елдің тарихы мен халықтың тағдыры тұр!
Соңғы үш жылдың ішінде республикадағы жұмыс істеп тұрған 253 мұражайдың қоры 15 мыңнан астам жәдігермен толықты. Бұған қоса республикалық мұражай қорындағы 13,5 мыңнан астам жәдігер сандық форматқа көшірілген.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы Ғарыштық техника және технологиялар институтымен бірлесе отырып, көлемді экспонаттарды фотограмметрия әдісімен сандық форматқа көшіру бойынша лаборатория құрғанын айта кеткен ләзім. Осы мұражай қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің нәтижесінде 2 мыңнан астам картина мен ұлттық декоративтік-қолданбалы және зергерлік өнер бұйымдарымыз 3D форматынан көрініс тапты.
Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы тарапынан ғана Түркия, Малайзия, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және өзге де елдердің ұлттық мұражайларына 20 көшпелі көрме жол тартты. Ал тарихымыздың баға жетпес асыл мұрасы – Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» әлемнің ең майдайалды деген 13 мұражайын аралап, сән-салтанатымен әлем жұртшылығы назарын өзіне аударды.
Мемлекет кітапхана ісіне де үлкен көңіл бөліп отыр. Қазіргі уақытта елімізде 3 925 кітапхана бар. Олардың қоры түрлі материалдық тасымалдаушыда берілген 71,5 млн дана әдебиетті құрайды. Сонымен қатар бұған жыл сайын 2,5 млн бірліктен астам жаңа құжат қосылады.
Бұл дегеніңіз – ұшан-теңіз білімнің қанып ішер қайнар бастауы.
Қазір отандық және әлемдік үздік авторлардың шідер үзген шедевр туындыларын «Қазақстандық ұлттық электронды кітапханасы» арқылы үйде отырып-ақ оқи беруге болады. Мемлекеттік кітапхана қорында 60 мыңнан астам түрлі мазмұндағы әдебиеттің электронды бірыңғай көшірмесі жинақталған. Біздің электронды кітапханамызда Ресей, АҚШ, Жапония, Германия, Финляндия және т.б. барлығы 104 елден 250 мыңға жуық оқырман тіркелген. Осылай болған соң, шетелдік аудиторияның сұранысын қанағаттандыру мақсатында тұңғыш рет қазақстандық авторлардың үздік туындылары БҰҰ-ның 6 тіліне аударылды.
Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Олжас Сүлейменов, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов, Дулат Исабеков тәрізді белгілі 61 қаламгердің 450 туындысы «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы» мен «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» жинақтарына еніп, 90-нан аса елдің ірі кітапханалары мен әдеби орталықтарына таратылды. Бұл еңбектердің тұсаукесері Франция, Испания, Ресей және Мысыр елдерінде өткізілді.
Елімізде театр өнеріне де мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп жүр. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда 20 театр жаңадан салынып, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп жүр. Ұлт руханиятының кемелденуі жолында жыл сайын түрлі жанрлар мен бағыттағы 12 мыңға жуық қойылым сахналанады. Қазіргі уақытта елімізде 65 театр халыққа қызмет көрсетуде, оның ішінде ұйғыр, корей, өзбек және неміс ұлттарына қатысты этностық театрлар бар.
Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау нәтижесінде Ла Скала театрының академиясында, Вена мемлекеттік операсында, Мария мемлекеттік академиялық театрында, Перголези Спонтини атындағы қорда тағылымдамадан өтуді ұйымдастырып, еліміздегі опера жұлдыздары шоғырының қалыптасуына жағдай жасалды.
Қазір Сүндет Байғожин, Бауыржан Андержанов, Жұпар Ғабдуллина, Салтанат Ахметова мен «Астана Опера» опера және балет театры әртістерінің есімдері шетелге де кеңінен танымал. Қазақстандық опера және балет шеберлері шетелдік сахна майталмандарының арнайы шақыртуымен әлемнің ең үздік театрларында өнер көрсетіп жүр.
Отандық киноөндіріс те қарқынды дамып келеді. «Қазақфильм» студиясы 1991 жылдан бері 574 көркем, деректі және анимациялық фильм түсірді. «Оралман», «Томирис», «Көшбасшы жолы», «Анаға апарар жол», «Құнанбай», «Аманат» тәрізді ауқымды тарихи картиналар қазақстандық прокаттың көшін бастады.
Тарихта тұңғыш рет үздік отандық кино туындылар халықаралық экранға шығып, шетелдік көрермен жүрегіне жол тауып, әлемдік киносыншылар тарапынан лайықты бағасын алып үлгерді.
Қазақстандық-ресейлік «28 панфиловшылар» картинасының әлемге танымал болғаны өз алдына бір бөлек әңгіме. Ал голливудтық компаниялармен бірлесіп түсірген «Әміре» фильмі төрт апта бойы экраннан түспеді.
Соңғы кездері қазақ киносы қытай кинонарығында да топ жарып, бәсекелестерден оқ бойы озық болуда. Аспан асты елі «Композитор» қазақстандық-қытайлық бірлескен картинаны ерекше ықыласпен қарсы алды. Картина Лос-Анджелесте өткен кинофестивальде 4 бірдей номинация бойынша тұғырға көтерілді.
«Кинематография туралы» 2019 жылғы 3 қаңтарда қабылданған Заңда фильмді түсіруге жұмсалған мемлекет қаражатын кинопрокат арқылы кері қайтару мәселесі қарастырылған. Бұл жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Тәуелсіздік жылдары концерттік-театрлық ұйымдар үшін де ең жарқын және табысты белес болды. Бүгінде осы бағытта 31 ұйым табысты жұмыс істеуде.
«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры, «Қазақстан Камератасы» мемлекеттік классикалық музыка ансамблі, «Салтанат» мемлекеттік классикалық би ансамблі, М.Бисенғалиев пен А.Абылаев жетекшілік жасайтын симфониялық оркестрлер, Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік шекті аспаптар квартеті – осындай шырайы келісіп, абыройы шалқыған өнер шаңырақтары мен концерттік ұйымдар қатары қалың көрерменіне шығармашылық жобаларды ұсыну арқылы қазақ елінің мәдениеті мен руханиятына сүбелі үлес қосып келеді.
Ұлттық музыка мәдениетінің мақтанышына айналған Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі концерттік бағдарламаларымен дүние жүзін аралады.
Әр жылдарда Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Фуат Мансуров, Нұрғиса Тілендиев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев және басқа дирижерлер мен орындаушылар қызмет етіп, қазақ өнерін биік деңгейде насихаттап келе жатқан өнер ұжымдарына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ұлттық» мәртебесі берілді.
Мемлекет шығармашыл жастарды қолдауды ешқашан ұмытқан емес. Жыл сайын вокалистер, скрипкашылар, пианистер және бекзат өнер әлеміне жаңа қадам басқан жас өркен балет әртістері үшін фестивальдар мен байқаулар өткізіледі. Әсіресе, әлеуметтік бағытты айнымас темірқазығы тұтқан «Балауса» ұлттық балалар ән байқауының орны алабөтен. Өнер додасында бағын сынаушы талапкерлердің 85 пайызын 8-12 жас аралығындағы ауыл балалары құрайды. Байқаудың әр кезеңіндегі әндерді әрлеу, дизайн және сахналық киімдерді тігу, әр баламен жеке жұмыс істеу, жатын орны, тамақтануы, жол жүруі, барлығы да тегін ұйымдастырылады.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында соңғы жылдары тұрақты дамып келе жатқан туризм саласын ерекше атап өтуге болады.
Соңғы 10 жылда елімізге келген шетелдік туристердің саны 2009 жылы 512 мыңнан 2019 жылы 980 мыңға дейін екі есеге жуық өсті. Сонымен қатар көрсетілген кезеңде туризмнің еліміздің ішкі жалпы жиынтық өніміне қосқан үлесі үш еседен аса артты.
Мемлекет туристік бағыттардың қолжетімділігін арттыру мен туризм саласына жеке инвестицияларды тартуға жағдай жасаудың маңыздылығына мән беріп, соңғы екі жылдың өзінде жалпы құны 101,6 млрд теңгені құрайтын 68 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асырды.
Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстан Республикасының туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында одан әрі өз жалғасын табады. Сондай-ақ қызмет көрсету сапасын арттыруға және кәсіби кадрларды даярлауға жеткілікті көңіл бөлінуде.
Елбасының бастамасымен Түркістан қаласында Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті құрылды. Ұлттық туристік өнімді ішкі және халықаралық нарықта дамыту үшін Kazakh Tourism Ұлттық компаниясы АҚ құрылды.
Туристердің елге кіруін либерализациялау жөнінде жүйелі шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, өз азаматтары Қазақстанға еш визасыз кіре алатын елдердің тізімі 73-ке дейін көбейтілді. Шетелдіктерді елімізге келген кезде 30 күн ішінде міндетті тіркеу туралы талап өз күшін жойды. Сонымен қатар 2025 жылдың соңына дейін мемлекеттік шекараның периметрі бойынша қырық өткізу пунктін жаңғырту жоспарлануда. Сондай-ақ туроператорларды әрбір шетелдік туристке, балаларға арналған ішкі рейстерге субсидиялау, сондай-ақ туристік нысандарды салу және техникалық жарақтандыру шығындарының бір бөлігін өтеу тетігі енгізілмекші.
Жалпы, Қазақстандағы туризм саласының болашағы өте зор. Қазірдің өзінде Lonely Planet, Le Figaro, The Guardian сияқты әлемдік беделді басылымдар Қазақстанды баруға қолайлы жетекші елдердің қатарына қосып жүр. Ол ойлары негізсіз емес. Бізде эко-саяхаттың әрбір әуесқойы келіп көруге тұрарлық таңғажайып тұмса табиғат өте көп.
Спорт – Қазақстанның «визит картасы». Спорттық іс-шаралардың жанкүйерлеріне арналған әртүрлі кешендер мен көркіне көз тоймайтын әдемі орындар да жетіп артылады.
Тәуелсіздік жылдарында елімізде 77 стадион, 38 спорт сарайы, 8 мыңға жуық спорт алаңы салынды, 2 мыңнан астам спорт залы пайдалануға берілді. Жалпы республикада 41 мыңнан астам спорт нысаны бар. Дене шынықтыру және спорт қозғалысы 5,9 миллионға жуық адамды қамтыса, оның 2 миллионға таяуы – мектеп жасындағы балалар.
Бұқаралық спорттың маңызды құрамдас бөлігі – Тұңғыш Президент – Елбасы сынағы. Бұл шараға жыл сайын 1,5 миллионнан 4 миллионға дейін спорт сүйер қауым үзбей қатысады.
Тәуелсіздік алғаннан бері ұлттық спорттың 25 түрі қайта жанданып, олардың бір бөлігі (тоғызқұмалақ, асық ату, қазақ күресі, саятшылық) Дүниежүзілік материалдық емес мәдени мұра қатарына (ЮНЕСКО) енді.
Спортшыларымыздың жоғары жетістіктері баршаға мәлім. Тек Олимпия ойындарында ғана олардың құрметіне Қазақстанның аспан түстес Туы 16 рет асқақтап, сонымен бір сәтте еліміздің Әнұраны әлем көгінде әуеледі. Олай дейтін себебіміз, біздің отандық спортшылар 1994 жылдан бастап жер шарының шешуші жарыстарына қатысып, осынша алтын медальды қанжығасына байлап қайтқан еді.
Мемлекет спортшылар резервін даярлаудың үйлесімді жүйесін құрды. Республикада 477 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істеп, онда 368 мың спортшы шұғылдануда. Сөз жоқ, олардың арасында болашақ чемпиондарымыз жүр, өз кезегі келгенде сындарлы спорт ареналарында Қазақстанның көк байрағының биік желбіреуіне себепкер болады әлі.
Бірақ түптің түбінде барлық жалаулы жеңістеріміз бен жарқын жетістіктеріміздің алтын тұғыры – атыңнан айналайын Тәуелсіздік екенін әрқашан есте сақтауымыз қажет. Тәуелсіздік – көздің қарашығындай қорғайтын ең қасиетті құндылығымыз!
Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА,
Қазақстан Республикасының
Мәдениет және спорт министрі