Қазақстан • 14 Желтоқсан, 2021

Екінші қазақстандық ата-аналар оқулары

230 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауық­тыру орталығының ұйымдастыруымен «Әрбір бала – бұл мик­ро­космос, Әлем...» тақырыбында Екінші қазақстандық ата-аналар оқулары өтті. Іс-шараға Білім және ғылым минис­трлігі, облыстық білім басқармаларының өкілдері, шетел­дік серіктестер, ғалымдар, мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарының, кәсіптік-техникалық және жоғары оқу орын­дарының жетекшілері мен өзін өзі тану мұғалімдері, ата-аналар қатысты.

Екінші қазақстандық ата-аналар оқулары

Ата-аналар оқулары «Өзін өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының ав­то­­ры Сара Назарбаеваның бей­­не­­дәрісімен ашылды. Сара Алпыс­қызы құттықтау сөзін айтып, ата-ана­­лардың бала тәрбиесінде ала­­тын орнының маңыздылығына тоқталды.

«Әрбір бала өзінше шағын ға­рыш, әлем деседі. Ол бұл дүниеге жай ғана емес, өзінің ерек­ше міндетімен ке­леді. Адам ба­ласы дегеніміз – Жо­ғары дүние­ден жер бетіне жіберілген тір­шілік иесі. Барлық балалардың қайталанбас дарынды екеніне, бар­­лығын Жаратушы талант­тан кенде етпегеніне мей­лін­ше се­немін. Біз тек бала бо­йын­да­ғы сол қасиетті тауып, аша білмейміз, оны ашуға ұмтылмаймыз. Тек толыққанды тұтас руханиятпен сусындаған тәрбие ғана адамның тұйық қалпын жеке тұлға деңгейіне көтеріп шығаруға қабілетті», деді С.Назарбаева.

Ата-аналар оқуларында Халықаралық Гуманды педагогика орталығының президенті, академик, профессор, психология ғы­лымдарының докторы Шалва Амонашвили осындай оқулардың өткізілуі қазіргі таңдағы қажет мәселелердің бірі екенін атап өтті.

«Басты мақсат – мейірімді және қайырымды адам тәрбиелеу. Егер ата-анасы оған үлкен мұра қалдырмаса, мейірімді де қайы­рым­ды адам жоғалып кете ме? Әрине, жоқ, өйткені оның рухани құндылықтары бар. Кез келген бала сұлулық сезімімен туылады. Ал ата-аналар бұл сезімді қолдап, дамытуы керек. Бұл нені білдіреді? Айналаны сөз сұлулығымен, үй­де­гі қолайлы атмосферамен, жылы отбасылық мейіріммен толтыру. Сөйлеу – Жаратушының берген үлкен сыйы, сондықтан бос әңгімеге уақытыңызды кетірмеңіз. Да­налықты сөзбен жеткізіңіз, сүю­ге, кешіруге, жанашырлыққа, ру­­хани дамуға баулыңыз, сонда бала жақсы сөз арқылы өседі» деп Шалва Амонашвили құнды ұстанымдарымен бөлісті.

Сондай-ақ оқуларды өткізу барысында орта білім беру басшылары, өзін өзі тану мұғалімдері, ата-аналар заманауи тәрбиенің маңызды тақырыптары мен мәсе­ле­лері, ата-аналардың рөлі және отбасының рухани құнды­лық­тары аясында ойларымен бөлі­сіп, баяндамаларын көпшілікке ұсынды. Көпшілік тарапынан осындай өте маңызы бар ата-аналар оқуларының алдағы уақытта да өтуін қалайтындықтарын біл­дірді.

Оқулар ZOOM платформасында онлайн режімде өтті, Fasebook-тегі «Өзін өзі тану. Бөбек» па­рақшасында оқулардың тікелей трансляциясы болды. ZOOM платформасында және тікелей эфирде шамамен 2000 адам қатысты.

 

Елена ЛОСЕВА,

«Бөбек» орталығы бас директорының орынбасары