Тәуелсіздік • 14 Желтоқсан, 2021

Мемлекетіміздің бағыты – түзу, мақсаты – айқын

259 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Биыл – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Осы кезең ішінде мемлеке­тіміздің қол жеткізген табыстары орасан зор. Алайда мұның бәрі бізге оңай келе қалған жоқ. Небір күрделі кезеңдерді бас­тан кештік.

Мемлекетіміздің бағыты – түзу, мақсаты – айқын

Біз Тәуелсіздікті қандай жағдайда қарсы алып едік? Ол алып КСРО мемле­кеті тарап, бұрын қалыптасқан жүйе ыдырап, экономикалық байланыс­тардың мүлдем үзіліп, ел мен халықтың басына қиын жағдай туған кезең еді. Алда не күтіп тұрғанын ешкім білген жоқ. Кеңес Одағының 1980-жылдары халыққа жасаған әлеуметтік қолдауларын көрген адамдар үшін қайда бара жатқаны белгісіз заман болды. Сол тұста Тәуелсіздігін ал­ған жас мемлекеттерге бұл ауыр соқ­қы болып тиді. Ірі өндіріс орындары тоқтап қалды. Жаппай жұмыссыздық белең алды. Ақшаның құнсыздануы күн­нен күнге асқынып бара жатты. Ха­лық­тың күнкөрісі де қиындап кетті. Тұрақты жалақы жоқ. Еңбек етіп жүрген адамның алған жалақысы да мардымсыз. Күнделікті тамағына әрең жетеді. Оның үстіне айлап кешіктіріп берілетіні одан сайын жағдайды күрделендіре түсті. Зейнеткерлер де уақтылы зейнетақысын ала алмады. Өмірге келіп жатқан сәби­лерге жәрдемақы төлеу жүйесі де тоқ­тап қалды. Сол кезеңде туған балалар саны да азайып кеткені жасырын емес. Мұғалімдер де, дәрігерлер де қиын жағ­дайда жұмыс істеді.

1990-жылдардағы ішкі дағдарыс үл­кен сынақ болды. Біз егемендік алғанда Тәуелсіз ел үшін бәрі дайын бола қалған жоқ. Саяси-экономикалық, әлеуметтік реформаларды шұғыл іске асыру керек болды. Жұртшылықпен өткен кез­­де­сулерде шындықты жасырған жоқ­­­пыз. Біздің еліміз негізінен ши­кі­­зат шығарумен айналысқанын айт­тық. Бұрын тұрақты жүйе болды, әр кен ор­ны өз өнімдерін КСРО-ның рес­публи­каларындағы зауыт-фабри­каларға жіберіп тұрды. Мысалы, бір зауыт машинаның қажетті құрал-жабдықтарын өндірсе, екінші біреуі оны құрастыратын еді. Соның бәрі жайына қалды. Жалақы алмаған соң, ашу-ызаға берілген адамдар да аз болған жоқ. «Бұл қиын кезеңнен де шығармыз. Тек бірлігімізді, адамдық қасиеттерімізді сақтап, келер күннен үмітімізді үзбейік», деп халықтың еңсе­сін көтеруге тырыстық. Өзім қызмет жасаған Қостанай облысы да астығы мол, әлеуеті жоғары өңір болғанмен, 1990 жылдары ауыртпашылықтарды бастан кешті.

Экономикалық дағдарыс кезінде халықтың еңсесін көтеріп тастаған ерекше оқиға болды. Ол – 1993 жылы 15 қарашада төл теңгеміздің жасалуы. Ең бастысы, Ресейдің өзі қолданыстан шығарып тастаған әрі өте құнсызданып кеткен КСРО-ның рублінен құтылдық. Ұлттық валюта ұлттық экономикалық дербестіктің негізі болды. Алғаш теңге шыққанда бір теңгені қолына ұстап, «Бұл – біздің теңгеміз. Бұрынғы ата-бабамыз теңге деген» деп көзіне жас үйірілген ақсақалдарды көзбен көрдік.

Қостанай өңірінде ауыл шаруашы­лығы жақсы дамыған. Негізінен егінмен және мал өсірумен айналысады. Мысалы, 1995 жылы біз үш млн гектар жерге егін ектік. Сол тұста диханшыларды жанармаймен қамтамасыз ету оңайға түскен жоқ. Ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін табу да қиындық туғызды. Сол кезеңде біз бір тонна мұнай өніміне төрт тонна бидай беріп отырдық! Ондай қымбатшылықты көтере алмай жабылып қалған шаруашылықтар да болды. Бартер жүйесі енді. Ауыл шаруашылығының көптеген сапалы өнімдері бартер арқылы арзанға кетіп жатты. Бір жылы біздер бартер әдісімен Ақтауға астық, ет, жұмыртқа алып барып, жанармай алып келдік.

Ол кезеңде Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев жыл сайын еліміздің барлық өңірін аралап, халықпен кездесіп, пікір­лерін білетін еді. Жиналған көпшілікке Қазақстанның алдағы қадамдары, әлем елдерімен байланысы, инвестиция тарту мәселесі қалай жүріп жатқаны туралы айтып беретін-ді. Жалпы, адаммен адамның жүздесуі, сөйлесуі жақсы қарым-қатынасқа алып келетіні сөзсіз. Елбасы біздің облысқа келгенде еңбек адамдарының көңіліне үлкен сенім ұялатып, ақыл-кеңесімен күш-жігер беріп, бір серпілтіп тастайтын еді.

Бір оқиға әлі есімде. 1996 жылы Ел­басы Қостанайға келді. 8-шағын ауданда бір жекеменшік банкінің ашылу рәсіміне қатысуы керек еді. Сол ауданға барсақ, жиналған қала тұрғындарының саны өте көп екен. Арасында қазақ та, орыс та, неміс те бар. Нұрсұлтан Әбішұлы халықтың ішіне кіріп кетті. Бәрімен қол алысып, амандасып, жағдайларын сұрады. Сонда жас шамасы 70-тен асқан орыстың бір әжесі: «Сіз біздің үйді барып көріңізші. Мен тоғыз қабатты үйде тұрамын», деді. Елбасы бірден келісті. Ол кезде лифті жұмыс істемейді. Барсақ, үйі тап-таза. Елбасы оған: «Үйіңіз жайлы. Жарығы жанып тұр. Көгілдір отын келіп тұр. Қандай мәселе айтқыңыз келіп еді, мені неге шақырдыңыз?» деп сұрады. Сонда әлгі әже: «Зейнетақымызды алып тұрмыз. Свет, газ бар. Күйеуім мен балаларым жұмыс істейді. Менің Сізді үйге шақырғанымның себебі өзіңіз­бен фотосуретке түсіп, немереме ескерткіш ретінде қалдырсам деп ойладым», деді. Содан диванға отырып, екеуі фотоға түсті. Елбасы фотографқа «Дұрыстап түсіріп, Қостанайға, мына кісіге беріп жіберіңіз», деді. Кейін сол фото әлгі әжеге табыс етілді. Ол кезде зейнетақы алты айға кешіктірілетін еді. Көгілдір отын графикпен беріледі. Өмірдің ащы-тұщысын көрген үлкен адамдардың кеңдігін көрмейсіз бе? Әлгі пәтерден төмен түсіп келе жатсақ, қазақтың бір ақсақалы: «Нұрсұлтан балам, енді біздің үйден де нан ауыз тиіңіз», деді. «Жарайды, ақсақал. Сіздің үйге барайық», деп қарияның үйіне бардық. Ол үйде де лифті істемейді екен. Жаяу көтеріліп келе жатқанымызда, ақсақал өзі тұратын пәтердің алдына келіп: «Келін, есікті аш. Нұрсұлтан балам келді!» деп дауыстап айтты. Үйде отырған келіні Президент келді дегенге сенбесе керек, есікті ашып қалғанда, алдында атасы мен Нұрсұлтан Әбішұлы тұр. Келіні не айтарға білмей қалды. Атасы: «Келін, неге тосылып қалдың? Бар, үлкен жаққа көрпе төсе. Бұл Нұрсұлтан балам ғой», деп Елбасын төрге шығарды. Президент ақсақалмен біраз әңгімелесті. Айтқан ұсыныстарын тыңдады. Ол кісімен де фотосуретке түсті. Әлгі банктің ашы­луына содан кейін бардық. Сөйтіп, іссапар бағдар­лама­сынан тыс оқиғалар орын алған еді.

Міне, Тұңғыш Президенттің қара­пайымдылығы. Облыстың аудандарын аралады. Лисаков қаласына барып, жи­налған қауым алдында сөз сөйле­ді. Қос­танайға бір күн қонып, келесі күні Петропавлға ұшып кетті. Бір қызы­ғы, фотограф шатастырып алыпты. Ол фото республикалық газеттерге «Пре­зидент Қостанай облысында болды және Солтүстік Қазақстанға барып, ақсақалмен кездесті», деп шықты. Со­дан әлгі ақсақал маған келіп: «Мен Солтүстік Қазақстанда тұрмаймын. Неге шатастырған? Дұрыстап жазсын деп Президентке хат жазып жіберемін» деді. Мен: «Мемлекет басшысын мазаламай-ақ қойыңыз. Фотограф қателескен шығар» деп сабырға шақырып едім, ол да сабасына түсті.

Мемлекетімізді қалыптастырудағы Елбасының рөлі өте зор. Нұрсұлтан Әбіш­ұлының елге, халыққа, жерге деген көзқарасы айрықша. Өте көреген адам. Алдағыны сезіне білетін қабілетке ие. Елбасы 1990-жылдары Қазақстан әлі еңсесі тіктелмей тұрып-ақ мемлекеттік шекарамызды бекітіп алуға бар күшін салды. Бұл кез келген басшының қо­лынан келетін іс емес! Мысалы, Қы­тай, Ресей сияқты алып елдермен және көршілес жатқан Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Түрікменстанмен арадағы шека­ра мәңгілік достық және өзара ынты­мақтастық келісім негізінде, ешқан­дай даусыз анықталды. Ол келісім­дерді біздің және аталған елдердің парла­менттері заң жүзінде бекітті. Мұның барлығы – Елбасының жеке абыройы мен серіктес мемлекеттермен жоғары дипломатиялық қарым-қатынас жасай білгенінің нәтижесі.

Сыртқы саясатта беделге ие болу – өте жауапты әрі күрделі. Оның көптеген ішкі мәселелері жұртшылыққа белгілі бола бермейді. Біз Тәуелсіздік алған соң, әлемдік қоғамдастыққа мүше болдық. Шетелдерде елшіліктер ашу міндеті тұрды. Елші қызметін атқаратын азаматтар да тапшы болды. Өткен кезең ішінде шетелдермен және ірі халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық байланыс орнаттық. Дәл бүгінгі таңда Қа­зақ­­стан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше – әлемнің 183 мемлекетімен дип­ломатиялық байланыс орнатқан. Елшілер мектебін қалыптастыруда ауқым­ды істер атқарылды. Қазір білікті, тәжірибелі, беделді елшілер қызмет атқару­да. Қазақстанның 58 шетелде елшілігі орна­ласқан және 19 шағын ел мен ірі мегаполистерде консулдық мекемелер ашылған.

Тәуелсіздік жылдарында өңірлерді дамытуға үлес қосып, Қазақстан заң­нама­сын жетілдіруге атсалысқанымды еңбек жолымдағы елеулі кезең деп есептейін.

Алдағы уақытта отандық заңнамаға шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған толықтырулар енгізілгені жөн. Өйткені елдің әлеуетін арттыру шағын бизнестің үлесіне тікелей байланыс­ты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін артуы керек деген міндет қойып отыр. Осы салада 4 миллион адам жұмыспен қамтылуы тиіс. Осы міндеттеме жүзеге асса, 2030-жылдары шағын бинзестің көлемі 50 пайызға жақындайтыны анық.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығына жаңа көзқарас керек. Бұл салаға дұрыс көңіл бөлінбесе, өңірлер мүлдем дамымайды. Бұрын мал өсіруде үлкен жетістіктеріміз болды. Айталық, біздің етті ақ бас сиырларымыз бәсекеге қабі­летті еді. Соның асыл тұқымын көбей­туді жолға қоя алмай келеміз. Ол біздің жақтың климатына да төзімді. Қазір біздің дүкендерімізде сүт өнімдері лық толы. Бірақ оның басым бөлігі Ресей­ден, Беларусьтен келген. Бұл біздің ауыл шаруашылығы саласын дамыта алмай отырғанымызды көрсетеді. Осын­шама жеріміз бар, жайылым мен жай­лау­ларымыз бар. Өз халқымызды сүт өнімдерімен қамти алмасақ, қалай бол­ғаны? Осы орайда, сүт тағамдарын сапалы өндіру ісіне баса көңіл бөлінгені жөн.

Өз сөзінде Қ.Тоқаев азық-түлік та­уарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету міндетін алға тартты. Соның ішін­де ауыл шаруашылығы өнімдерін терең­детіп қайта өңдеу ісін жолға қою керек екенін айтты. Сонда халықтың табысы да, еңбек өнімділігі де артады.

2017 жылы «Жайылымдар туралы» заң қабылданды. Ол жайылымды тиімді пайдалану, жерді тоздырмау мақсатын көздейді. Онда Үкімет пен жергілікті басқару органдарына нақты міндеттер қойылды. Сол заңды ұтымды пайдалана білсек, мал шаруашылығын дамытуға ықпалы зор. Парламент депутаттары заңдарды шығарады. Бірақ олардың сол заңның қалай орындалып жатқанын тексеру мүмкіндігі жоқ. Жалпы, заңдардың орындалуы қадағалануы тиіс. Өңірлерге барып, әкімдердің есебін тыңдау барысында заңдардың қалай орындалып жатқаны жөнінде нақты жауап алғаны жөн деп есептеймін.

Еліміздің өркендеп келе жатқанын анық байқап отырмыз. Мысалы, Қостанай облысының жағдайына қарасақ, қар­жы саласындағы қиындықтарға, індет­тен келіп жатқан зардаптарға және қуаң­шы­­лыққа қарамастан, биыл бұл өңір экономикалық көрсеткіштері жағынан оң нәтижеге қол жеткізді. 2,9 млн тонна егін алды. Мал шаруашылығын сақтап отыр. Жем-шөбін жинап алды. Сондай-ақ индустриалдық өнеркәсіп, құрылыс салалары жылды табыспен аяқтауда. Осы нәтижелерге қарап, көңіліміз мар­қаяды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың саяси ұстанымын, әсіресе, оның «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ел-жұртымыз қол­дап отыр. Еліміздегі қордаланып қал­ған мәселелерді шешу үшін жүргізіп жатқан жаңа реформалары өте дұрыс. Пре­зиденттің де бастамалары қалай жүзе­г­е асып жатқаны бақылауда болуы тиіс.

Әрине, қазіргі жетістігімізбен шек­теліп қалмаймыз. Президент Қ.То­қаев мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттемелер орындалатынын мәлімдеді. «Стратегиялық мақсатымыз – Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту және әлемдік эконо­микадағы орнымызды нығайту», деді. 2030 жылға да аз ғана уақыт қал­ды. Сол кезеңде Қазақстан қандай дең­гей­ге көтеріледі десек, қолға алған бағдар­ламалар мен реформалар іске асырылса, әлемнің кез келген мемлекетімен тең дәрежеде иық теңестіріп тұра аламыз деп ойлаймын.

 

Тоқтарбай ҚАДАМБАЕВ,

мемлекет және қоғам қайраткері

 

ҚОСТАНАЙ