«Өз мемлекетінің негізін қалаушы» деген анықтама – аса маңызды және ілуде біреуге бұйыратын тарихи атақ. АҚШ-та Джордж Вашингтонды, ҚХР-да төраға Маоны, сондай-ақ бірқатар шағын елдердегі санаулы ұлт көшбасшыларын осы атаққа лайық деуге болады. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз мемлекетінің негізін қалаушы әлемдік қайраткерлер қатарындағы мәртебесін анықтауға жақсы мүмкіндік. 2008 жылы, Президент Назарбаев әлі қызметінде болған кезде, оның өмірбаянын түйіндей келе мен оны модерн дәуіріндегі ұлттық мемлекеттердің негізін қалаушылар қатарынан ойып тұрып орын алуға лайық деп тұжырдым. Осы ойымды өзіне айтқанымда, ол қарсы болды. Сонда мен грек философы Софоклдың «Кейде күннің қаншалықты керемет өткенін түсіну үшін кешке дейін күте тұруға тура келеді» деген әйгілі дәйексөзін алға тарттым. Президент Назарбаев аудармашысынан Софоклдың даналығын қайталауды сұрады. Содан соң ол: «Кеш болды деп кім айтты?!» деді.
Он бес жыл бұрын, Нұрсұлтан Назарбаевтың Батыстағы алғашқы өмірбаянын жаза бастаған кезімде, оның саяси даналығына баға беруге асықпаған едім. Қазір тартынудың қажеті жоқ. Қазақстанның ішкі тұрақтылығы мен халықаралық аренада мойындалуы оны ХХ және ХХІ ғасырлардағы мемлекеттік құрылыстың Орталық Азиядағы ғана емес, әлемдік сахнадағы ең үлкен жетістіктердің біріне айналдырғаны сөзсіз. Бұдан шығатыны, осы жетістіктің сәулетшісі және орындаушысы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев өз мемлекетінің негізін қалаушы әлемдік қайраткерлер қатарында дәріптелуге лайық.
Сондықтан да осынау мерейтойлық кезеңде келесідей сұрақ қою орынды: Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тарихта осындай тамаша із қалдыруға мүмкіндік берген не нәрсе? Оны шабыттандырған, алға жетелеген қандай күш және оның көшбасшылығының сыры неде? Мұндай мәселелерде сырткөздің пікірі пайдалы болуы мүмкін. Көптеген батыстықтар сияқты, мен де 2006 жылғы Астанаға (ол кезде астана солай деп аталатын) алғашқы сапарыма дейін Қазақстан туралы ештеңе білмейтін едім. Бірақ айрықша себептермен мен бұл елдің басшысы туралы жақсы хабардар болдым. 1990-жылдардың басында мен Премьер-Министр Джон Мейор Үкіметінде Ұлыбританияның Қорғаныс мемлекеттік министрі болдым. НАТО-лық өзге де серіктестерімізбен бірге бізді, қорғаныс жөніндегі мамандарды, посткеңестік елдердегі еркін ядролық қару мәселесі қатты алаңдататын. Тәуелсіздік алған Қазақстан мемлекеті осы мәселенің қайнаған ортасында болды, өйткені табан астында ол өз аумағында орналасқан құрлықаралық баллистикалық ракеталардың (ҚБР) 1200-ден астам ядролық оқтұмсығының сақтаушысы болып шыға келді. Осынау жаппай қырып-жою қаруы 1991 жылдың желтоқсанына дейін Кремльдің бақылауында болды. Содан былай олар Қазақстанның меншігіне өткен-ді.
Батыс әлемінің ядролық қару жөніндегі барлау қызметтерінде Қазақстанның кенеттен өз меншігіне өткен ядролық арсеналына қатысты жоспары жайлы қауесеттер гулеп тұрды. Қазақстан Ресей мен Қытай сияқты алпауыт көршілерінің ықтимал шабуылынан сақтану үшін ядролық державаға айнала ма? Немесе кей зымырандарын сатуы мүмкін бе? Сол сияқты бұл зымырандарға төнген террористік қауіп бар ма, егер болса, оның алдын қалай алуға болады? Ешкім ештеңе білмейтін. Бар білетініміз – осы және осыған байланысты басқа да стратегиялық мәселелерде шешім қабылдайтын адам Нұрсұлтан Назарбаев еді.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі жылдары Президент Назарбаев Америка мен оның одақтастарын ядролық мәселеге қатысты саяси даналығымен тәнті етті. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкермен алғашқы кездесуінде Н.Назарбаев өзінің кеңестік зымырандарды Қазақстан аумағында сақтауға о бастан қарсы болғанын түсіндірді. Ол кеңестік үкіметтің Семей аймағындағы ядролық сынақтарының өз мемлекеті мен халқына тигізген жан түршігерлік залалын сөз қылды. Ол оқтұмсықтарды Қазақстаннан шығару және мемлекетін ядролық қарусыздандыру мәселесінде Вашингтон және Мәскеумен барынша ынтымақтасуға дайын екенін жеткізді.
Осы мақсаттарға жету үшін жүргізілген құпия келіссөздер ұзақ және күрделі болды. Президент Назарбаев оларды өз елінде саяси абыроймен және шетелдік әріптестері алдында кәсіби құрметпен аяқтады. Әлемдік әскери державалардың элиталық ойыншыларының құрметі ол Қазақстанды ядролық қарусыздандырамын деп уәде берген кезде тамсанысқа ұласты. Нұрсұлтан Назарбаев ұлт көшбасшысы ретінде танылғанға дейін-ақ, ХХ ғасырдың аяғындағы қарусыздану қозғалысының, әсіресе Халықаралық ядролық қоғамдастықтың ықпалды тұлғаларының алдында құрметке ие еді.
Бұрынғы Қорғаныс министрі ретінде осы тарихтың біразынан хабардар маған, баспагер Н.Назарбаевтың өмірбаянын жазу мүмкіндігі туралы ұсыныс айтқанда екіұдай сезімде болдым. Өз басым Президентті алыстан бақылап жүрсем де, ә дегенде оның өмірбаянын жазуға аса құлықты бола қоймадым. Астанадағы алғашқы кездесуімізде Президентке түсіндіргенімдей, батыс оқырмандарының сенімін жоғалтып алмау үшін мен тек шынайы және нақты тарихи өмірбаян жаза алатын едім. Алайда кеңестік-коммунистік саяси әдебиеттерде тәрбиеленген кез келген көшбасшы үгіт-насихатқа толы агиографиялық шығарма күтетін болар деп болжадым.
Президент Назарбаев менің авторлық дилеммамды жақсы түсінді. Өзі де кітапқұмар адам, ол менің осыған дейінгі жазбам – АҚШ-тың бұрынғы президенті Ричард Никсонның 670 беттен тұратын өмірбаянымен танысқан екен. «Сіз Никсон туралы әділін айтқан кітап жаза алдыңыз, оның ішінде оған қатысты көптеген сын-ескертпелер де бар. Сонда сізді қинап тұрған не мәселе?» деп сұрады Назарбаев.
Алайда бірнеше мәселені айналып өту мүмкін болмады. Қазақстандағы баспасөз бостандығын Лондондағы немесе Вашингтондағы баспасөз бостандығымен салыстыра алмайсыз. Солайша, ықтимал автор мен кейіпкер арасындағы қызу талқыдан кейін Президент Назарбаев: «Сонымен, сіздің айтпағыңыз, маған сеніңіз дейсіз. Дұрыс па?» деп сұрады. «Дұрыс». Президент үстелдің арғы бетінен еңкейе беріп, маған жақындады да, көзіме мұқият қарады. Жүрек шымырлатар тыныштық орнады. «Жарайды, сендім сізге», деді ол.
Президент сол сөзінде тұрды. Содан кейінгі екі жыл ішінде ол маған 27 сағаттан астам уақытын арнап, бетпе-бет сұхбат берді және мені балалық шақтағы достарынан бастап жақын әріптестері, отбасы мүшелері, тіпті сыншылары мен қарсыластары сияқты 100-ден астам дереккөздің естеліктер жинағына қол жеткізуіме жағдай жасады. Ол менің жазғандарымды цензуралауға ешқандай әрекет жасамады. Мен Назарбаев тарихының барлық қырын қамтымаған шығармын, бірақ оның 250 беттен тұратын егжей-тегжейлі портретін аяқтау үшін онымен жеткілікті деңгейде таныстым және кітапты халықаралық рецензенттердің басым көпшілігі жақсы қабылдады.
Мен Назарбаевтың саяси даналық деп аталатын сирек кездесетін және анықтама беру қиын қасиетке ие екенін түсіндім. Оның тұлғалық сипаты мен өмір жолын зерттей отырып, ерекше назар аударуға тұрарлық төрт алтын діңгекті атай аламын: оның тұлғасы, отаншылдығы, саяси шеберлігі және лауазымын анық мақсатпен жүзеге асыруы.
Нұрсұлтан Назарбаев – өте тартымды тұлға. Ол табиғи харизмасымен тәнті етеді, әзілқой әрі адамдарды түйсігімен оқи алатын және баурап алатын қасиеттері бар, сонымен бірге пікірталаста өзі қалаған нәтижеге жету үшін таңғаларлық табандылық танытады. Оның детальдарға үңілу және ұзақ уақыт бойы жұмыс істеу қабілетін қоссаңыз, бұл ерекшеліктер Н.Назарбаев қоржынына саяси дағдылардың қомақты жиынтығын қосады және ол, сөзсіз, бұл дағдыларды саяси жолының түрлі кезеңдерінде қолданған.
Кеңес басшылығындағы билік үшін күресі күшейе түскен сайын, Назарбаевтың артықшылығы – оның отаншылдығының коммунистік идеологияға адалдығынан әлдеқайда маңызды болуында еді. Екі бірдей маңызды тарихи оқиға Назарбаевтың Кремль сойылын соғушы емес, қазақ ұлтшылы екенін көрсетті.
1986 жылдың желтоқсанында Алматы көшелерінде ереуілдер болып жатқан кезде, оны Мәскеу Қазақстан Республикасының №2 адамы ретінде ресми түрде қолдап отырғанына қарамастан, Назарбаев асқан ақылдылықпен ереуілшілерді жаншудан бойын аулақтай алды. Бұл үшін Кремль тағайындаған №1 адам Геннадий Колбин айыпталды. Ол Мәскеудің элиталық арнайы күштерінің қолдауымен Желтоқсан оқиғасындағы ереуілшілерге көрсеткен қысым үшін жауапкершілікті өз мойнына алды.
Горбачев Колбинді іс жүзінде орнынан алып, КОКП ОК Саяси бюросы Назарбаевты Қазақстан Коммунистік партиясының басшысы, демек Қазақ КСР көшбасшысы етіп сайлады. Егер Мәскеудің Жоғарғы саяси қолбасшылығы республиканы Кеңес Одағының қызығушылықтарына сай басқаратын жуас басшы тағайындадық деп санаса, көп ұзамай олар үлкен қателік жібергендерін түсінер еді. Н.Назарбаев 1991 жылғы тамызда бұдан былай Қазақстан аумағында кез келген сипаттағы ядролық сынақтарға тыйым салатын президенттік Жарлық шығарып, Кеңес Одағының әскери және саяси басшылығына қарсы келді. Атомдық сынақтарға тыйым салу шешімі қазақ халқының арман-аңсарын дөп басты, ал кеңестік әскери күштерді қатты қорлады. Бірақ Кеңес Одағы 1991 жылдың күзінде құлаудың алдында тұрғандықтан, Мәскеудегі әлсіреген басшылардың Назарбаевтың алдын ала соққысына көнуден басқа амалы болмады.
Н.Назарбаев, негізінен, Қазақстанның Кеңес Одағына мүшелігін қолдағанымен, Одақтың өзі құлағалы тұрған кезде шығарған бұл шешімі төзуге болмайтын қадам еді.
Одақ ыдырап жатқан аласапыранда Н.Назарбаев Кеңес өкіметінен қалған кеңістікте славяндар мен мұсылмандардың қақтығысын болдырмау үшін бар күшін салды. Қазақстандық көшбасшының дипломатиялық икемділігінің арқасында 1991 жылы желтоқсан айында Кеңес Одағының орнына ТМД бейбіт түрде Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматыда, орын алуы әбден мүмкін қайғы мен қантөгіссіз дүниеге келді.
Президент Назарбаев Кеңес Одағының құрамындағы Қазақстанды басқарған кезде қаншалықты саяси ұтқыр болса, Тәуелсіздіктің алғашқы, қиын жылдарында өз елін басқару үшін оған одан да асқан шеберлік қажет болды. Бұл қиындықтарға гиперинфляция; Үкіметтің жалақы мен зейнетақыны төлей алмауы; миллионнан астам этникалық орыстардың жаппай көшіп кетуі; жаппай азық-түлік тапшылығы; ел ішіндегі наразылық пен демонстрациялар; Қазақстанның халықаралық шекараларының заңдылығына байланысты шетелден төнген қауіп-қатерлерді жатқызуға болады. Өзара байланысқан бұл түйінді мәселелерді шешу мүмкін еместей көрінді. Көптеген сарапшылар Қазақстан аяғынан тұрып кете алмайды деп болжады. Бірақ Назарбаевтың ең үлкен артықшылығы – ол өз халқын жақсы білді және оның тілін таба білді. Қазақтар тарихта қандай қиындықтың алдында да төзімділік танытқан жеке стоицизмнің үлгісі еді. Осылайша, «өтпелі кезең» деп жұмсартып аталып жүрген Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Назарбаев өзінің қиындық кешкен халқымен өте сезімтал коммуникатор болды.
Ол өзінің үлкен мемлекетін аралап, шахтерлерге неге жалақы алмай жатқандарын; зейнеткерлерге зейнетақылары неге төленбей жатқанын; сатып алушыларға сөрелердің неге бостығын; ереуілшілерге олардың шағымдары қалай жойылатынын түсіндіруден жалықпады. Бір таңғаларлығы, қазақ халқы Президентінің айтқандарын қабыл алды. Олар оның отаншыл ізгі ниетіне сенді және Тәуелсіздіктің азапты толғақ жылдарына шыдап бақты. Осылайша, елдің басы аман, бауыры бүтін қалды.
Өзі де аласапыран дәуірді бастан өткеріп жатқан Ресей сенімсіз көрші болды. Оның экономикалық саясаты, оның ішінде девальвация, бағаны бақылау шараларын алып тастауы және Мәскеудің орталық банкінде депозитте жатқан Қазақстан ақшасын беруден бас тартуы Алматыдағы жаңа үкіметті тығырыққа тіреді. Бірақ Президент Назарбаев Президент Ельциннің ынтымақтастығына қол жеткізуге келгенде жеке дипломатиялық шеберлігін көрсетті. Осылайша, бірте-бірте Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы оңала түсті және қысқа мерзімді экономикалық мәселелер ғана емес, Каспий теңізінің мұнай байлығына қатысты Қазақстан үшін әділ мәмілеге келу сияқты ұзақ мерзімді стратегиялық мәселелер төңірегінде де алға жылжу бар еді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қытай Ресейге қарағанда Қазақстан үшін оңтайлылау көрші болғанымен, Н.Назарбаевқа Бейжіңмен келіссөздер жүргізу үшін дипломатиялық дарынын сарқа пайдалану қажет болды. Себебі 1783 шақырымдық Қытай-Қазақстан шекарасы бойында келісілген мемлекетаралық шекара жоқ еді, сонымен бірге су ресурстары құқығы, Қытайдың Шыңжаң провинциясында тұратын миллионнан астам қазақ үшін эмиграция құқығы сияқты көптеген мәселелер шешуін күтіп тұрған.
Бейжің бұрын-соңды Кеңес Одағы республикаларының ешқайсысымен шекара мәселесін келісіп көрмеген еді. Демаркация туралы ескі Қытай-Қазақстан дауы аса күрделі болды. Кейбір қытай карталарында Қазақстанның қомақты өңірлері, соның ішінде Балқаш көлі де, Қытай аумағы ретінде көрсетілген. Мұндай талаптар мен қарсы талаптар бастапқыда шешім таппайтындай болып көрінді. Бірақ соның бәріне қарамастан, Төраға Цзян Цзэмин мен Президент Нұрсұлтан Назарбаев арасындағы түсіністік кедергілердің бәрін еңсерді. Екі көшбасшының арасында жылы қарым-қатынас орнағаны соншалық, олар шекара туралы ежелгі дау-дамайды тарих еншісіне қалдырды. Бұл Қазақстан үшін ірі тарихи жетістік еді және ондағы Н.Назарбаевтың еңбегі қомақты.
Екі алып көршісі Ресей мен Қытай арасында бейбіт өмірге қол жеткізе отырып, Президент Назарбаев халықаралық қоғамдастық алдында Қазақстанның әлемдегі орнын белгілеуге көбірек көңіл бөле алатын еді.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап елдің жаңа Сыртқы істер министрлігінің негізін қалаған талантты дипломаттардың, бітімгерлер мен елшілердің элиталық корпусын құруға басымдық берілді. Назарбаевтың әлемдік аренадағы екі көрнекті сыртқы саяси жетістігі оның ядролық қарусыздану саясаты мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалығы болды.
Н.Назарбаевтың ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жолы және оның осы халықаралық ұйымның 2010 жылғы Астана саммитін өз елі үшін аса табысты саяси оқиғаға айналдыруы ХХІ ғасыр дипломатиясының тарихында аңыз болып қалады. Айта кетерлігі, бұл оқиға Н.Назарбаевтың жаһандық саммиттің шоу-бизнесін де, нақты бизнесін де мүлтіксіз түсінетін ұлттық көшбасшылардың жоғары лигасына көтерілуін білдірді.
ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекет басшыларының Астанаға ағылуы әсерлі көрініс болды. Олардың ішінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Ресей президенті Дмитрий Медведев, Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Николя Саркози, Италия премьер-министрі Сильвио Берлускони және әлемнің 40-қа жуық президенті, премьер-министрі, премьер-министр орынбасарлары және сыртқы істер министрлері болды.
Н.Назарбаевтың артықшылықтарының бірі оның ел ішінде де, әлемде де өз көшбасшылығын мойындату үшін жүйелі түрде жұмыс істеуі деуге болады. Бұл оңай жол болған жоқ. Қазақстанды адам құқықтары саласында мінсіз жетістіктерге жете алмағаны үшін және еркін де әділ сайлаудың демократиялық идеалы жолындағы ілгерілеудің жеткіліксіз болғаны үшін сынайтын және әділ сынайтын халықаралық идеалистер бар. Дегенмен, халықаралық реалистер елдегі тұрақтылық пен тұрақты экономикалық өсім үшін Назарбаевқа алғыс білдіреді. Қазақстан бұрынғы Кеңес республикалары қатарында осындай нәтижелерге қол жеткізген және ХХІІ ғасырда да өмір сүретіні және өркендей беретіні күмәнсіз көрінетін бірден-бір мемлекет секілді.
Қазақстанға жолы түскен кез келген сұңғыла адам бұл елдің өзімен, көршілерімен, басым мәдениетімен және заманауи рухпен келісімде өмір сүріп жатқанын байқайды. Қазақтар елдің 19 миллион халқының басым бөлігін құрағанымен, бұл – мүмкіндіктері мол және таланттардың бәріне ашық көпұлтты қоғам.
Осынау үміт пен ілгерілеу рухын сіңіруге ең қолайлы қала – жақында Нұр-Сұлтан деп қайта аталған ел астанасы. Вашингтон, Бразилия, Оттава немесе Канберра сияқты үкіметтік қала болу үшін салынған бұл шаһар мемлекеттің негізін қалаушының жан-дүниесімен және көзқарасымен үндес. Қазіргі уақытта миллионнан аса жас, көпұлтты халқы бар Нұр-Сұлтан; оның экзотикалық халықаралық сәулеті; қазіргі саяси басқару мен білім берудегі болашақ үміттерге қатар көңіл қою; сонымен қатар биліктің Президент Назарбаевтан Президент Тоқаевқа бейбіт жолмен өтуін қамтамасыз ету – мұның бәрі табысты ұлттың тәжіндегі інжу-маржанды құрайды.
Бұл інжу-маржанды кім тауып, қырнап-сырнады? Олардан тәж жасап шығарған кім? Оны бүкіл әлемге мойындатып, өз елінде құрметтеуге жетелеген кім? Софоклдың тілімен айтқанда, Қазақстанның күндерін керемет еткен кім? Бұл сұрақтардың бәрінің жауабы – Нұрсұлтан Назарбаев. Сондықтан Республика Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ол өз елінің «негізін қалаушы Президенті» құрметіне әбден лайық.
Джонатан ЭЙТКЕН,
Құрама Корольдіктің бұрынғы Қорғаныс мемлекеттік министрі, Қазақстан Республикасының
Тұңғыш Президенті – Елбасы
Н.Назарбаев өмірбаянының авторы