Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Елорда төрінде еліміздің рухани құндылықтары қашан да алдыңғы орынға қойылып келеді. Елбасының ең ұлы туындысы саналатын шалқар шаһарда халқымыздың асыл қасиеттері асқақтап тұр. Осылайша бүгінгі елордада ажары мен келісті келбетін сақтай отырып, ұлттық ұлы рухына да маңызды мән беріледі. Қаланы «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарына сәйкес дамытудамыз. Осы жылы 200-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандырдық. Денсаулыққа пайдасы бар таза ауада жайлы уақыт өткізуге арналған жаңа орындар ашылды. Атап айтқанда, NS street life көше спортының колизейі, қаладағы алғашқы «Театральный» жаяу жүргіншілер желекжолы, Demalys Promenade жаяу жүргіншілер көшесі, құтқарушылар, мұғалімдер және тағы басқалардың құрметіне арналған тақырыптық алаңқайлар. Абаттандыру кезінде қаланы көгалдандыруға назар аударамыз. Биыл 1 млн-нан астам жасыл желек отырғызамыз, театрлар мен көрікті жерлерде өзіндік «жасыл аралдар» пайда болды», дейді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.
Жуырда елорда төрінде «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен өткен инфографика түріндегі «Қажырлы еңбек – табыс кілті» атты электронды флаерлерін әзірлеу жобасының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жеңімпаздары марапатталды. Ulttyq tárbıe идеологиялық платформасы аясында институт жүзеге асырып отырған жоба бар күш-жігерін босқа сарп етпей, өмірде кездескен түрлі қиындықтарға мойымай, қоғамға пайдасын тигізген тұлғаларға арналды. Сол арқылы жастарды еңбексүйгіштікке баулып, еңбек адамын құрметтеуге, үлгі тұтуға шақырды.
Биыл тамыз айында бастау алған жобаға білім беру, ғылым, медицина, мәдениет, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп сияқты 6 сала бойынша азаматтар қатысты. Олар өздерінің кәсіби біліктілігімен жетістікке жеткен өмірбаяны, қызметі және жетістіктіктері туралы ақпараттарды әлеуметтік желіде жариялады. Жарияланған 654 посттың 282-сі ақпараттық болса, 372-сін еліміздің өңірлеріндегі тұлғалардың өздері ұсынды. Аталған жобаға Нұр-Сұлтан қаласынан 10-ға жуық адам қатысты. Солардың арасынан ҚазКСР Еңбек сіңірген әртісі, өнертану кандидаты, өнертану профессоры, Қазақ ұлттық хореография академиясының хореография факультеті режиссура кафедрасының профессоры Тойған Ізім мен ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты, доцент, «Стандарттау және сертификаттау» саласының маманы Зарифа Қашқарова жеңімпаз атанды. Ең бастысы, Ulttyq tárbıe идеологиялық платформасы жастарға адал еңбекпен тапқан астың қаншалықты дәмді, мәнді болатынын үлгі етті деуге болады. Ел ішінен іріктелген 30 тұлғаның есім-сойы әлеуметтік желілерде жарияланып, жастардың назарына ұсынылды. Осы жоба еңбек ерді де, елді де алға жетелейтінін ойға салды. Елге Елбасы бағдарламасының идеялары осылай мәнді де мағыналы мәнерде түсіндірілді.