Мақсат – импортты шектеу
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, 2021 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі капиталына салынған инвестициялардың жалпы көлемі 659,7 млрд теңгені құраған. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40,5%-ға ұлғайған. Сондай-ақ тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 91,2 млрд теңгені құрапты. Бұл өткен жылдың көрсеткішінен 2,6%-ға жоғары.
– Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық жобаларын іске асыру жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған жол карталарын әзірлеп, бекіткен болатын. Жол карталарына сәйкес жалпы сомасы 4,4 трлн теңге болатын 934 инвестициялық жобадан пул жасалды. Жобалар пулынан негізгі ірі бағыттары айқындалды. Мәселен, ет өндірісі бойынша 1 трлн теңгеге 301 жобаны, жылыжай кешендері бойынша 1 трлн теңгеге 67 жобаны, сүтті мал шаруашылығында 452 млрд теңгеге 186 жобаны, құс шаруашылығында 373 млрд теңгеге 47 құс фабрикасын салу, өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында 300 млрд теңгеге 73 жобаны іске асыру жоспарланған. 5 жыл ішінде қантпен қамтамасыз ету 80%-ға дейін жеткізіледі. Жалпы сомасы 228 млрд теңгені құрайтын жобаларды іске асыру көзделген. Қарқынды бақтар саласында 100 млрд теңгеге 32 жобаны іске асыру жоспарлануда. Өзге де бағыттар шеңберінде жалпы сомасы 834 млрд теңгеге 225 жобаны іске асыру жоспарда бар. Олар суару, тұқым шаруашылығы, тамақ өнімдерін өндіру және тағы да басқа бағыттардағы жобаларды қамтиды, – деді министр.
Белгілі болғандай, бекітілген жол карталарына сәйкес биылға 263 млрд теңгеге жоспарланған 285 жобаның ішінен осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 241 млрд теңгеге 268 жоба пайдалануға берілген. Әкімдіктердің ақпаратынша, жыл соңына дейін 22 млрд теңгеге 17 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Іске асырылған жобалар бойынша көш басында Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстары тұр. Сондай-ақ 2021 жылғы инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша орындалу деңгейі шамамен 94%-ды құрайтынын атап өткен жөн. 11 айдың қорытындысы бойынша өсімдік шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында 34,3 млрд теңгеге 27 жоба, 7,5 млрд теңгеге 6 ет комбинаты, бақтар отырғызу саласында 10,3 млрд теңгеге 14 жоба, азық-түлік өнімдерін өндіру саласында 2,3 млрд теңгеге 6 жоба, тұқым шаруашылығы бойынша 1,7 млрд теңгеге 4 жоба, сондай-ақ 12,9 млрд теңгеге 28 репродуктор пайдалануға берілген.
– Әкімдіктердің ақпаратына сәйкес жыл соңына дейін 22 млрд теңгеге 17 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Экспортталатын өнім көлемін ұлғайту мақсатында министрлік өңделген өнім экспортына басымдық бере отырып, ауыл шаруашылығы өнімінің экспорттық әлеуетін дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. 2021 жылдың 9 айында агроөнеркәсіптік кешен өнімдері экспортының көлемі 2,6 млрд долларды құрап, көрсеткіш 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,3%-ға өсті. Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдері экспортының көлемі 950,5 млн долларды құрады. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,4%-ға жоғары. Агроөнеркәсіптік кешен өнімдері экспортының құрылымында өңделген өнім экспортының үлесі 37%-ға тең, – Е.Қарашөкеев.
Ол ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік тауарларының негізгі 29 түрі бойынша ішкі нарықтың қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізетінін алға тартты. Азық-түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша ішкі нарықтың отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етілуі шамамен 85%-ды құрайды. Құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, алма, қант және балық сияқты тауарлар импортқа тәуелді. 2021 жылы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ірімшік пен сүзбе өндірісі 18,6%-ға, шұжық өнімдері 9,5%-ға, алма 7%-ға, қант 28,9%-ға, балық өндірісі 10,1%-ға ұлғайған.
– Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасының үшінші бағытын іске асыру шеңберінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымдары арқылы қаржыландыру жолымен құны 311,9 млрд теңгені, қаржыландыру сомасы 100 млрд теңгені құрайтын 40 инвестициялық жобаның тізбесі бекітілді. Алдын ала бағалау бойынша 40 инвестициялық жобаны іске асыру 4 263 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Министрлік трансұлттық компаниялардың қатысуымен агроөнеркәсіп кешені саласындағы 10 аса ірі инвестициялық жобаны іске асыруды пысықтау үстінде. Инвестициялардың жалпы сомасы 2,3 млрд долларды құрайды. Министрлік жобаларды іске асыру, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен саласына инвестициялар тарту шеңберінде жұмысты қарқынды ету үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатыр. Биыл жоспарланған жобалардың ішінде 22 млрд теңгеге 17 жобаны іске қосу ғана қалып отыр. Осыған байланысты инвестициялық жобаларды уақтылы іске асырып, пайдалануға беру жұмысын жандандыру қажет, – деді министр.
Балық шаруашылығына бетбұрыс
Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов балық шаруашылығындағы жобалардың іске асырылуы туралы баяндады. Оның айтуынша, балық өсіру балық саласының дамуындағы өсу нүктесі болып саналады. Сондықтан өсірілген балық көлемін 2030 жылға қарай жылына 270 мың тоннаға дейін ұлғайту міндеті қойылған. Ол үшін 1 мыңнан астам жаңа балық өсіру шаруашылықтары құрылмақ.
– Жедел ақпарат бойынша жыл басынан бері балық өсірушілер шамамен 12 мың тонна тауарлық балық өсірген, жоспар – 12,8 мың тонна. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш толық көлемде орындалатын болады. Сонымен бірге балық аулау көлемі өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға өсті. Балық шаруашылығы саласындағы бизнес үшін заңнамалық деңгейде қолайлы жағдайлар жасалуда. Қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтіліп, балық өсіру шаруашылықтарының құрылысы мен жұмыс істеуіне кедергі келтіретін артық талаптарды алып тасталды. Соның нәтижесінде биыл агроөнеркәсіп кешенінде балық өндіру бойынша 9 инвестициялық жоба іске асырылды. 280 жұмыс орны құрылды. 3,2 млрд теңге жеке инвестиция тартылып, олардың жалпы қуаты шамамен 10 мың тоннаға жетті. Аталған балық өсіру шаруашылықтарының бірқатары алабалық, тилапия, африкалық жайын сияқты балықтардың жаңа түрлерін өсіруде. Олар Қазақстан үшін дәстүрлі емес, бірақ қысқа мерзімде тауар массасын алу есебінен коммерциялық жағынан тартымды болып саналады. Ең ірі жобалар Түркістан, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылды. Балық өсіру жобаларымен бірге Қызылорда облысында орналасқан екі балық өңдеу жобасы қолға алынды. Табиғи су қоймаларын пайдалана отырып, жобаларды іске асыру бойынша шаралар да қабылдануда. Биыл жаңа 113 көлде балық өсіру және тор шаруашылықтары құрылды. Олардың есебінен шамамен 5,8 млрд теңгеге жеке инвестиция тартамыз және бір мыңға жуық жұмыс орнын құра отырып, жылына 10 мың тоннаға дейін балық өсіреміз деген жоспар бар, – деді А.Пірімқұлов.
Оның баяндауынша, биыл балық өсіру көлемі 129 мың тонна болатын 32 жобаны іске асыру басталған. Аяқталу мерзімі 2022-2025 жылдар деп көрсетілген. Шамамен 182 млрд теңге инвестиция тарту көзделіп отыр.
Тақырыпты түйіндеген Асқар Мамин өндірісті кластерлік дамытуды, шағын өндірушілер мен өңдеушілерді ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіруді ынталандыру арқылы өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту керек екенін еске салды.
– Бұл жобаларды іске асыру, ең алдымен, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы, 2023 жылдың соңына дейін барлық негізгі азық-түлік өнімдері бойынша импортқа тәуелділікті шектеу қажет, – деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы ішкі нарық қамтамасыз етілгеннен кейін өнім түрлері мен таралу географиясын кеңейту арқылы экспорт көлемін ұлғайту маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар сақтау және логистика инфрақұрылымын қолжетімді ету қажет. Себебі тауардың өзіндік құнында олардың үлесі басым. А.Мамин әлемдік нарықта азық-түлік тауарларына сұраныстың артқанын ескере отырып, Қазақстанның әлемдік азық-түлік хабтарының біріне айналу мүмкіндігі жоғары екенін айтты. Сондықтан ол инвестициялық жобалардың, әсіресе импортқа тәуелді тауар позициялары бойынша жобалардың іске асырылу барысын ерекше бақылауды және сүйемелдеуді тапсырды. Ивестициялық жобаларды уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз ету, әкімдіктермен бірлесіп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидия төлеу бойынша мемлекеттің міндеттемелерін орындау да маңызды.
Індеттің беті қайтып келеді
Әдеттегідей Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай сөз болды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың мәліметінше, Қазақстанда соңғы екі аптада коронавируспен сырқаттану 31%-ға төмендеген. Әлемдік рейтингте 1 млн тұрғынға шаққанда 222 ел ішінде Қазақстан сырқаттанушылық бойынша 110-орында, өлім-жітім бойынша 102-орында тұр.
– Жалпы, Қазақстанда соңғы айда ауырған адам саны 3,1 есе, стационарлық және амбулаториялық ем алып жатқандардың саны 1,7 есе азайды. Инфекциялық төсектердің қамтылуы 23%-ды, реанимациялық төсектер 20%-ды құрады. Халықты КВИ-ге қарсы вакциналау жалғасып жатыр. Бірінші компонентпен 8,8 млн астам адам егілді. Екінші компонентті 8,3 млн астам адам алды. Бүгінгі таңда Pfizer вакцинасының бірінші компонентімен 188 906 адам қамтылды, оның ішінде 150 669 жасөспірім, 38 237 жүкті және бала емізетін әйел вакциналанды. Екінші компонентпен 19 386 адам егілді. Ревакцинациямен 136 мың адам қамтылды. Жалпы, КВИ ауруы бойынша оптимистік сценарий жүзеге асып жатыр, – деді А.Цой.
Министрдің мәліметінше, қазіргі уақытта коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша 11 өңір және жалпы Қазақстан Республикасы «жасыл аймақта» тұр. Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары «сары аймақта» орналасқан.
Үкімет басшысы маска тағу режімін, әлеуметтік қашықтықты одан әрі сақтауды және вакциналау мен ревакцинация қарқынын күшейтуді тапсырды.