Мадридтің «Реалы» біраз уақыттан бері Киллианға көз тіккені белгілі. Париждік клубтың басшылығына «құда түсіп» көңілі қалған корольдік клуб президенті Флорентино Перес енді 2022 жылды асыға күтіп отыр. Тек 2022 жылдың қай мезгілінде деген ғана сауал күн тәртібінде тұр. Дәл қазір Мбаппенің париждіктермен келісімшартының аяқталуына бір жылдан аз уақыт қалды. Ал жыл бұрын франциялық команда басшылары футболшыны 160 миллион еуроға жібермей қойған еді. Соған қарағанда Киллиан келісім шарты аяқталған кезде, яғни, 2022 жылдың жазында «Реалдың» жейдесін киетін шығар. Алайда клуб басшылары футболшыны қаңтар айында сатып алуға да тырысуы мүмкін.
«Манчестер сити» футболшысы Ферран Торрестің ағылшын клубымен келісім шарты 2025 жылға дейін екені белгілі. Алайда футболшы қаңтар айында испаниялық «Барселонаның» сапына ауысуы ықтимал. Футболшының өзі «Барселонада» ойнағысы келетінін айтқан болатын. Өз кезегінде каталониялық клуб жетекшілері де Торресті асыға тосып отырғанын жеткізген.
«Манчестер Юнайтед» футболшысы Поль Погбаның клуб ауыстыруы ықтимал деген әңгіме тарағалы да біраз жыл болды. Бұл әңгімелерге нүкте қойылатын кез келген секілді. Маусым соңында Погбаның ағылшын клубымен келісімшарты аяқталады. Испанияның «Реалы», Италияның «Ювентусы» және париждік «ПСЖ» футболшыны қатарына қосудан үмітті.
«Барселона» сапында әртүрлі маусымда біртүрлі ойын өрнегін көрсеткен Усман Дембелені «Тоттенхем» мен «Ювентус» футбол клубтары құшақ жая қарсы алуға әзір. Әйткенмен ол «Ньюкаслға» баруы әбден мүмкін. Каталондық клубтың бапкерлік құрамы Дембеленің тәртібін жақтырмайтынын, футболшының келісімшартының келесі жылы аяқталатынын ескерсек, Усманның клуб ауыстыратыны талас тудырмайды.
«Наполи» сапында жасындай жарқырап жүрген Лоренцо Инсиньенің де команда ауыстыратын уақыты жақындап қалды. Клуб басшыларының жаңа ережесіне көңілі толмай жүрген футболшы өзі ұзақ жыл намысын қорғаған «Наполиден» кететін секілді. Өйткені ол жалақысының төмендегенін қаламайды. Футболшыға «Интер», «Челси», «Тоттенхэм», «Ньюкасл» командалары қызығушылық танытып отыр.