Руханият • 15 Желтоқсан, 2021

«Қарашаңырақ» фестивалінің жеңімпаздары белгілі болды

639 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған дәстүрлі  «Қарашаңырақ» атты жаңа қойылымдар фестивалін өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қарашаңырақ» фестивалінің жеңімпаздары белгілі болды

Фестивальдің мақсаты – жаңа қойылымдардың шығармашылық сапасы, оның ішінде актерлердің табысты жұмысын анықтау. Актерлерге серпін беріп, көрермен мен театр арасындағы байланысты нығайту.

«Бұрын бұл фестиваль «Театр көктемі» деп аталды. Бірақ фестивальдің аты өзгерсе де, бір жылда жасалған жұмыстардың нәтижесін шығару болып табылатын мақсат-мәні өзгермек емес. Режиссура, актерлік өнер, сценографияға көңіл аударып, биылғы фестивальді Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап, арнайы шара ретінде өткіздік. Фестиваль аясында көрермен назарына бес спектакль ұсынылды, олар: «Екеуміз», «Барымен базар», «Оң қол», «Туған күн», «Пері қатын» спектакльдері. Шедевр жасап тастадық дегеннен аулақпыз, осы спектакльдерді сахнаға дайындау барысында қандай қателік орын алды, жетістігі неде деген сұрақтарды сараладық. Сол үшін сарапшылар алқасы шақырылып, мамандардың пікіріне құлақ түрдік» деді театр директоры Еркін Жуасбек.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысқан баспасөз мәслихатында театрдың көркемдік жетекшісі, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов маусым аралығында сахналанған спектакльдердің идеялық мазмұны мен көркемдік құндылығына тоқталып, бүгінгі көрермен талғамынан шығатын, қоғам шындығын қозғаған тақырыптарға баса назар аударатынын атап өтті.

1325465

Театрдың шығармашылық бағыт-бағдарын белгілеуде маңызы зор «Қарашаңырақ» фестивалінің биылғы ұйымдастырылуында жаңалық мол. Жеңімпаздар түрлі аталымдар бойынша жүлдеге ие болды. Атап айтқанда, биыл алғаш рет «Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл» аталымы енгізіліп, демократиялық жаңарудың басы болған сол қаҺарлы күндерде алаңдағы жастар ішінен табылып, жазаланып, кейін ақталған ерлі-зайыпты театр әртістері Үсіпәлі мен Гүлнар Сейтімбеттер 75 000 сыйақыға ие болды.

«Үміт» жүлдесімен Әділет Базарбай мен Индира Құлмағанбетова, «Кәсіби жетістігі үшін» Ғалымбек Оспанов, Мадина Келгенбай, Асан Мәжит, Ләйлә Тілеуованың рөлдері атап өтілді.

«Серке Қожамқұлов»» атындағы жүлде Төлеубек Аралбай, «Әшірәлі Кенжеев» атындағы жүлде Жұмағали Маханов, «Фарида Шәріпова» атындағы жүлде Назгүл Қарабалина, «Рахия Қойшыбаева» атындағы жүлде Гүлшат Тұтова, «Зәмзәгүл Шәріпова» атындағы жүлде Шынар Жанысбекова, «Марфуға Байзақова» атындағы жүлде Нұржан Бексұлтан, «Қайрат Сүгірбеков» атындағы жүлде Елік Нұрсұлтанға табысталды. Ал биылғы фестивальдегі «Үздік ер адам бейнесін» Бауыржан Қаптағай мен «Үздік әйел адам бейнесін» Данагүл Темірсұлтанова иеленді. Жеңімпаздардың барлығы арнайы диплом мен қаржылай сыйлыққа ие болды.

Бұдан өзге театр өнері мен шығармашылық еңбекті кеңінен насихаттап, ақпараттық қолдау көрсеткен БАҚ өкілдеріне де сертификаттар табысталды.

АЛМАТЫ