Сұхбат • 15 Желтоқсан, 2021

Елбасы егемен елдің еңсесін тіктеді

299 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Ел үшін еркіндікке қол жеткізу қаншалықты маңызды болса, сол еркіндікті, тәуелсіздікті уыс­та ұстап қалу мәселесі де сон­ша­лықты маңызды. Өткен үш он­жылдыққа бұрылып қараған сайын осындай ойда қаламыз. Ең бастысы, бостандықтың бозала таңы бозарып атқан тұста ұлттық қауіпсіздігімізді, тұтастығымызды қамтамасыз етуде барынша еңбек еткен тұлғалар болды. Бұл ретте біз әр жылдары жауапты қызметтерді атқарып, Қазақстанның қалыптасу кезеңінде тер төккен аптал азамат Сәт Тоқпақбаевпен әңгіме­лескен болатынбыз.

Елбасы егемен елдің еңсесін тіктеді

– Сәт Бесімбайұлы, Отанымыздың тәуелсіздігінің баянды болуының бірден-бір кепілі – күштік құрылымдар екені анық. Кеңес Одағы ыдыраған тұста жас мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары қалай жүрді?

– Жалғыз Қазақстан ғана емес, ТМД аумағындағы мемлекеттердің барлығы дерлік Кеңес өкіметінің шекпенінен шық­ты ғой. Ол уақытта өндіріс орын­дары тікелей Мәскеуге бағынатын еді. Бұған қоса шегенделген шекарамыз да болған жоқ. Шекарасы болмаса – мемлекет те болмайды. Сондықтан жас мемлекеттің алдында тұрған басты мәселе – шекараны бекіту болды. Бұл ретте, Ресейдің осы шекара мәселесіне жауап­ты орган басшылары Қазақстанға ар­на­йы келіп, келіссөз жұмыстарын жүр­гіз­дік. Сол кезде Ресей тарапы Қазақ­стан­ның шекарасын күзетейік деген ұсыныс жасады. Себебі КСРО құрамынан енді-енді бөлініп шыққан бірқатар мемлекет шекара күзетін нақ осы Ресей Федерациясына табыстаған болатын. Мен оған келіспедім. Себебі тәуелсіз елдің ең басты құндылығы осы шекара. Оны өзге мемлекетке күзеттіріп қоюға бол­майды. Бұған Ресей тарапы бірден келі­се кеткен жоқ. Ендеше Ресейдің батыс шекарасын біз күзетейік деп қарсы ұсы­ныс тастадым. Осы сөзімнен кейін көр­ші мемлекеттің өкілдері өздерінің ұсы­ныс­тарын қабыл алмайтынымды түсінді. Тіпті осы мәселе туралы Елбасына да баяндадым. «Бұл туралы өзің не ойлайсың?», деді. «Егемен еліміздің шекарасын өзіміз күзетпесек, кім күзетеді?» деп едім, Нұрсұлтан Назар­баев «Өте дұрыс» деп сөзімді қош­тады. Ол уақытта премьер-министр Сергей Терещенко болатын.

Әрине қай кезде болсын шекараны белгілеу мәселесі аса қиын. Шекараны дели­ми­тациялау және демаркациялау деген ұғымдар бар. Қос тарап шекараны ал­дымен картаға, содан кейін барып нақ­ты орналасқан жерінде белгілейді. Мә­сел­ен, шекараны белгілеп келе жат­қан кезде қарсы алдыңнан үй шығуы мүм­кін. Сондықтан шекараны белгілеу мәселесі оп-оңай шешіле салған жоқ. Ұлтарақ­тай жер үшін тартыстық. Тәуелсіз Қазақ­станның мемлекеттік шекарасы осы іспеттес қиын­дықтармен орнаған-ды.

– Егемен елдің күштік құрылым­дарын қалыптастыру кезеңіндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі жайлы не айтасыз?

– Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ­стан КП ОК Бірінші хатшысы болғанын білесіздер. Сол тұста Қазақ КСР МҚК-ның төраға­сы Николай Вдовин есімді азамат еді. Мен сол кезде аталған органның бас­қар­ма басшысы едім. Төрағадан «Ішкі жағдайды жақсы білесің. Соны Нұр­сұл­тан Назарбаевқа барып баян­да» деген тапсырма алдым. Келісілген уа­қыт­та Бірінші хатшының кабинетінен табы­лып, әс­кери тәртіппен орысшалап «Здра­вия желаю! Осылай да осылай келіп тұр­мын» дей беріп едім Нұрсұлтан Әбішұлы орнынан тұрып, «Ассалаумағалейкум, Сәке» деп қазақы дәстүрмен амандасты. Әп-сәтте әлгі әскери тәртіп жайына қалып, ұзын үстелдің жанына жайғастырды. «Бар­лы­ғын айт, жасырма» деді. Кеңес зама­нында мемлекет өзге емес, тіпті өз халқына се­нім­сіздікпен қарайтын еді. Басқарма бас­шысы ретінде мен де кімнің қалай жұмыс істеп жатқанын жақсы білетінмін. Сол кезде ел тізгінін ұстап тұрған тұлғаға бұ­дан соң қашан жолығамын дейсің деген ой келіп, барлық жағдайды жасырмай жайып салдым. Нұрсұлтан Әбішұлы үндемей тыңдап отырды да, баяндамамның соңында орнынан тұрып «Баяндамаң үшін рахмет. Көп жайтты жасырмай баяндадың. Алдағы уақытта да шындықты айтып отыр», деп риза­шылығын білдірді. Елбасымен ең алғаш таныстығым осылай басталды. Осы жүз­десуден соң көп уақыт өтпей Николай Вдовиннің орнына Болат Баекенов есімді азамат ҰҚК-ның бастығы болып бекітілді. Ал мен осы органның Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша басқарма басшысы болып тағайындалдым.

Қазақ халқы «жай адам патша болмайды» дейді ғой. Расымен де Нұрсұлтан Назарбаев жай адам емес. Көп жыл қатар қызмет еткен адам ретінде айтып отырмын мұны. ҰҚК-ны басқарған кезім де болды. Сол кезде түрлі лауазымды қызметкерлерді жинап алып «Сіздер алпауыт елдердегі әріптестеріңізден бір мысқал да кем емессіздер», деп жі­гері­міз­ді жанып, айбынымызды асырып отыратын еді. Ақыл-кеңесін айтып, тәлім-тәрбиесін беріп, бағыт-бағдарын нұсқай білді. «Алдымызда тұрған ең негізгі мәселе – тәуелсіздіктен айрылып қалмау. Бабаларымыз аңсаған еркіндікке біздің қолымыз жетті. Енді соны уысымыздан шығарып алмауымыз керек», деп үнемі айтып келді. Бұл ретте, бұрын МҚК-да қызмет еткенімді ескеріп, ұлттық қауіп­сіздік саласында қандай мәселе барын сұрады. «Мен КСРО-ның мектебінен өт­кен адаммын. Оның тәжірибесін жақсы бі­лемін. Алайда АҚШ сынды алпауыт ел­дердің тәжірибесін ескерген де жөн болар еді», дедім. Бірер күн өткен соң Нұрсұлтан Назарбаев шақырып алып, АҚШ-қа аттанатынымды, бұл ту­ра­лы арнайы келі­сім жасалғанын жет­кізді. Сондағы мақ­саты­мыз АҚШ-тың арнаулы органының қызметі­мен та­ны­су болды. Қасыма өзіммен бірге та­ғы екі азаматты қосып беріп, үшеу­міз Америкаға табан тіредік. Осы мем­ле­кет­тегі Президенттің күзет қызметінің жұмы­сымен таныстық. Онда бізді Орта­лық барлау басқармасының директоры Роберт Вулси қабылдады. Шынын айтайын, аса жылы қабылдау болды. Негізі, арнаулы органдардың қызметкерлері өзге елдегі әріптестеріне құпияларымен бөлісе бермейді ғой. Алайда бұл жолы бас­қарма директоры ондай әрекетке бар­ған жоқ. Көп тәжірибесімен бөлісті. Жол­ға шығарда өзіммен бірге қазақтың қам­шысын және арнайы тапсырыс­пен әзірленген шағын кілемге Роберт Вулси­дің бейнесін бедерлеп, сыйлық ретін­де ала барған болатынмын. Оның өзі ай­­тар­лықтай қиындық тудырды. Неге де­се­ңіз, алдымен барлау басқармасы дирек­торының суретін табу керек болды. Амал­сыз қауіпсіздік саласында қызмет ете­тін Мәскеудегі бір досыма өтініш жаса­дым. Ол келісімін беріп, суретті ҰҚК-ның бас­шылығына жіберетінін айтты. Ақы­ры осы қамшыны Роберт Вулсиге тапсы­рып тұрып, оны тәртіптің нышаны ретін­де таныстырып, табыстадым. Барлау бас­қар­ма­сының директоры өте разы болды.

АҚШ-та жүргенімізде Елбасы үнемі хабар­ласып, жағдайды біліп отырды. Сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақ­станға Роберт Вулсиді шақырсақ қалай болар екен деген ұсыныс жасап едім, Тұң­ғыш Президентіміз бірден келісімін берді. Роберт Вулси де шақыруды шын ықыласпен қабылдады. Сөйтіп, Қазақ­станға қайтып ораламыз дегенімізше 2 Боинг ұшағымен барлау басқармасы­ның директоры да соңымыздан келіп қон­ды. Елбасының қабылдауында да болды. Алып мемлекеттің арнаулы органымен байланысымыз осылай нығая бас­тады. Міне, Тұңғыш Президентіміздің ел еге­мендігін қызғыштай қорып, оның қауіп­сіздігін қамтамасыз ету жолында ма­ңызды қадамдар жасай білгенін осы­дан-ақ аңғаруға болады. Елбасы егемен елдің еңсесін тіктеді. Кейін осы тәжі­ри­бе ескеріліп, елімізде Президенттің күзет қызметі, Республикалық гвардия құрыл­ды. Президенттің күзет қызметі тек Елба­сы мен Үкімет мүшелерін ғана емес, сондай-ақ айрықша маңызы бар нысандарды да күзетті.

– Сіз егемендіктің елең-алаңында Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің төраға­сы болып тағайындалдыңыз. Жаңа­дан құ­рыл­ған арнаулы органның жаңа ба­с­шысы ретінде кадр даярлау мәселесінде қандай қадамдар жасадыңыз?

– Еліміз егемендік алған жылдары ең алдымен маман тапшылығы сезіле бас­тады. Көшетіні көшіп, кететіні кетіп жат­қан уақыт қой. Тәуелсіз Қазақстанның кадр­лары дайындала қоймаған, жоқ­тың қасы. Не әскери, не қауіпсіздік мәсе­лесінде маман даярлайтын жоғары оқу орны болған жоқ. Сол тұста түрлі училищелердің базасында арнайы оқу орын­дарын құра бастадық. Ендігі қиын­дық – профессорлық-оқытушылық құ­рам­­ның жоқтығы еді. Осы кезде көрші ел­дердің профессорларын, генерал­дарын дәріс оқуға шақырттым. Ал қара­ма­ғымдағы жігіт­терге сол дәрістерді жа­зып алуды тапсырдым. Сол дәрістерді кейін кітап ретінде пайдалана бастадық. Бұл уақытта Ресейдегі Федералдық қарсы барлау қызметінің директоры Сергей Степашин, Ресей Сыртқы барлау қызметінің директоры Евгений При­маков сынды әріптестерімізбен өте жақ­сы қарым-қатынаста едік. Осы кезде Ев­гений Примаков Қазақстанның барлаушы­ларын тегін даярлайтынын жеткізді. Әрине, әр мемлекет өз бар­лау­шысын өзі даярлау керек қой. Алай­да амал­дың жоқтығынан Евгений При­маков­тың ұсынысын қабылдауға тура келді. Осылайша еліміздің алғашқы 10 бар­лау­шысы Ресейде даярланды. Ал қарсы барлаушыларымызды Сергей Сте­па­шин Ресей мемлекетінің есебінен даяр­лай алмайтынын жеткізген соң, қара­жатын төлеп оқыттық. Егемендіктің елең-ала­ң­ында осындай қиыншылықтарды бастан өткердік.

– Күштік құрылымның басшысы ретінде шет мемлекеттердің арнайы органдарымен байланыс орнату қаншалықты қиын болды? Олар жас мемлекетпен қарым-қатынас орнатуға талпынды ма?

– Тәуелсіз елдің арнаулы органының өкілі ретінде өзге мемлекеттердегі әріп­тес­теріммен таныстық жұмысы әр жылдары жалғасын тауып жатты. АҚШ-тан соң Ресейге, Қытайға, Германияға са­пар­ладым. Ол уақытта Қытайда қауіп­сіздік қызметі болған жоқ. Ішкі істер министрлігі ғана қызмет етіп тұрған еді. Дәл біз сапарлаған уақытта ҰҚК іспетті қауіпсіздік министрлігі құрылды. Оның басшыларымен де жолығып, келіссөздер жүргіздік. Кейін 3 адам болып Германияға аттандық. Онда бізді Федералдық барлау қызметі пре­зи­д­ентінің орынбасары қарсы алып, бас­ты­ғының қолы тимейтінін, бірінші орынбасары кездесетінін жеткізді. Мен бұл кездесуден бас тарттым. «Қазақ­стан қатардағы мемлекеттердің бірі емес. Германия секілді үлкен мемлекет. Мен сол мемлекеттің арнаулы қызметінің бастығымын. Дипломат емес, әскери адам болған соң турасын айта­мын. Федералдық барлау қызметінің прези­дентімен кездесе алмайтын болсақ кері қайтамыз», деп сәлем жолдап жібердім. Арада жарты сағатқа жуық уақыт өтер-өтпесте өзге адам келіп, орынбасардың дұрыс жеткізбеге­нін айтып ақталған болды. Басшысы­­ның ертесіне екі-ақ сағат уақыты бар екен. Екі сағат артығымен жететінін жеткіздім. Ақыры Германияның Федералдық барлау қызметінің прези­денті Конрад Порцнермен жүздестік. Қарым-қатынасымыз өте жақсы болды. Келісілген екі сағатымыз ұмыт қалып, кешке дейін әңгімелестік. Барлық мәселені шештік. Шешіп қана қоймай, сол кезде дүние жүзінде бұрын-соңды болмаған жағдай жасап, тікелей телефон арқылы байланыс орнаттық.

Бір айта кететін жайт, елімізде бұрын түрлі себептермен 1 млн-ға жуық неміс халқы мекендеді. КСРО ыдыраған соң олар да өз Отанына асықты. Алайда атажұртына оралғандардың кейбірі осы елдің арнаулы органына барып бұрын Ресейдің, енді Қазақстанның барлаушысы екендерін айтыпты-мыс. Оны кей журналистер іліп әкетіп, көпіртіп көп дүние жазды. Осы жағдай екі елдің қарым-қатынасына зиян тигізуі де бек мүмкін еді. Міне, осы мәсе­лені де Конрад Порцнермен бірге отырып шештік. Германияның Федералдық барлау қызметінің президенті мәселенің мән-жайын бірден ұғынып, ол тақырыпқа одан соң қайтып оралған жоқпыз. Ең бастысы, осы оқиға екі ел арасына сына қағуға жол бермеді. Осындай жүздесулер кейін Фран­цияда, Ұлыбританияда жалғасын тауып, аталған елдердегі әріптестеріммен тиімді қарым-қатынас орнаттық.

– Ел егемендігінің бірден-бір нышан­­дары – Ту, Елтаңба және Прези­дент­тің штандарты. Осы нышандарды бір кездері Алматыдан бүгінгі елорда төріне өзіңіз жеткізген едіңіз. Осы жөнінде не дейсіз?

– Оқиға былай болды. Елбасы өзіне ша­қы­рып, ел астанасы Есілдің бойына көші­рі­летінін жеткізді. Маған жүктелген мін­дет атаған нышандарды аман-есен елор­да төріне алып келу еді. Өздеріңіз жақ­сы білетіндей, әрбір әскери полкта, ди­ви­зияда өзінің жалауы болады. Әскери құ­ры­лым одан айрылып қалса, оны бірден тара­тып жібереді. Мұндай қағида тіп­ті Ұлы Отан соғысы кезінде де болғаны белгілі. Сондықтан маған жүктелген мін­дет аса жауапты болды. Дәл осы тұста бір мәселе пайда болды. Елордаға жет­кізі­ле­т­ін нышандарды барып қарап едім, Ел­таң­баны көтеруге екі жігіт тұрмақ, төрт жігіттің шамасы жетпейді екен. Аса ауыр. Ал ертесіне рәміздермен ресми қош­тасу шарасы жоспарланған. Енді қайт­пек керек? Іле-шала оның авторы Жанд­арбек Мәлібековті шақыртып, Елтаң­баның көшірмесін жасап беруін өтіндім. Жандарбек Мәлібеков жағдайды түсініп, бірер сағатта Елтаңбаның дәлме-дәл көшірмесін әзірлеп берді. Ал түпнұсқаны бір взвод жауынгермен бірге пойыз арқылы елордаға жібердік. Ең бастысы, Елтаңбаның көшірмесін екі сарбаз еш қиындықсыз көтеріп, ортаға алып шықты. Себебі көшірменің салмағы түпнұсқаға қарағанда әлдеқайда жеңіл болатын.

Елдігіміздің нышандары елордаға аман-есен жеткізілген соң, ел астанасында ұлан-асыр той болды десем де болады. Ақсақалдар ақ батасын беріп, халық ыстық ықыласын жаудырды. Салтанатты түрде Туды, Елтаңбаны алып жүрдік. Міне, қастерлі нышандарымызға қатысты осындай сәттер ойымда қалған.

– Қорғаныс министрі болған кезі­ңіз­де армияның күш-қуатын нығай­ту мақсатында қандай қадамдарға бардыңыз?

– 1999 жылы Қорғаныс министрі болып тағайындалған соң үш ай бойы еліміздегі әскердің жағдайын зерттедім. Ге­не­ралдармен ғана тілдеспей, сержант, с­тар­шинаға дейін таныстым. Әскери қыз­меткерлердің тұрмыс жағдайынан бас­тап, жатын орнына дейін назарға алдым. Кеңес Одағы кезінде сан қилы саясат болды ғой. Мәселен, бірде жау АҚШ десе, енді бірде іргедегі Қытай да жау атанып шыға келетін. Соған байланысты, ел шекарасы Қытайға тиіп тұрған соң, әскеріміздің басым бөлігі еліміздің солтүстік-шығысын­да шоғырланған еді. Есесіне, қазба бай­лық­қа толы Каспий маңайында бірде-бір сарбаз жоқ. Дәл сол тұста Ауғанстанда қиын жағдай орын алып жатқан. Ал оңтүстік өңірде сол кездегі Ішкі істер министрлігінің 1 бригадасынан басқа (15 мың адам) ешқандай құрылым болмады. Сондықтан күн тәртібінде солтүстік-шығыстағы әскерді оңтүстік өңірге көшіру туралы мәселе тұрды. Осы мәселе туралы Тұңғыш Президентімізге баяндап едім, «Әскерді әкелуін алып келесің ғой. Алайда осы әрекетіміз туралы көршілер не ойлайды? Соғысқа әзірленіп, жаулап алуды ойлап отыр деп топшылаулары да мүмкін ғой», деді Елбасы. «Онда, Оңтүстік, Шығыс, Батыс, Орталық сынды төрт округ құрайық», деген ұсыныс айттым. Бұған Нұрсұлтан Назарбаев рұқсатын берді. Әрине, округ құрылған жерде әскерилер болады. Әскерилер болатын болса, жергілікті халыққа да жұмыс орындары бұйыратын еді. Ол уақытта тұрмыс ауыр болды ғой. Осылайша елімізде төрт округ құрылған.

Халықтың ғана емес, әскери адамдар­дың да тұрмысы түзеле қоймаған кез еді. Ұят та болса айтайын, сарбаздар та­мақ­қа да, әскери формаға да жарымай жат­қан уақыт қой. Осы тұста еліміздегі Пре­зидент жанындағы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы ұйымдастырылды. Оның алдында Елбасы маған Қарулы күштерді реформалау жөнінде баяндама жасауды тапсырды. Жиынға бұрын­нан істеп келе жатқан екі генералды ерте келдім. Сөйтіп, баяндама барысында Қазақстанның Қарулы Күштерін реформалаудан бұрын, қайта жасақтау, қайта құру қажет екенін жеткіздім. «Нұрсұлтан Әбішұлы, жастарды әскерге шақыруын шақырамыз ғой. Алайда олар екі жылдан соң үйлеріне бір оқ атпай қайтып оралады. Себебі оқ жоқ. Авиацияның 98%-ы, артиллерия мен танктердің 98-99%-ы қаңырап бос тұр», дедім. Сол кезде Нұрсұлтан Назар­баев мәселенің анық-қанығына көзі жеткен соң мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің 1%-ын Қарулы Күштерге беру туралы ше­шім қа­былдады. Барлық мәселе осылай шешілді.

– Елбасы бір сөзінде «бізге саны жағынан шағын, бірақ заманға сай қару-жарақпен жабдықталған, жоғары ұтқыр, білімді, егемен елімізді қорғау мүддесі үшін кез келген жағдайда түрлі іс-қимылға даяр армия қажет» деген еді. Осындай армия бар ма бізде?

– Осыдан 20-30 жыл бұрынғы әскер мен бүгінгі Қазақстан Қарулы Күштерінің айырмашылығы жер мен көктей. Елбасы Қазақстанның әскері мобильді болсын деген сөзін бір емес, бірнеше рет айтты. Тұңғыш Президент шағын болса да, қажетті жерден тез табыла қоятын жыл­дам, мобильді әскердің маңызын үнемі алға тартып отырды. Сәйкесінше, Қару­лы Күштеріміз қажет­ті техникамен, ұшақ­тармен қамтылды. Бұл мәселеде мем­лекеттің ішкі жалпы өнімі­нің 1%-ын Қару­лы Күштерге аударудың пайдасы көп болды деп ойлаймын. Әрине, бұл салада еңбек етпегеніме де біраз жылдың жүзі болды. Осы аралықта да алуан түрлі өзгерістердің болғаны анық. Қарулы Күштердің де өз құпиясы бар. Ол заңды. Бұқаралық ақпарат құрал­дары арқылы осы Қарулы Күштеріміздің өркендеп, дамып келе жатқанын жиі естимін. Соған қуанамын. Мобильді әскер құра алғанымызды біле­мін. Заман талабы солай.

Тәубе, Қазақ елі қай мемлекетпен болсын достық қарым-қатынас орнатып келеді. Соның нәтижесінде бізге жауығып отырған мемлекет жоқ. Алайда босаңсу­ға болмайды. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін арнаулы органдарымыз да, Қарулы Күштеріміз де көштен қалмауға, сақадай сай тұруға тиіс.

– Әңгімеңізге рахмет.