Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Тәуелсіздіктің тірегі – экономика. Егемендік алған жылдары ел экономикасы күрделі кезеңді бастан кешті. Қазақстанның дамуына күш беріп отырған алып өндірістер тұралап, жұмыссыздық белең алды. Ауылшаруашылық саласы да құлдырауға ұшырады. Соны білген Елбасы: «Алдымен –экономика, содан кейін – саясат» деген тұжырымдаманы ұстанып, өркениетті елдер ізімен нарықтық қарым-қатынас жолына түсіп, экономиканы көтеруді басты мақсат тұтты. Осы бағытта шет мемлекеттерден инвестиция тартылып, ауқымды жобалар қолға алынды.
Қиындыққа толы болса да, тарихи кезең деп айтуға болатын осы бір жылдар кешегі күндей көз алдымда тұр. Мен онда Ақмола мемлекеттік аймақтық Мүлік комитеті төрағасының орынбасары, кейін басшысы болдым. Бұл қызметке келгеніме көп бола қойған жоқ, оған мені облыстық атқару комитетінің төрағасы, ардақты азамат Қайредин Кәрібаев деген ағамыз шақырды. Мамандығым инженер-құрылысшы болса да бұған дейін аудандық, облыстық партия саласындағы ұйымдастыру бөлімінде жұмыс істедім. Сондықтан жаңа қызметімді ептеп тосырқадым. Өйткені Кеңес заманында өмірге келдім, соның тәрбиесін алдым, жекешелендіруден хабарым аз.
Шындығын айтқанда, Кеңес өкіметі билікке келгеннен кейін «жекеменшік» деген ұғымды жойып, барлығын мемлекет мүлкіне айналдырды. Бұл халықтың да санасына сіңіп кетті, енді оны өзгерту де оңай емес. Сонымен іле-шала жекешелендіру реформасы қолға алынды. Әрине, оны жүргізу оңай болмады, алдымыздан біраз кедергілер кездесті. Мәселен, Ақмола қаласында тың игеру жылдары салынған біраз іргелі зауыттар жабылып, онда жұмыс істеген 30-35 мың адам жұмыссыз қалды. Дүкендердің сөресі босап, жалақы уақытымен берілмеді. Қысқасы, халық не істерін білмей, абдырады.
1991 жылы «Жекешелендіру туралы» заң қабылданып, соның шеңберінде жекешелендіру жұмыстары қолға алынды. Қолымызда оны қалай жүргізудің әдістемесі жоқ, сондықтан бәрін жаңадан бастауға тура келді. Сондағы күйімізді, бейнелеп айтқанда, бізді лапылдаған отқа қойып кеткенге теңеуге болады.
1992 жылдың басында қазіргі «Жастар» сарайында облыс тұрғындарына хабарландыру жасап, алғаш заңды түрде ашық аукцион өткізіп, онда шаһардағы дүкен, ресторан секілді шағын ғимараттарды сатылымға шығардық. Осыдан кейін жаппай жекешелендіру басталды. Әсіресе мені ауылшаруашылық саласындағы жекешелендіру мәселесі көп толғандырды. 1993 жыл Елбасы Ақмолаға келіп, облысты аралап, шаруашылық басшылармен кездесті. Сонда Нұрсұлтан Назарбаев қала іргесіндегі «Родина» совхозына ат басын тіреп, сол шаруашылықтың жұмысымен танысты. Онда аталған совхоздың директоры, жас жігіт Иван Сауэр. Мен оны бұрыннан білемін. Елбасы да сол кезде қатты толғанып жүрсе керек, шаруашылықтың жас басшысынан «осы салаға жекешелендіруді қалай жүргізсек болады» деген ойын сұрағанда, Иван Сауэр: «Нұрсұлтан Әбішұлы, қазіргі жағдайда басшылықта отырған азаматтарға совхоздың 30 пайыз үлесін сатса, қалай болады. Білімді, білікті директорлар өз шаруашылықтарын сақтап қалар еді» деген пікірін айтады.
Тұңғыш Президентіміз сол жылы алты ай көлемінде осы жобаны эксперимент ретінде кіргізуге қаулы шығарды. Біз оны ел арасына барып, насихаттап, шаруашылық басқарып отырғандарға түсіндірдік. Өзім танитын азаматтарға да шығып, сөйлестім. Оған көпшілігінің батылы бармады. Тек суырылып Иван Сауэр ғана шығып, «Осыны Елбасына айтқан мен едім. Сондықтан сөзімде тұрып, оны іске асырамын» деді. Сөйтіп «Родина» ауылында ашық аукцион өтіп, оған ауыл тұрғындары қатысып, ол отыз пайыз үлесіне ие болды. Қазір Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр басқаратын «Родина» жауапкершілігі серіктестігі – еліміздегі ең озық шаруашылықтың бірі.
Тәуелсіздік дегенде екі ғасыр тоғысындағы тарихи көш – астананың ауысуын айтар едім. Алғашында Ақмола астана болады дегенге ешкім сене қойған жоқ, өзім де екіұдай ойда болдым. Өйткені экономикамыз әлі әлсіз, халықтың жағдайы төмен, әлеуметтік мәселелер толық шешілген жоқ. Соған қарамастан, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы тарихи шешім қабылдап, еліміздің бас ордасын Алатаудың етегіндегі әсем Алматыдан Арқа төсіндегі Ақмолаға көшірді. Шын мәнінде, мұны Елбасының ерлігі деп айтуға болады.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде астананы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Сол кездегі Мемлекеттік мүлік комитетінің төрағасы Жәнібек Кәрібжанов хабарласып: «Сансызбай, жекешелендіру кезінде үлкен мекемелердің ғимараттарын мемлекет қорында сақтап қал, кейін керек болады», деп айтқаны ақыл болып, кейін Алматыдан қоныс аударған мемлекеттік органдарды сол ғимараттарға орналастырдық.
Астананы көшіру жұмысы 1996 жыл басталып, Мемлекеттік комиссия құрамына Мемлекеттік мүлік комитеті төрағасының орынбасары, Ақмола мемлекеттік аймақтық Мүлік комитеті төрағасы ретінде кірдім. Комиссия төрағасы Н.Макиевский екеуміз кейде қаланы жаяу аралап, көпқабатты тұрғын үйлер бой көтеретін жер шоламыз. Шындығында, ол жылдар өте қиын еді. Бірқатар көпқабатты тұрғын үйлер суық, электр жүйесі ескірген, тез істен шығып қала береді. Сондай-ақ қала көшелерінің жолдары дұрыс жөндеу көрмегендіктен, әбден тозған. Бұларды жөндеу үшін бір жыл емес, көп уақыт керек екені белгілі. Жаңбыр суына арналған кәріз жүйесі істемейді. Бұған да қыруар қаражат қажет. Тіпті қар тазалайтын техника жетіспеді. Соған қарамастан қиындықты жеңуге күш салдық.
1997 жылдың 20 қазанында Қазақстан Республикасы Президентінің «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» Жарлығы шықты. Содан екі апта өткенде, яғни 8 қарашада елдің бас ордасы атанған Ақмолаға Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер эталондары мен Президент байрағы салтанатты жағдайда жеткізілді. Атаулы шара бұрынғы облыстық әкімшілік, қазіргі елорда әкімдігі алдындағы алаңда өтті. Дәл сол жылы 10 желтоқсанда Елбасы Жарлығымен қалаға Әділбек Жақсыбеков әкім болып тағайындалып, мен сол кісінің орынбасары болып келдім. Сол жылдары Нұрсұлтан Назарбаев жылына екі рет қала активімен кездесіп, барлық мәселені ортаға салады. Біз де ол кісіге атқарған жұмысымыз жайында есеп береміз. Барлық жағдайды Елбасы біліп, түсініп отырады. 2003 жылдан шаһардағы су құбырлары мен кәріздерді жөндеуден өткізіп, 1-ші және 2-ші Жылу орталығына жаңғырту жұмыстары басталды. Жолдарға асфальт төселіп, көшелер жарықтандырылды.
Қазір елорда – адам танымастай өзгерген. Әлемдегі сұлу да көркем астаналардың бірі. Жан-жағын жасыл орман көмкерген, биік үйлері көкпен тірескен әсем қалаға айналған. Экономикасы мен өндірісі дамыған, үлкен мегополис. Шет аймақтардың да мәселелері біртіндеп шешілді. Ақмола астанаға айналғаннан кейін елордаға Алматыдан зиялы қауым өкілдері қоныс аударып, қаланың рухани өмірі де жандана түсті.
Екі ғасыр тоғысында бой көтерген жас астананың қалыптасуы мен дамуына Елбасының сіңірген еңбегі зор болды. Сол кісінің басшылығымен елорданың көркеюіне аз болса да өз үлесімді қосқанымды, өмірімнің бағалы сәттерінің бірі деп санаймын.
Бүгінде бас қаланың тұрғындары 1 миллион 200 мыңнан асты, бұл сан әлі көбейе түседі. Сондықтан бір өзекті мәселені айта кеткім келіп отыр. Елорданы тіршілік көзімен қамтып отырған «Астана» су қоймасы 1968 жылы бой көтерген, ол 300 мың тұрғынға шақталып жасалған. Қазір қала халқы 1 миллионнан асты. Мәселен, қар қалың түспей су келмесе, үлкен проблема туады. Мысалы, 2001 жылы қоймаға су келмей қалып, не істерімізді білмедік. Сонда Елбасы қаржы бөліп, жарты жыл ішінде Қарағанды – Ертіс каналынан 20 шақырымға су құбырын тарттық. Енді осы каналдан 80-90 шақырымды құрайтын «Астана» су қоймасына құбыр тарту керек. Сонда бұл мәселе шешімін табады. Бұл жайында әлі жоба дайындалған жоқ.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті –Елбасының: «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» деген қанатты сөзі адамға мазмұнды ой салады.
Қорытып айтқанда, тәуелсіздіктен артық бақыт жоқ, осы жолда қаншама ата-бабаларымыз басын бәйгеге тігіп, құрбан болды. Ендеше, сол киелі ұғымды еліміздің әрбір азаматы қадір тұтып, қастерлей білуі қажет. Тәуелсіздігіміз мәңгілік жасасын!
Сансызбай ЕСІЛОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері