Тәуелсіздік • 16 Желтоқсан, 2021

Жеңіске жетелеген жемісті жылдар

302 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Биыл Тәуелсіздігімізге отыз жыл толып отыр. Тарих көзімен қарағанда, отыз жыл деген қас-қағым ғана уақыт. Алайда осы отыз жыл ішінде елімізде ғасырға бергісіз стратегиялық маңызы зор іс-шаралар атқарылды. Өткен ғасырдағы 90-жылдардың басында әлемнің алтыдан бір бөлігін алып жатқан Кеңес Одағы құлап, соның құрамындағы одақтас республикалар егемендігін алды. Бұл – XX ғасырдағы геосаяси құбылыстардың бірі. Әрине, КСРО-ның құлауына көп жылдардан бергі қордаланған проблемалар әсер етті. Кеңес Одағының жыл санап хал-ахуалы төмендеп, экономикасы құлдырап, соған байланысты қолға алған саяси өзгерістер мен реформалар нәтижесіз аяқталды.

Жеңіске жетелеген жемісті жылдар

Осындай қиын жағдайға қарамастан Кеңес Одағы әлемге айбарын көрсетуі үшін қарулану жарысына белсене кірісті. Оған қоса дүние жүзіндегі социализмді жақтаған елдерге қомақты көмек жасау­ды үдетті. Ал халықтың тұрмысы мен әлеуметтік жағдайы төмендеп, оны шешуге мұнай мен газдан түсетін қаражат көлемі жетпеді. Содан соң азық-түлік және тағы басқа да тұтынатын заттардың тапшылығы орын алды.

Мұндағы басты мәселе − Кеңес Одағының құрылысындағы − геоцентризм. Мысалы, КСРО-ның гимні: «Еркін Республикалар Одағын Ұлы Ресей біріктірген» деп басталатын тіркес сол дәуірдің негізгі идеологиясына айналды десек қателеспейміз.

Негізінен, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Одақ экономикасын жаңаша дамытуға білікті ғалымдар тарапынан ұтымды ұсыныстар болғанымен, оның бәрі ескерілмеді. Мәселен, 50-жылдары бір топ экономист-ғалымдар Кеңес Одағының салааралық және аймақаралық теңгерімдік моделін жасап, одақтас республикаларды «Орталық асырап отыр» деген сөзді жоққа шығарды. Бұл экономикалық тұжырым Кеңес Одағының саясатына қарсы келгендіктен қолданылмады. Осы жағдайды академик А.И.Анчишкин: «Экономикалық ғылым идеологиялық догмалар мен ұстанымдардың құрбаны болды» деп нақты айтып, көрсетті. Арада бірнеше жыл өткенде Кеңес Одағының экономикасы құлдырап, пәр­менді салааралық қайшылықтар күшей­ді. Осы кезде Мәскеудегі Орталық эконо­микалық математика институтының ғалым­дары «экономиканың оңтайлы жұмыс істеу жүйесі» моделін әзірлеп, онда 50-жылдардағы тұжырымдар растал­ды. Бұны да Одақтың басшылары қабыл­дамай, оны жасаған ғалымдарды қуғын­дады.

Бұл екі әдіс-шығындарды азай­тып өнімдерді көбейту моделіне жақын. Дәлірек айтқанда, Екінші дүние­жүзілік соғыстан кейін күрт даму жолына түскен «жапон ғажайыбы» атан­ған экономикалық модель еді. 70-жыл­дар­дың аяғында Бүкілодақтық кибернети­ка ғылыми-зерттеу институтының аспиран­ты, кейінірек ғылыми қызметкері бол­ғанда осы өзекті проблемалардың дені тал­қыланған жиындарға қатыстым. Өкі­нішке қарай, ол кездегі ғалымдар тарапынан айтылған ұсыныстар аяқсыз қалды.

Айналып келгенде, барлық мәселенің түбі – жоспарлы экономикадан нарықтық қатынасқа, әсіресе жекеменшік әдіске тіреледі. Осыған мән бермеген Кеңес Одағы шолақ саясаттың әсерінен экономиканы құрбан етті.

КСРО-ның құрамындағы одақтас рес­публикалар егемендігін жариялағанда мынадай келісімге келді: республика басшылары Одақ құрамы кезіндегі шекарамен бөліну туралы шешім қабылданды. Бұл дұрыс шешім болды. Әйтпесе, жерге байланысты жанжал шығуы мүмкін еді. Екіншіден, әр республикадағы меншік өзінде қалды. Ал Кеңес Одағының алтын-валюта қоры, шетелдегі активтері мен сыртқы берешектерін бөлуге ешқандай мүмкіндік болмады, оған Ресей мемлекеті ие болды. Сол себепті біздің Кеңес Ода­ғынан қалған ешкімге берешегіміз жоқ.

Тәуелсіздік алғаннан кейін халқымыз түрлі қиыншылықты бастан кешті. Өнеркәсіп орындары жабылып, колхоз-совхоздар тарап, жұмыссыздық белең алды. Шындығында елді үміт пен күдік биледі. Бостандыққа қол жеткізгеннен кейін еліміз нарықтық қатынас жолына түсті. Бірақ оны қалай құру ешқандай оқулықта жазылмаған. Енді осы өзекті мәселелерді шешу керек болды. Кеңес өкіметі кезінде бюджет жобасы мен негізгі нормативтік құжаттар орталықтан келетін, оны жасайтын өзімізде мамандар аз болды. Сондықтан жақында өмірден озған, белгілі қаржыгер Дәулет Сембаевтың білімі мен біліктілігінің нұсқауымен қажетті нормативтер дайындалып, республиканың алғашқы тәуелсіз бюджеті жасалды.

Нарықтық экономикада жекеше­лендірудің алар орны бөлек. Егер мемлекетте жекешелендіру процесі жүрмесе нарықтық экономикаға көше алмаймыз. Дәлірек айтқанда, жекешелендіру – нарықтық экономиканың негізгі базасы. Елімізде 1992 жылдан бастап жекешелендіру реформасы жүргізіле бастады. Алғашында жаңа жобаны халық онша қабылдамады. Сондықтан жекешелендіру процесі өте қиындықпен жүргізілді. Мәселен, аукцион мен тендерге түсетін кейбір мекемелердің ұжым­дары сол кездегі заңға сүйеніп «біз же­ке­шеленудірден бас тартамыз» деп келісім берген жоқ. Осы мәселелер реформаның алға жүруіне біраз кедергісін тигізді. Жекешелендіру туралы заң болғанымен оны жүзеге асыру жолдары қиын тиді. Осы кезде мен Мемлекеттік мүлік комитетінің төрағалығына тағайындалып, жаңа жұмысқа кірістім.

Егемендіктің елең-алаңында экономи­кадағы инфляция өсіп, экспорт, импорт азайғаннан кейін дефицит пайда болды. Дүкендерде қаптаған кезек орын алды. Шындығын айтқанда, экономика құлдырап, шикізат шығаратын өндіріс орындары тұралап, кейбіреуі жабылып қалды. Осындай алмағайып кезде жекешелендіру реформасын жылдам жүргізу керек екендігін ұғындым. Оны тез жасамасаңыз болмайды. Экономикаға дем беретін жаңа меншік иелері керек. Оның келешекте пайдасы көп екендігі даусыз. Бірақ осы мақсатты орындау үшін заңдық құқық, нормативтік құжаттар қажет. Бұрынғы меншік заңы КСРО құламай тұрған кезде қабылданған. Оның көптеген кемшілігі алдымызды орап отырды. Сол себепті енді Тәуелсіз мемлекеттің жаңа заңын қабылдау қажеттілігі туды. Парламентте жаңа заңды қабылдау біраз дауға ұласты. Депутаттар тарапынан түрлі пікірлер айтылды. Әсіресе, бізді жер мәселесі біраз тығырыққа тіреді. Өйткені жекешелендіруге берілген нысан ол жерімен бірге сатылу керек. Яғни жердің иесі болмаса кез келген кәсіпкер жекешелендіруге ақшасын салмайды. Осы мәселе талқыланды. Бірнеше рет депутаттар дауысқа салды. Содан кейін бірқатар шет мемлекеттердің тәжірибесін пайдаланып, заң жобасына меншік иесі өзінің мүлігін дұрыс жағдайда ұстау керек екендігін тайға таңба басқандай жаздық. Бұл меншік иесінен қоғам алдында жауапкершілігін анықтайды.

Осындай қысылтаяң шақта бізді Жо­ғарғы Кеңестің экономикалық реформа, бюджет және қаржыландыру мәселелері жөніндегі комитеттің төрағасы, айтулы ғалым Сауық Тәкежанов қолдады. Содан соң Президенттің тікелей бастамасымен мемлекеттік мүлікті жекешелендіру бағдарламасы жасалды.

Мемлекеттік өнеркәсіп орындары мен мекемелерді акционерлік қо­ғам­ға айналдыруда біраз проблема туды. Кеңес Одағы кезінде оларға тек баланс­тық баға берілген. Бірақ оның қайдан алын­ғаны белгісіз еді. Бізге осы өндіріс орын­дарының бағасын білу қиынға түсті. Оның үстіне инфляция күн санап өсіп жатты. Жалпы, бұл процесс – жекеше­лендірудің алғашқы сатысы болғандықтан қалай болғанда да істі тоқтатуға болмады. Ақыры, оның шешімін тауып, өндіріс орындары мен мекемелерді ашық, жабық және салалық акционерлік қоғамдарға айналдырдық. Осыны біз шешкеннен кейінде түрлі мәселелер көбейді. Біз өндіріс орындарын жеке есептеп, жеке қожайын болады деп жоспарладық. Әйтсе де бұрыннан қалыптасқан өнеркәсіп пен шаруашылық арасындағы байланыс­тағы, экономикалық қатынасты бұзып алғымыз келмеді. Осы жүйені холдингтер арқылы басқаруды енгіздік. Аталған холдинг үрдісін енгізуіме кейбіреулер маған қарсы шықты. Бірақ кейін олардың осы жүйенің дұрыс екеніне көздерін жеткіздік. Алып зауыттарды сатып алған шетел инвесторлары бірінші қадамдарын өз саласында холдинг компаниясын құрудан бастады.

Одан кейін алдымыздан тағы бір күрделі мәселе – Одақ кезінде темір жол, авиация, электр жүйелері және т.б. салаларда негізгі емес активтер болды. Қаражат жеткіліксіз болғандықтан мектеп пен ауруханаларды және бірқатар инфрақұрылым нысанын ірі монополистерге берді. Бірақ одан олардың жағдайы жақсарды дей алмаймын, ілдалап күн кешті. Бұл жағдай бұрынғы Торғай облысында совхоз директоры болып жүргенде басымнан өтті. Ауылдағы мектеп пен емханаға көмектесіңіздер деп, бізге жоғарыдан нұсқау келеді. Шын мәнінде, совхоздағы мектеп пен емханаға мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінгенмен, ол тиісті жерге жетпейді. Бұлай болмау керек, әркім өз шаруасын атқару қажет.

Осы мәселені шешу бізге қиынға түсті. Мәселен, теміржолшылардың мек­тебі, балабақшасы, ауруханасы, авто­базасы, жеке қазандығы тіпті сов­хозы да болды. Әділдігін айтсақ, оның бәрі мемлекеттің дотациясында отырды. Сондықтан ол мекемелерді жеке­ше­лендіруге солардың басшылары шаруа­шылықтары шығынға батса да беруге көнбеді. Енді аталған мекемелерге қараған мектеп пен аурухананы еліміздегі білім беру мен денсаулық саласының басшылары алғылары келмеді. Өйткені оларды қайтадан тәртіпке келтіру үшін күш керек. Осы орайда әртүрлі пікір айтылды, тіпті әр деңгейдегі лауазымды азаматтар араласты. Бірақ осыны нарықтың талабына сай ретке келтіруге өз ұстанымымнан таймадым. Ақыры біз оны Президенттің қолдауымен шештік.

Жекешелендіруге барша халықтың қатысқанын дұрыс көрдік. Егер бізге жұртшылық сенбесе, онда бұл реформа алға жүрмейді. Осындай реформаларды бірінші болып біз жүргізіп отырған жоқпыз. Осы бағыттағы біраз елдердің тәжірибесін зерттедік. Әсіресе, Кеңес Одағының лагерінде болған республикаларды назарға алдық. Ол кезде Ресейде «ваучерлік жекешелендіру» жүрді. Бірақ мұның қиындығы – «ваучердің» нақты бағасы болмады. Сондықтан бұл тарапта түрлі пікірлер айтылды. Біз осы проблемалардың бәрін ескеріп, Чехияның тәжірибесін алып, купондық жекешелендіруді жүргізуге шешім алдық. Бұлардың бағасы нарықта өзі белгіленуі керек. Осы орайда республиканың әр азаматына купон беру керек болды. Енді осыған қосымша жекешелендіруге жататын мекемелердің тізімі жасалды. Осы тізімнен шағын және бірегей кәсіпорындарды бөлек шығарып, оның бәрін акционерлік қоғамға айналдырдық. Оның үстіне өнеркәсіп орындарын бағалап, купондардың құнын шығардық.

Одан кейін инвестициялық жеке­шелендіру қорларына ерекше мән берілді. Бұл Ресейдің «ваучерлік» мәселесінің кемшілігін қайталамау үшін жасалып, Батыстағы инвестициялық мекемелердің құрылымымен іске асырылды. Сол жылдары 169 инвестициялық қор құрылып, оның бәрі лицензия алды. Қорлар арасында бәсеке күшті болды. Халықтан купон жинауға қорлардың 75 пайызы қатысты. Бір жағынан, инвес­тициялық қорлар тым көп болғандықтан, оларға қатаң талапты күшейту керек еді. Олардың мекемелер акциясын сатып, кіріс кіргізуге мүмкіндігі болды. Бірақ құнды қағаздар нарығы бол­мағасын жұмыстары ойдағыдай жүрмеді.

Ақиқатында, жаппай жекешелендіру бағдарламасы өзінің алдына қойған мақсатына жеткен жоқ. Менде осы бағыт­та қойған талаптарды іске асыруға, үлгер­медім, бір жарым жылдан кейін бұл қызметтен кеттім.

Ақыры Үкіметтің қаулысымен жаппай жекешелендіру бағдарламасы тоқ­тады. Мен осы бағдарламаны түбіне дейін жеткізуге барлық мүмкіндік болды деп ойлағам. Әлі күнге дейін солай есептеймін. Бірақ бұл саланың да оң нәтижелері бар. Қазіргі отандық бизнесмендердің пайда болуына жол ашты. Инвестициялық қорды басқарған жігіттердің дені − осы күнде отандық бизнестің көшбасшыларына айналды.

 Ел экономикасының негізгі тірегі – үл­кен өнеркәсіп орындары. Кеңестік кезең­де олардың өнімдері тікелей экспортқа шықпағандықтан бәсекеге да­йын болмады, тіпті олар салалық кешен­дердің бір бөлігі есептелді. Оның үстіне құрал-жабдықтарда ескірді. Сол да өнер­кәсіпке кері әсерін тигізді. Енді бұлар­ды жандандырып, жұмыс істету үшін ау­қымды инвестиция қажет. Ол кезде отан­дық бизнес өкілдерінде қомақты қаржы жоқ, сондықтан алдымызда шетелдік инвесторларды тарту мақсаты тұрды.

Ауылшаруашылық саласына жеке­ше­лендіруді жүргізгенде біраз қиындық­пен кездестік. Өйткені ауыл – өте күрделі механизм. Бір жағынан алғанда, ауылдағы тұрғындарға өзіне тиісті жері мен мүлікті үлесін бөліп беру оңай секілді көрінеді. Бірақ оны ауыл адамдары одан әрі дамытып, басқаруға шамасы жетеді ме? Бұл мәселе де бізді ойландырды. Бірақ жаңа реформаға ауыл адамдары түсіністікпен қарады.

Осы реформа шеңберінде тұрғын үйлердің бәрі жекешелендірілді. Бұл жерде әлеуметтік үлкен астар бар, ол – адамға мүмкіндік беру. Мәселен, Кеңес дәуірінде мекемелер өз қызметкеріне пәтер беріп, қол-аяғын жіпсіз байлады. Бірақ саладағы реформа барлық адамның ойынан шықты деп айта алмаймын, тіпті ол мүмкін де емес. Өйткені сол жылдардағы баспанасы жоқ адамдар аталған бағдарламадан тыс қалды. Бұл көп жылдар бойы қордаланған проблемалар салдары еді.

Жекешелендіру реформасы Елба­сының тікелей басқаруымен жүзеге асты. Ол кісі осы салада жасалған бағ­дар­ламаларды бекітіп қоймай, олардың орындалуын қатаң қадағалап, атқарған жұмысымызды бағалап отырды. Бұдан бөлек, алдымызда банк, кредит, ақша айна­лымы, қаржы жүйесі секілді сала­ларға жылдам өзгеріс енгізу керек бол­ғандықтан, оған барынша күш жұмсалды.

Міне, содан бері біраз жылдар жөң­кіліп көшті. Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті егемен еліміздің іргетасын қалап, жаңаша даму жолына түсірді, қиындықтар арасынан қолайлы мүмкіндіктерді тауып, ерке Есілдің жағасына жаңа астананы көшіріп, сәулеті мен дәулеті келіскен көр­кем қала тұрғызды. Отыз жылда жеңістер мен жеңілістерде болды. Жетістіктерге қуанып, қиындыққа мойымай халқымыз батырлық көрсетті. Бастысы, бабаларымыз армандаған азаттығымызды барша әлемге мойындата білдік.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзі бас­қарған ел тізгінін ұсынып, халық қол­даған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өркендеу жолындағы игілік істерді жал­ғастырып, әрі қарай дамытатына күмәнім жоқ. Қазақ елінің келешегі жарқын болсын!

 

Жәнібек КӘРІБЖАНОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері