Таным • 19 Желтоқсан, 2021

Бөгенбай батыр дулығасы

1301 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери – тарихи музей қорына Абылай хан тұсындағы қазақ батыры, атақты қолбасшы қанжығалы қарт Бөгенбай батыр дулығасын салтанатты түрде табыстау іс-шарасы өтті.

Бөгенбай батыр дулығасы

Тарихи деректерде халық батыры Бөгенбай Ақшаұлы 1680 жылы туып, 1778 жылы (кейбір деректерде 1775 жыл) дүниеден өткені жайлы айталады. Филолог ғалым Серік Негимов, «Бөгенбай өз өмірінде 103 дүркін ірілі-ұсақты шайқасқа қатысқан» дейді. Кейбірін атап өтер болсақ, 1708 жылғы Еділ – Жайық жорығы, 1710 жылғы Қарақұм құрылтайы, 1729 жылғы Бұланты – Бөленті шайқасы, 1730 жылғы Ақырақай майданы, 1733 жылғы Ерейментауда болған жоңғар тайшысы Уас-Серен жорығы, 1758 жылғы Талқы – Құлжа майданы т.б.

Сол сияқты, алашшыл ақын Мағжан Жұмабаевтың «Ашуы жауған қардай, шөккен нардай, Қарт қыран Қанжығалы қарт Бөгенбай» деуі батырдың ерлік тұлғасын әйгілеп тұрса, атақты Бұқар жырау: «Қиядан қиқу төгілсе, Аттың басын тартпаған, Қисапсыз қол көрінсе, Қорқып жаудан қайтпаған», деп Бөкеңе ерекше баға береді.

к

Ал бүгінгі Әскери – тарихи музейге тапсырылып отырған құнды жәдігерге тоқталсақ, бұл бұйым бұған дейін Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Малтабар ауылының тұрғыны батырдың тікелей ұрпағы Жабай Батырқожаұлының үйінде сақталып келген. Бұл жігіттің айтуына қарағанда,  атасы Кенжәлі кеңес үкіметі кезінде ұрпақтарына «батырдың дулығасын үйден шығармаңдар, ол туралы ешкімге айтпаңдар» деп қатаң ескертіп, болашақ ұрпаққа аман жеткізуді тапсырған көрінеді. Бұл әулетте Бөгенбай батырдың дулығасымен бірге сауытыда болыпты. Бірақ уақыт өте келе шынжыр бұйым тоттанып шіріп кеткен соң, оның қалдықтарын ырымдап елге таратып берген екен. Бұлардан басқа Бөкеңнің айбалтасы мен кісе белдігі Алматы тұрғыны Әлихан Барлыбаевтың отбасында сақталса, үзеңгісі, төсі, тескіші мен ұңғыруы аудандық тарихи-өлкетану музейіне тұр.

Батыр атамыздың дулығасын кәсіби тұрғыдан зерттеген қарутанушы, этнограф, суретші, шебер реставраторшы Қалиолла Ахметжанның қорттындысында: жәдігер болат темірден тұтас құйып жасалған, формасы  жартылай шеңберлі, диаметрі – 20,5 х 22 см, шошақ ұшына дейінгі биіктігі – 15,5 см, төбе шашағынның түбіне дейінгі биіктігі – 12 см. Дулығаның төбе шашағы жеке жасалып, төбесіне төрт жағынан шегемен бекітілген. Төбе шашақтың биіктігі – 3,5 см. Дулығаның алдыңғы ернеуіне ені – 1,5 см, ұзындығы – 8 см мыстан жасалып, жапырақты ою шекітілген жапсырма орналасқан. «Бұл оюлы жапсырма металь дуылғаны айнала қоршап тұрған. Кейін белгісіз себептермен алынып тасталған немесе адамдар тәбірек ретінде қиып алған болуы да мүмкін», дейді Қалиолла Саматұлы.

Рәсімді қортындылаған Әскер – тарихи музей басшысы Нұртаза Әсілов, ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлт тарихында өшпес ізі қалған қазақ батыры Бөгенбайдың дуылғасы экспозиция төрінен орын алуы үлкен жаңалық. Сонымен қатар, бұл бұйым келер ұрпақтың тарихи санасын жаңғырту ісіне заттық айғақ ретінде қызмет ететін болады, деді.

Суреттерде:

  1. Бөгенбай батырдың дулығасы.
  2. Батырдың дулығасына жасалаған суретті жаңғыртпа (авторы – Қ.Ахметжан)