Тарих – көне кітап, оқыған сайын көңілің бір суып, бір ысиды. Әйтсе де, Тәңірге тәубе айтудан тарылған емеспіз. Түйе өркешін ықтап өскен халықтың төңірегі төрт түлікке толып, тіршілігі құлпырып келеді. Бойындағы ар-намысын ақ малтадай азық еткен алаштың абыройы күннен күнге артуда. Жайлау көшіп, қыстау қонған дана халқымыздың бүгінгі бет-бейнесі ажарлы, көңілі базарлы. Қонағына құшағын ашқан қазақ халқының жануарды жасқамас жанашырлығы мен мейірімі, ырыс-құтты ұйыстырар ынтымағы мен көпшілдігі, қатуланған көңілді жібек желдей жібітер ықылас-пейілі жатыр. Еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдық белесінде тұрып, өткен күндердің қиындығын оймен шолып, келешектің таңы мерейлі болуын ойлайық. Тәуелсіздік алған бүгінгі таңда қазақ бейнелеу өнерінде суретшілеріміздің ізденіс шеңбері төл тарихымыздан бастау алатыны анық. Өйткені өткені жоқ ел іргетасы жоқ халық секілді.
Жалпылай айтқанда, уақыт өлшеміне салсаңыз 30 жылдың бір кісінің ғұмырына пара-пар екендігін білсек те адамзат тарихымен салыстырғанда қысқа екенін байқаймыз. Отыз жылда талай су ақты, талай өзен сарқылды, талай тоған толып, талай пейіл өзгерді. Дегенмен де тәуелсіздік жылдарындағы қазақ кескіндемесі тың серпіліс алды. Кеңес идеологиясының кісенінен босап шыққан ұлт өнері қарыштап дами бастады. Санаға тазарып түскен кешегінің рухани мәйегімен, материалды құндылықтарымен алға қадам басқан қылқалам шеберлері кенеп бетіне тәуелсіздік бояуын құйды. Бүгінде қазақ даласында талантты һәм танымал суретшілер жетіп артылады. Біз солардың бірен-саранына тоқталып кетуді жөн санадық.
Өнер жолын түсінуге және бағалауға деген ұмтылыс әр кезеңде болсын қызық болып келеді. Неге десеңіз, қандай идеялар болмасын, сезімдер мен дүниетанымдық принциптер өнердің көркем кейіпкерлерінде, әсіресе, дәуірлердің басында, мәдени кезеңдерде ерекше орын алатындығын түсінуге деген ұмтылыс жеңіп отыратын сияқты. Сондықтан ХХІ ғасырдың табалдырығын аттай отырып, өткен ХХ ғасырдың 90-шы жылдарында Қазақстанның көркем өнеріне не әкелгені, оған біздің қандай үлесіміз бар екендігі туралы ойланудан жалықпаймыз. Өткен ғасырда түрлі инновациялармен қатар тәуелсіз мәдени феномен ретінде ұлттық кәсіби өнер қалыптасып, өмірден өз орнын тапты. Бүгінгі қазақ бейнелеу өнерін түсіну үшін өткенге көз жүгіртуіміз керек, себебі кеше мен бүгін әрқашан байланысты.
Әуелде қазақ бейнелеу өнері этнографияға, яки киіз үйге, далаға, жайлауға, тұлпарға, халық мерекесіне қызығушылық танытқан еді. Ш.Сариев пен А.Садыханов сияқты суретшілер қазақи колорит пен пластика негізінде, жеке құбылыс арқылы тұрақты болмыс санаттарының тиімділігін көрсетті. 1960-жылдардың соңы мен 1970-жылдардың ортасындағы ресми сынның көзқарастарына қарамастан, өздерінің бейнесін қазақи рух пен сезімтал көріністе сақтап қалды. Сол кезеңнің суретшілері ұлттық өнерге жақындататын осы стильдік ерекше бейнелеу құралдарын баса көрсете білгендіктен, біз олардың ұлттық болмыстың мүмкіндіктерін ашуға, тереңдетуге деген ұмтылысын көреміз. Бұл құбылысты ұлттық мұра, дәстүрлі өнер негізінде пайда болған ішкі түйсіктің серпілісі деп атауға болады. Картиналардан ұлттық сипат композицияның монументалдылығында, оның бірлігінде, байсалдылығы мен жинақылығында, түстердің экспрессивтілігі мен сәнділігінде көрсетіп отырғанын аңғаруға болады. Осылай біз қазіргі заман өкілдеріне керек ең маңызды факторды көрсеткенін көреміз.
Азаттық таңы атқалы қазақ өнерінің дарабоз суретшілері Ә.Қастеев пен А.Исмаилов шығармашылығы осы өнердің көркемдік процестеріне ықпалын тигізіп, содан кейін X.Наурызбаев, М.Кенбаев, С.Мамбеев, Қ.Телжанов, Г.Исмайлова, С.Айтбаев, Т.Тоғысбаев және басқа да көптеген суретші қазақ кескіндемесіне рухани басымдықтар әкелді. Бұл суретшілер шығармашылығынан дала кеңдігі, жасампаз қазақ рухының асқақтығы сезіліп отырады. Қазақ еркіндігінің лебі сол кезеңнің қиындығына қарамастан қазақ өнерін дамытудағы күштің барын сездіртеді. Сол себепті олар салып кеткен сара жолды жалғастырушылар еңбегі мен ізденістері әрқашан еркіндік аңқып тұратын болды.
Тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ кескіндеме өнерінде айтулы тұлғалар қатары айтарлықтай толыға бастады. Солардың ішінде ұлт тәуелсіздігін руханият әлеміне көтеріп, кең жол, жаңа өріс ашушы жаңа буын кескіндемешілерді атап айтар болсақ: Ағымсалы Дүзелханов, Жұмақын Қайрамбаев, Бақытхан Мырзахметов, Досбол Қасымов, Қазақбай Әжібекұлы, Өмірбек Жұбаниязов, Дәулет Аймағамбетов, Талғат Тілеужан, Жамхан Айдар, Болат Құсайынов, Жеңіс Кәкенұлы, т.б.
Дәстүрлі кескіндеме саласында өзіндік мәнерімен бағытын қалыптастырған суретшілер қатары сонау тарихымыздағы көшпелі дәуір салты мен дүниетанымының терең философиялық мағынасына үңіледі. Шынайы тарихи кезеңдерді, тұрмыстық жағдайды жоғары деңгейге көтереді.
Әсіресе, шығармашылығына Доспамбет пен Ақтамбердінің, дана Бұқар жыраудың реалистік дәстүрлі өнерін негіз еткен Б.Мырзахметов әрқашан ұлт тарихымен, ел тағдырымен рухани байланысын үзген емес. Суретші шынайы өмірді, ежелден келе жатқан қазақ халқының тұрмыс тіршілігін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, халықтық философияны сипаттап көрсетуде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленеді.
Қылқалам шебері Б.Мырзахметов жанрлық кескіндемеде ұзақ уақыт жұмыс істеп, халқына айтулы туындыларын табыс етті. Оның тұрмыстық жанрда шешім тапқан «Көш» (1999), «Қансонарда» (2010), «Бүркітші» (2009), «Сәскеде» (2001), «Қарахан кесенесі» (2002), «Ежелгі тараз» (2002), «Аққу дәурен» (1998) атты өзіндік ізденістерге толы құнды шығармалары қазақ жеріндегі көптеген өнертанушы мен өнер зерттеушілерін қызықтыра түсті. Суретшінің тұрмыстық жанрдағы «Көш» туындысы 1999 жылы орындалған. Композиция қазақ халқының өткен өмір-тіршілігін, болмыс-тынысын, яғни көшпенді өмірді суреттейді. Тарихтан белгілі қазақ халқы Кеңес үкіметі орнағанға дейін көшпенділік күй кешкені мәлім. Бір жерден бір жерге көшіп барып, қоныстану салты да өзінше бір мереке.
Өнер сарапшылардың сөзіне сүйенсек, «Көш» (1999) композиция желісі триптихта шешіледі: бірінші көрінісінде көштің бас бөлігі орналасса, екінші бөлігінде орта шеруі, үшіншісінде көштің соңғы тобы бейнеленеді. Көшіп бара жатқан бір ауылдың артынып-тартынған түйелерінің үстіндегі күймелер көштің сәнін тіптен әрлендіре түседі. Кенептен бойжеткендер мен бозбалалардың жыр-әуендері мың түрлі түске құбылып, құлаққа естіліп тұрғандай әсер қалдырады. Көшпенділер тұрмыс тіршілігінің ажырамас бөлігі, мал шаруашылығы, яғни төрт түлік. Автор оқиға желісінде төрт түлік малдың өзіндік рөлін барынша суреттей түседі. Әсіресе, көш шеруіндегі алдыңғы пландағы жегілген өгіз арбалар мен сәйгүліктердің екпінді жүрістері көрген жанды бірден өзіне баурайды. Жеті қазынаның бірі – ауыл иттері де көшпен бірге асыр сала еріп барады. Олардың әрбір қимыл қозғалысын суретші өте ыждағаттықпен береді.
Болат Құсайыновтың «Аңыз» деп аталатын тарихи жанрдағы туындысы да сонау тарихи жаңғырықты, ғасырлар қойнауындағы шежірелерден сыр шертеді. Композициядағы барлық динамикалық қозғалыстар орта бөліктегі қарияның қобыз үніне тербелгендей. Кенептегі кейіпкерлер сұлбасынан бөлек мешіт формасындағы кесенелерден мұсылмандық түркілік сарынның келбеті анық байқалады. Шығарма құрылымы орталық бөлікке негізделіп, артқы фон бұлыңғырлана берілген. Сол бұлыңғырлық арқылы суретші аңыз тақырыбын тарихи және ұлттық құндылыққа толы мұра екендігіне екпін береді.
Тәуелсіздік жылдарындағы кескіндеме саласында жанрлық шекаралардың жойылуы суретшілер шығармашылығында көрініс тауып жатты. Б.Мырзахметов ізденістерінде «Ежелгі Тараз», «Қарахан кесенесі» атты тарихи көрініске ие тұрмыстық жанрдағы туындылары, өткен ғасырлардан қалған ескерткіш мұраларының бірі деуге болады. Суретші Тараз қаласын бейнелеуде кенептегі сәулеттік құрылыстың монументтігін барынша арттыра отырып, оның қаншама ғасырлар таразысынан өткен көне тарих шежіресі екенін дәлдікпен шешеді. Композицияда артқы планда берілген сәулеттік құрылыстың ауқымы өте үлкен. Сатылы бөлік-бөліктерден құралған ғимаратта әр кезеңнің элементтері анық байқалады.
«Көшпенділер» шығармасы 1998 жылы орындалған. Кенептегі оқиға желісі көшіп келе жатқан қауымның бір жерге кідіріп, дамылдаған көрінісінен бастау алады. Жерұйықты іздеген ата-бабалар көші ме, жоқ әлде аумалы төкпелі кезеңдегі тыныштықты аңсаған халық көші ме, әлде салтанат құрып, келін алып келе жатқан ел бейнесі ме? Ол жағын автор көрермен назарына қалдырады. Көштегі күймелердің формаларында шығыстық сарын басымырақ. Суретші мұндай пішінді беруінде өзіндік сыр сақтағандай. Сонау ерте замандағы сақтар мәдениеті мен қол өнерін дәріптей түскен сияқты. Бояулардың жағыс мәнерінен көші-қонның тұрақты емес екенін, көш салтанаты өз жалғастығын табатынын көреміз.
Картинаға зер сала қарасаңыз, артқы планда бұлыңғыр сағым тәрізді Түркістан қаласының символына айналған Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сұлбасы көрінеді. Автор мұнда көрерменге үлкен философиялық ой тастайды. Сан ғасырлық тарихы тереңде жатқан, түбі түрік халықтардың мекеніне айналып, кейіннен қазақ хандығының астанасы болған бұл қаланы суретші атажұрт тақырыбын ашудағы маңызды элементтердің бірі ретінде қарастырады. Көш керуенінің жай көш емес, ата-жұртқа қоныс аударған бабалар шеруі екенін аңғартқандай.
Кескіндемеші халқымыздың асыл мұраларын көксеу, аңсау сезімі арқылы ұлттық бастауларымызға қайта оралуға мүмкіндік беретін, келесі туындылар жиынтығын жазды. Атап айтсақ, «Айлы түн» (1997), «Отау» (1998), «Тігіншілер» (1998), «Келін» (2003), «Бата» (2005) сияқты шығармалар көрерменіне ой салар топтама. Бұл еңбектерінде этнографизм мен декоративизм бағытын ұстанған. Кенептегі ұлттық киімдегі кейіпкерлер мен дәстүрлі тұрмыс-салт көріністерін жиі пайдалана отырып, лирикалық, поэтикалық көңіл күйді жеткізуге ұмтылады.
Қорыта келгенімізде, біз тоқталған суретшілер біз айтпаған қылқалам шеберлерінің бір парасы ғана. Алдағы уақытта да олардың шығаршамылығын саралай түсетініміз анық. Мысалға алған картиналар тәуелсіз ойдың жемісі. Тастай қараңғыда тау басында тұтанған жалындай көзге оттай басылатын еркіндіктің бояуы. Күйкі тірліктің күйбеңіне кеудесін тосып, кеңпейілдігі мен кеңшілігін азық еткен әкеңдей қамқор азаттықтың реңкі. Тәуелсіз мемлекетіміздің аспанында туған айшықты кескіндемелер ұлт жәдігері ретінде бағалы һәм қастерлі.