Аймақтар • 20 Желтоқсан, 2021

Қызылорда шынысына сырттан сұраныс бар

236 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлық мерекеге арналған басты шаралар аясында Қызылордада шыны зауыты ашылды. Ашығын айтсақ, осы өндіріс орны биыл іске қосылып, игілікке жарайды дегенге илана қойғандар аз болды. Олай болатын да жөні бар, бұл сонау 2008 жылы Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасында біріккен кәсіпорындар туралы жасалған келісімге енген жобалардың бірі еді.

Қызылорда шынысына сырттан сұраныс бар

Бірақ ә дегеннен-ақ басталуы ке­йінге шегеріле берді. Тек осыдан 6 жыл бұрын іргетасы қаланып, өңір тұр­­ғындары құны қымбат бастаманың ке­ле­шегіне үмітпен қарай бастаған. Ұзақ жыл күттірген зауытты ел игілігіне бе­ру­­­дің орайы енді келіп отыр.

Облыстық индустриялық-инно­ва­циялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереевтің айтуынша, зауыт жаңа технологияларды пайдала­­нып, бәсекеге қабілетті өнім шығара­тын, еліміз бен өңір экономикасы дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба. Өндіріс орны толық қуатына көшкенде 226 жаңа жұмыс орны ашы­лады. Ал қосалқы өндірістерде 300-ге жуық адам еңбек етеді. Ең бас­тысы – жергілікті тұрғындарды жұ­мысқа тар­тып, қажетті мамандарды солар­дың арасынан даярлауға басымдық беріледі.

– Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы­на орай облыс тұрғындары табақша шыны зауытының күйдіру пешін іске қосу рәсіміне куә болды. Бұл жоба аясында өңірге 42 млрд теңгеден аса инвести­ция тартылған болатын. Жылына 197 мың тоннадан аса өнім шығаратын кәсіп­орын ел нарығын шынымен қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімін шет мемлекеттерге экспорттайды. Шыны зауытының іске қосылуы шикізаттық емес секторды дамытып, ілеспе өндірістерді құруға мүмкіндік береді. Бүгінде инвесторлармен бір­лесіп композиттік материалдар мен айна өндірісі жобасын бастадық. Был­тыр Қазақстан құны 65 млн доллар болатын тұрмысқа қажетті шыныларды Қытай, Германия, Өзбекстан және Түркиядан алған. За­уыт толық іске қосылғанда капитал­дың басқа елдерге жіберілуін тоқтата­мыз және елді Сыр бойынан шығатын әйнекпен қамтамасыз етеміз, – деді бас­қарма басшысы.

Orda Glass Ltd серіктестігі мен қы­тайлық China Triumph компаниялары бірлесіп жүзеге асырған шыны зауыты – индустрияландыру бағдарламасының негізгі жобасы. Өндірісте қолданылатын шикізаттың 90 пайызы өзімізде бар.

– Зауытта АҚШ, Италия, Бельгия, Финляндия, Қытайда шығарылған за­манауи үлгідегі технологиялар қолда­нылады. Негізі өнімнің 70 пайызын ішкі нарыққа бағыттаймыз. Ал қалға­ны шетелге жөнелтіледі. Қазірдің өзін­де Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан, Ауғанстан мен Үндістаннан тап­сырыстар түсуде.

Тағы бір жаңалық – үлкен көлем­ді және ауыр салмақты шыны табақша­ларын кесуге және тасым­алдауға роботтар қолданылмақ. Қазір Қазақстанда сырттан келген 1 тонна шыны құны 300-350 доллар болса, біздің зауыт өні­мінің бағасы 200-250 доллар көлемінде болады, – деді Orda Glass Ltd ЖШС басқарма төрағасы Ержан Сағынбаев.

 

Қызылорда облысы