Аймақтар • 20 Желтоқсан, 2021

Аю аулағандарға аяушылық жоқ

433 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығыста аю көп. Көп екен деп аулай беруге бола ма?! Қарашада ғана заңсыз аю атқан бір емес, екі факті тіркелген. «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде құқық қорғаушылар белді бекем буып, қаскөйлердің ізіне түскен.

Аю аулағандарға аяушылық жоқ

3 қарашада полицейлер Алтай ауданында аю аулаған бір азаматты анық­таса, 6 қараша күні Глубокое ауданының Тарханка ауылында аю атып алған тағы бір күдіктіні қолға түсірген. Қыс­қы ұйқыға қамданған қоңыр қоңданып, терісі жыл­тыраған соң бра­коньер­лер қызығатын да шығар, кім білсін.

Алтай ауданының 45 жас­­тағы тұрғыны Тұр­сұғын ауы­лының маңында тағының ізіне тұзақ құр­ған. Аюдың етін азық етіп, терісін сату үшін аула­ған көрінеді. Полиция депар­таментінің бастығы Сағат Мадиевтің айтуынша, атал­ған факті бойынша Қыл­мыс­тық кодекстің 337-ба­бы, яғни заңсыз аң аулау бо­йынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Келтірілген шығын сомасы анықталып жатыр. Тергеу-тексеру жұ­мыс­тары аяқталған соң күдікті азамат үш жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ізінше, 6 қарашада поли­ция қызметкерлері Тар­хан­ка ауылының ма­ңын­да өзінің тіркелген мыл­тығымен аю атқан Өс­ке­мен қаласының 51 жас­тағы тұрғыны анық­талды. Күдіктінің айтуын­ша, аюды етін сату мақса­тында атқан екен. Сондай-ақ маймақтың табанын да сақтап қойған.

Айтылғандай, Тарханка төңірегінде аю атқан аза­­мат та үш жылға бас бос­тан­дығынан айырылуы мүм­кін. Жалпы, жедел алдын алу іс-шарасы кезінде 360-тан астам рейдтік шара өткізіліп, 605 табиғатты қор­ғау заңнамасы бұзыл­ған. Оның 394-і аң аулауға қатысты. Сонымен қатар 10 браконьер анықталып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Иә, табиғатқа, жануарлар дүниесіне залал келтіргендерге жаза қатаң. Жазадан бұрын әркім туған жеріне, өскен ортасына құрметпен қарауы керек шығар. Жедел алдын алу ша­расы аяқталғанымен, табиғатты қорғау жұмыс­тары жалғаса бермек.

 

Шығыс Қазақстан облысы