Бұл күні сахна төріне белгілі әншілер көтеріліп, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы танымал әндерді шырқады.
«Тәуелсіздік дастаны» концертінде отандық эстрада жұлдыздарының орындауында тәуелсіз Қазақстанның 30 үздік әні орындалды. Орындаушылар эстафетаны бір-біріне ұсынып, Қазақстанның ондаған айтулы әндерінің бірыңғай композициясын жасауға ден қойды.
«30 жыл бедерінде халық арасында кеңінен танылған әндер орындалды. Өте жақсы кеш болды. Сүйікті әндерімізді шырқадық. Ұйымдастырушыларға рахмет», деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Ысқақова.
«Қала әкімдігінің қолдауымен осындай тамаша кеш өтті. 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан әріптестермен кездескеніме қуаныштымын. Осындай іс - шаралар мүмкіндігінше көбірек өткізілгені жөн», деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Майғазиев.
Отандық хиттерді Нұрлан Өнербаев, Нағима Есқалиева, Айжан Нұрмағамбетова, Толқын Забирова, Жеңіс Сейдоллаұлы, Жеңіс Ысқақова, Парвиз Назаров, Нұрлан Абдуллин, «Үркер», «Яшлык» тобы, Бауыржан Исаев, Ұлықпан Жолдасов, Дильназ Ахмадиева, Иван Бреусов, Асылбек Еңсепов, Ринат Гайсин, «Бәйтерек», «Азия», «Музарт», «Ұлытау», Қыдырәлі және Қарақат, Жұбаныш Жексенұлы, «Дервиши» тобы, Алтынай Жорабаева, Бейбіт Қорған, Мәдина Сәдуақасова, Құрмаш Махан, Алмас Кішкенбаев, Айқын Төлепберген, Мақпал Исабекова, Нұржан Керменбаев, «Жігіттер», «КЗ», «КешYOU» топтары, Қайрат Баекенов, Ерке Есмахан, Маржан Арапбаева сынды эстрада жұлдыздары орындады.