Саңлақтар қатары сиреген күн
Ә дегеннен-ақ ел біріншілігі тосын оқиғаларға толы болды. Тұңғыш рет 18 жастағы боксшыларға мүмкіндік берген бұл жарыста оннан аса жас өрен ширек финалға жолдама алды. Кейбір салмақ дәрежелерінде чемпиондық атаққа жете алмай жүрген боксшылар мықтылардың жоқтығын пайдаланып, ел чемпионы атануға талпынды. Атап айтсақ, 54 кило салмақта Нұрсұлтан Алтынбек (Қызылорда облысы), 57 кило салмақтағы Ерболат Сабыр (Павлодар облысы) қазірдің өзінде кем дегенде қола жүлдеге қол жеткізіп отыр. Аталған жарыста жасы үлкен боксшы болып тәуелсіздіктің құрдасы Абзал Құттыбеков тіркелді. 92 кило салмақта жұдырықтасатын Абзал – жарыстың жартылай финалына жолдама алғандардың қатарында.
Чемпионат барысында сенсация да аз болған жоқ. «Жеңімпаз немесе жүлдегер болады-ау» деген халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері жарыс жолынан ерте шығып қалды. Біріншіліктің бесінші күні 2017 жылы Гамбургте өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері түркістандық Ержан Жомарт жарақатына байланысты жекпе-жекті соңына дейін жеткізе алмаса, жастар арасында әлем чемпионы қарағандылық Сабыржан Аққалықов екінші кездесуінде жеңіліс тапты. Қарсыластарына жол бергендердің қатарында Қазақстан чемпионы мен жүлдегері болған Олжас Бұқаев, Жандос Жұмабаев, Азамат Бектас, Айтан Темірлан сынды боксшылар бар.
Он сегізінде орда бұзбақшы...
Жарыста қызықты жекпе-жек өте көп болды. 71 кило салмақта жұдырықтасқан талдықорғандық Нұржан Амангелді тартысты жекпе-жектің екінші кезеңінде нокдаун алып, жарысты аяқтауға жақын еді. Алайда келесі кезеңде тез есін жиған Н.Амангелді қарсыласын нокдаунға жіберіп, жеңісті жұлып алды.
Ұлттық құрама мүшесі, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ермахан Жақпековке де ширек финалдық жекпе-жек оңай тиген жоқ. 18 жастағы ақтөбелік Әлихан Мекебаев жастығына қарамастан өзінен әлдеқайда тәжірибелі боксшымен терезесі тең өнер көрсетіп, мамандар назарына ілінді. Жекпе-жек сәл ғана басымдықпен Жақпековтің пайдасына шешілді.
Ал жақында ғана Белградта өткен әлем чемпионатынан жүлдесіз қайтқан Нұрқанат Райыс спорт шеберіне үміткер алматылық Ильяр Ашировті әупірімдеп жүріп ұтты. 18 жастағы боксшы кездесудің аяғына дейін жанкештілік танытқанымен, жеңіс Нұрқанатқа бұйырды.
Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов осы доданың басы-қасында болып, әр жекпе-жекті назардан тыс қалдырмай, қадағалаумен отыр.
– Әлем біріншілігінде жеңімпаз бен жүлдегер атанған боксшылар және ең көп әрі ауыр кездесу өткізген Асланбек Шымбергенов биылғы Қазақстан чемпионатынан босатылды. Сондықтан бұл додаға тұңғыш рет жастар құрамасында жүрген боксшыларды қатыстырып отырмыз. Біздің мақсатымыз – ұлттық құраманың бойына қан жүгірту. Себебі келер жылы қаңтар айында 19-22 жас аралығында тұңғыш рет Ташкентте өтетін Азия чемпионатына жасы келеді-ау деген чемпиондарды қатыстырамыз. Одан кейін маусым айында жоспарланып отырған ересектер арасында өтетін сары құрлық додасында да топ жаруымыз керек, – деді ұлттық құраманың бас бапкері.
Бұра тартуға жол берілмейді
Бокс федерациясының вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы Бақтияр Артаевтың айтуынша, шаршы алаңдағы әрбір кездесуді ұлттық құраманың бас бапкерінен бастап білікті мамандар өз бақылауында ұстап отыр.
– Чемпионат барысында Федерация тарапынан арнайы комиссия құрылды. Егерде қандай да бір әділетсіздікке жол берілсе, сол боксшының бапкері шағым түсіруіне құқы бар. Сол күнгі жарыс біткеннен кейін шағымды білікті мамандар қарап, әділ шешімін шығарады. Біздің басты мақсатымыз – Қазақстан боксын жаңа форматқа ыңғайлап, деңгейін көтеру. Жігіттерге мүмкіндік беріп, жанкүйерлерді мықты боксшылардың өнерімен қуантсақ деген ниетіміз бар, – деді комиссия төрағасы Б.Артаев.
«Көрген көзде жазық жоқ» демекші, төрешілер тарапынан күмәнді шешім қабылданғанын да байқадық. Мысалы, 80 кило салмақта шығысқазақстандық Ерасыл Жақпеков пен ақтөбелік Жәнібек Қартбаев арасындағы жекпе-жекте төреші шығысқазақстандық боксшының қолын көтерген-ді. Алайда сол күнгі жарыстан соң төрешілер алқасы жиналып, жеңіске Ж.Қартбаев жетті деп алғашқы шешімді өзгертті. Сондай-ақ 86 кило салмақта талдықорғандық Шынарбек Бәтінұлы мен қостанайлық Михаил Коханчик арасындағы жекпе-жектің шешіміне жанкүйерлер наразылық танытты. Талдықорғандық былғары қолғап шебері қаншама соққы жасап, ұрғанымен, рингтегі төреші белсенді болған Ш.Бәтінұлына екі ескерту беріп, ұпайын кемітіп тастады. Осылайша, екінші және үшінші раундта құлаудың алдында тұрған М.Коханчиктің бағы жанып, ширек финалға жолдама алды.
Осыған байланысты біз сайыстың техникалық делегаты Қайрат Жұманқұловты сөзге тартқан едік. Қайрат Сейітбекұлының айтуынша, осы чемпионатта бес шағым түскен. Соның ішінде төрешілердің шешімімен үш шешім күшін жойса, қалған екі нәтиже өзгеріссіз қалды.
– Чемпионатта 20-ға жуық төреші қызмет атқаруда. Оның ішінде IBA-ның (бұрынғы AIBA) 1, 2, 3 жұлдызды және ұлттық дәрежедегі және бірінші санаттағы төрешілер бар. Күн сайын IBA-ның 3 жұлдызды төрешілерінің қатысуымен семинар өткізіп жатырмыз. Бүгінге дейін бес шағым түсті. Соның үшеуі қанағаттандырылды. Яғни шешім өзгертіліп, басқа боксшыға берілді. Екі шағымның шешімі өзгеріссіз қалды. Сіз айтып отырған Ерасыл Жақпеков пен Жәнібек Қартбаев арасындағы жекпе-жектің шешімі бейне қайталаудан кейін өзгертілді. Ал Шынарбек Бәтінұлы мен Михаил Коханчик арасындағы кездесуде ешқандай шағым түскен жоқ, – деді Қайрат Жұманқұлов.