Жекпе-жек • 21 Желтоқсан, 2021

Ақша табу үшін блогерді жекпе-жекке шақырды

452 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

IBF тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы, латвиялық кәсіпқой боксшы Майрис Бриедис блогер Джейк Полмен шаршы алаңда кездескісі келетінін тұспалдап жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақша табу үшін блогерді жекпе-жекке шақырды

Америкалық блогер бірнеше күн бұрын UFC-дің бұрынғы чемпионы Тайрон Вудлиді нокаутпен жеңген болатын. Бұған дейін де бірнеше мәрте шаршы алаңға көтерілген Джейктің ютубта танымал екені белгілі. Оның әрбір жекпе-жегі – үлкен табыстың кепілі.

Спорт шоуға айналған уақытта кәсіпқой боксшылар да ақша табу жолында аянып қалмайтын секілді. Соның бір дәлелі – талай мықты боксшының мысын басқан Майрис Бриедистің Джейк Полмен кездескісі келетіндігі. Ол блогердің нокауты жарияланған бейнежазбаның астына: «Менімен өтетін жекпе-жек алдындағы тамаша бастама» деген пікір қалдырды.

Жалпы Майрис Бриедис шаршы алаңда украиналық Александр Усикке ең тегеурінді қарсылық көрсеткен боксшы екені мәлім. Тек сол Усикке аз ғана ұпай айырмасымен есе жіберді демесеңіз, Майрис қалған 28 қарсыласын айқын басымдылықпен жеңген. Нағыз кәсіпқой спортшының қомақты табысты жеңіл жолмен табуға тырысуы ешқандай жаңалық емес. Флойд Мейвезер бастап берген жол басқаларға «жұғысты» болған сияқты.