Қазақстан • 22 Желтоқсан, 2021

«Еңбек» бағдарламасымен 470,2 мың адам жұмысқа тұрды

319 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1 желтоқсандағы жағдай бойынша 629,3 мыңнан астам адам Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушылары болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Еңбек» бағдарламасымен 470,2 мың адам жұмысқа тұрды

Оларды жұмыспен қамту үшін 764,7 мың жәрдемдесу шаралары ұйымдастырылды. Нәтижесінде 470,2 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 359 мыңы тұрақты жұмысқа тұрды.

Бағдарламаның бірінші бағыты аясында қысқа мерзімді курстарға 16,9 мың адам, ТжКБ бойынша оқуға 15 мың адам жіберілді.

8,4 мың адам өз ісін ашу үшін жеңілдетілген микрокредиттер, ал 28,2 мың адам қайтарымсыз мемлекеттік грант алды.

Субсидияланатын жұмыс орындарына 177,8 мың адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде:

әлеуметтік жұмыс орындарына 18,2 мың адам;

жастар практикасына – 26 мың адам;

қоғамдық жұмыстарға – 133,5 мың адам.

Еңбек ресурстарының ұтқырлығы шеңберінде 2 092 отбасы немесе 7 016 адам қоныс аударды, оның ішінде 2 610 адам еңбекке қабілетті жаста. 2 067 адам жаңа тұрғылықты жерінде тұрақты жұмысқа орналастырылды және 172 адам кәсіпкерлік қызметпен айналысады, 7 адам оқуға жіберілді.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 649 мың адам қатысты. 437,3 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 319,2 мыңы тұрақты жұмысқа тұрды. Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 12,7 мың микрокредит және жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 44,9 мың қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді.

Қысқа мерзімді оқыту курстарына 18,7 мың адам жіберілді, ал ТжКБ ұйымдарында оқытумен 18,4 мың адам қамтылған.

Бұдан басқа, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде жұмыс күші артық өңірлерден 1,8 мың отбасы қоныс аударды.