Халық қалаулысы Ана қадірі туралы ой толғайды
Әр адамның өзі құрмет тұтатын құндылықтары бар. Бүгінде осы құндылықтар елеулі сынға салынып, тіпті, жаңаша пайымдалып жүр. Осы ретте нені өткен күнге қалдырып, нені өзімен бірге болашаққа ала баруды әркім өзі шешуі керек. Отбасы осындай мәңгілік құндылықтың бірі болып табылады. Әрине, шаңырақ құрған адамдар отбасына уақыт бөліп, қамқорлық жасайды, ұрпағына, балаларына ақыл-кеңесін береді. Бұл оңай емес. Фридрих Энгельс әйгілі «Отбасының, жеке меншіктің және мемлекеттің пайда болуы» атты еңбегінде отбасы адамзат қауымдастығының ауыспалы түрі деп жазған еді. Ол әлеуметтік, экономикалық және мәдени өзгерістерге орай өзінің тыныс-тірлігінің түрін өзгертіп отырады. Бұрындары отбасы экономикалық негізге сүйенетін, оны діни ұстанымдар нығайтып келді. Ал қазір отбасынан игілік күтеді, бірақ оның берекесін арттырып, нығайтқылары келмейді немесе нығайта алмайды.Әрине, мұның бәрінің себеп-салдарлары бар: күнделікті күйбеңнен, ерлі-зайыптылардың жеке-жеке жұмысбастылығынан олар сирек жүздеседі. Қазіргі әйелдер экономикалық жағынан тәуелсіз және олардың өзін өзі құрметтеу сезімі күшті. Әлеуметтік жәрдемақыларды көбейтуге болады, алайда, одан құндылықтар жүйесі өзгермейді. Дүниежүзінің әлеуметтанушылары мен демографтары материалдық жағдайдың жақсаруы – бала туудың азаюына әкеліп соқтыратындығын дәлелдеді. Қазіргі қоғамда керісінше көрініс қалыптасқан: ел бай болған сайын отбасында балалар саны азаюда. Отбасы қоғамның ардақты құндылығы болудан қалып барады. Сондықтан, бала туу да кемуде. Ендеше, шұғыл түрде тұтыну және рухани құндылықтар арасындағы айырмашылықты азайту керек. Өкінішке қарай, қазіргі экономика мен әлеуметтік инфрақұрылым бұл айырмашылықты одан әрі өсіруге жұмыс істеуде. Көп ретте материалдық молшылыққа өзекті маңыз беретін ата-аналардың өздері-ақ осы алшақтықтың өсуіне жағдай тудыруда. Бүгінде адам тек ақша тауып қана қоймай, жақсы көлік мініп, қымбат киім киіп, қоғамның бетіне шыққан адамдармен араласып, байлықтың арқасында өзінің басқа да осындай артықшылықтарын көрсете отырып, қоғамдық құрметке бөленгісі келеді. «Жұлдыздар думанының», басқа да кең тараған сауық-сайран телебағдарламалардың көмегімен бұл «жаңа ақсүйектер» барлық тұрғындарға, әсіресе, жастарға өмір сүру «үлгісін» көрсетеді. Ал жастар «жолы болғыштарға» еліктеуге тырысады. Ал олардың, әдетте, балалары болмайды немесе отбасында, ең көп дегенде, бір ғана бала өсіреді.
Бұл отбасына қатысты көптеген проблемалардың біреуі ғана. Отбасылары үнемі берік пе? Өкінішке қарай, біздің елімізде жыл сайынғы ерлі-зайыптылардың ажырасу пайызы бұрынғыша жоғары. Отбасындағы, тұтастай қоғамдағы, адамдар қарым-қатынастарының, тәрбиенің, гендерлік теңдіктің маңызы мен құндылығына баға жетпейді. Ерлі-зайыптылардың ынтымағы бүкіл өмір сапасына әсер етеді. Ынтымақ болса, ырыс бар. Бұл бала тәрбиесіне де ықпал етеді. Балалар – өз ата-аналарының айнасы. Ата-ана баласын бақытты еткісі келсе де, ол өмірді ата-анасынан көргенімен бағалайды. Отбасының рухани жағдайында өсіп, ер жеткен бала ересек өмірге ата-анасы бойына дарытқан құндылықтармен аяқ басады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, біз балаларымызға адами асыл қасиеттерді дарыта білуіміз керек. Ата-ана балаларына өздерінің жеке басының қамын ғана ойламай, өзгелерге де бақыт тілейтіндей, қайырымдылық, қамқорлық, мүдделестік тұрғысындағы адамгершілік тәрбиесін беруі керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылғы 7 наурызда Ақордада әйелдермен болған кездесуде: «Біз өз бабаларымыздың біздегі барлық жақсылықтарды: біздің достығымызды, біздің бауырмалдылығымызды бойларына сіңіру мақсатында тәрбиеленуіне жауаптымыз» деп атап көрсетті. Мына даналықты естен шығармайық: сатының төменгі баспалдақтарына аяқ баспай, оның басына шығу мүмкін емес. Осыған байланысты, алдымен өзіңнің туған үйіңді, еліңді, халқыңды сүймей тұрып, алдағы биік асқарларға асқақтай алмайсың. Кезінде атақты ойшыл Кант екі мәселеге: жұлдыздар жамыраған аспанға және біздің ішкі дүниеміздегі адамгершілік заңдылықтарға таңғалатынын айтқан болатын. Біздің әрқайсымыздың бойымыздағы адамгершілік қасиеттер табиғаттан дариды. Оны үнемі дамыту керек. Адамгершілік және әдептілік құндылықтары төмендеген кезде адамның азғындыққа ұрынатындығы сөзсіз. Егер осындай адамгершілік қасиеттері әлсіреген адам отбасы құратын болса, ол жанұяның болашағы жақсылыққа бармайды. Егер біз балаларымыздың бойындағы рухани құндылықтардың төмендеп бара жатқанына мән бермейтін болсақ, оның алдын алу шараларын жасамасақ, болашақта сол балалар отбасының ұйытқысы болудан алшақтап, масылдыққа бой алдырады, тек өздерінің бас пайдасы үшін ғана өмір сүруге бейімделеді. Отбасындағы проблемаларды, бүкіл гендерлік саясаттағы проблема деп қарау керек. Ал еркек пен әйелдің арасындағы қарым-қатынасты адамгершілік және тәлімдік тәрбие қасиеттері тұрғысынан бағалау қажет. Отбасы ол – өзара түсіністік пен өзара көмекке жету жолындағы біріккен еңбек, тіпті, біріккен бақыт. Отбасы – аға ұрпақ өкілдерімен – ата-анамен, ата-әжемен, іні-қарындаспен, ағайын-туғандармен бауырмалдық байланыс, мызғымас туыстық. Отбасындағы берік қарым-қатынас тұлғаның жан-жақты тұрғыдан қалыптасуына, мынау құбылмалы заманда оның көзқарасының беріктігін қамтамасыз етеді. Отбасылық өмірдің басты заңдылығы – өзің таңдап қосылған адамыңмен тұрмыс құратыныңды естен шығармау. Біз ата-анамызды, аға-інілерімізді, әпке-қарындастарымызды, балаларымызды таңдай алмаймыз, ал жүрегіміз қалаған жанды көп ішінен таңдап, сүйіп қосыламыз. Біз қосағымызбен қоса ағару үшін оны сүйеміз, оған сенім артамыз, алғыс арнаймыз, жақсысын асырамыз, бір-бірімізді демеп, қолтықтаймыз. Сөйтіп, өзгені бақытқа бөлейміз, өзіміз де бақытқа кенелеміз. Рерих ғарыштың ұлылығы ер азамат пен әйелге байланысты депті. Бұл екеуі – тірліктің тірегі. Бұл жерде отбасының тірегі – ер азаматтың, әкенің рөлі ерекше маңызды. Ол отбасының ұйытқысы – әйелді алақанға салып аялауға тиіс. Өйткені, ол – ана! Тіршілікте анадан артық, анадан асыл құндылық жоқ. Адамзат дүние жаратылысының бастапқы заңдылығы – еркек пен әйелдің жарасымдылыққа үндейтін мәңгілік махаббатының заңдылығын мойындауға тиіс. Міне, нақ осы нәзік де берік бастауларды тұғыр етпеген үдерістердің барлығының болашағы бұлыңғыр. Әйел затының міндеті – өзінің нәзіктігін сақтай отырып, әдемілігін шыңдау, жүрегіндегі сүйіспеншілік сезімдерінің жылуымен айналасындағы тіршілікті сүйіспеншілікке бөлеу. Әйел затының бойындағы төзімділік пен ерлік қасиеттері де отбасының береке-бірлігін арттыратын басты құндылықтардың бірі. Біз өмір сүріп отырған өркениетке ер азаматтар иелік етеді деген тұжырым қалыптасқан. Анығында солай ма? Айналаңызға назар аударыңыз – бәріне әйел қожа! Ол бәріне үлгереді, қашанда қамқоршы әрі нәзік жанды әйелдер айналасын өзіне баурап алған. Мұның сыры неде? Ерлер сонау матриархат заманынан бері осы феноменнің сырын түсінуге барын салып келеді. Алайда, олар бұл жұмбақтың шешімін таба алар емес. Әйел табиғатын толық түсіну ер-азаматтар үшін жылдар өткен сайын күрделене түсуде. Мына бір жылдамдығы желмен жарысқан заманда әйелдер барлығына үлгереді. Бір мезгілде үш шаруаны: баласын тербетіп, ернін бояп, телефон арқылы болып жатқан барлық жаңалықты естіп-білу тек қана әйел құдіретіне тәуелді құбылыс. Немесе іс басындағы әйелдердің қарамағындағы қызметкерлерге тапсырма бере отырып, кітапшасына кешкі ас мәзірін жазып үлгеретін, жолдасының тамағын беріп, ертеңге киетін киімін үтіктеп, баласының үй тапсырмасын тексеріп, оқуына әзірлеп, отбасы мүшелерінің барлығына үлкен жүрегінің жылуын беру тек қана аналық құдіретті бойына дарытқан әйелдерге ғана тән қасиет. Зигмунд Фрейд отыз жыл бойы зерттегенде әйел жанының құпиясын аша алмағанын мойындаған екен. Менің ойымша, тек Стендаль ғана «өзің сүйген әйелдің тіпті қаталдығы да жүрегіңді тебірентетін жылылыққа пара-пар» деген сөзі ғана ақиқатқа жақындаған сияқты. Ал философ Иван Ильин еркектердің бәрін ойландыратын осы сұрақты «әйел құпиясын өзіңнің сүйіктіңнің бойындағы нәзіктікті сезіне отырып түсінесің», деп тұжырымдады. Тұңғыш Президентіміз бұл мәселені ерекше жүрекке жақын тұжырыммен былай түсіндірді: Сіздер біздің өміріміздің гүлі болып табыласыздар – ер азаматтар әйелдер туралы не айтса да, әйелдер еркектерді әрқашан уысында ұстайды. Ер азаматтар өздерінің сүйіктілерінің сұлулығы мен нәзіктігіне тәнті бола отырып, әйелді ең алдымен, аналық жүрек жылуымен жаратылысқа жан беретін ошағының ұйытқысы, шаңырағының панасы деп біледі. Әйелдің төзімділігі – үлкен құпия. Тек қана ана өзінің бойындағы қуатымен өмірге жаңа келген әлсіз шарананы пәрменді етіп шыңдай алады. Ана құдіреті деген – осы. Ана – Жаратқанның қамқорлығы мен жан шуағын бізге алдымен жеткізетін адам. Өмірге келген алғашқы сәттен бастап біз мұны ақылмен емес, жүрегімізбен сезінеміз. Ана – біздің алғашқы махаббатымыз. Біз оны туғаннан сағындық, іздедік, оның дидарын көрген сайын қуанышқа бөлендік, бізді беймәлім болмыстың қауіп-қатерлерінен ана ғана қорғай алатынын ұғындық. Біз ана дидарын сәбилік шексіз сүйіспеншілікпен мәңгілік жадымызда жаңғырттық. Нәрестенің ең алғашқы күннен ана махаббатына бөленіп өсуінің маңызы зор. Бұл сәбиді бағып-қағу үшін ғана емес, сонымен бірге, оның бойында да осындай сүйіспеншілік қасиеттерді қалыптастыру үшін қажет. Сәбидің анасымен алғашқы қарым-қатынасы – болашақ өмірде алатын адамгершілік тәжірибенің бастауы. Анаға деген сүйіспеншілік біз ойлағаннан әлдеқайда әсермен бойды баурайды. Кішкентай кезіңде бұл – табиғи сүйіспеншілік. Ананы сүю үшін ешқандай күш-пәрмен қажет емес. Алайда, біз ер жеткен сайын бойымызда ананы жақсы көру, құрметтеу сезімі күшейе түсуі керек. Барша Қазақстан халқы жақсы көретін, сүйіп шырқайтын әнде айтатындай, Ана – бізге әлемнің жарығын сыйлаушы. Бұдан артық баға болмақ емес. Өкінішке қарай, ата-анасына қатал қарайтын, олардың мұң-мүддесіне немқұрайлы мінез танытатын ұл-қыздар да жоқ емес. Олар үшін ана бейнесі көрші тұратын әйел бейнесінен артық емес. Осы ретте алаңдатарлық бір мәселе, қазіргі балалар әдебиетінен де ана бейнесі жоғалып барады. Ана бейнесі бүгінгі балалар әдебиетінен кейінге ысырылып қалған. Бүгінгі газеттер мен журналдар да ана туралы жазбайды, теледидарда аналар туралы жан тебірентерлік бағдарламалар жоқ. «Литературная газета» өзінің беттеріне «Ана туралы сөз» деген айдар ашты. Біздің еліміздегі аудандық, облыстық және республикалық газеттер де содан үлгі алса, ана тақырыбын тұрақты жазып тұрса, жаман болмас еді. Ана тақырыбын асқақтата көтеріп, ата-анасын ардақтайтын ұл мен қыздың тәжірибесін кең таратқан газет бұдан барынша ұтар еді. Өмір тоқтаусыз аққан өзен сияқты. Мұхитқа қарай ағылған өзен суының бастауы оның ағысына әсер етеді. Біздің анамыз, анамызға деген махаббатымыз дамылсыз сарқыраған өзен ағысының бастауы сияқты. Оған деген сүйіспеншілігіміз, ақ тілегіміз осы бастаудан нәр алады. Осы ретте мен өзімнің анамды үнемі айрықша ризашылықпен есіме аламын. Мен үшін ол – әрқашан өмірімнің шамшырағы. Менің анам өте ізгі, ұяң да жанашыр адам еді. Оның дауыс көтеріп сөйлегенін немесе ұрыс-керіс жасағанын естіп көрген емеспін. Ол өшпенділікке қарсы өктемдік жасаған емес. Мектеп бетін көрмесе де нағыз зиялы адам болды. Зиялылықтың нәрі жүректе ғой. Мұны ешбір университетте оқытпайды. Бұл – тәңірдің сыйы, отбасынан дарыған тәрбие тәлімі. Мына бір оқиғаны есіме алсам, жанарыма жас үйіріледі. Бір уақыттарда біздің ауламызда қарлығаш ұя салған болатын. Ұяда үш балапаны бар еді. Кейде сарыауыз балапандар ұядан құлап түседі. Қарлығаш-ана оларды ұяға қайта көтеріп салады. Әлсіз балапандар тағы да құлайды. Қарлығаш-ана тағы да көтереді... Уақыты келіп, сарыауыз балапандар ұядан қанаттанып шықты. Олар көк аспанда қалықтап, ұшып кете барды. Ұя бос қалды. Бірде мені анам шақырып алып: «Толя, қарлығаш пен оның балапандары есіңде ме?» деп сұрады. «Иә, есімде!» дедім мен. Сонда анам «Міне, сендер де осы балапандар сияқты боласыңдар. Сен, Юра және Витя үшеуің ертең-ақ қанаттанып, алысқа ұшасыңдар. Алайда, туған ұяларыңды ұмытушы болмаңдар!» деді. Біз гендерлік теңдік жайлы айтқанда оның тамырына бойлауымыз керек. Ал оның тамыры – ана, оның жарқын бейнесі. Өз анасын сүйетін ұлдан, менің ойымша, ешқашан басқа әйелге қол көтеретін жексұрын шықпайды. Ал анасынан тәлім алған, оның жүрек жылуын бойына дарытқан қыз бала ешқашан қатыгездікке бой алдырмайды. Ол өзінің Әйел, Ана атты болмысына адалдығын танытады. Ана – әлемнің ең қымбат құдіреті. Ендеше, осы бір ардақты да аяулы бейне алдында бас иейік! Анатолий БАШМАКОВ, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Парламент Сенатының депутаты, экономика ғылымдарының докторы. АСТАНА.