Саясат • 22 Желтоқсан, 2021

Астана процесі: Кезекті раунд табысты аяқталды

383 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтанда Сирия жөніндегі жоғары деңгейлі халықаралық кездесудің 17-нші раунды өтті. Екі күнге созылған іс-шара қоры­тындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданды. «Астана про­цесі» атымен танылған бұл келіссөздер Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.

Астана процесі:  Кезекті раунд табысты аяқталды

Елордада кепілгер мемлекеттер – Түркия, Иран, Ресейден келген делегациялар бас қосты. Түркия делегациясын осы елдің Сыртқы істер министрлігінің Сирия бойынша бас директоры Селчук Үнал бастап келді. Сондай-ақ Ресейдің Сириядағы арнайы өкілі Александр Лав­рентьев, Иранның Сыртқы іс­тер министрінің арнайы сая­си мәселелер жөніндегі аға кеңес­шісі Али Асгар Хаджи Сарыарқа төріне ат басын бұрды.

Кездесуге Сирия тарапынан аталған елдің Сыртқы істер министрінің орынбасары Айман Сусан бастаған делегация және оппозиция өкілі Ахмад Тума серіктерімен келді. Келіссөздерге БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілінің орынбасары Хавла Маттар да үлес қосты. Сондай-ақ Ирак, Иордания және Ливан елдерінен бақылаушылар қатысты.

Екі күнге созылған келіс­сөздер негізінен жабық есік жағ­дайында өтті. Жиын аяқтал­ған­нан кейін Қазақ­стан Сыртқы істер министрлігі Таяу, Орта Шығыс және Африка депар­таменті­нің директоры Оңталап Оңалбаев кез­десу­ді қорытындылап, брифинг өткізді.

«Бүгін «Астана процесі» аясында Сирия жөніндегі жоғары деңгейлі 17-халықаралық кездесуі нәтижелі аяқталды. Бәріңізге мәлім «Астана процесі» 2017 жыл­дан бастап, Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұ­р­сұлтан Назарбаевтың тікелей қол­дауымен жүзеге асып келе жатыр. Бұл процесс барысында Сирия Араб Республикасының аумағындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату жолында айтарлықтай табыстарға қол жеткізілді.

Сонымен қатар Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана процесінің» қару­лы-қақ­тығыстың тоқтауы мен бос­қын­дардың өз еліне қайтып ора­луына қолайлы жағдай жасауда, тараптардың уағдаластықты сақ­тауда маңызды екенін атап өтті. Нәтижесінде, Нұр-Сұлтанда өт­кен келіссөздердің 17-раунды осы жүйелі әрі тиімді жұмыстың жалғасы болды деп нық сеніммен айтуға болады», деді Оңталап Оңалбаев.

Келіссөздер нәтижесі бо­йынша Бірлескен мәлімдеме қабыл­данды. Құжатта «Астана процесінің» кепілгер мемле­кет­тері Сирия Араб Республика­сы­ның егемендігіне, тәуелсіздігіне, бірлігі­не және аумақтық тұтасты­ғына, сондай-ақ БҰҰ Жарғысы­ның мақсаттары мен қағидат­тарына қатысты ұстанымы өзгер­мегенін растады. Сондай-қақ бұл қағидаттардың жалпыға бірдей сақталуы мен құрметтелуге тиіс екеніне екпін берген.

«Терроризмнің барлық түрі мен әрекетімен күресуге жә­не Си­рияның егемендігі мен аумақ­­тық тұтастығына нұқ­сан келтіре­тін, көршілес елдердің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін сепаратистік жоспарларға қарсы тұру мақсатында өзара іс-қи­мыл­ды жалғастыруға келісті. Си­рия­ның әр түкпіріндегі бейбіт тұр­ғындардың қаза табуына әке­ліп соқтыратын, сондай-ақ аза­мат­тық инфрақұрылымға жасалған лаңкестік әрекеттің көбеюін айыптайды.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі терро­рис­тік ұйым деп таныған ДАИШ-ті, Хаят Тахрир әл-Шам/Джабхат әл-Нусраны және Әл-Каида немесе ДАИШ, сондай-ақ басқа да лаңкестік топтармен байланысы бар барлық тұлғаларды, топтарды, кәсіпорындар мен ұйымдарды түпкілікті жою үшін одан әрі ынтымақтастық қажеттігін растады. Халықаралық гуманитар­лық құ­қыққа сәйкес азаматтар және аза­маттық инфрақұрылым­­ды қор­ғауды қамтамасыз етуге келісті.

Идлиб деэскалация аймағын­да (ИДА) және одан тыс жерлерде бейбіт тұрғындарға қауіп төн­ді­ретін, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі террористік ұйым деп та­ныған Хаят Тахрир әл-Шам тобының және онымен байланысы бар басқа да террористік ұйымдардың болуы мен терро­ристік белсенділігінің артуына байланысты алаңдаушылық білдіреді», делінген Бірлескен мәлімдемеде.

Сондай-ақ кепілгер мемлекет­тер Идлиб деэскалация айма­ғын­дағы ахуалға жіті назар ауда­рып, өңірдегі және көршілес жер­лердегі гуманитарлық ахуалды жақ­сар­туға күш салуға келісті. Идл­иб келісімін толықтай орындап, бей­бітшілікті сақтау қажетін атап өтті.

Бірлескен мәлімдемеде та­рап­тар Сирияның сол­түстік-шығысындағы ахуалды қозғады. Құжат арқылы халық­аралық құқық пен халықаралық гума­нитарлық құқықты, Сирия мен көршілес елдердің егемен­дігін бұзатын, аймақтағы тұрақ­тылық пен қауіпсіздікке қауіп төндіретін Израильдің Сирияда жалғасып жатқан әскери шабуыл­дарын айыптап, оларды тоқтатуға шақырды. Израильдің Сирия аумағындағы агрессияны бүр­кемелеу үшін азаматтық ұшақ­тарды пайдалануы халықаралық ережелерді өрескел бұзу және бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп төндіретінін жеткізді.

«Сириядағы қақтығыстың әскери шешімі жоқтығына сенім­ділік білдірді және БҰҰ Қауіп­­сіздік Кеңесінің 2254-қау­лысына сәйкес БҰҰ-ның көме­гімен сирия­лықтардың өздері бас­қара­тын және жүзеге асыратын өмір­шең және ұзақ мерзімді сая­си про­цесті ілгерілетуге ниетті екенін қуаттады», деді Бірлескен мәлім­демені оқыған Оңталап Оңалбаев.

Кепілгер мемлекеттер Сирия­дағы гуманитарлық жағ­дайды жақсартуға және саяси реттеу үдерісіндегі ілгерілеуге қолдау көрсету үшін халықаралық қо­ғам­дастықты, БҰҰ мен оның гу­ма­нитарлық агенттіктерін қал­пына келтіру және тұрақтылық жо­баларын жүзеге асыруға ша­қыр­­ды. Атап айтқанда, негізгі инфра­құрылымдар – су және электрмен жабдықтау объектілерін, мек­тептерді, ауруханаларды қал­пына келтіріп, миналарды жою­дың маңызына екпін берді.

«Қазақстан Республикасы билігіне Нұр-Сұлтан қаласында Сирия мәселесі жөніндегі «Астана процесінің» 17-халықаралық кездесуін өткізгені үшін шынайы алғысын білдіреді.

Тараптар 2022 жылдың бірін­ші жартыжылдығында сани­тар­лық-эпидемиялық ахуалды ескере отырып, Нұр-Сұлтан қа­ласында Сирия жөніндегі жоға­ры деңгейлі 18-халықаралық кез­десуді өткізуге уағдаласты», деді Бірлескен мәлімдемені оқыған Оңталап Оңалбаев.

Сонымен қатар орайы келген сәтте Астана форматында Түркия, Иран және Ресейдің, яғни кепілгер елдер министрлерінің үш­жақты кездесуі Иран Ис­лам Рес­пуб­ликасында ұйымдастырылмақ.