Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мегаполисте коронавируспен ауыратындардың саны азайғанын хабарлады. Күніне инфекция жұқтырудың 30-40 жағдай тіркеледі, бұл қалаға жасыл аймақта қалуға мүмкіндік береді.
Коронавирустың жаңа штамына келетін болсақ, ол қалада тіркелмеген.
«Бүгінгі таңда біз Денсаулық сақтау министрлігінен секвенирлеу нәтижелерін алдық. Біздің қалада «омикрон» анықталған жоқ», деді Жандарбек Бекшин.
Жаңа штамм пайда болғаннан бері Алматы әуежайына «омикрон» табылған елдерден 1600 адам келді. Германиядан келген алты жолаушыда коронавирус анықталған.
Бекшин соңғы екі айда коронавирус жұқтырған науқастардың ауру белгілері өзгергенін атап өтті. Егер бұған дейін «дельта» штамы басым болса, қазір оған «дельта плюс» нұсқасы қосылды.