Экология • 23 Желтоқсан, 2021

Оталған ормандардың орны тола ма?

1209 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан об­лысы­ның ормандары – ел аума­­ғын­дағы ең ірі орман ресурста­рының бірі. Теріс­кейдегі өңір­­ді «Ақ қайыңдар аралы» деп те атайды. Қазір облыс­та 12 орман шаруа­шылығы кәсіпорны және «Красный бор» атты жануарлар дүниесiн қорғау жөнiндегi шаруашылық жұмыс iстейдi.

Оталған ормандардың орны тола ма?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Өкінішке қарай 2017 жылғы көп түскен ылғалдың салдары әлі де толастамай, жерасты суларының көтерілуінен ылғалда қалған ойдым-ойдым ақ қайыңды ормандар қурап жатыр. Биыл осындай 1 779 гектар жердің қурауға айналған орманы шабылып, 194,1 мың текше метр қайың халыққа отынға сатылды. Аппақ қайың­дардың оталып жатқанын көріп ішің ауырса да қылар шара жоқ. «Орман­ды отасаң, жаңқа шашылады» дегендей, қураған қайыңдардың арасында жайқалған жас қайыңдардың да оталып жатқаны жасырын емес. Отын дайындаушылар ауқымды гектарды пайдалануға алады да, оның ішіндегі қурағанын ғана қырқуды қанағат тұтпай, пайдасын ойлап түгел отап жатады.

Қазір облыста ағаш дайындаумен және өңдеумен 20 орман пайдаланушы айналысады. Оларда тұрақты негiзде 300-ден астам адам жұмыс істейді. 20 цех, ағаш көмiрiн шығаратын 4 зауыт салынды, 29 аралау диiрменi, технологиялық жоңқа өндiретiн 3 желi орнатылды, 100-ден астам ағаш өңдеу бiлдектерi мен 5 ұсақтау қондырғылары сатып алынды. Жыл сайын цехтарда шамамен 80-100 мың текше метр жергiлiктi ағаш өңделедi және терең өңдеу көлемi үнемi артып келедi.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 млрд түп ағаш отырғызу туралы бастамасы өте орынды шара болып отыр. Соның нәтижесінде жасыл орман­дар қалпына келтірілер деген үміт зор. Қазір Президенттің бастамасын орындау мақсатында облыстың кешенді жоспары жасалып, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына ен­гізілді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бейбіт Исмановтың айтуына қарағанда, биыл 868 гектар орман алқабына 3,5 млн түп ағаш отырғызылған. Кешенді жоспар бойынша бес жылда барлығы 20 мың гектар жерге 100 млн түп ағаш отырғызу көзделген.

Ормандардың тағы бір жауы – өрт. Биыл облыс ормандарында 223 рет от шықты. Соның 30-ы үл­кен өртке айналып, 68 гектар жер­­­дің орманы отқа күйді. Өртке айып­­­ты болған жеті адам ұсталып, оларға 1,1 млн теңгенің айыппұлы салын­ды. Ал өрт қауіпсіздігін сақ­та­мады деген 59 айыпталушы заң­ды тұлғадан 1 млн теңгенің айыбы өндіріліп алынды. Орманды өрттен қорғауды қамтамасыз ету үшін шаруашылықтардың мате­риалдық-техникалық базасын арттыру жұмыстары жүргізіліп келе­ді. Бұл іске облыстық бюджеттен үш жылда 207 млн теңге бөлінді. Оларға 11 өрт сөндіру машинасы және басқа да техникалар сатып алынды. Қазiр облыстың орман иеле­нушiлерi 26 өрт сөндiру авто­көлiгiмен жабдықталған, оларда 80 трактор, 159 патрульдiк автомобиль, 30 өрт сөндiру ыдысы және басқа да жабдықтар бар. Облыс­тың орман шаруашылықтарын нормалар мен нормативтерге сәйкес жал­пы мате­риалдық-техникалық жарақ­тан­­дыру қазiргi уақытта 87%-ды құрай­ды. Соны­мен қатар өрт қауіп­­сіздігін сақ­тау мақ­сатымен Ресей­дің шекаралас Омбы, Қорған және Түмен облыс­тары­мен бір­лесе іс-қи­мыл жасау жө­ніндегі келі­сімдерге қол қойылған.

Су ресурстарын қорғау да ма­мандардың назарында. Биыл бұл жұ­мысқа 4 млн теңге қаражат бөлініп, Есіл өзенінің екі сағасын тазалау жобасы әзірленді. Жаз айларында төрт рет экологиялық акциялар ұйым­дастырылды. Оған мемлекеттік орган­дардың қызметкерлері, студенттер мен волонтерлер қа­тысты. Қала іргесіндегі Пестрое көлі мен Есіл­дің жағасы осы акциялар арқылы тазаланып қалды. Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысының аума­ғында су объектілерін сани­тар­лық-гигиеналық және экологиялық талаптарға сәйкес жағдайда ұстау, лас­тануды, қоқыстануды және сар­қылуды болдырмау үшін облыс әкімдігінің 2015 жылғы 31 желтоқ­сандағы № 514 «Солтүстік Қазақстан облысының су қорғау аймақтарын, су объектілері белдеулерін және оларды шаруашылықта пайдалану режімін белгілеу туралы» қаулысымен су қорғау аймақтары мен белдеулері, сондай-ақ 72 көл­де, Шарық су қоймасында, Есіл өзенінде және оның екі ірі саласы – Ақан-Бұрлық және Иман-Бұрлық өзендерінде шаруашылыққа пайдалану режімі белгіленген.

Облыс аумағында 2 328 су қой­ма­сы бар, оның ішінде 501 су қой­­масы балық шаруашылығын жүр­гiзу айдындарының тiзбесiне ен­гi­зiлген. Қазір соның 302-сі 144 ба­лық шаруашылығы субъек­тiлерiне пайдалануға берiлдi. 2021 жылдың 11 айында 887 тонна балық ауланған. 186 су қоймасының балығы толық­тырылды. Бұл іске 128 млн теңге қаражат жұмсалған. Табиғат байлы­ғын пайдаланған дұрыс, бірақ қал­пына келтіру жұмыстарының қатар жүргізілгені жөн.

 

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар