Апта сайын екі рет хат жазатын
– Өмір бойы әдебиетке адал қызмет еткен, қаламына серт беріп, сүбелі туындылар жазған қабырғалы жазушымыз Қабдеш Жұмаділовтің шығармасын күллі оқырман қызығып оқыды. Біз жазушының шығармашылығымен таныспыз, ал сізбен кездескендегі бозбала Қабдеш қандай еді?
– Мен 1963 жылы Қазақ педагогика институтының физика-математика факультетінің физика бөлімінде оқып жүргенмін. Сол кезде математика бөлімінде Үсен, Мақсұтқали деген «ағайлар» оқыды. Ол кісілер үйлі-баранды адамдар болатын. Жастары үлкен. Сондықтан да студенттер ол кісілерді «ағай» дейтін. Пән сабақтарын бөлек оқығанымызбен, кейбір ортақ лекцияларды бірге тыңдайтынбыз. Жатақханада тұрамыз. Жерлестігіміз бар, анда-санда бас қосатынбыз.
Сондай күндердің бірінде, көктемнің бір мейрамында, осы ағайлар өте қуанышты еді.
– «Бүгін бізге Қабдеш келеді» деп мәз-мейрам болып отырған. – «Ол кім?» деп сұрағанымда, – «Шәуешек гимназиясында бірге оқыған сыныптасымыз» деп жауап қайтарған. Кешке жақын сол кісі де келді. Ол маған бір жүдеулеу, бұйра шашты, байыпты ағай болып көрінді. Дастарқан басында солар бірімен-бірі қауышып, өткен-кеткендерін әңгіме қылып ұзақ отырды. Артынан ағайлардан – «Сыныптасыңыз өте жүдеу екен. Ауру ма?» деп сұрадым ғой. Олар – «Жоқ, ойбай! Арғы беттен көп қуғын-сүргін көріп, 1962 жылғы көшті бастап шекараны бұзып өткен. Содан енді-енді ғана есін жинап жатыр» деп анығын айтқан. Бірінші рет Қабдешті осылай көрдім.
Біраз уақыт өтіп, сол кісіні қайта кездестірдім. Алматыда тұратын бір жақын туысымның үйіне барғанмын. Қарасам, Қабдеш те сол үйде отыр екен. Үй иесі – бір кезде Үрімжіде әкемнің шәкірті болған Уәли Бекенов деген кісі, бізді тағы да жақсылап таныстырды. Содан кейін Қабдеш жатақханамыздағы сыныптастарына жиі келетін болған соң араласып кеттік. Ол кезде Қабдеш бозбала емес, жасы жиырма бестен асқан, көп көрген, ақыл тоқтатқан байсалды адам еді.
– Сізге ғашықтық хатын жазған шығар? Не деп жазғаны есіңізде ме?
– Иә, Қабдеш маған көп хат жазатын. Студенттер жазда оқудан босап демалысқа шығатын. Мен де уақытымның көбін ауылымда өткізетінмін. Сол кездері аптасына бір емес, екі хаттан келіп тұратын Қабдештен. Ол сәлем хаттарын араб алфавитінің төте жазуымен жазатын. Күздегі «сельхоз» жұмыстарына барғанымызда да хаттары келіп тұрды. Сыныптастарына тапсырып қойған болу керек, тұрған жеріміздің адресін біліп алыпты. Кейде өлеңдетіп жіберетін. Менің есімде қалғаны мына сөздері:
Уайым түбі – теңіз,
Батасың да кетесің.
Тәуекел – жел қайық,
Мінесің де өтесің.
– Атажұртқа алғаш келген жылдары көп қиындық көрдім деуші еді, қалай еңсердіңіздер?
– Қабдеш атажұртқа 1962 жылдың сәуір айында келген. Мен Қабдешті 1963 жылдың көктемінен, Қазақ мемлекеттік университеттегі оқуын қайта жалғастырған кезінен бастап білемін. Осы екі аралықта Қабдеш шекара асып атамекеніне оралған екі жүз мыңнан астам адамның ауыл-ауылға бөлініп орналасуына, келген жерлерінде қайта жаңғырып, жаңа өмір бастап кетуіне араласқан адамдардың бірі еді. Сол кездегі қиыншылықтар мен басынан өткерген оқиғаларды өзінің ғұмырнамалық «Таңғажайып дүние» атты романында егжей-тегжейлі суреттейді.
Бірінші оқырманы мен едім
– Ең алғашқы туындысы жарық көргенде жазушы қандай көңіл күйде болды?
– Қабдештің үйленуімізге дейін бірталай өлеңдері мен әңгімелері газет-журналдарда жарық көрген еді. Шығармалары бөлек кітаптар болып екеуміз қосылғаннан кейін ғана басылып шыға бастады. Бірінші кітабы – «Жас дәурен» деген өлеңдер жинағы да, екіншісі – «Қаздар қайтып барады» деген әңгімелер жинағы. Кітап шыққан кездер қуанышқа толы еді, әрине. Әсіресе Қабдештің бірінші «Көкейкесті» деген романы 1968 жылы жеке кітап болып шыққанда оның шаттанып қуанғаны есімде. Анасына кітабын көрсеткенде Қанипа енемнің де қуанышында шек болған жоқ. Кітапты сүйіп, Қабдешке батасын жаудырды. Сол кітаптан бастап Қабдештің бүкіл жазғандары: әңгімелері, повестері, романдары мен мақалалары – бәрінің бірінші оқырманы мен едім. Тазаға көшіріп берген қолжазбаларды машинкаға басып беретінмін. Қабдештің жазу жазғанда қандай күй кешкені, бәрі көз алдымда. Туындыларының жарық көруінің қаншалықты қиын жұмыс болғанына мен куәгермін.
– «Соңғы көштің» жазылғанына да жарты ғасырдан асты, әрине, бұл шығарма бағасын алды. Бірақ осы романына жазушының өз көңілі толды ма? «Анау жеріне өзгеріс енгізсем» деген әттеген-айлары болмады ма?
– Ондай сұрақты мен де қойғанмын. Қабдеш өткен жылдан бері, әсіресе биылғы 2021 жылдың қысында, жинақтар дайындай отырып өз қаламынан туған кітаптарын түгелдей қайта оқып шыққан. – «Қалай, өзгеріс енгізем деген жерлері бар ма екен?» деп сұрағанымда, – «Жоқ. Бәрі де шетінен шедевр. Шығармаларымның бір сөзін де өзгертпеймін. Құдай құлағыма қалай сыбырласа, сол күйінде қалады», деп күліп жауап берген еді.
– Біздің көз алдымызда қара қылды қақ жарып әділ сөйлейтін, шындықты айтудан жасқанбайтын өр мінезді Жұмаділовтің бейнесі қалды. Батыл айта білетін мінезінен «таяқ» жеген сәттері болды ма?
– Қабдеш әрқашанда көркем шығармаларында да, мақала-сұхбаттарында да ақиқат пен әділдікті ту еткен. Тарихты бұрмалау, ұрлық-қарлық, жазықсыз біреуді жәбірлеу, ел байлығын талан-таражға салу сияқты қоғамдағы әртүрлі жағымсыз құбылыстарды байқағанда шыдай алмай ауыр-ауыр тақырыптарды бірінші болып көтеретін еді. Сол үшін өзін қолдаған қаламдастар оны «біздің мұзжарғыш кемеміз» деп те атайтын. Ондай табандылықты ұнатпағандар да болды, әрине. Билік басындағылар да болды арасында. Бірақ қалың оқырманы қолдаған, халқына беделі асып тұрған Қабдешке «таяқ жегізетіндей» ешнәрсе істей алмады. Ондайда шенеуніктер көтерілген мәселені мойындауға асықпай, әдеттегінше үндемей құтылуға тырысатын. Билік басындағылардың тағы бір әдеті – айтылған сөздері, бөліскен ой-толғамдары, саяси позициялары өздеріне ұнамайтын қайраткерлердің қалтасынан ұру. Мысалы, соңғы жеті-сегіз жылда Қабдеш Президент тағайындаған стипендияны алмай жүрді.
– Қабең жазудан шаршағанда қалай демалушы еді?
– Қаламы жүріп жатқан кезде Қабдеш шаршау дегенді білмейтін, айлап күні-түні жұмыс істеп жазу столында отыратын. Кеңес заманында әр екі-үш жыл сайын бәрімізді теңізге апарып демалдыратын. Соның арқасында Қара теңіздің Қырым мен Кавказ жағалауларын, Балтық теңізін әжептәуір араладық. Қатар тұрған екі Жазушылар үйлері ғой – біздің тұратынымыз. Бұрынырақта ауламыз толған ақын-жазушы көршілер, әрқайсысы бөлек бір жартас. Жай күндері демалыс ретінде Қабдеш сол көршілерімен әр нәрсені талқылап уақыт өткізетін, шахмат, бильярд ойнайтын. Тағы бір жақсы көретін демалысы – отбасымызбен Медеу мен Алмаарасан жақтағы табиғатқа шығатынбыз, туған-туыстарын аралайтын. Немере-шөберелерімен ойнаудан шаршамайтын.
Уақыттан тыс азамат
– Көп жылдың алдында Жәркен Бөдешұлы екеуі туған топырағы Шәуешекке барып қайтты. Сол сапары туралы сізге нелерді айтты?
– Сол сапарын Қабең Алматыға қалың қар жауған сайын жиі есіне алатын. 2002 жылдың аяғында, Қытайдағы Тарбағатай аймағы уәлиінің шақыруымен, Жәркен екеуі он шақты күн Шәуешек қаласының құрметті қонақтары болып қайтқан. Айтып кетейін, одан бұрын Қабдеш 1962 жылы Қазақстанға келгелі өзінің туып-өскен Сібеті, Дөрбілжін, Шәуешек, Үрімжілерді бір-ақ рет көрген. «Саяси» жағынан осы екі сапардың айырмашылығы жер мен көктей дейтін. Бұрын барғанында Қытай үкіметі Қабдешті суық қабылдап, ресми кездесулерге барынша тыйым салып, соңына тыңшылар қойып, жүріс-тұрысын бақылап тұрған. Соның салдарынан жергілікті әдебиетшілер мен сыныптас-тағдырлас таныстары араласудан қашқалақтаған көрінеді. Ал осы жолы Қабеңнің бұрынғы өкпе-реніштерін тарқатып, құрметті қонақтарын қалайда риза қыламыз деген жергілікті үкімет аймақтарын кеңінен аралатып, ресми кездесулер мен мазмұнды сұхбаттардың үстіне қонақасыларын беріп, шапандарын жауып, аттарын мінгізіп дегендей, керемет күтім көрсеткен екен. Әрине, Қабдеш Шәуешектегі өзі көрген көп өзгерістерді, бұрынғы таныс жерлердің басқаша аталатынын сөз қылатын. Бірақ сол сапардан әкелген өзіне қатты әсер қалдырған басты әңгімесі – арасы елу-ақ шақырым шекараның ар жағы мен бер жағындағы екі қаладағы тәртіп пен еңбекке деген көзқарастағы айырмашылықтар. Соның бір мысалын – қар күреу мен көше-жолдарды тазалауды өзінің «Сызықтың арғы жағы» деген мақаласында келтірген де. Сонда, біздің жақ бульдозер таба алмай көлік мінуден қалғанда, арғы жақтағы халық қолдарына бір-бір күрек алып, жолдарын бір-екі сағатта тап-тұйнақтай қылып тазалап қояды екен. Сол сапарларын Жәркен де өлеңдетіп суреттеген.
– Жазушы «Таңғажайып дүние» атты туындысын сізге арнап жазды, осы кітап туралы айтып берсеңіз...
– «Таңғажайып дүние» деген кітабы – ғұмырнамалық роман ғой, онда Қабең өзінің ес білгеннен бастап көрген-білгенін, туған-туыстарын, араласқан адамдарын, замандастарын, қаламдастарын, қоғамдағы басты оқиғалар мен құбылыстарды егжей-тегжейлі суреттейді. Бүкіл өмір шындығын, көрген қиыншылықтарын, болған оқиғалардың жағымды-жағымсыз кейіпкерлерін түгел жасырмай ашық жазды. Сол кейіпкерлердің біразын мен де көрдім, оқиғалардың куәсі болдым. Мен Қабеңнің кітапқа кіргізген, кіргізбеген қиыншылықтарды жеңіп өткенін, төзімділігін, табандылығын бәрін көрдім. Оның заман-қоғамнан ерекше білімділігіне, еңбекқорлығына, шығармашылық талантына, адамгершілігіне таңданып, Қабеңнің уақыттан тыс азамат екендігіне көзім талай рет жеткен. Алдыма қойған мақсатым – ол кісіге барынша қолдау көрсетіп, үй тұрмысындағы болып тұратын мәселелерге алаңдатпау. Кітабының бірінші бетінде «Бұл кітабымды жарлы-жақыбай кезімде етегімнен ұстаған, алтындай бес бала сүйгізіп, отбасын бақытқа кенелткен, ала қағаздың азабын, тұрмыстың ащысы мен тұщысын ұзақ жыл бірге татқан өмірлік серігім Сәулеге арнаймын!» деп «Таңғажайып дүниені» маған арнаған еді. Менің еңбегімді бағалаған болуы керек.
– Мына жұрт ақынға жар болу қиынның қиыны деп жатады. Ал көсем сөзді, дала мінезді жазушыға жар болудың қиындығы бар ма екен?
– Қабдештің мінезі қиын, ашушаң кездері де болатын. Мен үйдегі тыныштыққа көп көңіл бөлдім. Ақынға да, жазушыға да, әсіресе Қабеңдей қоғамдық көзқарастары бар қайраткерге жар болу оңай емес-ті. Оның шығармашылық шабытының көкке шарықтап көтерілген кездері мен тұңғиық зерттеу жұмыстарына сүңгіген кездерінде оған ерекше жағдай жасау керек еді. Сондай-ақ Қабеңнің көңілі толмайтын қоғамымыздың көптеген саласындағы әртүрлі құбылыс жеткілікті еді, ондайларды күнделікті дастарқан басында талқылап жүйкесін жайландыру да менің міндетім. Ең қарапайым деңгейде – отырған жұмыс орны таза болуы керек. Тамағын уақытында беру, көңіл күйін бұзбау, мазаламау, жүйке жүйесіне тимеу сияқты қағидаларды сақтау керек.
Ұзағырақ өмір сүрсе екен деп тіледім
– Оқырмандар Қабдеш Жұмаділовтің өмірбаянын жақсы біледі, ал ол кісінің өмірлік жары болған сіздің туған далаңыз қай жақта? Қандай мамандық иесісіз?
– 1943 жылы 20 қыркүйекте арғы беттегі Үрімжі қаласында дүниеге келгенмін. Сондағы №17 мектептің бастауыш төрт жыл оқуын бітіргенмін. Әкемнің аты – Әукен, 1917 жылы Семей облысының Ақсуат ауылында өмірге келген. Ұзақ жыл мұғалім болған, Үрімжі ауданының әкімі болған. Шешемнің аты – Сәлимаш. Семей облысының Үржар деген ауылында туған. 1955 жылы әулетіміз ел қатарлы атажұртымызға оралған еді. Орта мектепті Үңгіртас мектеп-интернатында аяқтадым. 1967 жылы ҚазПИ-дің физика факультетін бітірдім. Мамандығым сол физик. Ұзақ жыл физика факультетінде «Спецпрактикум по спектроскопии» деген лабораторияда қызмет істедім.
– Сіздер бала тәрбиесіне де ден қойған отбасының бірісіздер, отбасындағы әкенің рөлі қандай болуы керек деп ойлайсыз?
– Біздің төрт ұл, бір қызымыз бар. Ұлдарды бағу оңай емес. Кішкентай кездерінде мектепте де, далада да, үйде де әртүрлі оқиғаға ұрынып жүреді ғой. Балаларды тәртіпке салғанда Қабең: «Әділдік үшін қаталдыққа бардым» дейтін. Балаларға дүниетанымдық құндылықтарды түсіндіретін. Шежіремізді ұқтыратын. Ең бастысы, тәрбиелеу тақырыптары – әділдік, өтірік айтпау, еңбекке баулу, білім алу, уақытпен санасу. Осы тақырыптарға өмірден, тарихтан керемет мысалдар келтіретін. Осындайда Қабеңнің рөлі білініп тұратын. Әсіресе, ұлдар жоғары кластарға келгенде, менің сөзім онша өтпеген кездерде, әкелері осылай көздерін жеткізіп иландыратын.
– Қабдеш Жұмаділов атындағы қоғамдық қор құрылды деп естідік, бұл қордың мақсаты қандай?
– Қордың мақсаты – Қабеңнің өмір жолын шығармашылық, азаматтық тұрғыдан насихаттау, атын өшпестей еліміздің тарихында қалдыру. Ондай жоспарланған іс-шаралар көп. Кесенесіне күмбез көтеруден бастап, қала мен аудан орталықтарында ескерткіштер орнату, мұражай ашу, шығармаларын орыс, ағылшын тілдеріне аудару, 20 томдық толық шығармалар жинағын шығарып оқырмандарға, кітапханаларға тарату, Қабеңнің қазақ әдебиеті мен қоғамымыздың өркендеуіне қосқан үлесіне әділ баға беретін зерттеу жұмыстары мен ғылыми конференциялар өткізу – осы сияқты бастамаларға Қабдеш Жұмаділов атындағы қор ұйтқы болады.
Айта кетейін, қордың төрағасы – көп жылдан бері інісіндей болып кеткен, талай іс-шараларды атқарысып қасында жүрген көрнекті ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Ұлықпан Есілханұлы Сыдықов.
– Қабеңнің орындалмаған арманы бар ма? Жарияланбаған шығармалары ше?
– Қабеңнің өзі соңғы сұхбаттарында жазамын деп жүрген шығармаларын жазып бітіргенін айтқан. Бірақ адамда арман деген бітпейді ғой. Қабең халық мүддесі үшін өмір сүрді, қоғамымыздың түзелуін, өркендеуін көргісі келетін.
Қабдеш екеуіміз 56 жылға жуық өмірлік серік болдық. Өмірде қиындықты да, жақсылықты да бәрін-бәрін көрдік. Мен қолымнан келгенше көмектестім. Қабең аман болса екен, ұзағырақ өмір сүрсе екен деп тілеуін тіледім. Жақсы адам еді. Ойламаған жерден бізді тастап кете барды. Қабдеш тың еді. Бәрі Алланың қолында ғой. Қабең менің асқар тауым еді. Қорғаным, жанашырым еді. Қабаңның болмысы көз алдымда. Дауысы, сөйлеген сөзі құлағымда. Отырған орны, үйдегі жүріс-тұрысы бәрі көз алдымда тұрады. Не айтам. «Жатқан жерің жайлы, жарық болсын. Иманың жолдас болсын. Жаны жәннатта болсын» деймін.
Әңгімелескен
Дүйсенәлі Әлімақын,
«Egemen Qazaqstan»