Тәуелсіз еліміздің қай түкпіріне сапар шексеңіз де әйтеуір ұлы естеліктердің жаңғырығына жолығасыз. Бабамыз басқан жердің шөбі де әлденеден хабар беретіндей. Қараңызшы, белгілі суретші Қажыбек Баймолдиннің «Қатаркөл» картинасы бізді сол ескі заманның естелігіне қайта жолықтырғандай. Бұл әсем мекен таңғажайып табиғатымыздан сыр тартады.
Автордың жеке шығармашылығына көз салсаңыз, оның кескіндемелері әркелкі. Қылқалам шебері бірнеше бағытта эскиздер сызып, шабытын толықтай сынап көрген сыңайлы. Туындылары абстрактілі суретке жақын. Тіпті академиялық натюрморттар мен портреттер де кездеседі.
Картиналарының басты тақырыбы – туған өлкенің сұлулығын мадақтау. Ол Баянауыл мен Бурабайдың әсем көріністерін бірнеше рет өз туындысына арқау еткен еді. Бақсаңыз, алдарыңыздағы шығарма соның бір бөлшегі ғана.
Жалпы, Бурабай курорты түрлі-түсті көлдері бар аймақ саналады. Олардың арасында әлем көз тіккен бірнеше көл бар. Солардың бірі – Қатаркөл көлі. Суы мөлдір әрі далалы өлкеде әсем орманымен өрілген жағажайының көрінісі көрген жанды арбап алатын ғажайыпқа ие.
Суретші «Қатаркөл» картинасында бояуды ірі-ірі жалпақ көлденең етіп жағу арқылы көлдің айдынын берсе, дәл сол судың қасына бояуды ұзын-ұзын әрі тік етіп жағу арқылы орманды бейнелеген. Пішіні төртбұрышты суық және жылы түстермен салынған дақтар су бойындағы тасты жағажай аумағын көрсетіп тұр.
Көркем пейзажда табиғатты егжей-тегжейлі ашып көрсетпей, дәл сол сәтте көзге түсіп тұрған нәрсенің жалпы әсерін жеткізген. Ол бұл әсерге түстерді ойнату мен бояуларды жағудың ерекше фактурасы арқылы қол жеткізеді.