Бүгінде Қазақстанда эпидемиялық ахуал тұрақты. Ел ішінде «қызыл аймақта» тұрған өңір жоқ. «Сары аймақта» Нұр-Сұлтан қаласы, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары тұр, қалғаны – «жасыл аймақта». Кейінгі екі аптада елімізде сырқаттану көрсеткіші 31%-ға азайған. Ал төрт айда сырқаттану деңгейі 16 есе төмендеді.
Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Үйреншікті «жауымызға» айналған коронавирус жаңа айла тауып, шабуылдауын тоқтатар емес. Жаңа штамм да жағдайды шатқаяқтатып жіберуі мүмкін. Мұны Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов та ескертіп, мемлекеттік шекарадан өту пункттерінде бақылауды күшейту қажет екенін айтты.
«Омикрон» штамының белгілері бас ауруы мен қатты шаршау, дененің құрысып, сырқырап ауруы екен. Қазір жер-жаһанды әбігерге салып жатқан жаңа штамға байланысты ДДҰ әлем жұртын рождестволық және жаңа жылдық жоспарлардан бас тартуға және мерекелерді кейінге қалдыруға шақырды. АҚШ-та «Омикрон» штамын жұқтырғандардың саны екі күн сайын еселеп артуда. Бұл елде жаңа штамды жұқтыру саны бір аптада 8-10%-дан 73%-ға дейін өсті. Ал Еуропалық одақ елдерінің үкіметтері «Омикрон» штамының тез таралуына байланысты шектеу шараларын енгізуде. Әсіресе, Ұлыбритания астанасында күніне шамамен 25 мың инфекция жұқтыру деректері анықталуда. Лондонда төтенше жағдай режімі енгізілді. Осы уақытта Франция мен Германия британдықтардың өз мемлекеттеріне кіруіне тыйым салды, ал Нидерланд олар үшін міндетті он күндік карантин енгізді. Бүгінгі таңда Ұлыбритания азаматтары үшін 40-тан астам ел жабылды.
Сондықтан қауіп қыр астында тұрғанда, қамсыз жүріп қапы қалмайық!