Әдебиет • 23 Желтоқсан, 2021

«Ұстараның жүзі»: соғыстан кейінгі қалжырау

523 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әрине, соғысты көрген жазушы соғыс туралы мөлдіретіп роман жаза алады. Оны бізге Сомерсет Моэм түсіндіріп берді. Соғыста не істегені үшін емес, өлмес романдары арқылы. Бала жасынан жетім өсіп, қатігез нағашысының қабағы жігерін мұқалта алмаған Сомерсет Моэмнің есімін бүгінде күллі ел біледі, оның шығармашылығы ағылшын және әлем әдебиетінде көп оқылатын санатқа кіргелі қашан?! Құдды Хемингуэй сияқты Бірінші дүниежүзілік соғыста Қызыл Крест қоғамында жұмыс істеген ол қаламынан шыққан әр туындысын өмірдегі шынайы оқиғалармен байланыстыра жазды. Соғыс біткен соң Үндістанға, Орталық Азияға, Тынық мұхитына сапар шеккен жазушының өмірден көргендері де аз емес еді.

«Ұстараның жүзі»:  соғыстан кейінгі қалжырау

Біз оның «Ұстараның жүзі» атты романы туралы сөз қозғамақпыз. Бұл роман негізінен өмірдің мәнін іздеуге және материализм мен руханилық арасын жалғауға ізденіс жасайтын шығарма. Чикагода, Парижде және Үндістанда белең алған 1920 және 30-шы жылдардағы оқиғалар әртүрлі әлемдердің кейіпкерлерін кірістіру арқылы шығарманың желісін бір арнада тоғыстырып отырады. Роман Бірінші дүниежүзілік соғыста өзінің соғыс алдындағы құндылықтарынан мүлде бас тартып, ұшқыш ретінде қызметтен оралған Ларри Даррел туралы баяндайды. Кейіпкер негізінен адам болмысының мәнін ашумен және әлемдегі зұлымдықты жоюмен күрескісі келеді.

Моэм осы романының алғашқы тарауында: «Мен оқырманымды кеңістікте ұстағым келді. Бұл кітап ұзақ уақыт аралығымен ғана жақын қарым-қатынаста болған адам туралы естеліктерімнің жиынтығы. Мен қазіргі өнертабысты қолдану арқылы кейбір олқылықтарды жеткі­лікті түрде толтыра аламын және осы­лайша өзімнің баянда­уымды неғұрлым жүйелеймін, бірақ менің олай істегім келмеді. Мен тек өз білімім бойын­ша білетінімді қағазға түсіргім келді» деп ағынан жарыла­ды. Осы сөйлемдерден сіз оның кезекті шығармасының қандай мақ­сат­та, қандай күйде жазылғанын аңдай аласыз.

«Ұстараның жүзі» біз өмір сүріп отырған қоғамның дертіне батыстық үлгіге қатысы жоқ ше­шім­­дерді ұсынған алғашқы Ба­тыс роман­дарының бірі деуге бола­­ды. Шығармадағы кейіп­кер Лар­ри Даррелл абсолютті із­де­ген жас америкалық. Бұл рухани одиссеяның барысы оны шығар­мадағы өзге кейіпкерлермен, тіпті оның сүйіспеншілік пен байлық арасындағы өз таңдауы, қалыңдығы Изабельмен, ағасы Эллиот Темпл­тон­мен қарым-қатынасын ашық суреттейді. Жазушының бір ерекше­лігі – ол кейіпкерлерінің тағдырымен күресіп жатқанын бақылап отыру үшін оқиғаның ішінде және одан тыс жерде автордың өзі маңызды рөл атқарады. Оқиғаны қалай беру, соған оқырманды нандыруда ол әлсіздік танытпайды. Кейіпкер соғыстан оралғандығы себепті жаны да, тәні де жаралы күйде еді. Тіпті осы күй оны қатты күйзеліске ұшыратады. Нобель сыйлығының лауреаты Ор­хан Памуктен «Ең бақытты сәтіңіз туралы айтсаңыз» деген сұраққа «Бір кітапты оқыған кезде өзімді ұмытып, толығымен сол кітапты өзім жазғандай сезініп, сол көркем шығарма ішінде жоғалған сәтім – ең бақытты сәтім» деп жауап береді. Демек, мұнда шығарманың құдіреті туралы сөз болып отыр. Моэмнің «Ұстараның жүзі» романы да оқырманға әне сондай жақсы сәт сыйлайды. Қазір дүниеге әйгілі болып жатқан көркем шығармалардың көбі автордың өз басынан кешіргендері болмақ. Біз айтып отырған бұл шығарма да жазушының өз өмір шежіресі сияқты. Романдағы басты кейіпкер Ларри жоспардан бас тартып, оған ниет танытпай, барлығын таң қалдырады, тіпті ол келісімін бұзып, оны Парижден бір сәтте Үнді тауларына апаратын онжылдық жолды басуға дайындалады, ол осы сапары арқылы ашық әлемде өмір сүріп, содан мағына іздеуге ұмтылады. Соғыс кезінде көрген ауыр трагедия­ларды ұмытып, жарақатын жазуға барын салады.

Моэмнің атын шығарған бұда басқа да үздік романдары болды. Ол бір сөзінде: «Көп жылдар бұрын мен «Ай және алты бақыр» атты роман жаздым. Ол шығармада атақты суретші Пол Гогенді негізге алып, қалам қуатымды пайдалана отырып, француз суретшісі туралы білетін аз фактілердің маған берген құндылықтары бойынша жасаған кейіпкерімді суреттейтін бірнеше оқиғаны ойлап таптым. Осы шығармада мен ойдан ештеңе қосуға тырыспадым. Әлі де арамызда өмір сүріп жатқан адамдарды ұятқа қалдырмау үшін мен осы шығармада кейіпкер болған адамдарға өзімнің ойлап тапқан есімдерімді бердім, тіпті оларды ешкім де тани алмайтындай етіп өз туындыма қостым. Мен жазып отырған адам маңызды тұлға емес. Ол ешқашан олай болмайтын да шығар» дейді. Тағы да автор өзінің «өзім жақсы білетін дүниені ғана жазуға тырыстым» деген ұстанымынан айнымағанын растайды.

Жазушы «Ұстараның жүзі» шы­ғармасында адамдардың өзіндік қасиеті мен ойдағы мақсатынан бас тартқан кезде зардап шегетін күйзелісті суреттейді. Тіпті ол біз қа­лаған нәрсе мен бізден күтілетін нәрсе арасындағы шиеленісті кейіп­керлердің өміріне байланысты етіп шебер шендестіреді. Сонымен бірге «Үміт» дейтін жалғыз сөздің адамның тағдырына әсері мен қатері туралы да көптеген философиялық ізденіс жасайды. Осы ізденістер Моэмнің атын әлемге танытты, шығармасын әрбір кітап сүйген оқырманның сөресінде самсатты. Оның шығармашылығы әртүрлі тақырыптарды өзек етеді, айталық, Шығыс мистицизмі, со­ғыстан қалжырау, соғыстан кейінгі өмір, әлеуметтік жауапкершілік және таптық шайқастар туралы оның қаламы шын жаза алды. Сол үшін де оның романдары соғыстан кейінгі аудиторияда резонанс тудырды.

Моэм әр романға өзінің тағдырын кірістірген сияқты. Соғыстан орал­ған Ларри Дарреллдің өмірі – оның соғыста болған жылдарының күнтіз­бесі сияқты болып сезіле­ді. Роман 1919-1943 жылдар аралы­ғындағы жиыр­ма төрт жылдық кезеңді, Чикаго, Париж, Лондон және Үндістан сияқ­ты көптеген жерді сөз етеді. Бір сөзбен айт­қанда, «Ұстараның жүзі» – идея­лар мен кейіпкерлердің романы. Мына дүниеде болып жатқан зұлымдықтарға жауап іздеген Ларри­дің шындығы – Моэмнің сан жылдар бойы ойланған сұрағының соңғы нәтижесі болмақ. Зұлымдық деп отыр­ғаны – жаһандық соғыстар екені шындық.