Кино • 24 Желтоқсан, 2021

Бауыржан Шөкенов: Кино бизнесте ұсақ-түйек болмайды

293 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бұған дейін айтып өткеніміздей, 6-9 желтоқсан аралығында қазақстандық кинематографистер «Мәскеу халықаралық кино нарығы мен Ресей кинобизнесі» форумына қатысып қайтты. «Ұлттық киноны қолдау» мемлекеттік орталығы делегациясының басшысы, Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкенов сапар нәтижесі туралы ойымен бөлісті. 

Бауыржан Шөкенов: Кино бизнесте ұсақ-түйек болмайды

 – Бауыржан Камалұлы, кино нарығындағы маңызды форумдардың біріне қатысып, Қазақстан кино өндірісін өзгемен салыстыра қарап, бағыт-бағдар түзудің кең мүмкіндігін тауып, пайдалы ақпараттарға қанығып қайтқан боларсыз. Форумнан қандай олжамен оралдыңыздар, оқырманмен бөлісетін жаңалықтарыңыз бар болар?   

 –Ең басты олжа – біз Ресей кинобизнесіндегі  негізгі трендтермен таныстық. Форумға тек кинотеатр желілері мен дистрибьюторлар ғана емес, стриминг алаңдары мен онлайн кинотеатрлардың өкілдері де қатысты. Бұл – тұтынушылардың тіптен жаңа сегменті және басты міндеттеріміздің бірі де сол, осы сегменттің барлығымен жақынырақ танысу болды. Кейбірін бұрыннан танитынмын. Мысалы, ескі танысымның бірі – Premier бейнежазба  сервисі бас директорының орынбасары Макар Кожухов, ал қалғандарымен осы форумда таныстым. Барлығы дерлік нарықтың жаңа ойыншылары.   

Екіншіден, біз осы сату жүйесінің келешегі туралы сөз қозғап, жан-жақты талқыдан өткізіп, бағасын бердік.  Бұл жүйенің бұрын қалай жұмыс істегені туралы айта кетейін. Ілгеріде бұл фильмдер алдымен кинотеатрларда көрсетіліп, содан кейін DVD үлгісінде сатылымға шығатын. Кейін теледидарда көрсетілетін. Содан соң қонақ үйлерде, ұшақтарда, осы тізбекпен әрі қарай жалғасын тауып кете беретін. Сатудың ескі жолы осындай еді.   

Бүгінде, стриминг алаңдары мен онлайн кинотеатрлар түріндегі толыққанды ойыншылар нарыққа келгеннен кейін жағдай былай өзгерді: кинотеатрлар әлі де болса басты нарықта, екінші – онлайн кинотеатрлар мен стриминг алаңдар, үшінші – ақылы телеарналар, содан кейін эфирлік телеарналар түрінде тізбек құрайды. Бұл дегеніміз, егер контент мағыналы болса, оны сауатты және дұрыс ұсыну арқылы нарықта төрт – алты, мүмкін одан да ұзақтау жылдар сұранысты ұстап тұруға болады. Мұндай жағдайда фильмнің сатылымы да жақсы болады және көрермен назарынан тыс қалмайды.

– Нарық мәселесін түсіндік. Ал бұл нарыққа қазақстандық киноөндірушілердің ұсынары бар ма? 

–Мәскеу кино нарығы бізге бір шындықты түсінуге көмектесті: қазір біздің қолымызда түрлі жанрдағы, қызықты, қолжетімді және орыс тіліне бейімделген фильмдердің мол қоры бар. Оның ішінде  көпшілік аудиторияға арналған кино, жақсы артхаус жанрындағы фильмдер де жеткілікті. Достарыңызбен немесе отбасыңызбен бірге барып, күліп, уақытты көңілді өткізуге болатын, яғни кинотеатрлық прокатқа бағытталған фильмдер саны бірді-екілі ғана. Ал бәсекеге қабілетті картина – бұл фестивальге арналған фильмдер. Бұл кең аудиторияға прокатталатын кино емес, дегенмен, онлайн кинотеатрлар мен стриминг алаңдарының үлкен қызығушылығын тудыруы мүмкін. Бұл үйде де тамашалайтын кино болуы мүмкін. Мұндай фильмнің көрермені көп және осындай контент кең ауқымда қолжетімді болуы тиіс.

Енді алдымызда тұрған міндет: мұның барлығын дұрыс ұсыну, сатып алушылардың барлық сегменттерімен жұмыс істеу және ең бастысы – нарықта кәсіпқойлар қатарында болу. Шарттарды дұрыс жасап, шығармашылық өнімдерін сатып алушылармен келіссөздер жүргізуге жауапкершілікпен қарап, олармен дұрыс диалог құра білуіміз керек. Бәлкім, мен қарапайым дүниені қозғап отырған болармын. Бірақ кез келген бизнесте, соның ішінде кинобизнесте «ұсақ-түйек» деген болмайды. 

Кинодағы елеулі жаңалықтың бірі, біздің жинақтағы бірқатар фильмдерге КинопоискHD  алаңының нақты қызығушылығы пайда болды. Қазір басқа да алаңдарға арналған фильмдердің таныстырылым нұсқаларын дайындап жатырмыз. Олар бізге өз нарығына не қажет, ал қандай фильм сұранысқа ие емес, нақты шарт жазылған тізімді береді. Кейбір картиналарды эксклюзивті, ал кейбірін эксклюзивті емес шарттарда сатып алуы, сонымен қатар басқа да алаңдарға ұсынуы мүмкін.     

Қазіргі уақытта, «Боксер», «Алға» және «Схема» атты жобаларға эксклюзивті қызығушылық бар. Нақты нәтижелер осындай. 

– Бірінші рет қатысқанымызды ескерсек, бұл жаман емес.

– Келісемін, сондықтан, бұдан әрі де  Мәскеу кино нарығына қатысуды жалғастырғанымыз жөн. Бұл жылына бірнеше рет өткізілетін аймақтағы ең ірі шара. Біз оған апаратын әр картинамызбен жан-жақты жұмыс жасауымыз керек, себебі, талаптары өте жоғары.    

Бұл сапарды Алматыдағы UNESCO Кластерлік Бюросы ұйымдастырды, сол үшін оларға үлкен алғысымды білдіремін. Бірақ мұны әзірге, сынама сапар десек те болады. Біз бардық, көрдік, қызығушылығымыз оянды, ал ендігі жолы  барлығын өзіміз іске асыруға тура келеді. Ұйымдастыратын орынды әзірлеп, тұсаукесер рәсімдерін өткізетін залды жалға алып, серіктестерді шақыру қажет. Ұйымдастырушылар алаңды ұсынады, барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді, БАҚ өкілдерін шақырады, ал ішкі толықтыру жұмыстары біздің өз жауапкершілігімізде. Нарыққа кем дегенде бірнеше картинамен кіру керек, сонда ғана басқа қатысушылар: «Иә, олардың жақсы картиналары бар, кинотеатрлар ол арқылы табыс тапқан. Тағы да қызықты жұмыстары болса, көрейік» - деп ықылас танытуы мүмкін.

– Біз Ресей кино нарығы туралы ғана әңгіме қозғап отырмыз, ал басқалары ше, алыс не жақын шетел нарығы туралы не айта аласыз? 

 –Көршілеріміз туралы айтатын болсақ, қазір өндіріс саласында жұмыс істеп жатқан және кино өндірісі үшін жеткілікті үлкен бюджет бөлуге мүмкіндігі бар өңірдегі ең ірі ел – Қазақстан. Біз сала көшбасшылары ретінде өзіміздің Орта Азия кино нарығын өткізуді ұсындық. Мысалы, бастапқыда «Еуразия» халықаралық кинофестивалі аясында жылына кемінде бір рет өткізуге болады.

Бірақ мұның өз ерекшелігі бар. Егер Қазақстан мен Ресейдің киноиндустрияға деген көзқарасы бірдей болса, Орта Азия елдерінің кейбірімен бұл мәселеде елеулі айырмашылық сезіледі. Кейбір жерлерде киноөндірушілер өз жобаларынан пайда табуды мүлдем көздемейді, өйткені, оған мемлекеттің көзқарасы басқаша. Енді бір аймақта кино түсіру тек ішкі тұтынушыға бағытталған және ол сыртқы көрерменге мүлдем қызық емес. Егер біз бүкіл Орталық Азия нарығымен қарым-қатынас жасауды көздесек, онда тәсілдердегі, заңнамадағы айырмашылықтарды ортақ мәнге әкелмесек те, белгілі бір әдіс-тәсілдермен оларды икемдеу керек. Әр аумақтағы ойын шарттары түсінікті ғана емес, сонымен бірге ұқсас болуы тиіс.

Әрине, сыртқы нарықтарға да шығу қажет. Контентті осы уақытқа дейін бізге беймәлім болған аймақтарда көрсетіп, оларға қалай тыныстап, қалай өмір сүріп жатқанымызды жария ету маңызды. Сол себепті мен ондаған жылдар бойы Оңтүстік Америка аймақтарында – Мексика, Бразилия, Аргентина, Венесуэлада жұмыс істеген адамдармен кездестім. Бұл – кеңестік киноға деген қызығушылығы зор фантастикалық нарық алаңдары. Бұл біз үшін мүлдем бейтаныс нарық. Біз олар үшін таңданыс тудыратын экзотикалық ел екеніміз анық. Сонымен бірге, Латын Америкасының киноиндустриясы өзгелер үшін ашық және сырттан келетін жаңа ағымдарды жылдам қабылдайды. Айтпақшы, оның Оңтүстік-Шығыс Азиядан ерекшелігі осында, кинорежиссерлер өздерінің ішкі нарығын жан-тәнімен  қорғайды. Жақында БАӘ-де тағы бір қызықты алаң пайда болды. Бұл Dubai International Content Market – Дубайдағы ойын-сауық контентінің халықаралық көрмесі. Оның жұмысы ең алдымен Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкаға бағытталған. Аймақ, әрине, ерекше, бірақ онымен танысып, сол жерде жобалар жинағын ұсыну керек.

Жалпы, кинодағы мемлекеттік қолдауды пайдалана отырып, барлық контентті жинап, бүкіл киноиндустриямыздың амбассадоры болуды діттегеніміз жөн. Бұл мақсат «Қазақфильм» түсіретін фильмдерге де, жеке компаниялар шығаратын картиналарға да ортақ. Сала қаржыландырылып жатқанда бұл жобаны іске асырмасақ, кейін бұл жеке компанияның бастамасына айналып кетуі мүмкін. Мүдделі инвесторлар пайда болатын тетік іске қосылуы тиіс.  Ресейде бұл баяғыда жүзеге асқан.

– Нақтылай кетейік – қазір бюджеттен бөлініп жатқан ақша тек өндіріске жұмсалып жатыр ма?  

– Ия, әзірге солай. Өндіріске елеулі ақша бөлінді, бірақ одан арғы жұмыс нақтыланбаған. Студиялардың өздері кино түсіре отырып, оны ілгерілету міндеттерін қарастырмаған. Демек, қазір бірінші кезекте екі мәселені шешу керек. Біріншіден, біздің министрлік және басқа да өкілетті орындар  картиналарымызды ілгерілету жөніндегі іс-шараларға мақсатты қаражат бөлу бағытында жұмыс істесе жақсы болар еді. Екіншіден,  бұл идеяны өндірушілердің өздеріне жеткізуіміз керек. Олар мемлекет беретін тақырыптық жоспарды игеріп қана қоймай, киноны көрермен үшін қызықты етіп түсірудің тәсілін табуы керек. Яғни, олардың өнімі кинотеатрлар, стриминг алаңдары таласа сатып алғысы келетіндей сапалы тауар болуы тиіс. Біздің солтүстіктегі көршілеріміздің нарығы – осының дәлелі.

– Біз талқыламаған бір мәселе – өзіміздің ішкі нарығымыз. Кинотеатрлық прокаттың жайы түсінікті болды, ал басқасының жағдайы не болып жатыр? 

– Әрине, біз еліміздің онлайн кинотеатрлары мен стриминг алаңдарына не сататынымыз туралы көп бас қатырамыз. Алдағы уақытта жинақтарымызды сегменттерге бөлу жоспары бар: қайсысы халықаралық прокатқа жіберіледі, қайсысы ішкі нарықтың тұтынуы үшін қалады, осы мәселенің басы ашылуы тиіс. Мұндай алаңдар бізде де жоқ емес – бар, қазір олар контент қалыптастыруда. Бірақ әзірге танымал емес.

Әрине, отандық алаңдардағы үлкен проблема – қарақшылық. Бұл мәселені шешу үшін контентті өндіретіндермен бірге оны сататындар да жұмыс істеуі керек. Торрент арқылы кез келген нәрсені, тіпті бір-екі сағат бұрын кинотеатрға шыққан фильмді де жазып алуға болатыны бәріне белгілі жайт. «Роскомнадзор» қарақшылық өнімдер табылған жағдайда, кез келген сайтты екі сағаттың ішінде бұғаттай алады.  Бізде бұл мәселені ешкім көтеріп жатқан жоқ. Көрермен контент үшін ақы төлеуге дағдылануы керек. Тағы бір ескеретін жайт, барлық төлемдер қауіпсіз және ыңғайлы болуы керек. Жалпы алғанда, ыңғайлылық – бұл контентті таңдаумен қатар, онлайн платформа үшін сәттіліктің негізгі компоненттерінің бірі. Біз бәріміз, сайып келгенде, кино түсірушілер де, кинотеатрлар да, стримингтік қызметтер де көрерменді ойлауымыз керек.  Тек осы жағдайда ғана киноиндустрия сәтті дами алады деп сенуге болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ