Қоғам • 25 Желтоқсан, 2021

Елімізде көміртегі сататын мамандандырылған тауар биржасы пайда болмақ

305 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде көміртегі сататын мамандандырылған тауар биржасы пайда болмақ. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елімізде көміртегі сататын мамандандырылған тауар биржасы пайда болмақ

«Тауар биржаларының жауапкершілігін арттыру мақсатында олар үшін жарғылық капиталдың мөлшерін ұлғайту көзделіп отыр. Яғни тауардың барлық түрін (стандартталған және стандартталмаған) сататын тауар биржалары үшін жарғылық капиталды 600 мың АЕК-ке (айлық есептік көрсеткіш) дейін ұлғайту жоспарлануда. Ал тек қана стандартталмаған тауар түрін сатумен айналысатын сауда биржалары үшін жарғылық капиталдың көлемі бұрынғыша, 300 мың АЕК мөлшерінде қала береді. Бұл өз кезегінде саладағы «әлсіз» ойыншылардың басқа биржалармен бірлесе отырып жұмыс істеп, өз әлеуетін арттыруына мүмкіндік береді», дейді министрліктен.

Ведомстводан мәлім етілгендей, жоғары аталған жаңашылдықтар тауар биржасы саласында әділ бәсекелестік пен сапалы қызметтің арта түсуіне септігін тигізеді. Сондай-ақ, министрліктен елімізде жаңа тауар биржасының пайда болатыны туралы хабарланды.

«Сауда және тауар биржасы туралы заң жобасына енгізілген өзгерістер бойынша көміртегі сатуды жеке тауар биржасы ретінде шығару нормасы қарастырылды. Яғни көміртегі сататын мамандандырылған тауар биржасы пайда болады. Жалпы көміртегі стратегиялық сипаттағы тауар емес. Ал жаңа өзгеріс тауар биржасында көміртегіні сатуды реттеу мақсатында қолға алынып отыр», делінген хабарламада.