Ал кәсіби тұрғыдан дүрбі салсаңыз, әрине, алдымен ғарышкерлер менмұндалайтыны анық. Бала күнінде ұшқыш болуды армандайтын менің де, сіздің де осы саладан бір романтика іздейтініміз бар еді ғой. Қазір сол арманшыл түннің жұлдызы сөніп, әні ғана қалғандай. Қалай ойлайсыз?
Иә, аяулы әні ғана өлмеді. Жер-Ананың көңілін босатқан, жанын тербеген мейірім музыкасы әлі де көкіректе сайрап тұрғандай. Өткен дәуір бедерінде ғарышкердің қаһармандық һәм романтикалық кәсібіне арналған көптеген ән жазылды. Десе де 1982 жылы адамзат ғарыш кемесінің терезесінен төмен қарағанда, осыған дейінгі туындылар түкке тұрмай қалғандай. Оған айғақ жігерлі гитара рифтеріне толы және сахнаның түтінге ораған «Земляне» тобының «Үйдегі көкорай» («Трава у дома») әні. Тыңдап көріңізші, космостық әуенге қосыла кеткіңіз келіп тұрады.
Әйткенмен әуелгі концепциядан ұлттық хитке жету жолында туынды бірнеше метаморфозаны басынан өткерді. Барлығы композитор Владимир Мигуляның «Ғарышкерлер күніне» ән жазуды ұйғаруынан басталған еді. Осылайша, ол музыкаға мәтін жазудың шебері, ақын Анатолий Поперечныйға жүгінеді. Қаламгер қайтсін, қойын дәптерін парақтап отырып, бұрыннан таныс «Үйдегі шөп» деген өлеңіне тоқталады. Онда космостан басқа, қарашаңырақ, шөп, сарай, тіпті қорадағы сиырға дейін бар еді.
Қорадағы сиыр дегеннен шығады, о баста ақын әннің негізгі культі әкесінен қалған ала сиыр болады-ау деп ойлаған екен. Естелікке үңілсек, сазгер басты образ ретінде үйдің жанындағы шалғынды алуды өтінген. Ғарышкер әуекемесінде жатып, ауылын еске алуы тиіс. Жырдан жерге, анаға деген сағыныш аңқып тұрғанын қалаған.
Ақын айтқандай-ақ, композитордың ойына дөп түседі. Тіпті өзі хабарласып, жазған өлеңін телефоннан қуана оқып береді де. Көп ұзамай ән автордың орындауында радиодан шырқала бастайды. Бірі білсе, бірі білмес «Үйдегі көкорай» әнінің алғашқы орындаушысы Владимир Мигуляның өзі болған. Бұл салтанатты сәт 1982 жылы 12 сәуірде «Жердің тартылыс күші» бағдарламасында орын алды. Әннің бірінші нұсқасы Мигуляға тән мәнерде лирикаға толы, өте жұмсақ естіледі.
Ән тағдырына орындаушының қосар үлесі едәуір. Бұл – өнер заңдылығы. Қараңызшы, шығарма «Земляне» рок-тобының қолына тигеннен кейін түрленіп сала берді. Жастық максимализмге толы, заман талабына сай өңделген туынды бірден қоғамдағы рөлін айшықтап алды да. «Земляне» өзінің киім киісімен, жүріс-тұрысымен, тек өздеріне тән бағыт-бағдарымен тыңдарманның жүрегін жаулады. Осы әннен кейін аталған топтың мәртебесі күннен-күнге шарықтады. Теледидар бетінен түспеді, сұқбаттары да жиі шығып тұрды. Әрине, мұнын бәрі ұйымдастырушысы Владимир Киселевтің коммерциялық қабілеті мен тапқырлығының арқасында жүзеге асты. Бұл ретте топтың негізін қалаған продюсердің ерлігі орасан.
1980 жылдан бастап Мигулямен бірлесіп жұмыс істеген өнер майталмандары алғашында-ақ композитордың каратэ және каскадерлер туралы әндерін хитке айналдырған екен. Енді, міне, біз мысалға алған ғарышкерлердің гимнін жастар сүйіп тыңдайтын туындылардың санатына қосады. Тіпті, автордың есімін аңызға пара-пар биікке көтереді.
Қызығы сол, «Земляне» тобы халық арасында кең таралған соң, мемлекет оларды өз игілігіне пайдаланғысы келді. Қалалық партия комитеті: «Ленинградтық рок-клубқа кірсеңдер, студия береміз, өнер көрсетесіңдер» деп үгіттейді. Былайша айтқанда, биліктің қолшоқпарына айналып, идеологиясына қызмет етуді ұсынған. Бірақ топтағы жігіттер қарсы болады. Себебі оларда онсыз да бәрі бар еді. Соның салдарынан болар, кейін топты билік қыспаққа ала бастады. Оны өздері де іштей сезді. Дегенмен де 1982 жылы топтың «Уақыт машинасы» әні хит-парадта бірінші орыннан төмен түспеді, келесі жылы бұл қатарға «Үйдегі көкорай» әні қосылды да кетті.
Дәстүрлі кеңестік эстраданың шекпенінен шыққан Мигуля әнді рок стилінде жаңа түстермен жарқырайтынына күмәнмен қарады. «Олимпийскийде» концерт беруге дайындалып жатқан жігіттер, айтулы кешке бір күн қалғанда «Үйдегі көкорай» әнін өңдеуге кіріседі. Мұны естіген композитор наразылық танытады. Әнді сонша ретроградтық емес, қарапайым қалпын сақтауды ұсынды. Бірақ оған жанып тұрған жас жұлдыздар көне қойсын ба? Биязы әнге жаңа дем, еркін екпін, жарқын леп берді. Нәтижесінде, композиция «Ән-83» байқауының лауреаты атанып, «Ансамбльдер шеруі» альбом-жинағына енді. Оған қоса, режиссер Карен Шахназаров өзінің «Курьер» фильміне қосып, даңқын одан сайын асқақтатты.
Бертін келе ғарышкерлер әнді ғарышта шырқады. Топтың үздік вокалисі Сергей Скачков соңғы онжылдықта кем дегенде мың рет орындағанын айтады. Бұған сенсек, шығарманың өміршеңдігіне күмәнмен қараудың өзі әбестік. Шынында аталған әннің танымалдылығы КСРО ыдыраған кезде де, Ресей космонавтикасы құлдырағанда да аман қалды. Бүгінде ресейлік космонавтиканың басты әнұраны. Аспаннан қанша жұлдыз ақса да «Земляне» өз биігінен құлаған емес.
Ал осы әнді тыңдаған сайын біздің ойымызға Маралтайдың сол бір өлеңі оралады да тұрады.
Көкжиекке батты
жұлдыз,
Аққан көздей ақты жұлдыз...
Есіне алса, өкси берер...
О, осынау шақты...
бір қыз.
Иә, сол бір кезеңнің тәтті әні кімді де болса толқытатыны даусыз.