Қазақстан • 27 Желтоқсан, 2021

Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін

7574 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін

Жаһанды жайлаған пандемияға қарамастан еліміз биылғы жылды үлкен жетістіктермен қорытындылап отыр деуге болады. Жалпы, әлем елдері секілді бізде де биыл пандемиядан кейінгі экономикалық өсімді қалпына келтіруге баса мән берілді. Сонымен қатар жылдың негізгі лейтмотиві ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын лайықты атап өту болды. 16 желтоқсан – әрбір отандасымыз үшін қастерлі мереке, айтулы дата. Мемлекет басшысының жұмыс кестесінде де басымдық негізінен осы екі мәселеге орайластырылды.

Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін

Басты мақсат – экономикалық өсімді қалпына келтіру

Соңғы екі жылдағы пандемияның «соқ­қысынан» кейін, әлем енді ғана ес жиып, етек-жеңін жинай бастады. Қазақстан түгіл азуын айға білеген алып мемлекеттердің өзі өндірістік, тиісінше, экономикалық дағ­дарыс­­қа тап болды. Биыл жылдың екінші жарты­­сында ғана көптеген елдер тұралап қалған өндіріс орындарын қайта іске қосып, алыс-беріс пен барыс-келіс қайта жандана бастады.

Былтырғыға қарағанда биыл біздің елде де айтарлықтай ілгерілеу байқалды. Осы жылы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен жалпы 500-ге жуық хаттамалық іс-шара өтті. Оның ішінде шетелдік және өңірлерге жұмыс сапарлары, өткізген түрлі мәжілістер мен отырыстар, халықаралық және республикалық форумдар, шет мемлекет­тер мен үкіметтердің басшыларын қабыл­даулары, кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарды аралап көру, еңбек ұжымдары өкілдерімен кездесулер және басқа да шаралар бар. 

Мемлекет басшысының мерзімді басылымдарда 2 мақаласы және 2 сұхбаты жарияланды. Қасым-Жомарт Кемелұлы жыл ішінде өткен түрлі жиындарда 12 бейнеүндеу жасады. Президенттің твиттерінде 350-ге жуық хабарлама жарияланды. Президенттің баспасөз қызметі Мемлекет басшысының қатысуымен өткен кез келген іс-шараны мейілінше кең таратып, халыққа ақпараттың толық жетуін қамтамасыз етіп отырады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев биылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблея­сы мен Nur Otan партиясының Төрағасы қыз­метін де қоса атқарады. Бұл екі ұйым­ның да қоғамдағы саяси салмағы жоғары екені мәлім. Енді атқарылған шаруалардың ең маңыз­дысын тарқатып көрейік...

Халықтың әл-ауқатын арттыруға баса мән берілді

Пандемиядан кейінгі елдің экономикасын қайта қалпына кел­ті­ру шаралары аясында Мем­ле­кет басшысы Үкімет пен облыс­тар­дың әкімдеріне азық-түлік пен әлеуметтік маңызы бар тауар­лар­дың, жанар-жағармай мен дәрі-дәрмек бағасының қым­бат­тауына жол бермеуді тапсырды. Қазір осы бағытта ауқымды шаралар қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр.

Ал биыл қабылданып, алдағы уақытта елге пайдасы тиетін шешім­дер туралы айтсақ, Президент Жол­дауында келесі жылдың 1 қаң­та­рынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 42500 теңгеден 60 мың теңгеге көбейетінін айтты. Бұл өзгеріс 1 миллионнан астам адамға тіке­лей қатысты десек, жанама түр­де барлық еңбеккерді қамтитыны сөзсіз.

Білім, ғылым, мәдениет, өнер және спорт салалары бойын­ша жаңа басымдықтар мен әдіс­тер бел­­гіленді. Халықтың игі­лі­гі жолында қолға алынған бас­та­ма­лар­дың тиімділігіне, пайда­лы­лығына баса мән берілді. Каран­тин­дік шектеулердің ауырт­па­лық­тарына қарамастан, мемлекет аза­маттар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толық орындады деп айтуға негіз бар. Бизнеске жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді.

Мемлекеттік емес сектордың заң­намалық және институционалдық не­гізін жетілдіруге, азаматтардың бел­сенділігін арттыруға, азаматтық бақылау жүйесін қалыптастыруға бағытталған Азаматтық қоғамды да­мытудың 2025 жылға дейінгі тұ­жырымдамасы бекітілді. Прези­дент­тік жастар кадрлық ре­зервіне 8,6 мың азамат қатысып, көпсатылы ірік­теу­ден 50 үміткер ғана өтті.

1 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» атты дәстүрлі Жолдауын жариялады. Осы аса маңызды құжат­тың негізінде орта мерзімдегі эк­о­но­микалық саясатымыз ай­қын­далып, 2025 жылға дейінгі даму­дың Ұлттық жоспары мен Мем­лекеттік жоспарлаудың жаңа жү­йе­сі қабылданды. 10 ұлттық жоба бекітілді.

Президент осы бағыттағы тиімді шараларды жүзеге асыру мақ­са­ты­мен отандық және шетелдік инвес­торларды жобаларға тартуға ша­қырды. Еліміздегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту үшін әлеуетті инвесторларға айтар­лық­тай жеңілдіктер жасау жөнінде бастама көтерілді.

Президент ел өңірлерінің әлеу­меттік-экономикалық дамуы­на ерекше мән берді. Отандық кә­сіпорын­дардың бәсекеге қабі­ле­тін арттыру аса маңызды болып отыр. Осы ретте Мемлекет басшысы бірқатар өңірге арнайы жұмыс сапарымен барып, аймақтардың өндірістік және шаруашылық әле­уе­тімен танысты, барымызды саралап, жоғымызды түгендеу үшін келелі кеңестер өткізді. Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Ал­ма­ты облыстарына сапары барысын­да өңірдегі жаңадан сайланған әкімдермен әңгімелесіп, бірқатар кәсіпорынның жұмысымен танысты, астықты алқаптағы шаруа­лардың жағдайы, ауыл шаруа­шы­лығындағы еңбек өнімділігін арттыру, агросекторды дамыту мә­селелері айтылды, өңірді да­мы­т­­­удың басым бағыттары ай­қын­далды.

Президент Маңғыстау облысы­на сапары барысында туристік клас­терді дамытуға арналған жобалармен танысты. Шығыс Қазақстан об­лысына арнайы барып, Ақтоғай кен байыту кешенінің екінші фаб­рикасын іске қосты. Ақтоғайдағы өн­діріс көзі болашақта еліміздің осы бағыттағы ірі өнеркәсібінің бірі болатыны сөзсіз. Бюджетке
80 млн доллар кіріс кіргізіп отырған кәсіпорында 700 жаңа жұмыс орны ашылған. Қазірдің мұнда 3000-нан астам адам жұмыс істейді. Мемлекет басшысы осындай жаңа жұмыс орын­дарының, нақты жұ­мыс істейтін кә­сіпорындардың ашыл­ға­нын көргісі ке­леді және Ақтоғай кенішінде: «Бұл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына тамаша тарту болды. Мен бұған дейін осындай нақты жобаларды жүзеге асыруға мән беру қажет деген едім. Жаңа кәсіпорын соның айқын дәлелі» деп ризашылығын білдірді.

Жамбыл облысында инвести­ция­лық жобалармен танысып, Био­логиялық қауіпсіздік проб­ле­ма­лары ҒЗИ қызметкерлеріне ар­нал­ған жаңа тұрғын үйлерді, Otarbiopharm иммунобиологиялық препараттар шығаратын биофармацевтика зауытын аралап көрді. Осы кәсіп­орындардың әлеуетін байқады. Қа­ра­ғанды өңіріндегі полиметалл кен байыту фабрикасын іске қосты. Ұлы­тау ауданындағы «Жошы хан» та­рихи-мәдени кешеніне зиярат жасады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы қа­ра­ша айында Павлодар облысына барды. Екібастұз қаласындағы теміржол жабдықтарын шығаратын ірі екі кәсіпорынға арнайы ат басын бұрды. Бұл екі кәсіпорын да жер­­гілікті халықты жұмыспен қам­­­­тып, өнімдерін еліміздің ғана емес, шетелдің де нарығына шыға­рып отыр. Мемлекет басшысы әр­­дайым аймақтарды аралағанда өнер­кәсіп орындарының, зауыттар мен фабрикалардың жұмыс істеп тұрғанына көп көңіл бөледі.

Біздің елімізде ірі қалалар мен ауылдар ғана емес, сонымен қатар, моноқалалар да бар. Елдің дамуын­да шағын қалалардың алар орны ерекше.

Бұдан кейін Екібастұзда моноқа­ла­ларды дамыту жөнінде кеңес өткізді. Қазір Қазақстанда 89 қала болса, соның 27-сі моноқала екен. Онда 1,4 млн адам өмір сүріп жатыр. Олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігінен бастап, өзге елді ме­кен­дермен байланысы, тіпті ш­е­ка­ралық аудандарда көршілес елдермен қарым-қатынасына дейін аса маңызды.

Бүгінде моноқалалардың экономикасын әртараптандыру және шикізаттық емес секторларда ба­ла­малы өндірістер құру үшін 79 маңызды жоба іске асырылып жа­тыр. Әрбір моноқалада «Биз­нестің жол картасы-2025» бағ­дар­ламасы аясында ақпараттық қызмет көрсететін кәсіпкерлерді қол­дау орталығы жұмыс істейді. 2025 жылға дейін моно және шағын қалалардың инфрақұрылымын да­мы­туға жыл сайын 15 миллиард теңге мөлшерінде қаражат бөлінеді деп жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек Президент елі­міздегі ең ірі мегаполис Алматы қала­сына жұмыс сапарымен барып, еліміздегі қаржы секторы өкілдерімен жиын өткізді. Бұл алып ша­һардың да өз басына жетерлік эко­номикалық, коммуналдық проб­лемалары бар, сонымен қа­­тар ірі бизнес орталықтары мен кә­сіп­орын­дар шоғырланған қала. Сол се­бепті Алматының ел да­муын­­дағы маңызы да ерекше.

Сонымен қатар республиканың әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру ісі жалғасуда. Наурыз айында Президент Түркістан облысында жаңадан Сауран ауданын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Оның әкімшілік орталығы – Шорнақ елді мекені.

Жалпы, биыл Мемлекет басшысы жұмысының тығыздығына, шетелдік сапарларға байланысты еліміздің кейбір өңірлеріне бара алмады. Бірақ сол өңірдің басшыларын қабылдап немесе телефон арқылы байланысып өңірдің жағдайы мен даму перспективалары туралы есеп алып отырды. Яғни өңірлер үнемі Президенттің бақылауында.

Сондай-ақ еліміз бойынша экономиканы әртараптандыруға, маңызды жобаларды жүзеге асы­ру­ға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, аймақтың әлеуметтік-эко­но­­­микалық мәселелерін шешуге, өңірлер арасын­дағы көлік қаты­нас­тарын жан­дан­ды­ру­ға басымдық берілді.

в

Тиімді бастамалар ел игілігіне қызмет етеді

Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген керемет нақыл бар. Мемлекет басшысының бас­тамасымен осыдан 2 жыл бұ­рын құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – дәл осы мәтелдің дәлеліндей. Президенттің өзі бір сөзінде, оны өткен тарихымызда болған Ордабасыдағы, Күлтөбедегі, Ұлытаудағы ұлы жиындардың заманауи үлгісіне теңеген бола­тын. Ұлттық кеңес еліміздегі түйт­кілді мәселелерді ортаға салып, талқы­лап, түйіндерді кеңесіп шешетін өте тиімді алаңға айналды. Осы күнге дейін Кеңестің бастамаларын жүзеге асыру үшін 90-нан астам нормативтік-құқықтық акт қабылданды. Оның ішінде заңдар, Президент Жарлықтары мен Үкімет қаулылары, министрліктердің бұйрықтары бар. Бұдан Ұлттық ке­ңес­тің тиімді жұмыс істеп жат­қанын көруге болады. Атап айт­қан­да, осы алаңда көтерілген ұс­таз­­дар мен дәрігерлердің жала­қы­сы өсті; студенттердің, магис­транттар мен докторанттардың стипендиясы көбейді; санитарлық-эпидемиологиялық бақылау ко­ми­теті құрылды; ерекше күтімді қажет ететін балаларға білім беру­дің жаңа ережелері бекітілді; оң­түс­тіктен солтүстікке қоныс аудар­ған азаматтарға берілетін субсидия екі есе ұлғайды; игерілмей жатқан жер теліміне салынатын базалық салық мөлшерлемесі артты; ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік азаматтар мен заңды тұлғаларға сатуға және жалға беруге тыйым салынды; осы жылдан бастап жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік берілді. Халық жинағының бір бөлігін осы күндері жылжымайтын мүлік сатып алуға, ипотекалық несиені өтеуге және емделуге жұмсап жатыр. Соның арқасында 800 мыңға жуық азамат зейнетақы жинағын өз қажетіне жаратты.

Биыл мамырда «Сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер енгізілді. Осыған орай 25 шілдеде Қазақстанда тұңғыш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Жалпы, 864 ауылдық округтің әкімдері алғаш рет тікелей дауыс беру арқылы сайланды. Нәтижесінде, ауыл әкімдерінің құрамы 52 пайызға жаңарды.

Ауыл әкімдерінің сайлауы, ең алдымен, ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалған игі іс деп ба­ғалауға болады. Ақпарат құ­рал­­­­дарында, әлеуметтік желі­лерде бұл бастаманың тиімді­лі­гі жө­нінде көп жазылды. Жүр­гі­зіл­­ген сауалдамаларға қара­сақ, азамат­тар­дың басым көпшілігі сай­лау­дың оң шешім екенін қол­да­ған. Сондықтан Мемлекет бас­шы­сы­ның ауыл әкімдерін тікелей сайлау тура­лы бастамасын билік пен қоғам қатынасының жаңа әрі тиімді үлгісі болды деп айтуға толық негіз бар. Енді тұрғындар өздерінің мүддесін қорғап, түйткілді мәселелерін нақ­ты шеше алатын азаматқа үміт артады. Халық тұңғыш рет жергі­лік­­ті атқарушы биліктің басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болды.

Халықтың көңілінен шыққан тағы бір жаңалық – «Айтылды-орындалды» бастамасы. Мемлекет бас­шысының Жолдауларында, келелі жиындарда берген тапсыр­ма­ларының орындалғаны жөніндегі мәліметтерді Баспасөз қызметі жа­риялап отырады. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауда­нын­дағы Қалжыр өзеніне қатысты мәселені ерекше атап өткен жөн. Алтын қазушылардың өзенді бей-берекет ластап жатқаны туралы жергілікті тұрғындардың жа­най­қа­йын «Айқын» газетінен оқыған Қасым-Жомарт Кемелұлы елді алаңдатқан осы жағдайға бірден назар аударып, құзырлы органдар мен облыс әкімдігіне түйткілді мәселені шешуді тапсырды. Нәти­же­сінде, заң бұзып, қоршаған орта­ға айтарлықтай зиян келтірген кә­­­сіп­керлерге айыппұл салынды. Олар­­­дың кен өндіруге берілген ли­цен­­зиялары кері қайтарылды.

Сонымен қатар жерді жеке мен­шік­ке немесе жалға беру мәсе­ле­сіне қатысты көпшіліктің көңілін күпті қылған түйткілді мәселе де шешімін тапты. Бұл жағдайдың бәрін көріп-біліп отырған Мемлекет басшысы өзі бастамашы болып, «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гі­зу туралы» Қазақстан Рес­пуб­­­ли­касының Заңына қол қой­­­­ды. Атал­ған заң бойынша ауыл шаруа­шылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адам­дарға, шетелдік заңды тұлға­лар­ға, халықаралық ұйымдарға және заңда көрсетілген басқа да тұлғаларға жеке меншікке және жал­ға беруге тыйым салынды. Жал­пы, осындай мысалдарды көп­теп келтіре беруге болады.

Президент қазіргідей құбылмалы әрі жаһандық бәсекелестік жағ­дайын­да мемлекеттің мүддесін қор­ғау­ға, алға қойған мақсатқа ұм­тылуға баса мән береді. Оны үнемі айтып та келеді. Бұлай бол­ма­­ған жағдайда көп нәрседен ұтылып қалатынымызды еске салып отырады. Осы ретте, былтыр Президент COVID-19 індетіне қарсы отандық вакцина жасап шы­ғару жөнінде еліміздің білікті меди­цина мамандарына тапсырма берді. Нәтижесінде, Қазақстан ғалымдары QazVac және QazCoVac – P суббірлік вакциналарын жасап шығарды. Бұл халықаралық деңгейде жоғары бағаланып жатыр. Аталған жетістікті еліміздің келешегі үшін, мемлекеттің бәсе­ке­ге қабілеттілігін артырып, өсіп-өркендеуі үшін жасалған маңызды қадам деуге болады. Қазіргі уа­қыт­та қазақстандық вакциналар ДДҰ-ға тіркелу үшін үміткерлер тізіміне енгізілді.

Бүгінде республика бойынша 9 129 мыңнан астам адам екпенің бірінші ком­по­нентін, 8 434 мыңнан астам адам екінші компонентін алды. Бұл жалпы вак­цина алуға тиісті азаматтардың 70 па­­йыздан астамы деген сөз. Сонымен қатар 12 қарашадан бастап 12-17 жас аралығындағы жас­­өспірімдерге екпе салына бас­та­ды. Жақында қайта вакциналау жө­нінде шешім қабылданды.

Сонымен қатар осы жылдан бас­тап Ashyq қосымшасының енгізілуі азаматтардың тыныс-тіршілігі мен бизнес қоғамдастықтың эконо­ми­ка­лық белсенділігін қалыпты жағдайға келтіруде тиімділігін дә­лел­деді. Еліміз осындай цифрлы ше­шімдерді алғашқылардың бірі бо­лып қолдана бастады.

Мемлекеттің кәсіпкерлерге онлайн режімде қолдау көрсетуіне қатысты «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін «Бизнеске арналған үкімет» сервисі іске қосылды.

Ұлттық бірегейлікті қалып­тас­тыру мәселесі де өзекті міндет­тер­дің бірі. Азаматтардың санасын жаңғыртпай елімізде өзгеріс жасау мүмкін емес. Аға буынның бай мәдени мұралары, көрнекті ойшылдар мен тұлғалардың зият­кер­лік, гуманистік жетістіктері – халқымыздың өзіндік ерекшелігі, рухани өзегі және басты діңгегі. Осы ретте жыр алыбы Жамбыл Жа­баев­тың 175 жылдығы респуб­ли­ка көлемінде аталып өтті. Азат­тық жолында жанын аямаған көрнекті Алаш арыстарының бірі Әлихан Бөкейхановтың рөлі мен қосқан үлесі зор. Биыл бірегей тұлғаның 155 жылдығы және басқа да Алаш қайраткерлерінің мерейлі даталары атап өтілді. Елорда төрінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы сынды ұлтымыздың ұлы тұлғаларына, сондай-ақ белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәше­нов­ке арналған ескерткіштер бой көтерді. Бұл мемориалдар Тәуел­сіз­дігіміздің 30 жылдығына орай ашылды.

Сонымен қатар ұлттық бірегей­лік­ті қалыптастыру ісінде ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының орны ерекше. Осы ретте Мемлекет басшысы Наурыз мерекесінің мәні мен маңызын қайта қарап, маз­мұ­нын кеңейтуге, оның тәрбие­лік ма­ңызын, ұлттық-патриоттық сананы қалыптастыру сипаты мен эколо­гиялық мотивін қайта қарауға ша­қыр­ды.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы ұсынған барлық бастама ел игілігі үшін қызмет етеді.

а

Халықаралық қатынастар жандана түсті

Биыл еліміздің сыртқы саяси белсенділігі былтырғыға қара­ған­да едәуір артты. Екіжақты қа­рым-қаты­настар аясында шетелдерге жасалған 10 сапарды, сондай-ақ 20 мем­лекетаралық саммит пен форумды қоса алғанда, Президенттің қа­тысуымен халық­ара­­лық сипат­та­ғы 150-ге жуық іс-шара болып өтті.

Сыртқы саясатта еліміздің ұста­на­тын теңгерімді және конструк­тив­ті бағыты сақталды. Сондай-ақ ұлттық мүддені қорғау, аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті сақтау мәселесі басты назарда болды. Биыл Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа және 2020-2022 жылдар аралығында Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес­ке тө­ра­­ғалық етуде. Бұл еліміз­дің сыртқы саяси бас­тамаларына тың сер­пін береді және жауап­кер­ші­лік жүктейді. Орталық Азия айма­ғындағы елдермен тату көрші­лік қатынастарды нығайту халық­аралық ынтымақтастық бағы­тын­дағы маңызды басымдық болып қала береді. Соның ішінде пан­демия кезінде Қырғызстан мен­ Тәжікстанға және аса ауыр күн­дерді бастан өткеріп жатқан Ауған­станға гуманитарлық көмек көрсе­тіл­ді.

Еліміздің халықаралық бай­л­а­ныс­­тарын нығайтуға бағыт­тал­ған іс-шараларға тоқталып өтетін болсақ, биыл Қырғызстан Президенті елор­да­ға мемлекеттік сапармен келді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан бас­шы­сы Садыр Жапаровпен екі ел ара­сын­дағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатымен келіссөз жүргізді. Келіссөз қорытындысы бойынша Бішкекте Абайға, Нұр-Сұлтан қаласында Манас пен Шың­ғыс Айтматовқа ескерткіш орнаты­ла­тын болды. Бұл бауырлас екі ха­лық­тың ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға тың серпін береді.

Қазақстан Президенті биыл Оңтүстік Корея Республикасы мен Тү­рік­­менстанға мемлекеттік, Тә­жікс­танға, Бельгияға және Швей­ца­рия­ға ресми сапармен барды.

Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапар барысында Президент Мун Чжэ Инмен кездесіп, Пусан қала­сында Қазақстанның Бас консул­ды­ғын ашу жөнінде келісім жасалды. Сондай-ақ 1,7 миллиард доллар болатын 30-дан астам келісімге қол қойылды. Сапардың ең бір көңіл толқытар тұсы, Сеулдегі Кибер уни­верситетінің аумағында Абай бюс­тінің ашылуы деуге болады.

Ал Түрікменстанда экономика, көлік қатынасы, білім, мәдениет, ауыл шаруашылығы және сауда салалары бойынша ынтымақтастықты дамытуға бағытталған 20 құжатқа қол қойылды. Сапар барысында 2022 жылы Түрікменстанның Қазақстандағы Мәдени күндерін өткі­зу жоспарланды. Сондай-ақ Аш­ғабадта Түрікменстан Прези­ден­тінің ұсынысы бойынша қазақ­тың ұлы ақыны Абай Құнанбай­ұлы­ның мүсіні орнатылатын болды.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен келіссөз жүргізіліп, өзара сауда-саттықты 1 миллиард доллардан асыруды көз­дей­тін және қазақ-тәжік қаты­нас­тарын жаңа деңгейге шығаратын екіжақты алты келісімге қол қойылды.

Сонымен қатар Мемлекет бас­шы­сының Бельгияға сапары барысында Король Филип­пен және Премьер-министр Александр Де Кроомен келіссөздер жүргізіліп, сауда-эко­но­микалық ынтымақтастық жө­нін­дегі үкіметаралық комиссия құ­­ру­­ға уағдаластық жасалды. Ал Швей­ца­рия Конфедерациясында осы елдің Президенті Ги Парме­лан­мен келіссөздер өткізіліп, жалпы құны 300 миллион доллардан асатын 6 ком­мерциялық келісімге және 10 ком­мерциялық емес құжат­қа қол қо­йылды.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт То­қаев Ресей Федерациясына, Түркияға және Тәжікстанға жұмыс сапарымен барды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Мәс­кеу­де Ауғанстандағы ахуалға байланысты аумақтық қауіпсіздік, сондай-ақ интеграциялық бірлестік аясындағы ынтымақтастық мәселе­ле­рі бойынша пікір алмасты.

Қазақстан Президенті Ыс­­тан­­бұл­да өткен Түркітілдес мем­­ле­кет­тердің ынтымақтастық кеңе­­сінің VIII саммитіне қатысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Түр­кі­тіл­­дес мем­лекеттердің ынты­мақ­тас­тық кеңе­сін одан әрі дамы­ту­дың перс­­пек­тивалары, ұйым аясын­дағы ын­­ты­мақтастық туралы баяндама жа­сады. Осы жиында көзіміз көрген кө­ңіл толқытар сәтті айтпасқа болмас. Президент сөзінің соңында бауырлас түрік халқына алғыс айта отырып, «Мен бүгін өте ма­ңызды тарихи оқиға туралы атап өткім келеді. Бұл өткен ғасырдың ортасында тағдыр тәлкегімен тау асып, тас басып, арып-ашып Анадолы жеріне келген мыңдаған қазақ отбасын өз бауырым деп құшақ жайып қарсы алған Аднан Мендерес жөнінде болып отыр. Ол өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары, он жыл бойы Түркия Республикасының Премьер-министрі болған көр­нек­ті мемлекет және қоғам қайраткері. Қазақтардың осында орнығуына, кәсіп істеп, тамыр жаюына көп жағдай жасаған бірден-бір тұлға болғаны ақиқат. Осы маңызды жиын өтіп жатқан Демократия және бостандық аралының да Аднан Мендерестің тағдырына тікелей қатысы бар. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде қазақ халқының атынан Аднан Мендерестің рухына тағзым етіп, құшағы кең барша түрік халқына шынайы алғысымды айтамын», деп өткен ғасырдың ортасында Түркия мемлекетінің үкімет басшысы болған Аднан Мендересті еске алды. Іле-шала Қазақстан Президентінің осы сөзін Түркияның ғана емес, күллі түркі әлемінің ақпарат құралдары цитата ретінде қайталап беріп жатты. Қазақстан Президентінің жан тебірентерлік сөзінен кейін бірден Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған сөз алып, үлкен алғыс білдірді. Тіпті А.Мендересті өздері бірінші болып еске алмағандарына өкініш білдіріп, аса қатты толқып тұрып, өткен тарихқа тағзым жасалатынын, телеэкран арқылы кө­ріп отырған барша түрік халқын А.Мендерестің және онымен бірге шейіт болған серіктерінің рухына арнап дұға жасауға шақырды.

Міне, аса үлкен мінберде өз ұлтыңа, туған халқыңа қатысты осындай ірі әңгімелер айтылып, бір-біріне шынайы жүрекжарды лебіздерін білдіріп жатқанда жүрегі бар адам толқымай тұрмайды екен. Бұл – көңіл толқытып, көзге жас келтіретін өте нәзік дүние әрі екі ел арасындағы бауырластық бай­ланыс­тарды жоғары деңгейге көте­ре­тін аса маңызды қадам.

Сонымен жылдың басында біз­дің елімізге мемлекеттік сапарды қыр­ғыз ағайындар бастаған болса, екінші көршіміз Өзбекстан Пре­зи­денті Шавкат Мирзиёевтің са­пары биылғы жылдың жоғары дең­гейдегі кездесулерін аяқтады деуге болады. Яғни желтоқсанның ба­сында Өзбекстан Президенті мем­лекеттік сапармен келіп, екі ел Пре­зи­дент­те­рі Одақтастық қаты­нас­тар туралы декларацияға қол қойды.

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-сессиясы аясында өткен төрт бірдей іс-шараға – Жалпы саяси дебаттарға, БҰҰ-ның Азық-түлік жүйелері жөніндегі саммитіне, COVID-19 пандемиясы жөніндегі жаһандық саммитке және Ядролық қаруды толық жою жолындағы Халықаралық күрес күніне арналған жоғары деңгейдегі пленарлық отырыстарға онлайн режімде қатысты.

Ауғанстанда болған жағдай бүкіл әлемнің назарын аударды. Мемлекет басшысы өзі қатысқан барлық халықаралық саммиттерде, конференциялар мен түрлі форматтардағы жиындарда ауған халқын қазіргі ауыртпалықтарымен бетпе-бет қалдыруға болмайтынына назар аударып, әлемдік қоғам­дас­тықты Ауғанстанға мейлінше қол­дау көрсетуге және ондағы ауыр гуманитарлық жағдайды тү­зеу­ге шақырып келеді. Бұл тұр­ғы­да Қазақстан Ауғанстанға кө­мек көрсету жөніндегі БҰҰ-ның Миссиясын және Ұйымның Ауған­с­тан­дағы басқа да бөлім­шелерін дер кезінде көшіріп алды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізу үшін тасымалдау алаңын ұсынуға және біздің елдің де қомақты үлес қосу­ға дайын екенін айтып келеді. Ал­матыда БҰҰ-ның Аймақтық ха­бын құру жөніндегі бастама кө­терілді. Жақында Президенттің тап­сырмасы бойынша Мемлекет басшысының арнаулы өкілі Ержан Қазыхан Кабул қаласында болып, Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі Қазақстанның шешімін жеткізді.

Сонымен қатар Қазақстан астанасы аса жоғары деңгейдегі шетелдік делегацияларды көп қабылдай бас­тады. Жалпы, биыл Президент 80-нен астам халықаралық кездесу өткізіп, келіссөз жүргізді.

Қазақстан барлық бағыт бо­йынша сыртқы саяси аренадағы ықпалдастығын нығайтып келеді. Халықаралық байланыстардың да географиясы кеңейе түсті. Ынты­мақ­тастықтың барлық бағы­ты бо­йын­ша жандануы пандемия­дан ке­йінгі кезеңдегі әлемнің қалып­тасуына ықпал етуге тиіс. Сол кез­де ше­каралар ашылып, саяси, эко­но­микалық, мәдени-гума­ни­тар­лық және халықаралық байланыстар жаңа деңгейге көтеріледі.

Түйін

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы президенттіктің екі тізгін, бір шылбырын қолға алған кезде әділетті қоғам құру туралы айтқан болатын. Осыған дейін Елбасы Н.Ә.Назар­баевтың бастамасымен атқа­рыл­ған қыруар шаруаны, Тә­уелсіз елдің тарихи көшін шашау шығармастан сабақтастыра отырып, өрлеуді басты мақсат етіп қой­ды. Сабақтастық пен әділдікті қос қанат қылып, өрлеу, яғни, даму жолын жалғастырдық деуге толық негіз бар.

Бұл үш мақсатқа жеткізетін кө­зі­­­міздің ағы мен қарасындай үш қа­­зынамыз аман болсын. Ол Пре­зи­дент айтқан жер, тіл және бере­ке-бірлігіміз.

ХХІ ғасыр білім мен біліктің заманы. Осы елдің болашағы, яғни менің замандастарым бірінші кезекте білімге назар аударып, шынайы бейіл қойғандары абзал. Жаңа ғасырдың жаңа талаптарына сай маман болуға ұмтылу керек. Мемлекет басшысы әр жиын­да, жастармен кездесулерінде, мақалалары мен сұхбаттарында үнемі білімді ұрпақ тәрбиелеу мәселесін айтып келеді. Екі жыл қатарынан жолдауларында сапалы білімге үлкен тарау арнады. Бұл жайдан-жай айтыла салған әңгіме емес. Биылдан бастап тек қана мұғалімдердің жалақысын көтеру үшін алдағы үш жылда мемлекеттік бюджеттен 1,2 трлн теңге жұмсалмақ. Өйткені ұстаз түзелмей ұлттың түзелуі неғайбыл.

Біздің ұлтымыз демографиялық жағынан өсіп келеді. Енді ұлттық сапаны өзгертіп, ұлттық сананы қалыптастырған абзал.

Жуырда елордамызда ел Тәуел­сіз­дігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Бұл өзі пандемияның шектеулерінен кейін өтіп отырған ең алғашқы алқалы жиын болды. Алты Алаштың баласы жиналған осы басқосуда Мемлекет басшысы үлкен мінбер­ден толқып тұрып сөйледі.

«Асқар тау алыстаған сайын асқақ көрінеді. Біздің бабаларымыз қазақтың дербес мемлекет құрып, еркін өмір сүруге құқылы екенін тарих алдында дәлелдеді. Осылайша, мыңжылдықтар тоғысатын тұс­та азаттық туы көгімізде жел­бі­реді. Ұлттың ең ұлы мұраты – Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сол сәт­тен бастап Қазақ елінің ұлы көші болашаққа бет түзеді. Халқымыз өз мемлекетін құруға кірісті. Бұл – тарихи әділдіктің орнауы. Мүлдем жаңа геосаяси ахуалда мемлекет құру оңай шаруа емес, нағыз көшбасшының ғана қолынан келетін іс. Ең күрделі, бұлыңғыр кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай дара тұлға тарих төріне шықты. Анығын айтқанда, Тәуелсіздік шежіресі Елбасының қолымен жазылды», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Мемлекет басшысы арғы-бергі тарихты қозғай келіп, осы тәуелсіз Қазақстанның жүріп өткен 30 жылын үш кезеңге бөліп саралайды. Сөйтіп төртінші онжылдық қандай болмақ, Жер бедерінде, тарих тақтасында қазақтың алдағы тағдыры не болмақ деген салмақты сауалдарға жа­уап береді. Ал ол жауапта алдағы он­жыл­дықта мемлекет, мемлекеттік аппарат, қала берді, өзін осы тәуелсіз елдің азаматымын деп санайтын әрқайсымыз атқаратын қыруар шаруалар мен міндеттер безбенделген.

Тәуелсіздікке тәу еткен алқалы жиында: «Біздің іс-әрекеттеріміз жемісті болуы үшін ұлт дамуының көк­­жиегін кеңейтіп, мемле­ке­ті­міздің болашағын айқындап алуы­­мыз керек. Бұл ретте өз мүм­кін­діктерімізді шынайы баға­лау, елдің іргелі мүдделерін ескере отырып, барынша праг­ма­тикалық тұр­ғыда әрекет ету маңызды. Аза­маттардың тұрмыс сапасын артыруға қа­тыс­ты алдымызда жаңа міндеттер тұр. Біз «адам мемлекет үшін емес, мемле­кет адам үшін» негіз қалаушы қағидатын берік ұстанатын боламыз», – деді Президент.

Бұл міндеттерді орындау, жоғары нәтижеге қол жеткізу мына сіз бен бізге сын, қадірлі оқырман.

Қазақ елі тәуекел етіп Тәуел­сіз­дік­тің төртінші он жылды­ғы­на аяқ басты. Тарих көшіндегі еліміздің азаттығы баянды болсын!

 

Берік УӘЛИ,

Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20