«Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез», деп айтқандай білімді үйрену үшін қызығушылық емес, ең бастысы, адамның талабы болуы шарт. Талап ол жүрекпен сезіну, жаныңмен қалап, жақсы көре ұмтылуың. «Білім – өмір шырағы», деген нақыл сөз дұрыс айтылған. Білім – бұл қолдағы шырақ. Шырағың жарқырай жанса, сен өмірде өз жолыңды адаспай тауып, тура жолдан таймай мәнді де, сәнді ғұмыр кешесің. Білімді болу бәрінен бұрын адам болу деген сөз. Өмірдегі барлық жақсылық білімнен шығады.
Адамның санасы – түбі жоқ теңіз, ал білім – теңіз түбіндегі гауһар тас. Білім адамға оңайлықпен түспейді, оны меңгеру үшін көл-көсір өлшеусіз әрекет ету керек. Ғылым-білімге түбегейлі берілген адам ғана ойлаған мақсатына жете алады. Кеше ғана кемеңгер Елбасы Н.Назарбаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Мәңгілік еліміздің болашағы үшін «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидатын жас ұрпаққа тарихи миссия ретінде үндеу қылып жолдаған болатын. Елбасы көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық жаңа буынға ата-бабаларымыз қол жеткізе алмаған ғасырлар бойы аңсаған асыл арманына, мыңжылдықтар тоғысқан тұста тәуелсіздік таңын көру бақыты бүгінгі Қазақ елінің пешенесіне жазылғанын айта кетті.
Қағидаттың біріншісінде Тәуелсіздіктің кез келген азамат үшін ең қастерлі құндылық екені айтылған. Біздің Ұлттық ұланымыздың сардарлары осындай қан мен тердің, ерік пен жігердің арқасында жеткен тәуелсіздігімізді, бүгінгі таңдағы айрандай ұйып отырған еліміздің бірлігін бекем етіп, халықтың тыныштығына қалқан болып тұр. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақ елі барша әлемнің картасында өзіндік тәуелсіз ел ретінде орын алғаннан бастап, 26 күн өткеннен кейін 1992 жылы 10 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Ішкі әскері құрылды. Көп кешікпей Ұлттық ұланға білікті де, білімді офицерлер дайындау үшін 1997 жылы Ішкі істер министрі Ішкі әскерлерінің Жоғары әскери училищесі құрылды.
1997 жылы желтоқсан айында Елбасы Н.Назарбаев Жауынгерлік Туды тапсыру барысында: «Мен солтүстік климаттық жағдайда тәрбиеленген және білім алған курсанттар нағыз әскери шыңдалудан өтіп, болашақта Қазақстан Республикасы Ішкі әскерлерінің жаңа офицерлік құрамының негізін құрайтынына сенемін» деп үкілі үміт артқан еді. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ішкі әскерлерінің жоғары Әскери училищесі 2009 жылы наурыз айында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ішкі әскерлерінің Әскери институты ретінде өзгертілді. Құқық бұзушылар мен қылмыскерлерден азаматтардың құқығын қорғаудағы ішкі әскерлердің рөлі жоғары болғандықтан, 2014 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскері Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы болып қайта құрылуын ұйымдастырды. Кешегі аға буынның осындай құндылықтарға қол жеткізуі бүгінгі жастарға бір мирас.
Ұлттық ұлан Әскери институты қара шаңырағының астында жиырмаға жуық ұлт өкілдері қызмет атқарып, татулық пен сыйластықтың арқасында тату-тәтті ғұмыр кешуде. Қағидаттың екінші бөлімінде де осы мәселе қарастырылды. Бірлік пен келісім елдігіміздің мызғымас тұғыры. Оның бір дәлелі үкіметаралық келісімге сәйкес 2009 жылдың қыркүйегінен бастап әскери оқу орны базасында Қырғызстан және Тәжікстан курсанттары білім алуда. Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың бастамасымен Өзбекстан Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік университетімен өзара тиімді ынтымақтастық аясында меморандумға қол қойған болатын. Осылай тәуелсіз мемлекеттердің достастығы арқасында ынтымағымызды күшейтсек қана егеменді ел боламыз.
Үшінші қағидатта қарастырылғаны – ол баға жетпес байлығымыз жер мәселесі. «Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы» деген жақсы ойды қозғады. Осынау ұшса құстың қанаты талатын, шапса тұлпардың тұяғы тозатын Алтай мен Атырау арасындағы шексіз де шетсіз жеріміздің бүтінделіп, біріктірілуіне өлшеусіз еңбек сіңірген Елбасының салиқалы саясатының арқасында шекарамызды құжат жүзінде бекітіп алған болатынбыз. Бабаларымыздың жер үшін қан төгіп, сонау қиын-қыстау заманда етігімен су кешкені туралы бабалар мұрасын бүгінгі жас буын курсанттарға тарих тағылымы ретінде ілім берілуде. Әскери институттың курсанттары батырларымыз мекен еткен аумақтарды және соғыста қолданған тактикалары бойынша ғылыми жұмыстар жазып ізденуінің өзі еліміздің болашағы үшін қосып жатқан бір үлес.
«Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі», деп төртінші бөлімінде айтылғаны да маңызды. Қазақтың қанына сіңген әскери ортада да қай кезеңде де біз үлкенге – ізет, кішіге – құрмет көрсетуді дәріптейтін ата дәстүрімізді курсанттардың арасында да, кіші офицерлер мен аға офицерлердің арасында да берік ұстанамыз. Өйткені Әскери институт офицерлердің альма-матері болғандықтан қара шаңырақта қалыптасқан салт-дәстүрлерді біздің офицерлер Ұлттық ұланның кез келген әскери бөлімдерінде дәріптейді.
Келесі бесінші бөлімінде қаралған мәселе – Ұлттық мәдениет. Бұл – халықтың рухани тірегі. Сонымен қатар Конституцияға сәйкес мемлекеттік тілді білумен қатар ұлттық құндылықтарды қадірлеу арқылы заманауи технологияларға көз жүгіртудеміз. 2009 жылдың қыркүйегінен бастап біздің жоғары оқу орнының тарихында қазақ тілінде оқытылатын оқу топтарының ашылуы маңызды оқиға болды. Соның арқасында дамыған шет мемлекеттердің әскери және көркем әдебиеттерін қазақшаға баламалап, дәстүр мен білімнің тозығын тастап, озықтарына қол жеткізу үшін бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.
Сол озық білім мен ілімге қол жеткізудің бір тиімділігі алтыншы қағидатта айтылған «Білім мен еңбек – байқуатты өмірдің кілті» дегенге толық түрде келісемін. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп дана Абай айтқандай, Ұлттық ұланның болашағы үшін ондағы мамандар заманауи критерияларға сай болуы керек. Біздің Әскери институтымыздың офицерлері республикалық және халықаралық дәрежеде ғылыми жұмыстар жазып, сонымен қатар спортта да әлем чемпиондары атанып қана қоймай, ізбасар курсанттарын да сол дәрежеге жеткізу үшін жұмыстар атқаруда.
Біздің әскери қызметшілердің мұндай республикалық және әлемдік жетістіктері қағидаттың жетінші бөліміне сәйкес келіп тұр. Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі. Болашақ офицерлеріміз жеті қырлы бір сырлы болатынына, тек білім ғана емес спортта да өз күштерін сынасып, дамыған мемлекеттердің қатарында бәсекелестікке түсе алатына сенімдімін.
Сонымен қатар Тәуелсіздіктің 30 жылдығы Әскери институттың жаңғыруына үлкен әсерін тигізді. Ұлттық ұланның қолбасшылығы мәжіліс алдында Әскери институттың оқу-әдістемелік базасын одан әрі жетілдіру мақсатында Ұлттық ұланның Әскери академиясы болуы қажет деген мәселе көтерген болатын. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыстар жүргізілуде.
«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан», деп хакім Абай айтқандай, Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына қосып жатқан біздің де үлесіміз бар. Ол деген бүгінгі таңдағы айрандай ұйып отырған еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртібін мызғымастай сақтауды қамтамасыз ету үшін Ұлттық ұланға кәсіби білікті офицерлер дайындау. Біздің осы тәуелсіздік жылдарымыздағы игі істеріміз өскелең ұрпағымыздың болашағы үшін жасалып жатқан жұмыс. Осындай кемеңгер елбасшысы бар аға буынның салған дара жолының арқасында мен бүгінгі көзі ашық, көкірегі ояу, санасы азат, ойы озық жастардың болашағына кәміл сенімдімін.
Бауыржан ӘБЖАНОВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Әскери институтының бастығы, философия докторы (PhD), генерал-майор